Орта білім беру ұйымдарында 2016 - 2017 оқу жылының басталуы туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 27 маусымдағы № 401 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 14 шілдеде № 13920 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 37-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2016-2017 оқу жылының басталу мерзімі 2016 жылғы 1 қыркүйек болып белгіленсін.
      Оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында - 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда - 33 оқу аптасы, 2-11 (12)-сыныптарда - 34 оқу аптасы.
      Оқу жылы барысындағы каникулдар:
      1) 1-11 (12) - сыныптарда: күзгі каникул - 7 күн (2016 жылғы 31 қазан - 6 қарашаны қоса алғанда), қысқы - 10 күн (2016 жылғы 30 желтоқсан - 2017 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі - 13 күн (2017 жылғы 21 наурыз - 2 сәуірді қоса алғанда);
      2) мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі каникул - 7 күн (2016 жылғы 31 қазан - 6 қарашаны қоса алғанда), қысқы - 14 күн (2016 жылғы 26 желтоқсан - 2017 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда), көктемгі - 15 күн (2017 жылғы 21 наурыз - 4 сәуірді қоса алғанда);
      3) мектепалды даярлық сыныптары мен 1 - сыныптарда: 7 күн мерзімде (2017 жылғы 1-7 ақпанды қоса алғанда) қосымша каникул белгіленеді.
      2. 2016 жылғы 1 қыркүйекте барлық орта білім беру ұйымдарында:
      1) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын;
      2) «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде бірыңғай «Мен өз Отанымның патриотымын» білім беру сабағы өткізілсін.
      3. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Білім және ғылым министрінің
      міндетін атқарушы                          Э. Суханбердиева