Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 187 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі және "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мыналар:
1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау қағидалары;
2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті жасауға және ресімдеуге қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті (Хаджиева М.Ж.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк | |
Төрағасы | Д. Ақышев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 130 қаулысына 1-қосымша |
Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау қағидалары
1. Осы Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) және "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Қағидаларда инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептерді қарау талаптары мен тәртібі айқындалады.
3. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынады.
4. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті қарау және бекіту үшін инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы уәкілетті органға қағаз тасымалдағышта мынадай құжаттарды ұсынады:
1) еркін нысанда жасалған инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті қарау жөніндегі өтінішті;
2) осы қаулымен бекітілген Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті жасауға және ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкес жасалған және ресімделген инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті.
5. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептi уәкілетті орган тиісті құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн ішінде қарайды.
6. Инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті қарау және бекіту үшін ұсынған құжаттары Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы және инвестициялық қорлар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган ілеспе хатпен инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясына уәкілетті органның оның бекітілгені туралы белгісімен бекітілген инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті жібереді.
7. Уәкілетті орган Бағалы қағаздар рыногы туралы заңның 24-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті бекітуден бас тартады.
Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті бекітуден бас тартылған жағдайда инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы бас тартуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті уәкілетті органға қайта ұсынады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 130 қаулысына 2-қосымша |
Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті жасауға және ресімдеуге қойылатын талаптар
1. Осы Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті жасауға және ресімдеуге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі және "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есеп инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыруы аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде, сондай-ақ алты айлық есепті кезең аяқталған соң 1 (бір) ай ішінде беріледі.
3. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептің титул парағы мынадай ақпараттан тұрады:
1) құжаттың атауы: "Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есеп";
2) инвестициялық пай қорының толық және қысқартылған атауы (бұдан әрі – қор);
3) қордың басқарушы компаниясының толық және қысқартылған атауы;
4) жазба: "Уәкілетті органның инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепті бекітуі инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепте жазылған инвестициялық пай қорының пайларын сатып алуға қатысты инвесторларға қандай да бір ұсынымдар ұсынуды білдірмейді және осы құжаттағы ақпараттың дәйектілігін растайды. Инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының лауазымды тұлғалары инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есепте берілген барлық ақпарат дәйекті болып табылатынын және инвестициялық пай қорына және инвестициялық пай қорының орналастыратын пайларына қатысты инвесторларды шатастырмайтындығын растайды." деген жазба болады.
4. Қордың пайларды орналастыру қорытындылары туралы есеп есепті кезең аяқталған күннен кейінгі күніне жасалған тіркеушінің қордың орналастырылған пайларын есепке алу үшін басқарушы компанияның жеке шотынан үзінді-көшірменің көшірмесін қоса бере отырып, қағаз тасымалдағышта қазақ және орыс тілдерінде 2 (екі) данада және электрондық түрде PDF форматында қазақ және орыс тілдерінде 1 (бір) данада (қор пайларының меншік иелері туралы мәлімет бермей) жасалады және мынадай ақпараттан тұрады:
1) қордың атауы;
2) қордың пайларын шығаруды мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірі;
3) қордың басқарушы компаниясының атауы және оның орналасқан жері;
4) инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыруға лицензия берген мемлекеттік органның нөмірі, күні, атауы;
5) қор кастодианының атауы және оның орналасқан жері;
6) қор кастодианының кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған нөмірі мен күні;
7) қордың пайларын бастапқы орналастыру туралы мәліметтер:
қордың пайларын бастапқы орналастыру кезеңінің басталған және аяқталған күні (егер қордың пайларын бастапқы орналастыру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданса, осы тармақта уәкілетті органның қордың пайларын бастапқы орналастыру мерзімін ұзарту туралы хатының күні және нөмірі көрсетіледі);
қордың пайларын бастапқы орналастырған кезде қор пайының номиналды құны;
8) қордың пайларын бастапқы орналастырудың аяқталу күніндегі жағдай бойынша орналастырылған қор пайларының саны;
есепті кезең аяқталу күніндегі қордың пайларын орналастыру туралы мәліметтер:
қордың пайларын орналастыру кезеңінің басталған және аяқталған күні;
қордың есепті кезеңде орналастырылған пайларының саны;
қордың есепті кезеңде сатып алынған пайларының саны;
есепті кезеңде қордың пайларын сатып алу үшін төленген ақша сомасы;
бұрын орналастырылған қордың пайларын ескере отырып, қордың есепті күні орналастырылған пайларының жиынтық саны (қордың сатып алынған пайларын шегергенде);
кастодианның есепті кезеңде орналастырылған қордың пайларына ақы төлеуге ақшаның түскенін растау туралы анықтамасымен расталған есепті кезеңде қордың пайларына ақы төлеуге түскен ақша сомасы (есепті кезең аяқталған күннен кейінгі күнге жасалған, кастодианның есепті кезеңде орналастырылған қордың пайларына ақы төлеуге ақшаның түскенін растау туралы анықтамасының көшірмесін қоса беріп);
9) есепті кезеңде қордың басқарушы компаниясынан қордың пайларын сатып алған әрбір меншік иесі бөлігінде қор пайларының меншік иелері туралы мәліметтер, мыналарды көрсете отырып:
меншік иесі – заңды тұлғаның толық атауын немесе меншік иесі – жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
қор пайының меншік иесі - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) күнін немесе қор пайының меншік иесі - жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелерін;
меншік иесінің қордың пайларын сатып алу күнін және сатып алу күніндегі қор пайының құнын;
есепті кезеңде қор пайларын орналастыру кезінде меншік иесі сатып алған қор пайларының жалпы санын;
қордың пайларына ақы төлеуге түскен ақша сомасын;
Есепті кезеңде қордың пайлары орналастырылмаған жағдайда Талаптардың осы тармақтың бірінші бөлігінің 8) және 9) тармақшалары толтырылмайды.
5. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту үшін қағаз тасымалдағышта құжаттар беру кезінде:
1) инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының өтінішіне инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы атқарушы органының басшысы (не оның орнындағы адам) қол қояды және инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының мөр бедерімен (бар болса) расталады;
2) егер әрбір ұсынылған құжат бір парақтан тұратын болса, онда оған инвестициялық пай қорының активтерін басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компанияның құрылымдық бөлімшесінің басшысы, басқарушы компанияның бас бухгалтері (не олардың орнындағы адамдар) қол қояды және инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясының мөр бедерімен (бар болса) расталады;
3) парақтары көп болған кезде әрбір ұсынылған құжат тігіледі және тігістің түйініне және параққа жартылай желімделген қағаз пломбамен бекітіледі. Инвестициялық пай қорының активтерін басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компанияның құрылымдық бөлімшесі басшысының, басқарушы компанияның бас бухгалтерінің (не олардың орнындағы адамдардың) қолдары және басқарушы компанияның мөр бедері (бар болса) қағаз пломбаға жартылай, құжаттың парағына жартылай қойылады;
4) құжаттарда ескертілмеген түзетулер, сызып тастаулар, тазалаулар, түзетілген жерлер, қосымша жазулар (қосымша басулар) жасауға жол берілмейді. Түзету жасалған кезде сызып тасталған сөз анық оқылуы тиіс. Әрбір түзету (толықтыру) түсіндірілуі тиіс, мысалы: "түзетілген... дұрыс", "қосымша жазылған...дұрыс", "сызып тасталған...оқылмасын" деп берілуі тиіс, құжатқа қол қойған тұлғалармен және эмитент мөрінің (бар болса) бедерімен расталуы тиіс.
Қосымша (түзетілген) құжаттар уәкілетті органға ілеспе хатпен ұсынылады. Ілеспе хатта уәкілетті органның инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тарту туралы хатының шығыс нөмірі мен күні, сондай-ақ ұсынылған құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
6. Инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы Қағидаларға сәйкес уәкілетті органға электрондық және қағаз тасымалдағыштарда ұсынатын құжаттардың мазмұны бірдей болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 130 қаулысына 3-қосымша |
Қазақстан Республикасының күші жойылған нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1. "Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары жөніндегі есептің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 наурыздағы № 75 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4201 тіркелген).
2. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары жөніндегі есептің нысанын бекіту туралы 2006 жылғы 25 наурыздағы № 75 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 287 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4509 тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру қорытындылары жөніндегі есептің нысанын бекіту туралы" 2006 жылғы 25 наурыздағы № 75 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 27 наурыздағы № 52 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5644 тіркелген).