"Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктерді аккредиттеу қағидаларын, Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын, Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 23 маусымдағы № 367 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 мамырдағы № 573 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 маусымда № 13848 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңының 10-бабының 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктерді аккредиттеу қағидаларын, Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын, Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 23 маусымдағы № 367 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9609 болып тіркелген, «Заң газетінің» 2014 жылғы 9 қыркүйектегі № 134 (2528) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын;
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларында:
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Комиссияны конкурсты жеңіп алған Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік (бұдан әрі – Кәсіптік бірлестік) құрады.»;
      5-тармақ алып тасталсын;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Комиссияның төрағасын оның құрамы қалыптасқаннан кейін Комиссия мүшелері сайлайды. Комиссияның төрағасы болып оқу ұйымдарының мүшелері қатарынан олардың көп дауыс жинаған өкілі сайланады.»;
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Кәсіптік бірлестіктің қызметі тоқтаған күннен бастап Комиссия өз қызметін тоқтатады.
      Комиссия өз қызметін Кәсіптік бірлестік өз қызметін қайта бастаған күннен бастап не заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жаңғыртады.»;
      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Комиссия:
      1) біліктілік емтиханын қабылдау процесін ұйымдастырады;
      2) аттестаттаудан өткізу орны мен уақыты туралы оқытушыға, өндірістік оқыту шеберіне, білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберіне кандидаттарға уақтылы хабарлайды;
      3) біліктілік емтиханын өткізу үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етеді;
      4) Комиссияның отырысын өткізу орны мен уақыты туралы уәкілетті органның өкіліне отырыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды;
      5) оқытушыға, өндірістік оқыту шеберіне, білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберіне кандидаттарды аттестаттау бағдарламасын әзірлейді және бекітеді;
      6) біліктілік емтихандарын өткізу күндерін бекітеді;
      7) оқытушыға, өндірістік оқыту шеберіне, білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберіне кандидаттарды аттестаттауға құжаттар қабылдайды;
      8) біліктілік емтихандарының нәтижелерін қарау арқылы оқытушыға, өндірістік оқыту шеберіне, білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберіне кандидаттарды аттестаттаудан өткізеді;
      9) біліктілік куәлігін беру туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Комиссияның «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беру туралы шешімін Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында және Кәсіптік бірлестік пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурстарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды. Кандидаттарды аттестаттаудан өткізу нәтижелері бойынша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік куәлігінің нөмірін, тегін, атын және әкесінің атын (болған жағдайда) көрсетіп, «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәліктерін береді;
      10) шешім қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде біліктілік куәлігінің нөмірін көрсетіп, отырыс хаттамасын және «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігі берілген адамдар Комиссияға ұсынған құжаттардың куәландырылған көшірмелерін уәкілетті органға ұсынады.».
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу қағидаларында:
      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) біліктілік емтиханы (бұдан әрі – емтихан) – модульдік тапсырманы шешу және тестілеуден өткізу арқылы кандидаттардың білімдері мен дағдыларын тексеру нысаны;»;
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Емтихан екі кезеңмен:
      1) жазбаша түрде модульдік тапсырманы орындау арқылы;
      2) мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі (емтихан тапсырушының таңдауы бойынша) емтихан сұрақтарының автоматтандырылған базасын пайдаланып, тиісті бағдарламалық қамтамасыз етумен жарақталған автоматтандырылған жүйелерді қолдану арқылы тестілеу өткізіледі.»;
      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «19. Емтиханның нәтижесі 100-балдық жүйе бойынша бағаланады (бірінші кезең – модульдік тапсырманың теориялық сұрақтары үшін елу балл және екінші кезең – тестілеу үшін елу балл).
      Орындалған модульдік тапсырма үшін жалпы жетпіс бес және одан жоғары балл жинаған кандидат біліктілік емтиханын табысты тапсырған болып есептеледі.».
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін бес жұмыс күні ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      5) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Алматы және Астана қалалары ішкі істер департаменттерінің бастықтары:
      1) ішкі істер органдары жеке құрамының осы бұйрықты зерделеуін және талаптарын сақтауын қамтамасыз етсін;
      2) ішкі істер органдарының жұмысын осы бұйрықтың талаптарына сәйкес ұйымдастырсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрі
      полиция генерал-полковнигі                 Қ. Қасымов