Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік қызметшілерін көтермелеуді қолдану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 25 мамырдағы № 127-нқ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 27 маусымда № 13829 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік қызметшілерін көтермелеуді қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Адами ресурстармен жұмыс департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жриялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың тармағының 1), 2) және 3) осы тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика
      министрі                                   Қ. Бишімбаев

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика   
Министрінің 2016 жылғы
25 мамырдағы     
№ 127-нқ бұйрығымен 
бекітілді      

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің
мемлекеттік қызметшілерін көтермелеуді қолдану қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуді қолдану қағидалары «Мемлекеттік қызмет туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 35–бабының 2–тармағына сәйкес әзірленді, Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін мемлекеттік, ведомстволық және басқа да наградалармен марапаттауға ұсынуды айқындайды.
      2. Лауазымдық мiндеттерiн үлгілі атқарғаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілерді көтермелеулер қолданылады.

2-бөлім. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен
марапаттауға ұсыну

      3. Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері Республика алдындағы сіңірген еңбегін мойындау белгісі ретінде мемлекеттік наградаларға ұсынылады.
      4. Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін марапаттау туралы ұсынымдарға жетекшілік ететін бірінші вице-министр, вице-министрлер, жауапты хатшы немесе Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары бастамашылық жасайды.
      5. Құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қолдау хатпен Министрліктің Персоналды басқару қызметі не марапаттау материалдарын (ұсыным, марапаттау қағазының жобасын) ұсынады.
      6. Марапаттауға ұсыну үшін Құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қолдау хатпен (ұсыныммен) Персоналды басқару қызметіне қазақ және орыс тілдерінде мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) нақты сіңірген еңбектерін көрсететін ұсынымның жобасы, үміткердің сіңірген еңбегінің дәрежесін көрсететін жетістіктері мен табыстары;
      2) осы Ережеге қосымшаға сәйкес мемлекеттік награданың нақты түрін көрсете отырып, марапаттау қағаздың жобасы.
      Марапаттау қағазында үміткерді сипаттайтын деректер, оның жұмысының нәтижелері мен сапасы туралы, экономика саласындағы еңбек жетістіктері туралы, стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірлемелеріне қатысуы туралы мәліметтер, жалпы жұмыс өтілі, экономика саласындағы жұмыс өтілі көрсетіледі.
      Марапаттау қағазының жобасы жетекшілік ететін бірінші вице-министр, вице-министр, жауапты хатшы немесе құрылымдық бөлімшенің, ведомствоның, ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы қол қояды.
      7. Министр оң шешім шығарғаннан кейін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға ұсыну үшін қажетті құжаттарды (ұсынымдар, марапаттау қағаздары) дайындау үшін үміткерлер тізімін Персоналды басқару қызметіне жолданады. Құжаттардың үлгілері және оларды толтыру тәртібі мен ұсынымдар Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсыну тәртібі туралы нұсқаулықта көзделген.
      8. Үміткерлер Министрмен келісілгеннен (бекітілгеннен) кейін, Персоналды басқару қызметі, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары тиісті құжаттарды дайындаулары тиіс.
      9. Министр қол қойған Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін марапаттауға ұсыну материалдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жіберіледі.

3-бөлім. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің
ведомстволық наградаларымен марапаттауға ұсыну

      10. Ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсыным мемлекеттіккәсіби, өзге де мерекелер, мерейтойлық күндер және еңбек сіңірген жылдарының толғанын атап өту жағдайына қарай қаралады.
      11. Қызметтік мiндеттерiн үлгілі атқарғаны, шығармашылық белсенділігі, мінсіз мемлекеттік қызметі, жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін еңбегін көтермелеу және ынталандыру мақсатында Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері және басқа да адамдар ведомстволық наградаларға ұсынылуы мүмкін.
      «Еңбек ардагері» медалі, «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші», «Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері», «Статистика үздігі», «Заңсаласының үздігі» төс белгілері ведомстволық наградалар болып табылады.
      12. Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен:
      1) «Еңбек ардагері» медалімен (нақты салаға байланыстырмай)
40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталады.
      2) «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен құрылысты дамытуда көп жылдық жемісті жұмысы және сіңірген еңбегі, мемлекеттік органдардағы құрылыс қызметі саласындағы жоғары жетістіктері, құрылыс бейінінің маман кадрларын даярлау саласында сіңірген еңбегі үшін, құрылысшылардың, сондай-ақ құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндірушілердің кәсіптік мүдделерін қорғағаны, құрылыс саласындағы өзекті проблемалар бойынша ғылыми зерттеулерді дамытқаны, құрылыс өндірісінің жаңа озық технологияларын енгізгені, құрылыс қызметі саласындағы халықаралық, республикалық, салалық (секторлық) және басқа да бағдарламаларды іске асырудағы жетістіктері, құрылыс саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы табыстары үшін құрылыс саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар құрылыс саласының біліктілігі жоғары мамандары, сондай-ақ құрылысты дамытуға елеулі үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.
      3) «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен сәулет және қала құрылысын дамытуда көп жылдық жемісті жұмысы және сіңірген еңбегі, мемлекеттік сәулет және қала құрылысы органдары қызметі саласындағы жоғары жетістіктері, маңызды мемлекеттік (мемлекетаралық) мәні бар жобалау құжаттамаларын әзірлегені, сәулет бейінінің маман кадрларын даярлау саласында сіңірген еңбегі үшін, сәулетшілердің, қала құрылысшыларының кәсіптік мүдделерін қорғағаны, сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті проблемалар бойынша ғылыми зерттеулерді дамытқаны, сәулет және қала құрылысы қызметі саласындағы халықаралық, республикалық, салалық (секторлық) және басқа да бағдарламаларды іске асырудағы жетістіктері, сәулет және қала құрылысы саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы табыстары үшін сәулет және қала құрылысы саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар сәулет саласының біліктілігі жоғары мамандары, сондай-ақ қазақстандық сәулет және қала құрылысын дамытуға елеулі үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.
      4) «Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісімен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуда көп жылдық жемісті жұмысы және сіңірген еңбегі, мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы органдары қызметі саласындағы жоғары жетістіктері, маңызды мемлекеттік (мемлекет аралық) мәні бар жобалау құжаттамаларын әзірлегені, бейінді маман кадрлар даярлау саласында сіңірген еңбегі үшін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мүдделерін қорғағаны, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті проблемалар бойынша ғылыми зерттеулерді дамытқаны, инновациялық технологияларды енгізгені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті проблемалар бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды әзірлегені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметі саласындағы халықаралық, республикалық, салалық (секторалдық) және басқа да бағдарламаларды іске асырудағы жетістіктері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы табыстары үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының біліктілігі жоғары мамандары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.
      5) «Статистика үздігі» төсбелгісімен жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, статистика саласында заң жобаларын және заңға тәуелді актілерді әзірлеуге қатысқаны, жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, статистикалық қызметті жетілдіру бойынша теориялық білімдерді тәжірибеге енгізгені және осы саладағы басқа да жетістіктері үшін статистика саласының қызметкерлері марапатталады.
      6) «Заң саласының үздігі» төсбелгісімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және кәсіби орындайтын, мемлекеттік органдардың заң қызметтерінде жалпы еңбек өтілі 5 жылдан кем емес қызметкерлері марапатталады.
      13. Персоналды басқару қызметі марапаттау материалдары үшін қажетті құжаттарды дайындап, оларды Министрліктің жанында құрылған ведомстволық наградалар бойынша Комиссияның (бұдан әрі – комиссия) қарауына енгізеді.
      14. Марапаттауға ұсыну үшін Персоналды басқару қызметіне мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) нақты сіңірген еңбектерін, үміткердің сіңірген еңбегінің дәрежесін, жетістіктері мен табыстары ведомстволық наградамен марапаттау туралы ұсынымда болуы тиіс;
      2) осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша марапаттау қағазы.
      Марапаттау қағазында үміткерді сипаттайтын деректер, оның жұмысының нәтижелері мен сапасы туралы, экономика саласындағы еңбек жетістіктері туралы, стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірлемелеріне қатысуы туралы мәліметтер, жалпы жұмыс өтілі, экономика саласындағы жұмыс өтілі көрсетіледі;
      Марапаттау қағазына жетекшілік ететін бірінші вице-министр, вице-министр, жауапты хатшы немесе құрылымдық бөлімшенің, ведомствоның, ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы қол қояды және ол мөрмен бекемделеді.
      15. Комиссия ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсыным енгізілген күннен бастап бір айдың ішінде ашық дауыс бере отырып, алқалық шешім қабылдайды. Егер шешімге Комиссия мүшелері дауыстарының жалпы санының басым бөлігі берілген болса, шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссияның шешімдері хаттама мен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      16. Комиссия мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
      1) ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынымды мақұлдау;
      2) ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынымнан бас тарту;
      Комиссияның ұсынымдары Министрге шешім қабылдау үшін ұсынылады.
      17. Министрмен келісілген жағдайда, Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен марапаттауға ұсыну мақсатында қажетті құжаттарды (ұсынымдар, марапаттау қағаздары) дайындау үшін үміткерлер тізімі Персоналды басқару қызметіне жолданады.
      18. Жауапты хатшы (кандидатуралардың тізімі Министрмен келісілген соң Комиссияның ұсынымдары шыққан кезден бастап) күнтізбелік 10 күннің ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы бұйрыққа қол қояды.
      19. Персоналды басқару қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметкердің жеке ісі мен қызметтік тізіміне жаза отырып, оның еңбек кітапшасына Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен марапаттау туралы жазбаны енгізеді.

4-бөлім. Министрліктің Құрмет грамотасымен,
Министрдің Алғыс хатымен марапаттауға ұсыну

      20. Министрліктің, оның ведомстволарымен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері және басқа адамдарды олардың экономика саласындағы ерекше сіңірген еңбегін, белсенді қоғамдық қызметі, мінсіз мемлекеттік қызметі үшін Министрдің шешімі негізінде:
      Министрліктің Құрмет грамотасымен;
      Министрдің Алғыс хатымен көтермеленеді.
      21. Қызметкерлерді Министрліктің Құрмет грамотасымен және Министрдің Алғыс хатымен марапаттау туралы ұсынымдар мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелерді атап өту жағдайына, мерейтойлық күндер – 50, 60 жасқа толу және жұмыскердің зейнеткерлік жасқа толуына байланысты құрметті демалысқа шығуына орай қаралады.
      22. Министрліктің Құрмет грамотасымен марапаттау үшін:
      елдің экономикалық әлеуетінің дамуына қосқан жеке үлесі;
      мінсіз мемлекеттік қызметі, Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін сақтауы;
      ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындауы;
      лауазымдық мiндеттерiн үлгілі атқаруы;
      құзыреттілігі, адалдығы және жұмыстағы бастамашылдығы;
      Министрліктің қоғамдық өміріне белсенді қатысуы негізгі өлшем шарттар болып табылады.
      23. Министрдің Алғыс хатымен марапаттау үшін:
      елдің экономикалық өсуі мен дамуына жәрдемдесу;
      Министрліктегі, ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы көп жылдық және жемісті жұмысы;
      лауазымдық мiндеттерiн үлгілі атқаруы, мінсіз мемлекеттік қызметі және жұмыстағы басқа да жетістіктері;
      Министрлік басшылығы тапсырған ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындауы негіздеме болып табылады.
      24. Персоналды басқару қызметі Министрліктің құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының қолдары қойылып және жетекшілік ететін бірінші вице-министрмен, вице-министрлермен, жауапты хатшымен келісілген Министрліктің Құрмет грамотасымен және Министрдің Алғыс хатымен марапаттауға ұсынымдарды сұратады.
      Ұсынымда марапатталушының жеке басын сипаттайтын деректер, жалпы еңбек өтілі, мемлекеттік қызмет өтілі, оның ішінде Министрліктегі, ведомстволар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардағы жұмыс өтілі, оның нақты сіңірген еңбектері, жұмысының негізгі нәтижелері мен жетістіктері жазылып, қол жеткізілген табыстары қысқаша баяндалады.
      25. Министрмен үміткерлер келісілгеннен кейін, көтермелеу туралы бұйрық жобасын дайындау үшін тізім Персоналды басқару қызметіне жолданады.
      26. Облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің ұсынымы бойынша ерекшеленген құрылымдық бөлімшелер, экономика мен сауданың мемлекеттік саясаты, өңірлердегі экономикалық көрсеткіштерді талдау мен мониторингілеу, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау, статистика, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік материалдық резервтер, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару мәселелерімен айналысатын, осы органдарда кемінде он жыл мінсіз қызмет атқарған жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік экономика комитетінің, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және даму агенттігінің, Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияларға қарсы агенттік), Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің, Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігінің, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің ардагерлері де Министрліктің Құрмет грамотасымен, Министрдің Алғыс хатымен көтермеленуі мүмкін.

5-бөлім. Біржолғы ақшалай сыйақымен және Бағалы сыйлықпен
марапаттауға ұсыну

      27. Министрдің қарары бойынша, Комиссияның қарауынсыз, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының ерекше маңызды тапсырмаларды орындаған қызметкерлері нақты жұмыс нәтижелері, ерекше маңызды және күрделі жұмыстарды қысқа мерзімде сапалы орындағаны үшін, сондай-ақ мерейтойлық күндерге және зейнеткерлік жасқа толуына байланысты құрметті демалысқа шығуына орай, бюджет қаражатын үнемдеу болған жағдайда, көтермеленуі мүмкін:
      Біржолғы ақшалай сыйақымен;
      Бағалы сыйлықпен көтермеленуі мүмкін.
      28. Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін нақты жұмыс нәтижелері, ерекше маңызды және күрделі жұмыстарды қысқа мерзімде сапалы орындағаны үшін Біржолғы ақшалай сыйақымен және бағалы сыйлықпен марапаттау туралы ұсынымдарға жетекшілік ететін бірінші вице–министр, вице-министрлер, жауапты хатшының немесе Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары бастамашылық жасайды және олар Жауапты хатшымен және Қаржы қызметімен келісім бойынша Министрдің қарауына енгізіледі.
      29. Ұсынымды Министр мақұлдаған жағдайда, Персоналды басқару қызметі Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін біржолғы ақшалай сыйақымен және бағалы сыйлықпен марапаттау туралы бұйрықтың жобасын әзірлейді.

Қазақстан Республикасы  
      Ұлттық экономика     
      министрлігінің мемлекеттік
      қызметшілерін көтермелеуді
      қолдану қағидаларына қосымша
      (нысан)          

Марапаттау қағазы

1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) ____________________
2. Қызметі, жұмыс, қызмет орны_______________________________________
                    (кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның, министрліктің,
_____________________________________________________________________
  мемлекеттік комитеттің бөлімшесінің нақты атауы көрсетілуі керек)
3. Жынысы____________________________________________________________
4. Туған жылы мен туған жері_________________________________________
5. Ұлты______________________________________________________________
6. Білімі____________________________________________________________
7. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы ____________________________________
8. Қазақстан Республикасының қандай мемлекеттік наградаларымен
марапатталған және марапатталу уақыты: ______________________________
9. Үйінің мекенжайы: ________________________________________________
10. Жалпы жұмыс өтілі _______________________________________________
11. Саладағы жұмыс өтілі_____________________________________________
12. Осы еңбек ұжымындағы жұмыс өтілі_________________________________
13. Марапатталушының нақты айрықша сіңірген еңбегі көрсетілген
мінездеме:
Кандидатура _________________________________________________________
       (құрылымдық бөлімшенің, кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның
                  атауы, талқылау күні, хаттаманың №)
_______________________________________________ талқыланып, ұсынылды.
Мына наградаға ұсынылады ____________________________________________
                                      (награданың түрі)

Кәсіпорынның, мекеменің,
ұйымның басшысы            ______________ ___________________________
                                (қолы)   (Т.А.Ә. бар болған жағдайда)

М.О.                       _______ жылғы «_____» ____________________
                                                   (толтыру күні)

Ескертпе: Марапатталушының тегі, аты және әкесінің аты (бар болған жағдайда) жеке басының куәлігі бойынша толтырылып, қазақ және орыс тілдеріндегі транскрипциясы міндетті түрде көрсетіледі.