Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 33-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған бюджеттік қаражатты бөлу бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша қаражатты бөлу ережелері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Мемлекеттік қызмет департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге енгізуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ оны алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жауапты хатшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен қолданысқа енгізіледі.
Министр Т. Донақов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
____________Б. Сұлтанов
29 сәуір 2016 жыл
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
министрінің
2016 жылғы 29 сәуірдегі
№ 91 бұйрығымен
бекітілді
Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 33-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және бюджеттік бағдарламаның әртүрлі әкімшілерінің арасында мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша қаражаттар 002 «Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру» бөлінетін бюджеттік қаражатты бөлу бағдарламасы (әрі қарай – бөлінетін бюджеттік бағдарлама) бойынша республикалық бюджетте көзделеді.
Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі (бұдан әрі – бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) болып табылады.
3. Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша бөлінетін бюджеттік бағдарлама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, олардың ведомствалары мен аумақтық бөлімшелері мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімі бойынша жұмсалатын шығыстарды қамтиды.
2-тарау. Бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында
бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібі
4. Бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша қаражатты бөлу үшін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тізілімінде № 10007 болып тіркелген) Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына (бұдан әрі – Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидалары) сәйкес бюджеттік өтінім жолдайды.
5. Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша жиынтық бюджеттік өтінімді бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жолдайды.
6. Республикалық бөлінетін бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері арасында бөлуге бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджеттік қаражаттар жатады.
7. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың қаражаттарын бөлу бөлінетін бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бұйрығы (бұдан әрі – бұйрық) негізінде жүзеге асырылады.
8. Бұйрықта республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің атаулары және ағымдағы қаржы жылына бөлінген қаржыландыру сомалары көрсетіледі.
9. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемдері өзгерген жағдайда Бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізіледі.
10. Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бойынша қаражат қаржылық жыл ішінде пайдаланылмаған немесе жартылай игерілмеген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес республикалық бюджет соңғы рет нақтылағанға дейін бөлінетін бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне бюджеттік өтінім жолдайды.
11. Бюджет шығындарына секвестр жасау кезінде бюджеттік бағдарлама қаражатын қысқарту республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.