"Теміржол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 55 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 12 ақпандағы № 185 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 наурызда № 13478 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңың 43-1-бабының 1-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Темір жол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 55 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10327 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 3 наурызында жарияланған) мынадай толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Теміржол вокзалдары қызметін ұйымдастыру қағидалары:
      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:
      «9-1. Мүгедектердің теміржол көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуі үшін теміржол вокзалдарында және теміржол станцияларында:
      1) арнайы жол белгілері орнатыла отырып, мүгедектердің автокөлік құралдарын қоюға арналған орындардың бөлінуі;
      2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
      3) көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған мүгедектер үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қолжетімді   ақпараттық сигналдық құрылғылармен және байланыс құралдарымен жабдықталуы;
      4) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектерге арналған кезекші кресло-арбаның болуы;
      5) қоғамдық дәретханалардың мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықталуы;
      6) мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы таксофондардың орнатылуы қамтамасыз етілуге тиіс.».
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың
интранет-порталында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму
      министрі                                           Ә. Исекешев