Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 ақпанда № 13317 болып тіркелді

Қолданыстағы

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 139-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары бекітілсін.
      2. «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шартын, сондай-ақ Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қaғидалары мен шартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 7 тамыздағы № 323 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8678 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 220 (28159) санында жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Әкімшілік департаменті (А.М. Қайырбекова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым Министрі                  А. Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым министрінің 
2016 жылғы 27 қаңтардағы  
№ 83 бұйрығына 1-қосымша  

Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді (бұдан әрі-қызметшілер) аттестаттаудан өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      2. Аталған Қағидалар Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10379 болып тіркелген «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығына сәйкес аттестаттаудан өтетін мемлекеттік кәсіпорындар басшыларына қолданылмайды.
      3. Қызметшілерді аттестаттау – олардың кәсіптік және біліктілік даярлығының, іскерлік қасиеттерінің деңгейін айқындау бойынша кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсім.
      4. Аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемшарттары қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті болып табылады.
      5. Аттестаттау міндеттері мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметтің кадрлық құрамының сапасын қамтамасыз ету;
      2) азаматтық қызметшілердің олардың қызметіне байланысты мемлекеттік білім беру, ғылыми-техникалық саясатпен анықталған міндеттерді іске асыруға тұлғалық-кәсіби дайындығын арттыру;
      3) қызмет шеңберінде білім беру жүйесінің азаматтық қызметшілерінің үздіксіз білім алуына ынталандыру.

2. Аттестаттауды өткізу тәртібі

      6. Аттестаттау мынадай бірқатар жүйелі кезеңді қамтиды:
      1) аттестаттаудан өткізуге дайындық;
      2) аттестаттау комиссиясының қызметшімен әңгіме жүргізуі;
      3) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.
      7. Аттестаттауды өткізуге дайындықты орган басшысының тапсырмасы бойынша білім және ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың (бұдан әрі – аттестаттау органы) кадр қызметі ұйымдастырады және ол мынадай іс-шараларды қамтиды:
      1) аттестатталатындарға қажетті құжаттарды дайындау;
      2) аттестаттаудан өткізу кестесін әзірлеу;
      3) аттестаттау комиссияларының құрамын айқындау;
      4) әңгімелесу өткізуге арналған сұрақтарды дайындау.
      8. Аттестаттайтын органның кадр қызметі аттестаттауға жататын қызметшілерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
      9. Аттестаттайтын органның басшысы аттестаттайтын органның кадр қызметінің ұсынымы бойынша бұйрық шығарады, онымен аттестатталатын адамдардың тізімі, аттестаттауды өткізу кестесі мен аттестаттау комиссияларының құрамы бекітіледі.
      10. Аттестаттайтын органның кадр қызметі аттестаттаудан өткізу мерзімдері туралы оны өткізу басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей қызметшілерді жазбаша хабардар етеді.
      11. Аттестаттауға жататын қызметшінің тікелей басшысы қызметтік мінездемені ресімдеп, оны аттестаттайтын органның кадр қызметіне жібереді.
      12. Қызметтік мінездеме аттестатталатын қызметшінің кәсіби, жеке басының қасиеттері мен қызметтік іс-әрекеті нәтижелерінің негізделген, шынайы бағасын қамтуы тиіс.
      13. Аттестаттайтын органның кадр қызметі аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш аптадан кешіктірмейтін мерзімде қызметшіні оған берілген қызметтік мінездемемен таныстырады.
      14. Қызметші өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспеген жағдайда өзін сипаттайтын ақпаратты аттестаттайтын органның кадр қызметіне ұсынады.
      15. Аттестатталатын қызметшіге аттестаттайтын органның кадр қызметі осы Қағидағаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау парағын ресімдейді.
      16. Аттестаттайтын органның кадр қызметі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына жібереді.
      17. Аттестаттау комиссиясын аттестаттайтын органның кадр қызметінің ұсынысы бойынша аттестаттайтын органның басшысы құрады және комиссия мүшелерінің саны бес адамнан кем емес тақ санды құрайды.
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ішінен төраға және хатшы тағайындалады. Аттестаттау комиссиясының төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, оның отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады.
      18. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің және аттестаттаушы органның кадр қызметінің басшылары, кәсіподақтың және ұйымды алқалық басқару кеңесінің өкілдері, сондай-ақ басқа да қызметшілер кіреді.
      Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы аттестаттайтын органның кадр қызметінің өкілі болып табылады, оны аттестаттайтын органның кадр қызметінің басшысы айқындайды.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы аттестаттау комиссиясының отырысына тиісті материалдарды, қажетті құжаттарды дайындайды және ол өткеннен кейін хаттаманы әзірлейді және ресімдейді, техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, аттестаттау комиссиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және дауыс беруге қатыспайды.
      19. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
      20. Дауыс беру нәтижелері аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік даусымен айқындалады. Дауыстар тең түскен жағдайда, аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      21. Аттестаттау комиссиясы мүшелері келіспеген жағдайда өз ерекше пікірін білдіре алады.
      22. Аттестаттау комиссиясы аттестаттауды аттестатталатын қызметшінің қатысуымен өткізеді.
      Аттестатталушы аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелді себеппен қатыспаған жағдайда оны аттестаттау мәселесін қарау комиссия көрсеткен неғұрлым кешірек мерзімге ауыстырылады.
      Аттестатталушы аттестаттауға дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда қайта аттестаттау тағайындалады. Мемлекеттік қызметші қайтадан дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда ол аттестатталмады деп есептеледi.
      23. Отырыс барысында аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделейді, аттестатталатын адамды тыңдайды.
      Аттестатталатын адамға қойылатын сұрақтар кәсіби даярлық, іскерлік қасиеттер мәселелеріндегі оның құзыреттілігінің деңгейін анықтауға бағытталған.
      Аттестаттаушы адамның кәсіби, іскерлік және жеке басы қасиеттерін талқылау шынайы, сыпайы және әділеттілік жағдайда өтеді.
      24. Аттестаттау комиссиясының әрбір мүшесі ұсынылған материалдарды зерделеп, аттестатталушымен әңгімелескен соң аттестатталушы қызметшіге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бағалау парағын толтырады, содан кейін аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) қайта аттестаттауға жатады.
      25. Ұйым басшысы лауазымындағы қызметкерді аттестаттауды өткізу үшін аттестаттау комиссиясын оны осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды тұлға құрады.
      26. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Аттестаттау комиссиясы құрамына енген аттестаттаудан өтетін қызметші өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.
      27. Қайта аттестаттау бастапқы аттестаттау өткен күнінен бастап алты айдан кейін осы Қағидада айқындалған тәртіппен өткізіледі. Қайта аттестаттауды өткізген аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.
      28. Қызметші аттестаттау комиссиясының шешімімен таныстырылады.
      29. Аттестаттау комиссиясының шешімдерін лауазымға тағайындауға құқығы бар тұлға бекітеді және оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.
      30. Аттестатау комиссиясының бекітілген шешімдері қызметшілердің аттестаттау парағына енгізіледі.
      31. Аттестаттаудан өткен қызметшінің аттестаттау парағы және оған берілген қызметтік мінездеме жеке ісінде сақталады. Ұйымның басшысы бекіткен аттестаттау комиссиясы шешімі де қызметшінің қызмет тізіміне енгізіледі.

3. Аттестаттаудың шарттары

      32. Жүктілігі және босануы бойынша демалыстағы және бала үш жасқа толғанша оған күтім жасау үшін жалақысы сақталмайтын демалыстағыларды қоспағанда, барлық қызметшілер аттестауға жатады.
      33. Қызметшілер әрбір кейінгі үш жыл өткен соң аттестаттаудан өтетін білім және ғылым ұйымдарының басшыларын қоспағанда, азаматтық қызметте болған әрбір кейінгі бес жыл өткен соң, бірақ осы лауазымға орналасқан күнінен бастап алты айдан бұрын емес аттестаттаудан өтеді.
      Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      Бала күтімі бойынша демалыста жүрген қызметшілер қызметке шыққаннан соң алты айдан кейін ғана аттестатталынады.
      Қызметшілерді аттестаттау олардың өтініштері негізінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін өткізіледі.

Білім және ғылым саласындағы 
азаматтық қызметшілерді    
аттестаттаудан өткізу қағидалары
мен шарттарына 1-қосымша   

Аттестаттауға жататын азаматтық
қызметшіні аттестаттау парағы

      Аттестаттау түрі: кезекті - ; қайта - 
            (қажеттісін Х белгісімен белгілеу керек)
      1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) _________________
      2. Туған күні ___ж. "___"_________
      3. Білімі туралы, біліктілігін арттыру, қайта даярлау туралы мәліметтер (қашан және қандай оқу орнын аяқтады, білімі бойынша мамандығы және біліктілігі, біліктілігін арттыру, қайта даярлау, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, берілген күні туралы құжаттар)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      4. Атқаратын лауазымы және тағайындалған күні, біліктілік санаты(разряды) _____________________________________________________
      5. Жалпы еңбек өтілі __________________________________________
      6. Мемлекеттік және азаматтық лауазымдардағы жалпы жұмыс өтілі _____________________________________________________________________
      7. Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің айтқан ескертулері мен ұсыныстары:__________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      8. Аттестатталушының пікірі ___________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      9. Аттестатталушының қызметтік мінездемесіне сәйкес азаматтық қызметшінің қызметін тікелей басшысының бағалауы ____________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      10. Отырысқа аттестаттау комиссиясының ______ мүшесі қатысты.
      11. Дауыс беру нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясының әрбір мүшесі толтыратын азаматтық қызметшінің қызметін қоса берілетін бағалау парағына сәйкес бағалау:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді (дауыс саны) ________;
      2) қайта аттестаттауға жатады (дауыс саны) _________;*
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді (дауыс саны) _________.
      12. Біліктілік санаты (разряды):
      1) ________ (жазумен) біліктілік санатына (разрядына) сәйкес келеді _____________________ (дауыс саны)
_________________________________ (әр біліктілік санаты бойынша жеке)
      біліктілік санатын (разрядын) белгілеуге негіз жоқ (дауыс саны) _________________
      Қорытынды бағалау _____________________________________________
_____________________________________________________________________
(біліктілік санатының (разрядының) сандық белгісі жазумен жазылады)
_____________________________________________________________________
      13. Аттестаттау комиссиясының ұсынымдары (олар беретін дәлелдемелерді көрсете отырып)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      14. Ескертпелер _______________________________________________
_____________________________________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы: _____________________
                                                 (қолы)
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы:  _____________________
                                                 (қолы)
      Аттестаттау комиссиясының мүшелері: _____________________
                                                 (қолы)
                                          _____________________
                                                 (қолы)
                                          _____________________
                                                 (қолы)
                                          _____________________
                                                 (қолы)

      Аттестаттау өткізілген күн 20___ж. "___"_______________________
      Ұйым басшысының аттестаттау қорытындысы бойынша шешімі _______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

      Аттестаттау парағымен таныстым: _______________________________
                              (азаматтық қызметшінің қолы және күні)

Ұйым мөрінің орны
      * қайта аттестаттаудан өткен кезде баға қойылмайды

Білім және ғылым саласындағы 
азаматтық қызметшілерді    
аттестаттаудан өткізу қағидалары
мен шарттарына 2-қосымша   

Аттестаттаудан өтетін азаматтық
қызметшіні аттестаттау парағы
(аттестаттау комиссиясының мүшесі толтырады)

      Аттестаттау түрі: кезекті - ; қайта -
                       (қажеттісін Х белгісімен белгілеу керек)
      Т.А.Ә. (бар болған кезде)______________________________________
      Лауазымы ______________________________________________________
      Аттестатталушының бағасы ______________________________________
                 (өте жақсы, жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттанғысыз)
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерінің шешімі (төмендегінің бірі: атқаратын лауазымына сәйкес, қайта аттестаттауға жатады*, атқаратын лауазымына сәйкес келмейді):
____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Аттестаттау комиссиясы мүшелері шешімінің негіздемесі: ____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
      Біліктілік санатына (разрядына) лайықты _______________________
      Біліктілік санатын (разрядын) белгілеуге негіз жоқ _____________________________________________________________________
      Негіздеме:_____________________________________________________
__________________________________________________________________________________________________________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының мүшесі ______________________________
                          (Т.А.Ә. (бар болған кезде), қолы)
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы _____________________________
                          (Т.А.Ә. (бар болған кезде), қолы)
      Күні 20__ жылғы "___" ______________

*қайта аттестаттау өткізу кезінде шығарылмайды

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым министрінің 
2016 жылғы 27 қаңтардағы  
№ 83 бұйрығына 2-қосымша  

Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын айқындайды.
      2. Аталған Қағидалар Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10379 болып тіркелген «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығына сәйкес аттестаттаудан өтетін мемлекеттік кәсіпорындар басшыларына қолданылмайды.
      3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) аттестаттау комиссиясы – аттестаттау рәсімін және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік санаттарын беру (растау) рәсімін өткізуге уәкілетті алқалы орган;
      2) біліктілік санаты – қызметкердің жұмысты орындау нәтижелілігін көрсететін біліктілік талаптарының деңгейі;
      3) біліктілік тестілеу (бұдан әрі - тестілеу) – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген тестілер бойынша педагогикалық қызметкерлерді мезгілінен бұрын аттестаттау кезінде кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау үшін өткізілетін міндетті кезеңдердің бірі;
      4) біліктілікті арттыру ұйымы – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
      5) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын (растау) беру үшін аттестаттау – қызметкердің мамандық бойынша кәсіби қызметті орындау үшін қажетті кәсіби құзыреттілігін кешенді бағалауды белгілейтін жүйелі әрекеттердің тәртібі;
      6) қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық жалпылау – педагог қызметкердің кәсіби қызметін жүйелі, бірізді және объективті зерделеу негізінде оның кәсіби құзыреттілігін бағалау бойынша іс-шаралар жиынтығы;
      7) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен бекітілген педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының тізбесінде көрсетілген лауазымды атқаратын тұлғалар;
      8) сараптау – педагогтің кәсібилілік деңгейін және педагогикалық қызметінің нәтижелерін кешенді бағалау;
      9) сараптамалық топ – педагог қызметкердің кәсібилілік деңгейін және біліктілік талаптарына сәйкестік дәрежесін бағалау үшін біліктілікті арттыру жүйесінің ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінен қалыптастырылған тәуелсіз алқалы орган.
      4. Аттестаттау педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік талаптарына сәйкестігін оның кәсіби құзыреттілігін бағалау негізінде анықтау мақсатында, сондай-ақ білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.
      5. Аттестаттау міндеттері мыналар болып табылады:
      1) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кадрлық құрамының жоғары сапасын қамтамасыз ету;
      2) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың олардың қызметіне байланысты мемлекеттік білім беру саясатымен айқындалатын міндеттерді іске асыруға жеке-кәсіби дайындығын арттыру;
      3) қызметі шеңберінде педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың үздіксіз білім алуын ынталандыру.
      6. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудың негізгі қағидаттары алқалылық, ашықтық, жүйелілік, айқындылық, объективтілік болып табылады.

2. Аттестаттау комиссиялары, олардың құрамы мен өкілеттіктері

      7. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын беру (растау) үшін аттестаттаудан өткізу үшін білім беру ұйымдарында, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінде, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларында, білім беру саласындағы уәкілетті органдарда (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдарында аттестаттау комиссиялары құрылады.
      8. Аттестаттау комиссиясының құрамына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, аттестаттау комиссиясының хатшысы және мүшелері енгізіледі. Аттестаттау комиссиясына білім беру ұйымдарының неғұрлым тәжірибелі педагог қызметкерлері, ғылыми-педагогикалық құрылымдардың, оқу-әдістемелік бірлестіктердің, біліктілікті арттыру жүйесінің, кәсіподақтардың, өндірістік құрылымдардың (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім не алқалық басқарудың басқа нысандары үшін), кадрлық қызметтердің өкілдері, білім беруді басқару органдарының мамандары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім үшін) кіреді.
      9. Аттестаттау комиссиясының мүшелері тақ саннан тұрады. Аттестаттау комиссиясының мүшесі болып табылатын аттестатталушы қызметкер өз кандидатурасын қарау кезінде дауыс беруге қатыспайды.
      10. Білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясының құрамын тиісті алқалық орган (мектептің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының педагогикалық кеңесі) анықтайды және білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      11. Білім беруді басқару органының аттестаттау комиссиясының құрамы білім беруді басқару органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      12. Аттестаттау комиссиясының отырыстарын хатшы хаттамаға түсіреді. Хаттамаларда аттестаттау комиссиясының шешімдері және оның мүшелерінің дауыс беру нәтижелері тіркеледі. Аттестаттау комиссиясы отырысының хаттамасына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы және отырысқа қатысушы мүшелері қол қояды.
      Аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа оның мүшелерінің кемінде 3-тен 2-сі қатысқан жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар саны тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
      13. Облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының аттестаттау комиссиялары өткізеді.
      Республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган жүргізеді, өз ведомствосында білім беру ұйымдары бар басқа да мемлекеттік органдарда тиісті салалардың уәкілетті органдары жүргізеді.
      Білім беру ұйымдарының басшыларын, басшылардың орынбасарларын аттестаттауды аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің аттестаттау комиссиялары өткізеді.
      14. Аттестаттау комиссиялары аттестаттау процесінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) аттестаттаудың барлық кезеңдерін өткізу орындары мен күнін белгілейді;
      2) білім беру ұйымдарының аттестатталатын басшылары, олардың орынбасарлары, білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қызметтерінің қорытындыларын қарастырады және талдайды;
      3) аттестатталушының кәсіби құзыреттілігін объективті түрде бағалайды;
      4) әңгімелесу кезінде заңдылықты сақтайды, ізгілік, әдептілік танытады;
      5) аттестаттауды ұйымдастыруды және өткізуді ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
      15. Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиялары педагог қызметкерлерге біліктілік санаттарын беру (растау) процесінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде екінші біліктілік санатын бекітеді, бірінші және жоғары санатты беру (растау) үшін педагогтердің материалдарын дайындайды;
      2) аудандық (қалалық) білім бөлімінің аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші біліктілік санатын бекітеді;
      3) облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша, арнайы (түзеу) білім беру ұйымдары педагогтерінің жоғары біліктілік санатын бекітеді, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, сондай-ақ облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші және жоғары санаттарын бекітеді.
      Білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.
      Салалық мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.

3. Аттестаттауды өткізу

      16. Педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау педагогикалық қызметкерлер қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жалпылау арқылы педагог қызметкерлердің біліктілік лауазымдық сипаттамаларына сәйкес бір кезеңде жүзеге асырылады. Сонымен қатар мыналар анықталады:
      1) білім беру деңгейіне сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды орындау;
      2) мәлімденген біліктілік санаттарына сәйкес педагогикалық қызметкердің біліктілік деңгейіне қойылатын біліктілік талаптарын сақтау;
      3) өзінің кәсіби қызметінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын орындау.
      17. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабына сәйкес педагог қызметкерлер біліктілік санатын беру (растау) үшін аттестаттаудан өтеді.
      18. Педагог қызметкерді аттестаттау білім туралы дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес жүзеге асырылады.
      Білім туралы дипломда бір мамандық ретінде көрсетілген пәнді оқыту кезінде педагог қызметкерді аттестаттау дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес пәндерді көрсетумен негізгі лауазым бойынша жүргізіледі.
      19. Шағын жинақты мектептің педагог қызметкерлері дипломда көрсетілмеген пәннен сабақ берген жағдайда жеке куәлігі немесе тиісті біліктілік берілген қайта даярлау курсында кәсіби оқу туралы сертификаты негізінде атқарып отырған лауазымы бойынша аттестаттаудан өткізіледі.
      20. Педагог жоғары оқу орны (бұдан әрі - ЖОО) немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандарды кәсіптік даярлау жүзеге асырылмайтын пән бойынша сабақ берген жағдайда, оның бұрын алған санаты сақталады, ал аттестаттау біліктілігін арттыру туралы тиісті сертификат болған кезде жалпы негіз бойынша өткізіледі.
      Арнайы және арнайы (түзету) білім беру ұйымдарында, арнайы сыныпта (топта) жұмыс істейтін педагог қызметкерлер білім туралы дипломда көрсетілген мамандық бойынша аттестаттаудан өтеді. Арнайы және арнайы (түзету) білім беру ұйымдарында, арнайы сыныпта (топта) білім туралы дипломда көрсетілмеген мамандық бойынша қызмет жүргізген жағдайда білім беру ұйымдарында қайта даярлау курстарынан өту нәтижесінде алған сертификатының негізінде атқарып отырған лауазымы бойынша аттестаттаудан өткізіледі.
      Арнайы (түзету) білім беру ұйымдарында дипломда көрсетілген пәннен сабақ беретін педагог қызметкерлер сабақ беріп отырған пәні бойынша білім беру ұйымдарында қайта даярлаудан өту нәтижесінде алған сертификаты негізінде аттестаттаудан өткізіледі.
      Инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептің педагог қызметкерлері дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес және қосымша пәндер (арнайы педагогика, арнайы психология және басқалары) бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткендігі ескеріле отырылып, аттестаттаудан өткізіледі.
      Салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерін аттестаттауды білім беру ұйымдары мен тиісті мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиялары жүзеге асырады.
      Салалық мемлекеттік органдарда білікті мамандар болмаған жағдайда ұйымның басшысы мемлекеттік білім беруді басқару органына педагог қызметкерлерді аттестаттау туралы өтінішхатпен жүгінеді.
      21. Мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер педагог қызметкерлер екі кезеңде аттестаттаудан өтеді:
      1) бірінші кезең – біліктілік тестілеу;
      2) екінші кезең – қызмет қорытындыларын талдамалық жинақтау.
      Тестілеу сұрақтарының саны 60-ты құрайды:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу – 20 сұрақ;
      2) педагогика және психология негіздері - 20 сұрақ;
      3) пәндік білім негіздері – 20 сұрақ.
      Тестілеудің жалпы уақыты 150 минутты құрайтын математика, физика, химия бойынша пәндік білім негіздері бойынша тестіленетін педагог қызметкерлерді қоспағанда, жалпы тестілеу уақыты 120 минутты құрайды.
      Тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптар негізгі пән бойынша кемінде 70%, педагогика және психология негіздері бойынша - 50%, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша - 50% болса, оң деп есептеледі.
      Тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен немесе дәлелді себептермен қатыспаған педагог қызметкерлер бірінші тестілеуден кейін екі айдан кешіктірмей қайта тестілеуден өтеді.
      Дәлелді себептер мыналар болып табылады:
      1) ұзақ уақыт бойы еңбекке жарамсыздық (2 айдан аспайтын);
      2) жүктілік және бала туу және бала күту демалысында болу;
      3) шетелде мамандық бойынша іссапарда болу.
      Қайта тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен педагог қызметкерлер аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді.
      Тестілеуден өткізу күні тестілеу рәсімін өткізуге 2 апта қалғанда педагог қызметкерге хабарланады.
      Тестілеу 15 қазан мен 15 желтоқсан аралығында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, білім саласындағы уәкілетті орган, қарамағында білім ұйымдары бар салалық мемлекеттік органдар бекіткен кестеге сәйкес өткізіледі.
      Өндірістен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына педагогикалық жұмысқа ауысқан тұлғалар біліктілік тестілеуінен босатылады.
      22. Білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары, білім беру ұйымдары құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, әдістемелік қызметкерлер, білім беру бөлімдері мен басқармаларының қызметкерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, қосымша қызмет бойынша сабақ беретін басқа тұлғалар жалпы негізде оқытатын пәні бойынша аттестаттаудан өтеді.
      23. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік санаттары Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында бес жыл бойы сақталады.
      Педагогикалық салада Қазақстан Республикасының шегінде жаңа жұмысқа ауысқан кезде педагог қызметкерлердің қазіргі кездегі біліктілік санаты оның қолдану мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
      24. Келесі оқу жылында аттестаттаудан (кезекті және мерзімінен бұрын) өтуге ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, арнайы, қосымша, арнайы, түзету, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің педагог қызметкерлері осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясына өтініш береді.
      25. Аттестатталатын педагог қызметкерлердің тізімдік құрамы білім беру органның алқалық шешімімен жыл сайын 10 маусымға дейін бекітіледі және аудандық (қалалық) білім бөлімдеріне, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының білім басқармаларына, білім беру саласындағы уәкілетті органға (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін) ұсынылады.
      26. Өтініш берген біліктілік санатына сәйкестігіне аттестатталатын педагог қызметкерлердің қызмет қорытындысына талдауды сараптама топтары жүргізеді:
      екінші біліктілік санатына – білім беру ұйымының деңгейінде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: әдістемелік бірлестіктердің, пәндік-циклдік комиссиялардың, кафедралардың өкілдері, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының тәжірибелі педагог қызметкерлері, өндірістік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, ата-аналар қауымдастығының өкілдері кіреді;
      бірінші біліктілік санатына – аудан (қала) деңгейінде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, әдістемелік бірлестіктердің жетекшілері, ауданның (қаланың) тәжірибелі педагог қызметкерлері, біліктілікті арттыру жүйелері, өндірістік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың, ата-аналар қауымдастығының өкілдері кіреді;
      облыстық маңызы бар білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің бірінші біліктілік санатына және жоғары біліктілік санатына облыс деңгейінде ұйымдастырылатын сараптама топтары, оның құрамына: әдістемелік кабинеттердің, біліктілікті арттыру жүйесінің, өндірістік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері, облыстың тәжірибелі педагог қызметкерлері кіреді.
      Білім беру саласындағы уәкілетті органның сараптама тобының құрамына (республикалық ведомстволық ұйымдар үшін): әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, біліктілікті арттыру жүйесінің өкілдері, тәжірибелі педагогтер кіреді.
      27. Педагог қызметкердің қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтауды жыл сайын 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында сараптама топтары жүргізеді.
      28. Педагог қызметкердің өтініш берген біліктілік санатына қызметінің сәйкестігін белгілеу үшін сараптама тобының қарауына мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) аттестаттауға өтініш;
      2) барлық аттестатталатын педагог қызметкерлердің міндетті ұсынуға қажетті құжаттар көшірмелері:
      жеке басты куәландыратын құжат;
      білімі туралы диплом;
      қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаты;
      бұрын берген біліктілік санаты туралы куәлік;
      біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы құжаттар.
      3) кәсіптік жетістіктері туралы мәліметтер (болған жағдайда):
      педагогикалық тәжірибені жинақтау материалдары: эссе, шығармашылық есеп, кәсіптік қызметіне өзіндік талдау жасау;
      педагогтің ғылыми-әдістемелік қызметі туралы куәландыратын құжаттар: ғылыми-практикалық конференцияларға, шығармашылық конкурстарға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге, әртүрлі деңгейдегі педагогикалық оқуларға қатысу; мерзімді басылымдардағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ғылыми-әдістемелік материалдар жарияланымдарының көшірмелері;
      педагог қызметкердің кәсіптік құзыретін тәуелсіз бағалау қорытындылары: пікірлер, оқушылар мен тәрбиеленушілерден, ата-аналардан, әріптестер мен әкімшіліктен алынған сауалнамалар нәтижелері; практика базалары, жұмыс берушілер тарапынан пікірлер, ЖОО-ға түсу немесе еңбекке орналасу туралы ақпарат;
      педагогикалық қызметтің нәтижелері: педагог қызметкердің, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу, шығармашылық, спорттық, пәндік олимпиадаларға, конкурстарға, байқауларға, жарыстарға, ойындарға қатысуын растайтын құжаттар; педагог қызметкердің наградалық материалдары;
      соңғы үш жылдағы қызметкердің кәсіптік қызметі нәтижелілігінің динамикасы (мерзімінен бұрын аттестаттауда – 1-2 жыл).
      29. Аттестатталатын педагог қызметкердің қызмет қорытындысына талдау сараптама тобының отырысында хаттамамен тіркеледі. Білім беру ұйымының әрбір педагог қызметкері бойынша сараптама тобы қорытынды (аттестаттау үшін ұсыну/ұсынбау) жасайды, ол білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясына жыл сайын 31 наурыздан кешіктірмей ұсынылады.
      30. Барлық деңгейдегі аттестаттау комиссияларының қарауына мына құжаттардың көшірмелері ұсынылады:
      1) аттестаттауға өтініш;
      2) жеке басын куаландыратын құжат көшірмесі;
      3) білімі туралы диплом көшірмесі;
      4) біліктілікті арттыру туралы құжат көшірмесі;
      5) қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжатының көшірмесі;
      6) бұрын берген біліктілік санаты туралы куәлік көшірмесі (жоғары білім беру ұйымдарынан ауысқан және біліктілік санаттары жоқ педагог қызметкерлерден басқа);
      7) сараптама тобының қорытындысы.
      31. Білім беру ұйымының әр педагог қызметкері бойынша аттестаттау комиссиясы мына шешімдердің бірін шығарады:
      1) аттесталды;
      2) аттесталмады.
      32. Педагог қызметкерге біліктілік санатын беруді (растауды) болдырмау туралы шешім толық негіздемемен жеке хаттама арқылы ресімделеді.
      33. Аттестаттау комиссиясы «біліктілік санатының талаптарына сәйкес келмейді» деген шешім қабылдаған жағдайда санат бір деңгейге төмендейді, мерзімінен бұрын аттестаттаудан өткен жағдайда қазіргі біліктілік санаты оның қолдану мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
      34. Біліктілік санатын төмендету туралы шешім, тиісінше, еңбекақы аттестаттау комиссиясының шешімдері негізінде білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен ресімделеді.

Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, 
жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта 
білімнен кейінгі білімнің білім беру    
бағдарламаларын іске асыратын білім беру   
ұйымдарында жұмыс істейтін педагог     
қызметкерлер мен оларға теңестірілген     
тұлғаларды аттестаттаудан өткізу      
қағидалары мен шарттарына қосымша      

нысан

_____________________________________________________________________
  (санаттарды растау/беру жөніндегі аттестаттау комиссиясының атауы)
_____________________________________________________________________
      (педагогтың тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда))
_____________________________________________________________________
                       (лауазымы, жұмыс орны)

ӨТІНІШ

      Мені 20 ____ жылы ____________________________ лауазымы бойынша біліктілік санатына _________________________________________________ аттестаттауды сұраймын.
      Қазіргі уақытта _____ санаттамын, ол ____ жылға дейін жарамды
      Келесі жұмыс нәтижелерін негізге аламын _______________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
__________________________________________________________________________________________________________________________________________

Өзім туралы келесі мәліметті хабарлаймын:
Білімі:

Оқу орнының атауы

Оқу кезеңі

Диплом бойынша мамандық




Жұмыс өтілі:

Жалпы

Мамандық бойынша

Педагогикалық

Осы білім беру ұйымында





      Наградалар, атағы, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы алынған (берілген) жылын көрсете отырып _____________________________________
      Аттестаттаудан өткізу қағидаларымен таныстым
                                20 ____ жылғы «____» ________________
                                               ______________________
                                                       (Қолы)