«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқыту қағидалары бекітілсін.
2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 61 бұйрығымен бекітілген
Экстернат нысанында оқыту қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Экстернат нысанында оқыту қағидалары (бұдан әрі – Қағида) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқыту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
экстернат - білім алушы сабаққа үнемі қатыспай-ақ, тиісті білім беру бағдарламасының оқу пәндерін өз бетімен оқитын оқыту нысандарының бірі;
экстерн - денсаулығына байланысты орта білім беру ұйымдарында оқуға мүмкіндігі жоқ және/немесе шетелде уақытша тұратын тұлға.
3. Орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқыту білім алушылардың негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын өздігінен оқуын, сондай-ақ уақытша шетелде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларын қашықтықтан оқытуды қарастырады.
4. Экстернат нысанында оқу мынадай санаттарға ұсынылады:
денсаулығы туралы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бар білім алушыға;
уақытша шетелде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларына.
5. Экстернат нысанында білім алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беру бағдарламалары шегінде жүзеге асырылады.
6. Экстернат нысанында оқуға өтініштерді қабылдау және оған рұқсат беру, қажетті құжаттар тізбесі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11057 болып тіркелген «Орта білім беру саласында жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 179 бұйрығына сәйкес ресімделеді.
7. Білім алушылардың тиісті деңгейдегі жалпы білім беру бағдарламаларын уақытылы меңгеруі үшін экстернат нысанында оқуға рұқсат алуға өтініштер ағымдағы жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірілмей тапсырылады.
2. Экстернат нысанында білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау
8. Экстерндерді аттестаттау Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген «Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау жүргізудің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
9. Экстерндерді қорытынды аттестаттауға жіберу туралы шешімді білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі қабылдайды. Экстерндерді қорытынды аттестаттауға жіберу туралы бұйрықты орта білім беру ұйымының басшылары ағымдағы оқу жылының соңында шығарады.
10. Аттестаттау нысаны мен мерзімдерін оқу бағдарламалары мен оқу жұмыс жоспарларына сәйкес орта білім беру ұйымдарының басшылары белгілейді.
11. Жалпы білім беретін пәндер бойынша консультациялар, аралық аттестаттау оқушылардың уақыт мүмкіндіктерін ескере отырып, ағымдағы оқу жылының желтоқсан-сәуір айларында білім беру ұйымдарының басшылары бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.
12. Негізгі мектеп курсы бойынша экстерндер негізгі орта білімі туралы куәлікке енгізілетін пәндер бойынша, орта мектеп курсы бойынша жалпы орта білімі туралы аттестатқа енгізілетін пәндер бойынша аттестатталады.
Дене тәрбиесі, технология, алғашқы әскери дайындық, музыка, сызу бойынша аттестаттау өткізілмейді, ал білімі туралы құжатта «оқылған жоқ» деген жазу жазылады.
13. Аралық аттестаттаудан өтпеген, қорытынды мемлекеттік аттестаттауға дәлелді себепсіз келмеген экстерндер білім беру ұйымынан шығарылып, жазбаша (тапсырыс хатпен) не жеке хабарланады, ол шығару туралы бұйрыққа қол қоюмен расталады.
14. Экстерндерді аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау емтихан комиссиясының барлық мүшелері қол қойған және орта білім беру ұйымының басшысы бекіткен «Экстернат» белгісі бар хаттамаларда көрсетіледі.
Хаттамаға аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өту нәтижелерінің жазбаша материалдары қоса тігіледі.
15. Аралық аттестаттаудан өткен экстерндерге тиісті оқу бағдарламалары бойынша оқуды экстернат нысанында аяқтағаны туралы белгісі бар қорытынды бағаларымен табель беріледі.
16. Қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өткен экстерндерге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген «Мемлекеттік үлгідегі білім беру туралы құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығына сәйкес білім деңгейі (сатысы) туралы мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі.