Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 ақпанда № 13085 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н.Иманғалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов


  Қазақстан Республикасы
Білім мен ғылым министрінің
2016 жылғы 14 қаңтардағы
№ 26 бұйрығымен
бекітілген
   

Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер

      1. Осы орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес білім алушыларды сапалы мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

      Жоғарыда аталған Талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған.

      2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғым қолданылады:

      орта білім беру ұйымы – бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмнің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын оқу орны.

      3. Талаптардың мақсаты – міндетті мектеп формасын қолдануда орта білім беру ұйымдарының бірыңғай келісімін қамтамасыз ету, ата-аналардың мектеп формасына жағымды қатынасын қалыптастыру, оқытудың зайырлы сипатын сақтауда оқу орны басшыларының және қоғамдық кеңестердің (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) жауапкершілігін арттыру.

      4. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орта білім беру ұйымдарының фойесінде, ал таныстыру мақсатында орта білім беру ұйымдарының Интернет-ресурстарында жарияланады.

2. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар

      5. Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы (бұдан әрі – мектеп формасы) оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.

      6. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.

      7. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

      8. Ұлдардың мектеп формасы:

      пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

      9. Қыздардың мектеп формасы:

      пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

      10. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.

      11. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.

      12. Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.

      13. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.

      15. Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.

      16. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.

      17. Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылады.

      18. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.

      19. Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

      20. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады.

      21. Ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді.

3. Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындау

      22. Орта білім беру ұйымының басшысы (бұдан әрі – Басшы) және қоғамдық кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті) міндетті мектеп формасын енгізу кезінде осы Талаптарды басшылыққа алады.

      23. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып алады.

      24. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.04.2016 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Басшы ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін мектеп формасының бекітілуін қамтамасыз етеді.

      26. Басшы білім алушылардың мектеп формасын сақтауы мәселесін қоғамдық кеңестің талқылауына шығарады.

      27. Басшы осы Талаптармен ата-аналарды немесе заңды өкілдерді білім алушыны білім беру ұйымына қабылдау туралы өтініш (еркін нысанда) беру кезінде қол қойғызу арқылы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында таныстырады.