Метрополитеннің қауіптілігі жоғары аймағында болу және онда жұмыстарды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Алматы қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 1/176 қаулысы. Алматы қаласының Әділет департаментінде 2015 жыл 15 сәуірде № 1156 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңының 23 бабына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған метрополитеннің қауіптілігі жоғары аймағында болу және онда жұмыстарды жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасы заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1)осы қаулыны әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуді;
      2)осы қаулыны интернет-ресурста орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ю. Ильинге жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі             А. Есімов

Алматы қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 19 наурыздағы
№ 1/176 қаулысымен бекітілді

Метрополитеннің қауiптілігi жоғары аймағында болу
және онда жұмыс жүргiзу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Метрополитеннің қауiптілігi жоғары аймағында болу және онда жұмыс жүргізу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) метрополитеннің қауiптiлiгi жоғары аймағында болу және онда жұмыстарды жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
      1) метрополитен жолаушысы - метрополитенде жол жүру ақысын (смарт-жетонмен, смарт-картамен) төлеген және жол жүрген жеке тұлға;
      2) метрополитеннің әкімшілігі – оралымды басқаруды жүзеге асыруға уәкілетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететін метрополитеннің кәсіпорын басшылығы;
      3) метрополитеннің жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшісі – жолаушылардың қауіпсіз отыруын, түсуін, олардың бекет платформасында біркелкі тарауын, жолаушылардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың метрополитеннің жылжымалы құрамына отырғызу алдында (техникалық құралдарды пайдалана отырып) бекет бойынша қозғалысын қамтамасыз ететін қызметкер;
      4) метрополитеннің қызметкері – метрополитен әкімшілігімен еңбек қатынастарында тұрған және лауазымдық нұсқаулықтар мен жеке еңбек шартына сәйкес жолаушылардың жүруі мен метрополитеннің жылжымалы құрамына отыруының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолаушылардың өміріне және метрополитеннің жылжымалы құрамының қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін барлық жағдайда шешім және метрополитеннің жылжымалы құрамдарын тоқтатуға шаралар қабылдауға байланысты жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
      5) метрополитеннің қауiптiлігі жоғары аймағы – метрополитенде жолаушыларды тасымалдауға байланысты эскалаторлар, бекет платформасы, метрополитеннің жылжымалы құрамы, метрополитеннің рельстік жолдары, метрополитеннің өзге де объектілері;
      6) тексеріп-қарау аймағы – кіру кезінде металл іздегіштер рамкасынан және жүкті сканирлеу үшін рентген қондырғысынан тұратын вестибюльдің бір бөлігі. Жолаушыларды және олардағы жүктерді, соның ішінде қол жүгі мен багажды тексеру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен көлік инфрақұрылымының объектілерінде рұқсат етілмеген заттарды заңсыз өткізуді болдырмау үшін жүзеге асырылады;
      7) электропоезд - жолаушыларды тасымалдауға арналған бірнеше моторвагондық секциялардан тұратын және қауіпсіздік талаптарының барлық нормаларына сәйкес жылжымалы құрам;
      8) метрополитен – көліктің өзге түрлерінің желілерінен және жүргіншілердің оларға өту жолынан оқшауланған (бөлінген, бір деңгейдегі қиылыстары жоқ) жолдар бойынша жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын қалалық рельстік көлік түрі;
      9) метрополитен бекеті – пойыздарды қабылдау, жөнелту және жолаушыларға қызмет көрсету бойынша құрылыстар мен құрылғылар кешені;
      10) бекет платформасы – метрополитеннің жылжымалы құрамына жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін жабдықталған метрополитен бекетінің бөлігі;
      11) эскалатор – адамдардың бір деңгейден екінші деңгейге ауысуы үшін қозғалатын сатылары бар баспалдақ түріндегі көтеру-көлік құрылғысы.

2. Метрополитеннің қауiптiлiгі жоғары аймағында болу
тәртібі

      3. Жолаушылар метрополитеннің эскалаторын пайдаланған кезде:           1) жолаушылардың жүру кезегін сақтайды;
      2) эскалатордың қозғалыс бағыты бойынша он жақта тұрады;
      3) сатылардағы шектеу сызығын және эскалатордың қозғалмайтын бөліктерін баспай, тұтқадан ұстап тұрады;
      4) жас балаларды қолдарынан ұстап жүреді;
      5) эскалатордан түсу кезінде кідірмейді;
      6) эскалатор бойынша сол жағымен жүреді.
      Жолаушылар ағыны ұлғайған жағдайда, жолаушылар эскалатор төсемінің сол және оң жақтарын толтырады және қозғалады.
      4. Жолаушыларға эскалаторда отыруға, эскалатордың қозғалысына қарсы жүруге, метрополитен қызметкерлерінің рұқсатынсыз эскалатордың бір желісінен екіншісіне және жұмыс істемейтін эскалатор бойынша орын ауыстыруға тыйым салынады.
      5. Метрополитеннің жылжымалы құрамының келуін күту метрополитен бекеттерінің платформаларында шектеу сызығына кірмей жүзеге асырылады.
      6. Жолаушыларды метрополитеннің жылжымалы құрамына отырғызу, түсіру метрополитеннің жылжымалы құрамы толық тоқтағаннан кейін жүргізіледі.
      7. Жолаушылардың метрополитеннің жылжымалы құрамынан шығуы және оған отырғызу метрополитен бекеттерінің платформасы жағынан жүргізiледi.
      Жолаушылар бекет платформаларында тұрған кезде, метрополитеннің жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшісінің нұсқауымен бекеттің барлық платформасы бойынша біркелкі орналасады және метрополитеннің жылжымалы құрамы тоқтаған кезде жолаушылар еркін шығу үшін метрополитеннің жылжымалы құрамының автоматтандырылған есіктерінің алдындағы орындарды босатады.
      Кәмелетке толмаған адамдар метрополитен бекетінің аумағында бірге жүретін ересек адамның немесе метрополитеннің жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшісімен бірге жүреді.
      8. Метрополитен қызметкерлері, жолаушылар қауiптілiгі жоғары аймақтарда:
      1) кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға, әртүрлі қимыл ойындарын ұйымдастырмауға;
      2) эскалаторларды және өткелдерді қол жүгімен, багажбен, өзге де заттармен бөгемеуге;
      3) метрополитеннің жылжымалы құрамының жүруі барысында отырмауға және түспеуге, вагон терезелерінен басын шығармауға;
      4) метрополитеннің жылжымалы құрамы есіктерінің автоматты жабылуы мен ашылуын бөгемеуге, оларды қозғалыс кезінде ашпауға;
      5) қоқыстарды тастамауға, метрополитеннің жылжымалы құрамының салонында тез тұтанғыш және жарылғыш заттарды тасымалдамауға;
      6) бекеттерде өтетін жерлері мен метрополитеннің жылжымалы құрамында темекі тартпауға;
      7) вестибюльдерді, өтпелерді, бекеттер платформаларын, метрополитеннің жылжымалы құрамының салондарын, эскалаторларды және жолдарды ластамауға;
      8) спирттік ішімдіктер ішпеуге, метрополитеннің жылжымалы құрамында және бекеттерінде алкогольге, есірткіге немесе уытқа мас күйде болмауға;
      9) жолаушы платформасы арқылы келе жатқан немесе жөнеліп бара жатқан метрополитеннің жылжымалы құрамымен қатар жүгірмеуге, сондай-ақ метрополитеннің жылжымалы құрамы аялдаусыз өтіп бара жатқан кезде платформаның шетінен екі метр жақын болмауға, метрополитеннің жылжымалы құрамы толық тоқтағанға дейін жақындамауға;
      10) метрополитеннің жылжымалы құрамы вагонының автоматтандырылған есігіне сүйенбеуге тиіс.
      9. Жолаушыларға метрополитеннің бекеттерінде рельстік жолдардан өтуге және оған түсуге жол берілмейді.
      10. Жолаушылар бекет платформасында метрополитеннің жылжымалы құрамын күткен кезде жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшінің және метрополитеннің басқа да қызметкерлерінің метрополитеннің жылжымалы құрамының келуін күту және оған отырғызу кезінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты талаптарын сақтайды.

3. Метрополитеннің қауiптiлiгі жоғары аймағында
жұмыс жүргізу тәртібі

      11. Метрополитеннің қауiптiлігі жоғары аймақтарында жұмыстар жүргізу метрополитен әкімшілігі беретін жазбаша рұқсат негiзiнде жүргiзiледi.
      12. Метрополитеннің қауiптiлігі жоғары аймағында жұмыстар жүргізуге рұқсат алу үшiн метрополитен әкімшілігінің мекенжайына мынадай құжаттар:
      1) жұмыс түрлерін және оларды жүргізу қажеттілігі, және жұмыс жүргізуге жауапты тұлға көрсетілген жазбаша өтiнiш;
      2) жұмыстар жүргiзу кезiнде метрополитеннің қауiптiлігi жоғары аймағының объектілері (элементтері) зақымданған жағдайда, оларды қалпына келтiру туралы міндеттеме;
      3) қоршауларды орналастыру және жұмыстарды жүргiзу орындарының схемасы;
      4) жұмыстарды жүргiзудің және аяқтаудың күнтiзбелiк кестесi беріледі.
      13. Өтiнiш жетi жұмыс күнінің iшiнде қаралады және көрсетілген мерзімнен кейін жұмыстарды жүргізуге рұқсат не бас тарту туралы дәлелдi жауап берiледi.
      Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды толық ұсынбау метрополитеннің қауiптілiгi жоғары аймағында жұмыстар жүргiзуге рұқсат беруден бас тартуға негіз болып табылады.
      14. Жедел авариялық-қалпына келтіру жұмыстары метрополитен әкімшілігі өкілінің қатысуымен орындалады.
      Жедел авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін, сондай-ақ олардың шарттарын метрополитен әкімшілігі айқындайды.
      15. Метрополитеннің қауіптiлiгі жоғары аймағында метрополитенде қозғалыс қауіпсіздігін төмендететін және метрополитеннің жылжымалы құрамының қозғалысында үзiлiстердiң туындауына әкелетін жұмыстарды жүргiзуге рұқсат етілмейді.
      16. Жолаушылар қауіпсіздігіне қатер төнген кезде метрополитеннің қызметкерлері метрополитеннің аумағынан жолаушыларды эвакуациялайды.
      17. Қауiптілiгi жоғары аймаққа өрт сөндіру және авариялық-құтқару командалары, жедел медициналық жәрдем бригадалары кедергiсiз жіберіледі.