Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Таран ауданы мәслихатының 2015 жылғы 20 наурыздағы № 263 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 9 сәуірде № 5510 болып тіркелді

Жаңартылған
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы бекітілсін.
      2. Аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын, қосымшаға сәйкес (қоса берілген).
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қырық тоғызыншы,
      кезекті сессияның төрайымы О. Тарасова
      Аудандық
      мәслихат хатшысы С. Жолдыбаев

      КЕЛІСІЛДІ
      "Таран ауданы әкімдігінің жұмыспен
      қамту және әлеуметтік бағдарламалар
      бөлімі" мемлекеттік мекемесі
      басшысының міндетін атқарушысы
      __________________ Г. Филиппова

  Мәслихаттың
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 263 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Таран ауданының аумағында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі - қызметті алушы):
      1) жекешелендiрiлген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғынжайдың меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттiк ақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысын төлеуге берiледi.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      2. Тұрғын үй көмегін "Таран ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетеді.
      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін көрсетілетін қызметті алушы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы – Қостанай облысы бойынша "Халыққа кызмет көрсету орталығы" департаментінің Таран аудандық бөліміне (бұдан әрі-Мемлекеттік корпорация) жүгінеді немесе "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталына (бұдан әрі-портал) арқылы баламалы негізінде өтінішпен және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 "Тұрғын үй көмегін тағайындау" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 тіркелген, 2015 жылғы 3 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мемлекеттік қызмет стандартының 9-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Таран ауданы мәслихатының 21.04.2016 № 23 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап, сондай-ақ порталға өтініш берген кезде – күнтізбелік 10 (он) күн береді.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Таран ауданы мәслихатының 21.04.2016 № 23 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Тұрғын үй көмегі өтініш беру айынан бастап тағайындалады және жылыту маусымының соңына дейін тағайындалатын жылдың бірінші тоқсанын қоспағанда, қызметті алушы өтініш жасаған ағымдағы тоқсанға көрсетіледі. Зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрғын үй көмегін тағайындау бүкіл жылыту маусымына жүзеге асырылады.
      5. Қызметті алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары, сондай-ақ оның дұрыс есептелмеген жағдайлары туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      6. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (қызметті алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      7. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.
      8. Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылады, ал қызметті алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте төлетеді.
      9. Жалғыз тұратын қызметті алушы қайтыс болған жағдайда тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
      Қызметті алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу уәкілетті органмен азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органынан ай сайын сұратып алатын қайтыс болған адамдардың тізімі негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      10. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері жөнінде туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін анықтау

      11. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алуға ниет білдіруші отбасының жиынтық табысы немесе азаматтың табысын негізге ала отырып анықталады.
      12. Уәкілетті органмен отбасының (азаматтың) жиынтық табысы қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.
      13. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін отбасының (азаматтың) шығыстар үлесі жиынтық табыстың он пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      14. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне - көп бөлмелі тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі және отбасына 9 шаршы метрін қосымша; бір бөлмелі тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін - тұрғынжайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін - пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метрі, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      15. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      Егер шығыстарға нормативтер мен тарифтер заңмен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақты шығыстар бойынша жүргізіледі.
      16. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін алынатын шығыстар өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақты шығындармен анықталады.
      17. Электрлік энергиясын төлеу бойынша шығыстарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электрлік плитасы, электрлік су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығыстардан асырмай жүргізіледі.
      18. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне сәйкес жүргізіледі.
      19. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу тәртібі

      20. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      21. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен қызметті алушының өтініші бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы, қызметті алушының, қызметтерді көрсетушілердің, кондоминиум объектілерін басқару органдарының банктік шоттарына есептелінген сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.
      Шоттарға ақшалай сомаларды аудару уәкілетті органмен ай сайын жүргізіледі.

  Мәслихаттың
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 263 шешіміне қосымша

Аудандық мәслихаттың күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізімі

      1. Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-18-125 тіркелген, 2010 жылғы 18 қарашада "Шамшырақ-Маяк" газетінде жарияланған).
      2. Мәслихаттың 2012 жылғы 25 сәуірдегі № 30 "Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-18-170 тіркелген, 2012 жылғы 31 мамырда "Маяк" газетінде жарияланған).
      3. Мәслихаттың 2012 жылғы 29 тамыздағы № 56 "Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3834 тіркелді, 2012 жылғы 27 қыркүйекте "Маяк" газетінде жарияланған).
      4. Мәслихаттың 2012 жылғы 23 қарашадағы № 76 "Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешіміне толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3937 тіркелді, 2012 жылғы 27 желтоқсанда "Маяк" газетінде жарияланған).
      5. Мәслихаттың 2014 жылғы 18 ақпандағы № 174 "Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4482 тіркелген, 2014 жылғы 27 наурызда "Маяк" газетінде жарияланған).
      6. Мәслихаттың 2014 жылғы 30 қазандағы № 234 "Мәслихаттың 2010 жылғы 7 қазандағы № 312 "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5163 тіркелді, 2014 жылғы 27 қарашада "Маяк" газетінде жарияланған).