"Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 858 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 31 наурызда № 4931 болып тіркелді

Қолданыстағы
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қ.Б. Жайсанбаевқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "27" ақпандағы № 858
қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Аппарат) Қызылорда облысы әкімінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.
      3. Аппараттың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Аппаратқа қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      4. Аппарат өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      5. Аппарат мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      6. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      7. Аппарат егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      8. Аппарат өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      9. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      10. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 120000, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      11. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі.
      12. Осы Ереже Аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.
      13. Аппараттың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      14. Аппаратқа кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Аппараттың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Аппаратқа заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Аппараттың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      15. Аппараттың миссиясы: облыс әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету.
      16. Негізгі міндеттері:
      1) облыс әкімінің қызметін ақпараттық-талдау қамтамасыз ету;
      2) облыс әкімінің қызметін ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету;
      3) облыс әкімінің қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету.
      17. Функциялары:
      1) облыс әкімінің Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен, орталық атқарушы органдарымен, облыстық мәслихатпен, облыстың мемлекеттік органдарымен, саяси партиялармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен өзара әрекет етуін қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің және Премьер-Министрінің қатысуымен іс-шараларды ұйымдастыру;
      3) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау;
      4) облысты басқару схемасын әзірлеу;
      5) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруды жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      6) облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      7) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерінің және әкімдерінің, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдері аппараттарының, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, олардың жұмысын жетілдіру;
      8) облыс әкімінің бұқаралық ақпарат құралдарымен іс-қимыл жұмыстарын ұйымдастыру;
      9) Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру;
      10) гендерлік саясатты жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      11) құқық қорғау органдарының облыс аумағында ведомствоаралық мәселелер бойынша, оның ішінде қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстылықпен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және терроризмнің алдын алу бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастыру және үйлестіру;
      12) облыс әкімінің қатысуымен іс-шараларды, облыс әкімдігінің мәжілістерін ұйымдастыру;
      13) заңнамалық және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі тапсырмаларының, облыс әкімдігі қаулыларының, облыс әкімі шешімдерінің, өкімдерінің және тапсырмаларының орындалуына бақылауды жүргізу;
      14) облыс әкімімен халыққа есеп беру кездесулерін өткізуді ұйымдастыру және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдерімен халыққа есеп беру кездесулерін өткізуді үйлестіру;
      15) кадрлық саясатты ұйымдастыру, облыс әкімімен тағайындалатын лауазымды тұлғаларды, әкім аппаратының қызметкерлерін тағайындауды, тәртіптік жауапкершілікке тартуды, жұмыстан босатуды, олардың біліктілігін жетілдіруді ұйымдастыру;
      16) мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсыну жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      17) сайлауға дайындықты ұйымдастыру;
      18) облыс әкімінің қызметін талдамалы-құқықтық қамтамасыз ету;
      19) облыс әкімдігі қаулылары, облыс әкімі шешімдері мен өкімдері жобаларының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігіне сараптама жүргізу;
      20) облыс әкімінің және әкімдігінің заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілеріне құқықтық мониторинг жүргізу, сондай-ақ, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерінің норма шығармашылық қызметін үйлестіру;
      21) алқа билерге үміткерлердің тізімдерін құрастыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;
      22) қызметтік құжаттарды, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды қамтамасыз ету, жоғарғы тұрған және төменгі тұрған мемлекеттік органдармен және облыстық ұйымдармен құжат айналымын ұйымдастыру;
      23) облыс әкімінің қызметін ақпараттық қамтамасыз ету;
      24) "электрондық үкімет" пен "электрондық әкімдікті" дамыту жұмыстарын ұйымдастыру;
      25) жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымы жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастыру;
      26) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерінің интернет-ресурстарының қызмет етуін үйлестіру;
      27) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктерінің электрондық мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметін үйлестіру;
      28) жергілікті мемлекеттік басқарудың мемлекеттік органдарымен мемлекеттік қызметтің ұсынылуына талдауды жүзеге асыру;
      29) Қызылорда облысы әкімдігінің Ситуациялық орталығын ақпараттық және талдамалық қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру;
      30) облыстың халықаралық ынтымақтастығын ұйымдастыру;
      31) мемлекеттік құпияларды қорғаудың мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыру;
      32) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
      33) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсету, облыс аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар (жаттығулар) өткізуге қатысу;
      34) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      35) облыс аумағында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;
      36) облыс аумағында шақырылуға тиісті азаматтарды дер кезінде хабардар етуді және жеткізуді, жиналу орындарына немесе әскери бөлімдерге техника беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, жұмылдыру және соғыс жағдайы кезеңінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша оның басқаруындағы облыстың коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына беру;
      37) облыс аумағында жұмылдыру жоспарларын әзірлеу және бекіту, жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      38) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мақсатында жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге ұйымдармен шарттар (келісімшарттар) жасасу;
      39) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      40) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      41) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;
      42) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздеу;
      43) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      18. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Аппарат өзіне жүктелген міндеттерді және өзінің функцияларын жүзеге асыру барысында заңнамада бекітілген тәртіппен:
      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы;
      2) Аппарат:
      заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
      қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      жеке және заңды тұлғалардың Аппаратқа жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;
      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Аппараттың қызметін ұйымдастыру

      19. Аппаратқа басшылықты Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      20. Аппараттың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      21. Аппараттың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      22. Аппараттың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкіміне есеп береді;
      2) өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Аппаратты бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Аппарат қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Аппарат қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Аппарат атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      11) Аппараттың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      13) Аппараттың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Аппараттың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      23. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      24. Аппараттың жұмыс режимі:
      1) Аппарат дүйсенбі және жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Аппараттың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Аппарат сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      25. Аппарат пен облыс әкімдігі арасындағы, Аппараттың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Аппараттың мүлкі

      26. Аппараттың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Аппараттың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      27. Аппаратқа бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
      28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Аппарат өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Аппарат таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.