Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/58 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 наурызда № 10438 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегі Орман кодексiнің 13-бабы 1-тармағының 18-39) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрі
      _____________ Қ. Қасымов
      2015 жылғы 13 ақпан

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы 
№ 18-02/58 бұйрығымен   
бекітілген         

Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар

      1. Орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар жыл сайын өртке қарсы іс-шаралар жоспарларын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлейді және оны іске асырады.
      Жоспар:
      1) өртке қарсы алдын алу іс-шараларын;
      2) орман өрттерін сөндіру іс-шараларын қамтиды.
      2. Өртке қарсы алдын алу іс-шараларында шекарасында орман пайдалануға берілген орман қоры учаскесі (учаскелері) орналасқан мемлекеттік орман иеленушінің орман орналастыру материалдарына және ормандарды өртке қарсы жайластыру жоспарларына негізделген жұмыстардың нақты көлемдері мен оларды өткізу орындары көзделеді. Жоспарланатын іс-шаралар іс-әрекеттің дәйектілігін, бұдан бұрын орындалған жұмыстардың жалғастырылуын көздейді және орман иеленушілер мен орман пайдаланушылардың орман қорының көршілес учаскелерде атқарып жатқан жұмыстарымен байланыстырылады.
      Өртке қарсы алдын алу іс-шараларына сондай-ақ бұрыннан бар өртке қарсы жыралар мен жолақтарға күтім жасау, өрт қадағалау мұнаралары мен өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техниканы, жолдарды жөндеу, уақытша өрт күзетшілерін жалдау жөніндегі жұмыстар енгізіледі.
      Ө ртке қарсы алдын алу іс-шаралары бойынша барлық жұмыстар үшін күнтізбелік орындау мерзімдері және орындауға жауапты тұлғалар, сондай-ақ осы жұмыстардың көлемі көрсетіледі.
      3. Орман өрттерін сөндіру іс-шаралары өрттерді өз күштерімен де, бұл өрттерді қандай да бір себептермен өз күштерімен және құралдарымен құрықтау мүмкін емес жағдайларда өрттерді сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды көздейді. Соңғы жағдайда мемлекеттік орман иеленушімен келісе отырып орман өртін сөндіруге жіберілетін күштер мен техникалық құралдар, сондай-ақ орман қорының тиісті учаскесінде орналасқан аудандағы елді мекендерде орналасқан өзге де ұйымдардың күштері мен техникалық құралдары айқындалады. Орман өрттерін сөндіру іс-шаралары орман өрттерін сөндіру үшін ерікті қоғамдық құрамалар (командалар) құру, орман өрттерін сөндірумен айналысып жатқан адамдарды тамақтандыру мен медициналық көмекті, байланысты ұйымдастыру, сондай-ақ орман пайдаланушының есебінен өрт қауіпі бар маусымға жанар-жағар май материалдарының қорын жасау көзделеді.
      4. Орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылардың жоспары ағымдағы жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей келісімдеу үшін мемлекеттік орман иеленушілерге беріледі. Орман кодексiнің 38-бабы 6) тармақшасына сәйкес орман пайдаланушының жоспары мемлекеттік орман иеленушімен келісіледі және оны орман пайдаланушының өзі бекітеді.