Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы № 24 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 ақпанда № 10284 тіркелді

Қолданыстағы

      «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 276-4-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаларды ұсыну қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                              Б.Сұлтанов

Қазақстан Республикасы  
Қаржы министрінің    
2015 жылғы 15 қаңтардағы 
№ 24 бұйрығымен бекітілген

Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаларды ұсыну
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаларды ұсыну қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 276-4-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаларды ұсыну тәртібін мынадай жағдайларда:
      әкелінген тауарлардың өзіндік қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін тауарларды Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелу кезінде;
      әкетілген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкету кезінде реттейді.
      2. Осы Қағидалардың ережелері тауарларды уақытша әкелу (әкету) кезінде:
      жылжымалы мүлік пен көлік құралдарын мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары бойынша;
      бір заңды тұлға шегінде оларды беруге байланысты қолданылады.
      3. Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарлама (бұдан әрі - хабарлама) осы Қағиданың 1-тармағында көрсетілген тауарлар туралы мәліметтерді көрсетуге арналған.

2. Хабарламаларды ұсыну тәртібі және мерзімдері

      4. Хабарлама электрондық түрде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
      5. Хабарлама оның негізінде тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асырылған әрбір шарт (келісімшарт) және тауарлардың сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (КО СЭҚ ТН) коды бойынша салық төлеуші орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша мемлекеттік кірістер органына тапсырады.
      6. Хабарлама:
      уақытша әкелінген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінген күннен бастап;
      уақытша әкетілген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына әкетілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде ұсынылады.
      Бұл ретте хабарлама тауарларды әкелудің (әкетудің) әр күніне беріледі.
      7. Хабарламаны ұсыну кезінде мынадай деректер көрсетіледі:
      1-жолда ЖСН (БСН) - салық төлеушінің жеке сәйкестендіру (бизнес сәйкестендіру) нөмірі көрсетіледі;
      2-жолда тауарларды әкелуді (әкетуді) жүзеге асырған тұлғаның атауы немесе Т.А.Ә. (әкесінің аты болған кезде) көрсетіледі. Жол міндетті түрде толтырылуы тиіс.
      Заңды тұлға үшін атауы құрылтай құжаттарына сәйкес, жеке тұлға үшін жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), дара кәсіпкер үшін атауы дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке сәйкес көрсетіледі.
      3-жолда «Тауарлардың орын ауыстыруы»:
      3 I ұяшық Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды уақытша әкелу кезінде белгіленеді;
      3 II ұяшық Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына тауарларды уақытша әкету кезінде белгіленеді;
      4-жолда оның аумағына (аумағынан) Қазақстан Республикасының аумағынан (аумағына) тауарларды әкелу (әкету) жүргізілген Кеден одағына мүше мемлекет коды көрсетіледі;
      5-жолда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес валюта коды міндетті түрде көрсетіледі;
      осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес хабарлама қайтадан берілген жағдайда 6-жолда бұрын берілген хабарламаның тіркеу нөмірі көрсетіледі.
      7-жолда әкелінген (әкетілген) тауарлардың толық атауы көрсетіледі;
      8-жолда тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асыру негізіндегі шартқа (келісімшартқа) сәйкес уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлардың орналасқан жері көрсетіледі;
      9-жолда тауарлардың сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (КО СЭҚ ТН) (10 белгі) бойынша коды көрсетіледі;
      10-жолда оның негізінде тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асырылған шарт (келісімшарт) туралы мәліметтер (атауы, құжаттың нөмірі және күні) көрсетіледі;
      11-жолда оның негізінде тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асырылған шартқа (келісімшартқа) сәйкес тауарларды уақытша әкелудің (әкетудің) мақсаты мен мән-жайлары көрсетіледі;
      12-жолда оның негізінде тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асырылған шартқа (келісімшартқа) сәйкес уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлардың саны және/немесе тауарлардың ілеспе құжаттары, сондай-ақ өлшем бірлігі көрсетіледі;
      13-жолда оның негізінде тауарларды уақытша әкелу (әкету) жүзеге асырылған шарт (келісімшарт) негізінде айқындалатын уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлардың құны көрсетіледі;
      14-жолда тауарларды уақытша әкелу (әкету) мерзімі, яғни болжамдалған әкелу (әкету) күні көрсетіледі;
      «Салық төлеушінің (басшының) Т.А.Ә.» деген жолда құрылтай құжаттарына сәйкес басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетіледі. Егер хабарламаны жеке тұлға табыс ететін болса, жеке басын куәландыратын құжатқа сәйкес салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), дара кәсіпкер үшін - дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке сәйкес атауы көрсетіледі;
      хабарламаны табыс ету күні деген жолда хабарламаны мемлекеттік кірістер органына тапсыру күні көрсетіледі;
      мемлекет кірістер органының коды деген жолда салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша мемлекет кірістер органының коды көрсетіледі;
      «Құжаттың кіріс нөмірі» деген жолда хабарламаның тіркеу нөмірі көрсетіледі.
      8. Әкелінген (әкетілген) тауарлардың орналасқан орны туралы шарттың (келісімшарттың) ережелері өзгерген жағдайда, салық төлеуші алдыңғы тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламада көрсетілген мерзім өткенге дейін хабарламаны қайтадан тапсырады.
      Бұл жағдайда хабарламаны ұсыну кезінде тек қана мынадай деректер:
      ЖСН (БСН);
      тауарлар әкелуді (әкетуді) жүзеге асыратын тұлғаның атауы немесе Т.А.Ә. (әкесінің аты болған кезде);
      алдыңғы ұсынылған хабарламаның тіркеу нөмірі;
      әкелінген (әкетілген) тауарлардың орналасқан орны толтырылады.
      Егер хабарламада көрсетілген әкелінген (әкетілген) тауарлардың тұру мерзімі біткенге дейін тараптардың (контрагенттердің) өзара келісімімен уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлардың тұру мерзімі ұзартылған болса, салық төлеуші бұрын тапсырылған хабарламада көрсетілген мерзім өткенге дейін хабарламаны қайтадан тапсырады.
      Бұл жағдайда хабарламаны табыс ету кезінде тек қана мынадай деректер:
      ЖСН (БСН);
      тауарлар әкелуді (әкетуді) жүзеге асыратын тұлғаның атауы немесе Т.А.Ә. (әкесінің аты болған кезде);
      алдыңғы ұсынылған хабарламаның тіркеу нөмірі;
      оның негізінде әкелу (әкету) жүзеге асырылған шарт (келісімшарт), оның негізінде әкелу (әкету) жүзеге асырылған шарттың (келісімшарттың) нөмірі, оның негізінде әкелу (әкету) жүзеге асырылған шарттың (келісімшарттың) күні;
      әкелу (әкету) мерзімі: әкелу (әкету) күні, әкету (әкелу) күні толтырылады.

2015 жылғы 15 қаңтардағы
№ 24 бұйрығына     
Тауарларды әкелу (әкету)
туралы хабарламаға  
қосымша