"Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы" 2013 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментіне заңнамамен белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3.Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі
Министр | Б. Имашев |
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы № 89 бұйрығына қосымша |
Көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлері
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) құқықтық ақпарат беру;
2) құқықтық консультация беру;
3) "Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы" 2013 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.
2. Мыналар құқықтық ақпарат беру түрінде көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлері болып табылады:
1) заңмен берілген өкілеттіктер шегінде құқықтық ақпарат беруді жүзеге асыру;
2) құқықтық ақпарат беру механизмін белгілеу;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібі туралы халыққа ақпарат беру;
4) құқықтық ақпарат беру түрінде заң көмегін көрсететін субъектілердің әрекетіне (әрекетсіздігіне) негізделген шағымдардың болмауы;
5) құқықтық ақпарат беруді жүзеге асырудағы құзыреті;
6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау.
3. Мыналар құқықтық консультация беру түрінде көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлері болып табылады:
1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін объективті, жан-жақты және уақтылы қаралуын қамтамасыз ету;
2) өтініштерге қолданыстағы заңнамаға сілтеме жасай отырып, негізді және дәлелді жауап беру;
3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау;
4) консультациялардың өзектілігі;
5) "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Заңының 6-бабында белгіленген құқықтық консультация беру түріндегі құқықтық көмек көрсету мерзімдерін сақтау;
6) заң көмегін көрсететін субъектілердің әрекетіне (әрекетсіздігіне) негізделген шағымдардың болмауы.
4. Мыналар соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетілетін заң көмегі сапасының критерийлері болып табылады:
1) заңмен берілген өкілеттілік шегінде құқықтық көмек көрсету;
2) кәсіптік міндеттерді орындау кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының және Адвокаттардың кәсіптік этикасы кодексінің нормаларын сақтау;
3) адвокат құпиясын сақтау;
4) заң көмегіне өтініш жасаған адамның мүддесіне қайшы келетін істің барысында жеке мүддесі болған кезде, заң көмегін көрсету туралы тапсырмадан бас тарту;
5) заң көмегін көрсететін субъектілердің әрекетіне (әрекетсіздігіне) негізделген шағымдардың болмауы.