Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10368 тіркелді

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы:
      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;
      2) мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;
      3) ресми жарияланғаннан кейін бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің веб-сайтына орналастырсын.
      3. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант О.Б. Сапаровқа жүктелсін.
      4. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
      5. Бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енгізіледі.

      Қорғаныс министрі                          И. Тасмағамбетов

      "Келісілді"                        "Келісілді"
      Қазақстан Республикасының          Қазақстан Республикасы
      Бас прокуроры                      Мемлекеттік күзет қызметінің
      ___________ А.Дауылбаев            бастығы
      2015 жылғы 30 қаңтар               _______________ А.Күреңбеков
                                         2015 жылғы 29 қаңтар

      "Келісілді"                        "Келісілді"
      Қазақстан Республикасының          Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрі                Ұлттық қауіпсіздік
      ____________Қ. Қасымов             комитетінің төрағасы
      2015 жылғы 26 қаңтар               __________ Н. Әбіқаев
                                         2015 жылғы 28 қаңтар

Қазақстан Республикасы 
Қорғаныс министрінің  
2015 жылғы 21 қаңтардағы
№ 30 бұйрығымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері
мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери
техниканы қабылдау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын (бұдан әрі – Қарулы Күштер) қаруландыруға бұрын жарақтандыруда тұрмаған қару-жарақ пен әскери техниканың (бұдан әрі – ҚӘТ) үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді), сондай-ақ ҚӘТ-ның жаңғыртылған үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. ҚӘТ үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) сатып алу кезінде жарақтандыруға қабылдау іс-шараларының жүйелілігі мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) ҚӘТ қажеттілігін және оларға тактикалық-техникалық талаптарды айқындау;
      2) ҚӘТ үлгілері нарығының мониторингі;
      3) ҚӘТ үлгілерін таңдау жөніндегі сараптамалық талдау;
      4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҚМ) сатып алу немесе әзірлеу (жаңғырту) үшін ҚӘТ үлгілерін таңдауға тәуелсіз сараптама жүргізу;
      5) ведомствоішілік кеңес органының үлгілерді таңдау жөніндегі ұсыныстарды қарауы;
      6) ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) сатып алу және (немесе) өтеусіз негізде алу;
      7) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану;
      8) Қарулы Күштерді таңдап алынған үлгімен жарақтандыру туралы шешім қабылдау.
      3. ҚӘТ үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) әзірлеу (жаңғырту) кезіндегі іс-шаралардың жүйелілігі мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) ҚӘТ-ны әзірлеуге (жаңғыртуға) қажеттілікті және оларға тактикалық-техникалық талаптарды айқындау;
      2) ҚӘТ-ның жаңа үлгісін (бұйымды, кешенді) әзірлеу немесе қолда барын жаңғырту жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына (бұдан әрі – ҒЗЖ) және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (бұдан әрі – ТКЖ) тактикалық-техникалық тапсырманы (бұдан әрі – ТТТ) қалыптастыру;
      3) ТТТ-ны ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау;
      4) ҚӘТ-ның әзірленудегі (жаңғыртылудағы) үлгісіне ҒЗЖ және ТКЖ жүргізу;
      5) ҚӘТ-ның тәжірибелік үлгісін (бұйымды, кешенді) сынау;
      6) ҚР ҚМ үшін ҚӘТ-ның тәжірибелік үлгілеріне (бұйымдарға, кешендерге) тәуелсіз сараптама жүргізу;
      7) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерінің қорытындысын ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау;
      8) ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу;
      9) ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерінің қорытындысын ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау;
      10) ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) сериялық өндіріске әзірлеу (жаңғырту) жөнінде шешім қабылдау.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Қажеттілікті және оларға тактикалық-техникалық
талаптарды айқындау

      4. ҚӘТ қажеттіліктері Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарына, сондай-ақ ҚӘТ-ны дамытудың әлемдік үрдістеріне сәйкес қалыптастырылған Қарулы Күштерді дамытудың перспективалық бағыттарына сүйене отырып айқындалады.
      5. ҚӘТ қажеттілігі және оларға тактикалық-техникалық талаптарды:
      1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі үшін – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы;
      2) Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін – Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басшылығы айқындайды.

3. ҚӘТ үлгілері нарығының мониторингі

      6. Жабдықталымдағы құрылымдық бөлімшелердің мамандары қойылатын талаптарға анағұрлым ұтымды сәйкес келетін ҚӘТ-ның сол немесе өзге де үлгісін айқындау мақсатында жүйелі зерттеулер жүргізеді:
      1) сериялық өндіріс;
      2) бір немесе одан да көп елде қаруландыруға қабылдау;
      3) Қазақстан Республикасына ұқсас климаттық жағдайларда пайдалану;
      4) әскери стандарттарға сәйкес келуі;
      5) Қарулы Күштерде жарақтандыруда тұрған ҚӘТ-мен бірегейлігі және үйлесімділігі;
      6) технологияларды беру;
      7) өндірісті жергіліктендіру.

4. ҚӘТ үлгілерін таңдау жөніндегі сараптамалық талдау

      7. ҚӘТ нарығын зерттеу қорытындылары бойынша жарақтандыруға қабылдауға жоспарланатын қару-жарақтың немесе әскери техниканың нақты қазіргі заманғы үлгілері айқындалады.
      8. Сараптамалық талдау мемлекеттік органның бірінші басшысының немесе бұйрықтар шығаруға уәкілеттілік берілген оның орынбасарының бұйрығымен бекітілетін сараптау комиссиясының (кемінде бес адам) құрамында жүргізіледі, оның жұмысының қорытындысы жарақтандыруға қабылдауға жоспарланатын ҚӘТ-ның (бұйымның, кешеннің) анағұрлым оңтайлы үлгісін айқындау болып табылады.
      Сараптау комиссиясына зерттелетін саладағы білікті мамандар енгізіледі.
      9. Сараптау жұмыстарының рәсімі мыналарды қамтиды:
      1) сараптамалық бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу үшін жауапты адамдарды тағайындау;
      2) сараптау комиссиясын құру;
      3) мақсат қою;
      4) бағаланатын бұйымның ұқсастарын таңдау;
      5) тұтынушының көзқарасы бойынша бұйымды анағұрлым толық сипаттайтын сапа көрсеткіштері номенклатурасын иерархиялық жіктеу;
      6) сарапшыларға сауал жүргізу үшін сауалнамаларды және түсіндірме жазбаларды дайындау;
      7) сарапшыларға сауал жүргізу;
      8) сараптау бағаларын өңдеу;
      9) бағалау нәтижелерін талдау;
      10) шешімдер қабылдау.
      10. Сараптау комиссиясы дауыс беру жолымен жарақтандыруға қабылдауға жоспарланатын ҚӘТ-ның оңтайлы үлгісін (бұйымды, кешенді) таңдау жөнінде шешім қабылдайды.

5. ҚР ҚМ сатып алу немесе әзірлеу (жаңғырту) үшін ҚӘТ
үлгілерін таңдауға тәуелсіз сараптама жүргізу тәртібі

      11. Тәуелсіз сараптама ҚР ҚМ үшін сатып алынатын немесе әзірленетін (жаңғыртылатын) сараптау объектісін талдамалы түрде бағалау мақсатында жүргізіледі.
      12. Тәуелсіз сараптаманың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1) таңдалған тәуелсіз сараптама объектісі тактикалық-техникалық сипаттамаларының оларға қойылатын тактикалық-техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау;
      2) тәуелсіз сараптама объектісін одан әрі дамыту (жаңғырту) жөнінде ұсынымдар дайындау.
      13. Тәуелсіз сараптама жүргізудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
      1) сарапшылардың (ұйымдардың) тәуелсіздігі мен біліктілігі;
      2) оны жүргізу кезінде сараптама объектілерінің жасырын болуы;
      3) бәсекелес өндірушілер қатарынан білікті сарапшыларды (ұйымдарды) тарту;
      4) сараптама объектілерін зерттеуге ғылыми көзқарас, жан-жақтылық және объективтілік;
      5) сараптама нәтижелерінің жариялылығы.
      14. ҚӘТ үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) таңдау жөніндегі тәуелсіз сараптаманың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.

6. Ведомствоішілік кеңес органының ҚӘТ үлгілерін таңдау
жөніндегі ұсыныстарды қарауы

      15. Ұсынылған ҚӘТ үлгісі (бұйым, кешен) тиісті құрылымдық бөлімшені қазіргі заманғы ҚӘТ-мен жарақтандыру және тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу жөнінде шешім қабылдау үшін ведомствоішілік кеңес органы отырысының қарауына шығарылады.
      16. Мамандар сараптау комиссиясының және тәуелсіз сараптаманың қорытындыларын салыстырмалы талдау негізінде (ҚР ҚМ үшін) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін ведомствоішілік кеңес органы ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) таңдау туралы шешім қабылдайды.

7. ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) сатып алу және (немесе)
өтеусіз негізде алу

      17. Тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін ҚӘТ-ның, сондай-ақ оқ-дәрілердің шектеулі партиясының, авиациялық зақымдау құралдарының үлгісін (бұйымды, кешенді) сатып алу және (немесе) өтеусіз негізде алу Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберінде жүзеге асырылады.
      Сатып алынатын (өтеусіз негізде алынатын) ҚӘТ үлгілерінің (бұйымдардың, кешендердің) саны олардың арналуы бойынша міндетті толық көлемде орындау қабілетімен және ҚӘТ үлгілерін таңдау үшін жеткіліктілігімен айқындалады.
      Сатып алынатын ҚӘТ үлгілерінің (бұйымдардың, кешендердің) саны туралы шешім қабылдауды экономикалық құрауышты ескере отырып, ҚӘТ-мен жарақтандыру жөніндегі ведомствоішілік кеңес органы жүзеге асырады.
      Кейіннен тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін ҚӘТ үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) сатып алу туралы шешім қабылдау үшін ҚӘТ-мен жарақтандыру жөніндегі ведомствоішілік кеңес органы қарау үшін материалдарды ұсынған кезде Қарулы Күштердің тиісті құрылымдық бөлімшесі міндетті түрде ҚӘТ-ның осындай үлгілерін (бұйымдарды, кешендерді) өтеусіз негізде алудың мүмкін еместігін негіздеумен қорытынды жасайды.
      Қорытындыны мемлекеттік орган басшысының ҚӘТ-мен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары келіседі.
      18. Сатып алынған немесе өтеусіз негізде алынған ҚӘТ-ның үлгісі (бұйымы, кешені) Қарулы Күштердің тиісті құрылымдық бөлімшесіне тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін жолданады, оның барысында техникалық құжаттамада мәлімделген объектінің сипаттамалары мен параметрлерінің сәйкес келуі, оның Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық жағдайларына және Қарулы Күштердің қару-жарағында тұрған жауынгерлік жүйелерге бейімделу мүмкіндігі, сондай-ақ осы үлгіні жарақтандыруға қабылдау мүмкіндігі туралы ұсыныстарды дайындау тексеріледі.
      19. Жеке құрамды сатып алынатын ҚӘТ-ның үлгісін (бұйымды, кешенді) авариясыз пайдалану қағидаларына оқытып-үйрету оны жеткізуге келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылады.

8. ҚӘТ-ні тәжірибелік әскери пайдалану

      20. Тәжірибелік әскери пайдалану – өндіруші мәлімдеген пайдалану және техникалық сипаттамаларға сәйкестігін айқындау мақсатында мамандардың ұдайы бақылауы кезінде әскери жағдайларда жүргізілетін ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) арнайы ұйымдастырылған пайдалану.
      ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) тәжірибелік әскери пайдалану қазіргі заманғы ҚӘТ-мен жарақтандыру жөніндегі ведомствоішілік кеңесші орган айқындайтын қажетті уақыт кезеңі ішінде (кемінде 10 күн) мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      21. Үлгіні (бұйымды, кешенді) тәжірибелік әскери пайдалану қорытындылары бойынша тәжірибелік әскери пайдалануды тікелей жүргізген комиссия тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу туралы тиісті акт (фотоны және бейнематериалдарды қоса бере отырып) жасайды.
      22. Тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелері ҚР ҚМ жанындағы Әскери-техникалық комиссияның қарауына шығарылады.

9. Қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін әзірлеуді
(жаңғыртуды) ұйымдастыру

      23. Мемлекеттің Қарулы Күштерінің бөлімшелерін қазіргі заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында ҚӘТ-ның үлгісін (бұйымды, кешенді) әзірлеу немесе жаңғырту туралы шешімді таңдау «тиімділік» немесе «тиімділік - құн» критерийіне негізделеді.
      24. ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) әзірлеу немесе жаңғырту үшін негіз ҒЗЖ және ТКЖ жүргізу болып табылады.
      ҒЗЖ мен ТКЖ-ны жүргізу орындаушының (өндірушінің) жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл ретте ТТТ тапсырыс берушімен келісіледі.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      25. ҒЗЖ-ны орындауға ТТТ-ны тапсырыс беруші (Қарулы Күштер құрылымдық бөлімшесінің тиісті басшысы) әзірлейді және бекітеді.
      ҒЗЖ мен ТКЖ-ны орындауға ТТТ берілген тактикалық-техникалық сипаттамаларымен ҚӘТ-ның (бұйымның, кешеннің) жаңа немесе жаңғыртылған үлгісінің кескінін жасау жөніндегі қажетті ҒЗЖ және эксперименттік жұмыстар кешенін орындауға тапсырыс берушінің бастапқы техникалық құжаты болып табылады.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      26. Әзірленген ТТТ-ны осы Қағидалардың 6-тарауының талаптарына сәйкес ведомствоішілік кеңесші орган қарайды.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      27. Аяқталған ҒЗЖ-ның (жаңа (жаңғыртылған) ҚӘТ үлгісінің кескінін жасаудың таңдалған тұжырымдамалық бағытын растау) оң нәтижесі ТКЖ-ны орындауды жоспарлау үшін база болып табылады.
      28. ТКЖ-ны жүргізудің іс жүзіндегі нәтижесі тәжірибелік үлгіні жасау болып табылады. Тәжірибелік үлгі оның тапсырыс берушінің ТТТ-сына сәйкес келуін сынаулармен жан-жақты бағалау үшін арналған.
      ТКЖ аяқталғаннан кейін ҚӘТ-ның тәжірибелік үлгісі (бұйым, кешен) орындаушының (өндірушінің) және тапсырыс берушінің қатысуымен ТТТ-ны растау бойынша сынауларды жүргізу үшін ұсынылады.
      ҚР ҚМ ҒЗЖ және ТКЖ жүргізу нәтижелерін осы Қағидалардың 5-тарауының талаптарына сәйкес жүргізілетін тәуелсіз сараптамаға жолдайды.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      28-1. ҚӘТ-ның тәжірибелік үлгісін (бұйымды, кешенді) сынау нәтижелерін және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын осы Қағидалардың 6-тарауының талаптарына сәйкес ведомствоішілік кеңесші орган қарайды.
      Ескерту. Қағида 28-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      29. Тапсырыс беруші ТТТ-сының барлық негізгі талаптарына сәйкес келетін тәжірибелік үлгі сериялық өндіріс үшін эталон ретінде қабылданады және тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін Қарулы Күштерге беріледі.
      30. Тәжірибелік әскери пайдалану осы Қағидалардың 8-бөлімінің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
      31. Тәжірибелік үлгілерді сынаулар бағдарламалары мен әдістемелерін әзірлеу тәртібі қолданыстағы стандарттармен регламенттелген.
      31-1. ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) сериялық өндіріске әзірлеу (жаңғырту) жөнінде шешім қабылдау осы Қағидалардың 10-тарауының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағида 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

10. ҚӘТ-мен жарақтандыру туралы шешім қабылдау

      32. Тәжірибелік әскери пайдаланудан табысты өткен ҚӘТ-ның сатып алынатын, әзірленген (жаңғыртылған) үлгісі (бұйым, кешен) ҚР ҚМ жанындағы Әскери-техникалық комиссияның (бұдан әрі – ӘТК) отырысына шығарылады.
      ҚР ҚМ жанындағы ӘТК-ның оң шешімі мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен ҚӘТ үлгісін (бұйымды, кешенді) қаруландыруға қабылдау үшін негіз болып табылады.
      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      33. Ведомствоішілік кеңесші органның және ҚР ҚМ жанындағы ӘТК-ның отырысында қаралғаннан кейін мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен осы Қағидаларды қолданусыз мынадай ҚӘТ үлгілері (бұйымдар, кешендер) жарақтандыруға қабылданады:
      1) шетелдік серіктестер, халықаралық ұйымдар және (немесе) мемлекеттер өтеусіз тұрақты пайдалануға берген;
      2) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер қаруландыруға қабылдаған;
      3) тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізумен:
      өндірісі Қазақстан Республикасында жергіліктендірілген;
      арнайы мақсаттағы бөлімшелер үшін арналған;
      бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қарулануына қабылданған.»;
      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      34. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын жарақтандыруда тұрған ҚӘТ үлгілері (бұйымдар, кешендер) осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен қаруландыруға қабылданады.
      Ескерту. Қағида 34-тармақпен толықтырылды - ҚР Қорғаныс министрінің 11.03.2016 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.