Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 29 сәуірдегі № 527 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 3 ақпанда № 12993 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" 1994 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 24-2-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiліп отырған Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидалары бекiтiлсiн (бұдан әрі – Қағидалар).

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 2-тарауын қоспағанда, оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму министрінің


міндетін атқарушы

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуроры

      _______________ А. Дауылбаев

      2015 жылғы "__" __________


      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _______________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 18 қыркүйек


      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік

      комитетінің төрағасы

      _______________ Н. Әбіқаев

      2015 жылғы 15 маусым


      Қазақстан Республикасы

      Мемлекеттік күзет

      қызметінің бастығы

      ______________ А. Күреңбеков

      2015 жылғы "__" қазан


      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрінің

      міндетін атқарушы

      _______________ М. Демеуов

      2015 жылғы 26 мамыр


      Қазақстан Республикасы

      Мемлекеттік қызмет істері

      және сыбайлас жемқорлыққа

      қарсы іс-қимыл

      агенттігінің төрағасы

      _______________ Қ. Қожамжаров

      2015 жылғы 29 қазан


      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасы

      "Сырбар" Сыртқы барлау

      қызметінің директоры

      _______________ Ғ. Байжанов

      2015 жылғы 30 қараша



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 29 сәуірдегі
№ 527 бұйрығымен
бекітілген

Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау
органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген
және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы
мәліметтерді беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) тасымалдаушы – ақыға немесе жалданып жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау жөнінде қызметтер көрсететін және осыған белгіленген тәртіппен берілген тиісті рұқсаты бар, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде көлік құралын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;

      2) уәкілетті мемлекеттік орган – көлiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасы көлiк кешенiнiң қызметiн үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3. Заңның 24-2-бабының 3-тармағына сәйкес, билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге тұлға мынадай деректерді:

      1) тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде);

      2) жол жүру құжаты (билеті) сатып алынатын жеке басын растайтын құжаттың түрін және нөмірін;

      3) жөнелту орны мен күнін, межеленген пунктін, жүру маршрутының түрін (ауысып мінбейтін, транзиттік);

      4) билеттер сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге де адам осы жолаушымен байланыса алатын байланыс деректерін (электрондық поштасының мекенжайын және (немесе) телефон нөмірін) жолаушының келісімімен жазуды қамтамасыз етеді.

2. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау
органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға әуе көлігіндегі
ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы
мәліметтерді беру тәртібі

      4. Әуе көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы ақпаратты жинау үшін Бірыңғай жолаушылар қозғалысының деректер қоры құрылады (бұдан әрі – БЖҚДҚ).

      5. БЖҚДҚ-да қамтылған ақпарат мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады.

      6. Әуе көлігіндегі ақпараттық ағындар үстінен ұлттық егемендікті қамтамасыз ету және әуе көлігінде қауіпсіздік жағдайларын жасау бойынша шараларды қабылдау мақсаттарында БЖҚДҚ енгізіледі, оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағында оларды енгізуге қажетті жабдықтарды орналастыра отырып, бастапқы қалыптастырылуы қамтамасыз етіледі.

      7. Негізінде БЖҚДҚ қалыптасатын және жұмыс істейтін қағидаттар мыналар болып табылады:

      1) дербес деректері бар ақпаратты автоматтандырылған өңдеу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау;

      2) ақпараттық өзара іс-әрекеттесу қатысушыларының қолда бар ақпараттық жүйелермен және қайта құрылған ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-әрекеттесудің технологиялық мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      3) БЖҚДҚ құрылымының технологиялық тәуелсіздігі және оның жүргізіліп жатқан ақпараттық өзара іс-әрекеттесу қатысушыларының әкімшілік, ұйымдастырушылық және басқа да өзгерген қызметінен жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      4) ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету;

      5) берілетін ақпараттың тұтастығын және ақиқаттығын қамтамасыз ету;

      6) алынған мәліметтердің бүтіндігін қамтамасыз ету, заңсыз пайдалану және таралуын қоспағанда, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының талаптарын сақтай отырып, алынған ақпараттың жайылып кету, ұрлау, жоғалту, бұрмалану, қолдан жасау, рұқсат етілмеген кіру, пайдалану мүмкіндігін болдырмау.

      8. БЖҚДҚ қалыптастыру және енгізу, сондай-ақ оның ішінде қамтылған деректерді беру ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелердің, ақпараттық технологиялардың және техникалық құралдардың қолдануымен қамтамасыз етіледі.

      9. БЖҚДҚ орталықтандырылған әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау бойынша дербес дерекқордың жиынтығы ретінде қалыптастырылады.

      10. Әуе көлігімен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылармен, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылармен, сондай-ақ әуежайлардың эксплуатанттарымен уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жазылған ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді автоматтандырылған жүйелер мен дерекқор арқылы нақты уақыт тәртібінде беру қамтамасыз етіледі.

      11. 3-тармақта көрсетілген ақпарат электронды түрде БЖҚДҚ жүйесіне көлік құралының шетел әуежайынан Қазақстан Республикасына дейін тікелей баратын, не Қазақстан Республикасынан шетел мемлекеттерге жүрудің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына транзитпен/трансфермен келесі ауысып отырып, 30 минуттан кем емес мерзімді сақтай отырып, берілуі керек.

3. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау
органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теміржол
көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған
билеттер туралы мәліметтерді беру тәртібі

      12. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теміржол көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру жолаушылар тасымалын автоматтандырылған басқару жүйесі (бұдан әрі – "Экспресс" АБЖ) дерекқорынан ақпаратты жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      13. Теміржол көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттердің ақпарат көзі "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 4-1-тармағына сәйкес Ұлттық теміржол компаниясы оған қол жеткізуді уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша ұйымдастыратын "Экспресс" АБЖ болып табылады.

      14. Теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын (қала маңы қатынасынан және билет кассаларымен жабдықталмаған жерлерде жолаушыларды отырғызу жағдайларынан басқа) тасымалдаушылар, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар, Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жазылған ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді "Экспресс" АБЖ-дан уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға жіберуді қамтамасыз етеді. Мәліметтер мәтіндік форматта шығарылған деректер түрінде ұсынылады.

      15. Мәліметтер "Экспресс" АБЖ-ға енгізілген жолаушылар поездарының барлық ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер бойынша ұсынылады.

      16. Жіберу тәулігіне 4-рет жүзеге асырылады. Деректерді жіберу уақыты:

      1) 5:00-ден 6:00-ге дейін (бірінші түсірілу 22:01-ден 5:00 аралығы бойынша);

      2) 10:00-ден 11:00-ге дейін (екінші түсірілу 5:01-ден 10:00 аралығы бойынша);

      3) 16:00-ден 17:00-ге дейін (үшінші түсірілу 10:01-ден 16:00 аралығы бойынша);

      4) 22:00-ден 23:00-ге дейін (төртінші түсірілу 16:01-ден 22:00 аралығы бойынша).

4. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау
органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігіндегі
ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы
мәліметтерді беру тәртібі

      17. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді беру Қазақстан Республикасының аумағына келетін (оның аумағынан кететін) немесе Қазақстан Республикасының аумағында ауысып мініп транзитпен жүретін жолаушыларды теңіз көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылармен, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылармен қамтамасыз етіледі.

      18. Теңіз вокзалдарының билет кассаларында немесе жеткізілгені үшін төлеумен жолаушының талап еткен жеріне жеткiзумен жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге тұлға Қағидалардың 3-тармағына сәйкес мәліметтерді жазуды қамтамасыз етеді.

      19. Уәкілетті мемлекеттік органға және (немесе) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға теңіз көлігіндегі ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтер теңіз жолаушылар көліктерінің келу және кету кестесіне байланысты мерзімді тәулігіне 4-ретке дейін жіберіледі.

5. Соңғы ережелер

      20. Құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға беруге арналған ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы барлық мәліметтер құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың ақпараттық алмасу жүйесі арқылы жіберіледі.

      21. Ресімделген және (немесе) броньға қойылған билеттер туралы мәліметтерді қабылдау-жіберу процесінде барлық уақыт параметрлерін белгілеу Астана қаласының уақыты бойынша жүргізіледі.

      22. Ақпараттық алмасу барысында проблемалық жағдайлар туындаған жағдайда, ақпараттық алмасуға қатысушылар оларды жою шараларын қабылдайды.