Кәсіптік стандарттарды әзірлеу, енгізу, ауыстыру және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1035 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12739 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кәсіптік стандарттарды әзірлеу, енгізу, ауыстыру және қайта қарау қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі                           Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрінің       
2015 жылғы 28 желтоқсандағы 
№ 1035 бұйрығымен бекітілген

Кәсіптік стандарттарды әзірлеу, енгізу, ауыстыру және қайта
қарау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Кәсіптік стандарттарды әзірлеу, енгізу, ауыстыру және қайта қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және жұмыс берушілер бірлестіктерінің (бұдан әрі – әзірлеуші) кәсіптік стандарттарды әзірлеу, ауыстыру және қайта қарау және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бекіту тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылған:
      1) әзірлеуші – жұмыс берушілердің бірлестігі;
      2) білім – оқу және жеке тәжірибесі арқылы ақпаратты меңгеру нәтижесі, оқу немесе жұмыс саласына қатысты фактілер, қағидаттар, теория және практиканың жиынтығы; біліктіліктің міндетті түрде бағалануға тиіс бөлігі;
      3) біліктілік – нақты еңбек функцияларын сапалы орындауға жұмыскер дайындығының, оның білімдері, машықтары және дағдыларының дәрежесі;
      4) біліктілік деңгейі – еңбек іс-қимылдарының күрделілігі, стандартты еместігі, жауапкершілігі және дербестілігі өлшемдеріне қарай сараланатын жұмыскердің даярлық деңгейіне және құзыретіне қойылатын талаптар жиынтығы. Біліктілік деңгейі ұлттық және салалық біліктілік шеңберлері дескрипторларының деңгейіне және мазмұнына сәйкес келеді;
      5) білім беру ұйымдары – техникалық және кәсіптік, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары, сонымен қатар жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының білім беру ұйымдары;
      6) дағдылар – оқу немесе белгілі бір зерттеулер, жұмыстар жүргізу арқылы дамитын сапа және жұмыс орнында да, күнделікті өмірде де белгілі бір ақыл-ой немесе дене әрекеттерін жасау қабілетін сипаттайды;
      7) еңбек жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі;
       8) еңбек функциясы – бір немесе бірнеше еңбек процесі міндеттерін шешуге бағытталған өзара байланысты іс-қимылдар жиынтығы;
      9) кәсіп – арнайы даярлық нәтижесінде игерілетін және білім туралы тиісті құжаттармен расталатын белгілі бір білімді, машықтарды және тәжірибелік дағдыларды талап ететін адам еңбек қызметі кәсіптерінің негізгі түрі;
      10) кәсіптік кіші топ – еңбек функцияларының тұтас жиынтығынан және оларды орындауға қажетті құзыреттерден қалыптасқан кәсіптер жиынтығы;
      11) кәсіптік стандарт – кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және құзыретке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
      12) кәсіптік стандарттар тізілімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізетін кәсіптік стандарттар туралы деректердің бірыңғай ақпараттық базасы;
      13) кәсіптік топ – ортақ интеграциялық негізі (ұқсас немесе бір-біріне жақын міндет, объектілер, технологиялар, оның ішінде еңбек құралдары) бар және еңбек функциялары мен оларды орындауға қажетті құзыреттердің ұқсас жиынтығын көздейтін кәсіптік кіші топтардың жиынтығы;
      14) құзырет – жұмыскердің кәсіби және еңбек қызметінде білімін, машығын және тәжірибесін қолдану қабілеті;
      15) машықтар – қызметті жүзеге асыру және міндеттерді шешу мақсатында білімдерді қолдану және құзыреттілік таныту қабілеті (қисындық, түйсіктік, шығармашылық және практикалық ойлау қабілеттерін қолдану);
      16) пайдаланушы – мемлекеттік органдар, ұйымдар (кәсіпорындар), жеке тұлғалар;
      17) салалық біліктілік шеңбері – салада танылатын біліктілік деңгейлерінің құрылымдық сипаттамасы;
      18) салалық кеңес – тиісті қызмет саласындағы мемлекеттік органның біліктілік жүйесін қалыптастыру жөніндегі кеңес, мемлекеттік орган жанындағы салалық біліктілік шеңбері мен кәсіптік стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруші консультациялық-кеңесші орган болып табылады;
      19) сынақтан өткізу – жобаланатын жұмыс құрамының (түрлерінің), білім және арнайы даярлық деңгейінің нақты орындалатын жұмыс құрамына және біліктілік деңгейіне сәйкестігін практикада, нақты жағдайларда тексеру;
      20) тәжірибе – белгілі бір уақыт аралығы ішінде игеріле және тиімді пайдаланыла алатын саналы қызмет, білім және дағдылар;
      21) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
      3. Кәсіптік стандарт:
      жұмыскердің кәсіби қызметінің мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу, еңбек нарығының қазіргі заманғы сұраныстарына жауап беретін жұмыскердің біліктілігіне қойылатын талаптарды жаңарту;
      персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешу (персоналды уәждендіру және ынталандыру жүйесін, лауазымдық нұсқаулықтарды, персоналды іріктеу, таңдау және аттестаттау, мансапты жоспарлау жүйесін әзірлеу);
      барлық кәсіптік білім беру деңгейлерінің, ұйымдарда (кәсіпорындарда) персоналды оқытудың білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, сондай-ақ осы бағдарламаларға оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу;
      кәсіби даярлықты бағалауды және мамандардың біліктілігіне сәйкестігін растауды жүргізу үшін арналады.
      4. Кәсіптік стандарттарды:
      білім беру ұйымдарының бітірушілері, жұмыскерлері;
      ұйымдардың басшылары, ұйымдардың персоналды басқару бөлімшелерінің басшылары мен мамандары;
      мемлекеттік білім беру бағдарламаларын әзірлейтін мамандар;
      кәсіби даярлықты бағалау және мамандардың біліктілігіне сәйкестігін растау саласының мамандары пайдаланады.

2. Кәсіптік стандартты әзірлеу және бекіту тәртібі

      5. Кәсіптік стандартты әзірлеу кәсіптік стандарттың құрылымына сай осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Кәсіптік стандарт саланы, кәсіби қызмет салаларын және еңбек қызметі түрлерін талдау қорытындылары бойынша әзірлеуші айқындаған кәсіптік топ және кіші топқа әзірленеді.
      7. Әзірлеуші кәсіптік стандарт жобасын оған түсіндірме жазбаны қоса бере отырып тиісті қызмет (ұқсас жұмыс түрлері) саласындағы ұйымдарға (кәсіпорындарға) тиісті қорытындыны ұсыну үшін жолдайды. Түсіндірме жазба кәсіптік стандарттарды әзірлеуге техникалық тапсырмалардың, саланы, кәсіби қызмет салаларын, еңбек қызметінің түрлерін талдау нәтижелерінің, ұсынылған кәсіби қызмет салалары, еңбек қызметінің түрлері бойынша кәсіби біліктілік картасының, ескірген мамандықтарды алып тастау және жаңаларын енгізу негіздемесінің, әр әзірлеушінің дербес түйіндемесінің және тартылатын сарапшылар туралы ақпараттың сипаттамаларын қамтиды.
      Ұйымдар (кәсіпорындар) кәсіптік стандарт жобасы келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде оның кәсіби қызмет саласына және еңбек қызметінің түріне (кәсіптік топ және кіші топқа), жұмыстар құрамына, білім деңгейіне, арнайы даярлығына сәйкестігін тексеруді жүргізеді және әзірлеушіге тиісті қорытындыны (бұдан әрі – қорытынды) жолдайды.
      8. Кәсіптік стандарт жобасы әзірлеуші қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде негіздеуші материалдар (түсіндірме жазба, әзірлеуші - ұйым туралы мәліметтер, ұйымдардың (кәсіпорындардың) қорытындысы, салалық кеңестің хаттамасы) қоса беріле отырып қағаз және электрондық жеткізгіштерде уәкілетті ұйымға қарауға және бекітуге жолданады.
      9. Уәкілетті ұйымға бекітуге ұсынылатын кәсіптік стандарт жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделеді, әрбір парағы нөмірленеді және оған жұмыс берушілер бірлестігі басшысы не ұйым басшының жетекші орынбасары қол қояды.
      10. Уәкілетті ұйым:
      бекітуге ұсынылған кәсіптік стандарт жобасын ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде қарайды;
      ескертулер және (немесе) ұсыныстар болған кезде әзірлеушіге кәсіптік стандарт жобасын пысықтау қажеттігі туралы дәлелді қорытынды жолдайды;
      ескертулер және (немесе) ұсыныстар болмаған кезде кәсіптік стандартты бекітеді;
      бекітілген кәсіптік стандартты Кәсіптік стандарттар тізіліміне енгізеді және оған тіркеу нөмірін береді;
      пайдаланушыларды ақпараттандыру мақсатында бекітілген кәсіптік стандартты, сонымен қатар Кәсіптік стандарттар тізілімін ведомстволық интернет-ресурста орналастырады.
      11. Әзірлеуші кәсіптік стандарт бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде білім беру ұйымдарына қағаз және электрондық жеткізгіштерде кәсіптік стандарттың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данасын жолдайды.

3. Әзірлеушінің кәсіптік стандарттарды ауыстыру және қайта
қарау тәртібі

      12. Кәсіптік стандартты қайта қарауды әзірлеуші және уәкілетті ұйым кемінде үш жылда бір рет қамтамасыз етеді.
      13. Еңбек пен өндірісті ұйымдастырудың, өндіріс ерекшелігі мен құрылымының өзгеруі, жұмыскерлер еңбек функциялары мазмұнының, құзыреттіліктерінің, біліктілігінің өзгеруіне әкеп соққан жаңа техника, технологияларды және ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды енгізу кәсіптік стандартты міндетті қайта қарау және ауыстыру үшін негіз болып табылады.
      Кәсіптік стандартты қайта қарау және ауыстыру еңбек жағдайларына қате талаптар белгіленген кезде олардың анықталуына қарай жүргізіледі.
      Жобаланатын жұмыс құрамының (түрлерінің), маманның білім деңгейі мен арнайы даярлығының іс жүзінде орындалатын жұмыс құрамы мен біліктілік деңгейіне сәйкес келуін практикада, нақты жағдайларда тексеру мақсатында әзірленген кәсіптік стандарт жұмыс беруші енгізгеннен кейін бірінші жыл ішінде өндірістік жағдайларда сынақтан өткізіледі.
      14. Кәсіптік стандартты қайта қарау және ауыстыру бойынша жұмысты орындауға әзірлеуші құрылымдық бөлімшелердің басшыларын, экономикалық және кадрмен қамтамасыз ету бөлімдерінің өкілдерін, сондай-ақ басқа да мамандарды тартады.
      15. Кәсіптік стандартты қайта қарау және ауыстыру бойынша жұмыстар аяқталғанда әзірлеуші уәкілетті ұйымға осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес оны бекітуге өтінім ұсынады.

Кәсіптік стандарттарды әзірлеу,
енгізу, ауыстыру және қайта қарау
қағидаларына қосымша     

Кәсіптік стандарт құрылымы

      1. «Жалпы ережелер»
      2. «Кәсіптік стандарт паспорты»
      3. «Кәсіптер карточкалары»

      Ескертпе:
      1-тарау. «Жалпы ережелер» кәсіптік стандарттың қолданылу аясын, сондай-ақ терминдер және анықтамаларды, қолданылатын қысқартуларды сипаттайды.
      2-тарау. «Кәсіптік стандарт паспорты»:
      1) кәсіптік стандарт туралы жалпы кіріспе ақпаратты (атауын);
      2) кәсіптік стандартты әзірлеудің мақсатын;
      3) кәсіптік топтың/кіші топтың, кәсіптік стандарт шеңберінде орындалатын жұмыстардың жалпы сипаттамасын қамтитын кәсіптік стандарттың қысқаша сипаттамасын айқындайды.
      3-тарау. «Кәсіптер карточкалары» әрбір кәсіп бойынша кәсіптік кіші топтың шеңберінде кәсіптер карточкаларының жүйелі түрдегі сипаттамасын қамтиды, онда:
      1) Кәсіптер жіктеуішіне сәйкес коды;
      2) Кәсіптер жіктеуішіне сәйкес кәсіптің атауы;
      3) ұлттық (салалық) біліктілік шеңбері бойынша біліктілік деңгейі;
      4) Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары бойынша кәсіп үшін біліктілік деңгейі;
      5) кәсіптік білім деңгейі;
      6) еңбек функциялары;
      7) машықтары мен дағдылары;
      8) білімі;
      9) жеке құзыреттіліктерге қойылатын талаптар;
      10) техникалық реттеу объектілерін пайдалану және қолдану (өнімді, ғимараттарды, құрылыстарды, өндіріс процестерін, тасымалдау, сақтау, пайдалану және кәдеге жарату) жөніндегі мамандардың құзыреттеріне және біліктіліктеріне қойылатын талаптар белгіленген техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың тізімдері;
      11) жұмыскерлер өздерінің кәсіби дамуында кәсіби біліктілік картасына сәйкес игеретін кәсіптерді қамтитын салалық біліктілік шеңберінің шегінде басқа кәсіптермен байланысы көрсетіледі. Кәсіби біліктілік картасы кәсіп атауын, ұлттық және салалық біліктілік шеңберіне сәйкес біліктілік деңгейлерінің басымдықтар бойынша қойылуын (кәсіби және еңбек қызметі түрлері мен біліктілік дейгейлері бойынша кәсіби дамуды көрсететін кәсіптер арасындағы байланыстар) қамтиды.
      4. Кәсіптік стандарт кәсіби қызметтің нақты саласындағы біліктілік және құзыреттілік деңгейіне, еңбек мазмұны, сапасы мен жағдайларына қойылатын талаптардың ерекшеліктерін ашу үшін орынды болғанда басқа да тараулармен және/немесе қосымшалармен толықтырылуы мүмкін
      Кәсіптік стандарт тараулармен және (немесе) қосымшалармен толықтырылған жағдайда, әрбір ұсынылатын тарау және (немесе) қосымша тиісті белгіге («тарау», «қосымша»), сондай-ақ атауға ие болуға тиіс.