Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12665 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабы 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовқа жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтiк даму министрiнiң
2015 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1019 бұйрығымен
бекітілген

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау
мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және
бiлiмдерiн тексеру қағидалары мен мерзімдері
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және бiлiмдерiн тексеру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексiнiң (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 30) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және бiлiмдерiн тексерудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай анықтамалар мен ұғымдар пайдаланылады:

      1) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      2) еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі процесінде қызметкерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген қызметкерлердің қорғалу жай-күйі;

      3) жауапты қызметкерлер – өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдар;

      4) қауіпсіздік нормалары – қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, санитариялық-гигиеналық, биологиялық және өзге де нормаларды, қағидаларды, рәсімдер мен критерийлерді қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндірістік және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;

      5) оқу орталығы – басшы және жауапты қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша заңнама шеңберінде теориялық оқытуды жүргізетін ұйым;

      6) рұқсат беру наряды – белгілеген нысандағы арнайы бланкіде ресімделген және жұмыс мазмұнын, орнын, оның басталу және аяқталу уақытын, оны қауіпсіз орындау шарттарын, қажетті қауіпсіздік шараларын (оның ішінде радиациялық, өрт қауіпсіздігі және газдалған жұмыс орындарында), бригада құрамы мен жауапты қызметкерлерді айқындайтын, жұмысты қауіпсіз жүргізуге арналған тапсырма.

      3. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытуды, оларға нұсқама берудi және бiлiмдерiн тексерудi жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен жүргiзедi.

      4. Жұмысқа қабылданған адамдар міндетті тәртіппен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша жұмыс берушi ұйымдастыратын оқытудан өтедi, кейiннен мiндеттi түрде оның бiлiмiн тексеру жүргiзiледi. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытудан, оларға нұсқама беруден және бiлiмдерiн тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.

      5. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жұмысқа қабылданған жауапты қызметкерлер еңбек шартына қол қойған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмiн тексеруден өтеді.

      6. Ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерінiң тiзiмiн, оқыту жүргiзiлiп жатқан жұмыстар мен кәсіптер тiзбесiн, сондай-ақ оқытудың тәртiбiн, нысанын жұмыс берушi кәсіптің сипатына, жұмыстардың түрiне, өндiрiстiң ерекшелiгi мен еңбек қауiпсiздiгi жағдайына қарай, қызметкерлер өкiлдерiмен (олар болған кезде) келiсе отырып белгiлейдi.

2. Ұйымдарда қызметкерлердi кәсібі бойынша еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау саласында оқыту және бiлiмдерiн
тексеру тәртiбi

      7. Қызметкерлердi жұмысшы кәсіптер бойынша оқыту және бiлiмдерiн тексеру жылына кемінде 1 рет жүзеге асырылады.

      Қызметкерлердi жұмысшы кәсіптер бойынша оқыту еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексерумен (емтиханмен) аяқталады.

      8. Өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кәсіптер бойынша оқытуды (сабақтар, дәрiстер, семинарлар) жұмыс берушi тиiстi салалардағы жоғары бiлiктi мамандарды, тәжiрибелi инженерлік-техникалық қызметкерлердi және ұйымның өзiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметтерiн тарта отырып жүргiзедi.

      9. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқу бағдарламалары осы ұйымның ерекшелiгiн ескере отырып, теориялық және өндiрiстiк оқытуды көздейді және оны жұмыс берушi бекiтеді.

      10. Еңбектiң қауiпсiз әдiстерi мен тәсiлдерiне өндiрiстiк оқыту ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауға жауапты қызметкерлерінің басшылығымен оқу сыныптарында, шеберханаларда, учаскелерде, цехтарда жүргiзiледi.

      11. Еңбек қауiпсiздiгiнiң заңнамада белгiленген арнайы талаптары қойылатын жұмыстармен байланысты жекелеген өндiрiстерде қызметкерлер қосымша арнайы оқудан өтеді.

      12. Жұмыстардың, лауазымның, кәсіптің осы түрi бойынша жұмыста үш немесе одан да көп, ал қауiптiлiгi аса жоғары жұмыста – бір жылдан артық уақыт үзiлiсi бар қызметкерлер өздiк жұмыс басталғанға дейiн еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқудан өтеді.

      13. Саны үш адамнан кем болмайтын Емтихан комиссиясы жұмыс берушiнiң актісімен құрылады.

      14. Емтихан комиссиясы төрағадан және комиссия мүшелерiнен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқудан және білімдерін тексеруден өткені туралы сертификаты бар болған кезде тиiстi комиссиядан бiлiмiн тексеруден өткен бөлiмшелердiң басшылары, ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң мамандары, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлер, кәсiпорынның еңбектi қорғау жөнiндегi техникалық инспекторы кiредi.

      15. Емтихан комиссиясының жұмыс істеуі тұрақты негiзде жүзеге асырылады.

      16. Емтихан комиссиясының жұмыс тәртiбi жұмыс берушiнің актісінде белгіленеді.

      17. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмi тексерiлетiн қызметкерлерді оны өткiзуден күнтізбелік отыз күн бұрын жұмыс беруші ескертеді.

      18. Қызметкерлердiң бiлiмдерін тексеру нәтижелерi осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға төраға және емтихан комиссиясының мүшелері қол қояды.

      19. Бiлiмiн тексеруден табысты өткен қызметкерге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдер, қағидаларды, нормалар мен нұсқаулықтарды тексеру жөніндегі куәлiк берiледi.

      20. Қызметкер қанағаттанарлықсыз деген баға алған кезде, бiлiмiн қайта тексеру бiр айдан кешiктiрмей белгiленедi. Қызметкер қайта оқудан өтеді және бiлiмiн тексеруге дейiн қызметкер өздiк жұмысқа жiберiлмейдi.

3. Ұйымдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды
қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерiн еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау бойынша оқыту және бiлiмдер тексеру тәртiбi

      21. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге басшы және жауапты қызметкерлер (бұдан әрі – жауапты қызметкерлер), мерзім сайын, кемінде үш жылда бір рет кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімін тексеруден өтеді.

      Кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымның мыналарды:

      1) аудио-бейнетехникамен жабдықталған оқу сыныбын (меншікті немесе жалға алынған);

      2) тестілеу үшін компьютерлерді;

      3) оқытудың әртүрлі тақырыптары бойынша көрнекі құралдарды;

      4) оқу-әдістемелік материалдарды (мерзімді басылымдар) қамтитын материалдық-техникалық базасы болуға тиіс.

      22. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге басшы және жауапты қызметкерлерге арналған еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі оқу бағдарламаларын оқу орталығы бекітеді, олар экономика салаларындағы ұйымның ерекшелiгiн ескере отырып, теориялық оқытуды көздейді және еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органмен келісіледі.

      23. Басшы және жауапты қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту (сабақтар, дәрiстер, семинарлар) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында тиісті біліктілігі, жұмыс тәжірибесі және еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау бойынша оқу және білімдерін тексеруден өткені туралы сертификаты бар мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдары мамандарын, бейінді оқу орындарының оқытушыларын, заңгерлер мен инженерлiк-техникалық қызметкерлердi және iрi өнеркәсiп ұйымдарының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметтерiнің мамандарын тарта отырып жүргiзiледi.

      24. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау мәселелерi бойынша басшы және жауапты қызметкерлердiң бiлiмдерiн тексерудi оқу орталығы актісімен құрылған, саны үш адамнан кем болмайтын емтихан комиссиясы оқу орталықтарында (сабақтар орнында) жүргiзедi.

      Емтихан комиссиясының жұмыс істеуі тұрақты негiзде жүзеге асырылады.

      25. Емтихан комиссиясы төрағадан – мемлекеттiк еңбек инспекторынан және комиссия мүшелерiнен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына оқу орталығының басшысы, мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарының мамандары (келiсiм бойынша), сондай-ақ Қағидалардың 22-тармағында аталған мамандардың ішінен тұлғалар кiредi.

      26. Басшы және жауапты қызметкерлердiң бiлiмдерiн тексеру үшiн емтихан комиссиясы тестiлеу жүргізеді.

      Емтихан тестілерін өндiрiстiк ерекшелiктердi, мамандарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын және оқу бағдарламаларын ескере отырып оқу орталығы әзiрлейдi.

      27. Емтихан комиссиясы тестілеу нәтижелері бойынша мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өттi;

      2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерi қайта тексерілуге тиіс.

      28. Қызметкерлердiң бiлiмдерін тексеру нәтижелерi осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға төраға және емтихан комиссиясының мүшелерi қол қояды.

      29. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өткен басшыға және жауапты қызметкерлерге осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш жыл мерзімге жарамды сертификат берiледi.

      30. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өтпеген басшы және жауапты қызметкерлер бiлiмдерiн қайта тексергенге дейiн өздерiнiң атқаратын лауазымдарында қалады.

      Бiлiмдерiн қайта тексеру алғашқы бiлiмдерiн тексеру өткен күнiнен бастап үш айдан кейін өткiзiледi.

      31. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн қайта тексеруден өтпеген басшы және жауапты қызметкер осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жұмыстан шеттетiледi.

      32. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн қосымша тексеруден басшы және жауапты қызметкерлер мынадай жағдайларда:

      1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiнде жаңа нормативтiк құқықтық актiлер қолданысқа енгiзiлген, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кезде;

      2) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша жаңа жабдықтар мен жаңа технологиялық процестер пайдалануға енгiзiлген кезде;

      3) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша жауапты адам басқа жұмысқа ауыстырылған немесе ол еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша қосымша бiлiмдi талап ететiн басқа лауазымға тағайындалған кезде;

      4) жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның шешiмi бойынша соңы адам өлiмiмен немесе ауыр (мүгедектiкпен) аяқталған топтық жазатайым оқиғалар орын алған кезде, сондай-ақ авария, жарылыс, өрт немесе улану кезiнде;

      5) жұмысында бiр жылдан астам уақыт үзiлiс болған кезде өтедi.

      33. Емтихан комиссиясының шешiмiне байланысты дауларды еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе сот қарайды.

      34. Ұйымдарда басшы және жауапты қызметкерлердiң оқудан және бiлiмiн тексеруден уақтылы өтуiн бақылауды жұмыс берушi жүзеге асырады.

      35. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқыту мен білімдерін тексеруді ұйымдастыруды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган үйлестіреді.

4. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру қағидалары

      36. Нұсқамалар сипаты мен жүргiзiлу уақытына қарай былай бөлiнедi:

      1) кiрiспе;

      2) жұмыс орнындағы алғашқы;

      3) қайталама;

      4) жоспардан тыс;

      5) мақсатты.

      37. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша кiрiспе нұсқама қызметкерлердің бiлiмiне, осы кәсіп немесе лауазым бойынша жұмыс өтіліне қарамастан жүргізіледі.

      Еңбек қауіпсіздігі мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша кіріспе және алғашқы нұсқама уақытша қызметкерлерге, iссапарға келгендерге, өндiрiстiк оқуға немесе тәжiрибеге келген оқушылар мен студенттерге жүргiзiледi.

      Сондай-ақ кiрiспе нұсқаманы өндірістік алаңдарға барған кезде келушілерге және ұйымның қауіпті өндірістік объектісі аумағында жұмыс жүргізіп жатқан мердігерлік ұйымның қызметкерлеріне жүргiзедi.

      38. Ұйымдағы (кәсiпорындағы) кiрiспе нұсқаманы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қызмет немесе осы мiндеттер ұйымның бұйрығымен жүктелген адам жүргiзедi.

      Кiрiспе нұсқаманы жүргізу туралы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Кіріспе нұсқаманы тіркеу журналына нұсқама беруші мен нұсқама алушының қолдарын міндетті түрде қойғыза отырып, жазылады.

      39. Кiрiспе нұсқаманы қауiпсiздiк нормаларының талаптарын, стандарттарды, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қағидалар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ өндірісте қауіпсіз жұмыс жүргізу бойынша жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметі әзiрлеген және жұмыс берушi бекiткен бағдарлама бойынша жүргiзедi.

      40. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқаманы қызметкерлердің өндiрiстiк қызметі басталғанға дейiн жауапты қызметкерлер жүргiзедi.

      41. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқаманы қауiпсiздiк нормаларының талаптарын, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қағидалар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ өндірісте қауіпсіз жұмыс жүргізу бойынша жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып, ұйымның өндiрiстiк және құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары әзiрлеген және бекiткен бағдарламалар бойынша жүргiзедi.

      42. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқама еңбектiң қауiпсiз тәсiлдерiн практика жүзiнде көрсете отырып, әрбiр қызметкерге жеке жүргiзiледi.

      43. Қызметкерлер жұмысқа тағылымдамадан өткеннен кейiн, теориялық бiлiмi мен жұмыстың қауiпсiз дағдыларын меңгергендігі тексерiлгеннен кейiн жiберiледi.

      44. Қайталама нұсқамадан қызметкерлер бiлiктiлiгi, бiлiмi, өтілі, орындайтын жұмысының сипатына қарамастан жартыжылдықта кемiнде бiр рет өтедi.

      45. Қайталама нұсқама бiртиптi жабдыққа қызмет көрсететiн қызметкерлерге жеке немесе топта және жалпы жұмыс орны шегiнде жүргiзiледi.

      46. Жоспардан тыс нұсқама:

      1) қолданысқа еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша жаңа немесе өңделген қауіпсіздік нормалары, қағидалар, нұсқаулықтар енгiзiлген кезде;

      2) технологиялық процесс өзгерген, жабдықтар, құрылғылар мен құралдар, бастапқы шикiзат, материалдар және еңбек қауiпсiздiгiне әсер ететiн басқа да факторлар ауыстырылған немесе жаңартылған кезде;

      3) қызметкерлер жарақаттануға, аварияға, жарылысқа немесе өртке, улануға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн еңбек қауiпсiздiгi талаптарын бұзған кезде;

      4) бақылаушы қадағалау органының талабы бойынша жүргiзiледi.

      47. Жоспардан тыс нұсқама жеке қызметкерге немесе кәсібі бiр қызметкерлер тобына жүргiзiледi.

      Нұсқаманың көлемi мен мазмұны оны жүргiзу қажеттiгiн тудырған себептер мен жағдайларға байланысты әрбiр нақты жағдайда айқындалады.

      48. Мақсатты нұсқама мамандық бойынша мiндеттермен тiкелей байланысты емес бiржолғы жұмыстарды (жүк арту, түсiру, аумақты жинау, ұйымнан, цехтан және учаскеден тыс бiржолғы жұмыстар) орындаған кезде авариялар, стихиялық апаттар мен катастрофалардың зардаптарын жою кезінде жүргiзiледi.

      49. Жұмыс орнындағы алғашқы, қайталама, жоспардан тыс және мақсатты нұсқамаларды жауапты қызметкерлер (ұста, цех бастығы) жүргiзедi.

      50. Жұмыс орнындағы нұсқамалар, кіріспе нұсқаманы қоспағанда, ауызша сұрау немесе оқытудың техникалық құралдарының көмегiмен білімдерін тексерумен, сондай-ақ жұмыстың қауiпсiз тәсiлдерi бойынша меңгерген дағдыларын тексерумен аяқталады.

      Бiлiмдерін нұсқаманы жүргiзген жауапты қызметкер тексередi.

      51. Қанағаттанғысыз бiлiм көрсеткен қызметкерлер өздiк жұмысқа жiберiлмейдi және нұсқаманы қайта өтеді.

      52. Нұсқаманы жүргiзген қызметкер жұмыс орнындағы алғашқы, қайталама, жоспардан тыс нұсқаманы жүргiзу және жұмыс iстеуге рұқсат беру туралы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқама беруді тiркеу журналына (бұдан әрі – Нұсқама беруді тіркеу журналы) нұсқама беруші мен нұсқама алушының қолдарын мiндеттi түрде қойғыза отырып, жазады.

      Жоспардан тыс нұсқаманы тiркеу кезiнде оның жүргiзiлу себебi көрсетiледi.

      Ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi нұсқаманы тiркеу журналдарын нөмiрлейдi, тiгедi және жұмысты тiкелей басқарушыларға (ұста, цех бастығы) қолын қойғызып бередi.

      53. Рұқсат беру наряды бойынша жұмыс жүргiзетiн қызметкерлерге жүргiзiлетiн мақсатты нұсқама рұқсат беру нарядында немесе жұмыстарды жүргізуге рұқсат беретін басқа құжаттамада белгiленедi.

  Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру
қағидалары мен мерзімдеріне
1-қосымша

      Нысан

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның, кәсiпорынның атауы)

Қызметкерлердің кәсіптеріне сәйкес еңбек қауiпсiздiгi және
еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерін тексеру жөнiндегi емтихан
комиссиясы отырысының хаттамасы
20___ жылғы "____" ____________

      Мына құрамдағы комиссия:

      Төраға ______________________________________________________________

      лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      Комиссия мүшелерi ___________________________________________________

      лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      20___ жылғы "____"______________ №____ бұйрықтың негiзiнде

      емтихан қабылдап, мынаны анықтады:___________________________________

      бiлiмiн тексеру түрi (мерзімді, қайталама)

Тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде)

Ұйым

атауы

Лауазымы

Бiлiмiн тексеру туралы белгi

(өттi, өтпедi)

Ескертпе

1

2

3

4

5












      Комиссия төрағасы _______________________________________ ___________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      Комиссия мүшелерi _______________________________________ ___________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      _______________________________________ ___________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

  Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру
қағидалары мен мерзімдеріне
2-қосымша

      Нысан

      Мұқабасы

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша білімдерді,
қағидаларды, нормалар мен нұсқаулықтарды тексеру жөніндегі
КУӘЛIК

      Келесі парақтары

      Азамат:______________________________________________________________

      Лауазымы: ___________________________________________________________

      Жұмыс орны:__________________________________________________________

      __________________________ бойынша емтихан тапсырғаны туралы берiлдi.

      Негiздеме: 20__ жылғы___________ №____ хаттама

      Емтихан комиссиясының төрағасы ______________________________ _______

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      Комиссия мүшесi _____________________________________________ _______

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      м.о.

      Емтихандарды қайта тапсырғаны туралы мәлiметтер

      Лауазымы: ___________________________________________________________

      Жұмыс орны: _________________________________________________________

      ___________________________бойынша емтихан тапсырғаны туралы берілді.

      Негiздеме: 20__ жылғы_____________ №____ хаттама

      Емтихан комиссиясының төрағасы ______________________________ _______

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      Комиссия мүшесi _____________________________________________ _______

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қолы

      м.о.

  Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру
қағидалары мен мерзімдеріне
3-қосымша

      Нысан

Оқу орталығының атауы

Наименование учебного центра

С Е Р Т И Ф И К А Т

      "_______________________________________________________"

      тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      "_________________________"

      курсы бойынша оқу бағдарламасын успешно закончил(а)

      өткендiгін куәландырады программу обучения по курсу

      "_________________________"

      Комиссия төрағасы Оқу орталығының басшысы

      Председатель комиссии Руководитель учебного центра

      __________ __________ __________ __________

      (тегі, аты, әкесінің аты тегі, аты, әкесінің аты

      (ол болған кезде) қолы (ол болған кезде) қолы

      фамилия, имя, отчество фамилия, имя, отчество

      (при его наличии) подпись (при его наличии) подпись

      қала

      город _______________

      20___ жыл _______________ Тіркеу №___________

      _______________ 20___ года Рег. № ______________

  Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру
қағидалары мен мерзімдеріне
4-қосымша

      Нысан

Жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
бойынша нұсқама беруді тiркеу журналы

      Мұқабасы

      _______________________________________________ ұйым, кәсiпорын

      Басталуы: 20____жылғы ____________

      Аяқталуы: 20____жылғы ____________

      Келесi беттер

Күнi

Нұсқама берiлетiн адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

Туған жылы

Нұсқама берiлетiн адамның кәсібі, лауазымы

Нұсқама түрi (алғашқы, жұмыс орнындағы, қайталама, жоспардан тыс)

Жоспардан тыс нұсқаманы жүргiзу себебi

Нұсқама берушiнiң тегі, аты-жөні, лауазымы

қолы

Нұсқама берушiнің

Нұсқама алушының

1

2

3

4

5

6

7

8

9



















  Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама
беру және бiлiмдерiн тексеру
қағидалары мен мерзімдеріне
5-қосымша

      Нысан

Кіріспе нұсқаманы тіркеу
ЖУРНАЛЫ

      _____________________________________________________________________

      (ұйым, кәсiпорын, оқу орны)

      Мұқабасы

      Басталуы: 20____жылғы ____________

      Аяқталуы: 20____жылғы ____________

      Мазмұны:

Күнi

Нұсқама берiлетiнадамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

Туған жылы

Нұсқама берiлетiн адамның кәсібі, лауазымы

Жұмыс орны

Нұсқама берiлетiн адамның қолы

Нұсқаманы жүргізді

қолы

Тегі, аты, әкесінің аты(ол болған кезде)

1

2

3

4

5

6

7

8