Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторының аттестатын беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 1125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 желтоқсанда № 12566 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 29.10.2018 № 740 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторының аттестатын беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 29.10.2018 № 740 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _______________Е.Досаев

      2015 жылғы 10 желтоқсан



  Қазақстан Республикасы
  Инвестициялар және даму министрінің
  2015 жылғы 30 қарашадағы
  № 1125 бұйрығымен
  бекітілген

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторының аттестатын беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 29.10.2018 № 740 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Рұқсат беру талаптары

Рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар

Ескертпе

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы энергия аудиторының аттестатын алу үшін

1.

Жоғары инженерлік-техникалық білімнің бар болуы

Жоғары инженерлік-техникалық білімі туралы дипломы


2.

Жалпы техникалық жұмыс өтілі кемінде бес жыл, оның ішінде кемінде (1) бір жыл энергия-аудиторлық ұйымында

Кандидаттың еңбек қызметін растайтын құжат


3.

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын кадрлардын қайта даярлаудан және (немесе) біліктілігін арттырудан өткені

Энергия аудиті бағыты бойынша кадрлардың қайта даярлау (немесе) біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы куәлік


4.

Электр қондырғыларда жұмысқа рұқсаттың III және одан жоғары топтарда бар болуы

III және одан жоғары топтарының электр қондырғыларында жұмыс нормалары мен қағидаларын білуін тексеру хаттамасы