Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 қарашадағы № 1118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 желтоқсанда № 12545 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-64) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б.Т. Сұлтанов

      2015 жылғы 8 желтоқсан



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 27 қарашадағы
№ 1118 бұйрығымен
бекітілген

Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және
өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл қағидалары
1. Жалпы ереже

      1. Осы Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-64) тармақшасына сәйкес әзірленген және әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.

2. Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау
және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі

      2. Әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде қызметтің тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық технологиялар енгізіледі.

      Электрондық деректермен тиімді алмасу үшін мемлекеттік кірістер органдары пайдаланылып жүрген халықаралық стандарттар мен хаттамаларға үйлесімді ақпараттық жүйелерді енгізеді.

      Егер мемлекеттік кірістер органы қажетті техникалық мүмкіндіктерге ие болса, әуе тасымалдарын орындайтын әуе кемелерінің пайдаланушылары (бұдан әрі - тасымалдаушы), әуежайлардың пайдаланушылары (бұдан әрі - әуежайлар), уақытша сақтау қоймаларының иелері (бұдан әрі - УСҚ иелері) мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіне берілетін жүк ведомосі мен (немесе) жүкқұжаттарын қоса алғанда тауарларды экспорттау немесе импорттау құжаттарын электрондық нысанда ұсынады.

      Әуежайлар жүктері жерде өңдеу үшін халықаралық деңгейде қабылданған тиісті стандарттар мен хаттамаларды пайдалана отырып, электрондық хабарламаларды жіберу мүмкіндіктерінің болуын қамтамасыз етеді.

      3. Мемлекеттік кірістер органдарының техникалық мүмкіндіктерін есепке ала отырып, тасымалдаушылармен, әуежайлармен, УСҚ иелерімен ұшып келуші және ұшып кетуші әуе кемелерінің құжаттары мынадай нысанда ұсынылса, қабылданады:

      1) ақпараттық жүйеге жіберу арқылы электрондық түрде;

      2) электрондық құралдардың көмегімен ұсынылған немесе тапсырылған бланкіде;

      3) қағаз тасығышта.

      4. Егер мемлекеттік кірістер органына құжаттарды тасымалдаушы немесе тасымалдаушының атынан электрондық түрде ұсынған болса, онда қағаз тасығышта құжаттардың ұсынылуы талап етілмейді.

      5. Мемлекеттік кірістер органдарының мекенжайына жіберілетін электрондық құжаттар мен хабарламалар тасымалдаушының және (немесе) УСҚ иесінің немесе олардың тапсыруымен іс-әрекет ететін өзге тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады.

      Мемлекеттік кірістер органы жіберетін электрондық құжаттар мен хабарламалар мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасының ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      6. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғалары өз өкілеттіктерін ақпараттық жүйелердің техникалық мүмкіндіктерін есепке ала отырып жүзеге асырады.

      Ақпараттық жүйелерге түсетін хабарламалардың толықтығы, тұтастығы және ұсынылған мәліметтердің қайшы келмейтіндігі (логикалық бақылау) тексеріледі.

      ЭЦҚ шынайылығын тексеру және мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің форматтар анықтамасында көзделген құрылым мен форматқа мәліметтердің құрылымы мен форматының сәйкестігін бақылау процесінде анықталған ұсынылған электрондық құжаттар мен хабарламаларда қателер болған жағдайда, тасымалдаушыға және (немесе) УСҚ иесіне форматтық және логикалық бақылау көрсетілген қателер тізбесі қамтылған, нысан бойынша жауапты хабарлама жіберіледі.

      Тасымалдаушы және (немесе) УСҚ иесі қателер сипаттамасы қамтылған электрондық хабарлама алған жағдайда, түзетілген құжаттар мен мәліметтерді қайтадан ұсынады.

      7. Тасымалдаушы және (немесе) УСҚ иесі мемлекеттік кірістер органының мекенжайына авиажүкқұжатының деректерін және (немесе) жүктің нақты ұшуы туралы мәліметтерін (карго манифест) электрондық түрде жібергеннен кейін он минут ішінде тасымалдаушы және (немесе) УСҚ иесі автоматты түрде осы құжаттар мен мәліметтердің мемлекеттік кірістер органына жеткені (жетпегені) туралы нысан бойынша хабардар етіледі.

      8. Электрондық түрде құжаттар мен мәліметтерді ұсынған кезде, тасымалдаушы жүк ведомосінде тасымалдау шартына сәйкес мынадай ақпаратты көрсетеді:

      1) тауардың жөнелтілу және жеткізілу әуежайлары;

      2) әуе кемесінің бортындағы түсіруге (түсірілуге) және (немесе) басқа әуе кемесіне тиеуге (қайта тиеуге) тиіс тауарлар туралы;

      3) қандай жүкқұжат бойынша және қандай көлемде әуе кемесінің бортында келе жатқаны, сондай-ақ қандай жүкқұжат және қанша көлемде түсіруге (түсірілуге) және (немесе) басқа әуе кемесіне тиеуге (қайта тиеуге) тауарлар туралы.

      9. Мемлекеттік кірістер органына ұсынылатын авиажүкқұжатының деректері және (немесе) жүктің нақты ұшуы туралы мәліметтері (карго манифест) (оның ішінде өткізу орнының әуе пунктіне келудің есептік уақыты туралы мәліметтер) әуе кемесінің өткізу пунктіне келуінің есептік уақытына дейін екі сағаттан кешіктірмей ұсынылады.

      10. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ұсынылған электрондық құжаттар мен мәліметтерді талдайды, оның нәтижесі бойынша әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша ақпараттық жүйелерді қолданып, әуе кемесінің бортына келетін тауарлар мен кедендік бақылау нысанына қатысты шешім қабылдайды.

      11. Әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша шешім мынадай түрде қабылданады:

      егер әуе кемесінің бортында Еуразиялық экономикалық одақ аумағына кіргізуге рұқсат етілген тауарлар болса, "Кіргізуге рұқсат (Түсіруге рұқсат) Кедендік бақылау нысаны";

      егер әуе кемесінің бортында Еуразиялық экономикалық одақ аумағына кіргізуге рұқсат етілген, әуе кемесі қонатын орында түсіру болжанбаған тауарлар болса, "Кіргізуге рұқсат";

      егер әуе кемесінің бортында Еуразиялық экономикалық одақ аумағына кіргізуге тыйым салынған тауарлар болса, "Кіргізуге тыйым салынады (Түсіруге тыйым салынады)";

      егер әуе кемесінің бортында тасымалдауға шектеу қойылған, шектеулерді сақтағанын растайтын құжаттары ұсынылмаған тауарлар болса, сондай-ақ дереу шығару мүмкіндігі болмаса, "Кіргізуге болады (Түсіруге рұқсат) Ұстау".

      12. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы тасымалдаушыға ақпараттық жүйелердің көмегімен электрондық хабарлама жібереді, онда әуе кемесінің ұшып келетін есепті уақытына дейін кемінде қырық минут бұрын әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша әуе кемесінің бортындағы тауарларға және кедендік бақылау нысанына қатысты шешім қамтылады.

      13. Егер құжаттар мен мәліметтер мемлекеттік кірістер органына көрсетілген мерзімінде ұсынылмаса, мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы электрондық құжаттар мен хабарламаларды алғаннан кейін бір сағат ішінде тасымалдаушыға электрондық хабарлама жібереді, онда әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша әуе кемесінің бортындағы тауарларға және кедендік бақылау нысанына қатысты шешім қамтылады.

      14. Ұшақ өткізу орнының әуе пунктінде қонғаннан кейін он бес минуттан кешіктірмейтін мерзімде тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органына өткізу орнының әуе пунктінде нақты оның қонғаны туралы электрондық хабарлама жібереді.

      15. Лауазымдық міндеттеріне келу туралы хабарды тіркеу функциясы кіретін мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы әуе кемесінің өткізу орнының әуе пунктіне қонғаны туралы хабарды алғаннан кейін электрондық құжаттардың негізінде және ақпараттық жүйелердің көмегімен:

      1) әуе кемесінің ұшып келуі туралы хабарды тіркейді, ол туралы электрондық хабарламамен, тасымалдаушыны хабардар етеді;

      2) қабылданған шешімдер шеңберінде кедендік бақылау нысандарын қолдануға бағытталған шаралар қабылдайды;

      3) әуе кемесі Қазақстан Республикасының аумағына аралық, мәжбүрлі түрде (техникалық) қонған кезде, әуе кемесінің бортындағы тауарлармен жүк операцияларының орындалуына жол бермейтін шаралар қабылдайды.

      16. Әуе кемесінің ұшып келгенін тіркегені туралы электрондық хабарлама қону орнында түсіруге (түсірілуге) және (немесе) басқа әуе кемесіне тиеуге (қайта тиеуге) тиісті тауарларға қатысты жүк операцияларын бастауға негіз болып табылады, бірақ ол үшін осы тауарға қатысты мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы "Кіргізуге рұқсат (Түсіруге рұқсат) Кедендік бақылау нысаны" деген шешім қабылдауға тиіс.

      17. Өткізу орнының әуе пунктінде бір әуе кемесінің бортынан тауарларды түсіріп, басқа әуе кемесінің бортына тиеуге қатысты кедендік операцияларды орындау шешімі қабылданса, тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органына осы операцияларды жасауға электрондық түрде сұрау (бұдан әрі - сұрау) салады, оның ішінде қайта тиеу (асыра тиеу) үшін авиациялық жүкқұжаттары нөмірлерінің тізбесі қамтылады.

      18. Ұсынылған мәліметтердің толықтығына, тұтастығына, қайшы келмейтіндігіне және форматына сәйкестігіне бақылау сәтті аяқталғаннан кейін, сұрау мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасының автоматтандырылған жұмыс орнында жұмыс істеу үшін қолжетімді болады.

      Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы автоматты түрде Тасымалдаушыға сұраудың жеткізілгені туралы электрондық хабарлама жібереді.

      19. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ұсынылған сұрауды талдап, оның нәтижесі бойынша сұрауда көрсетілген әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, басқа әуе кемесінің бортына жүкті қайта тиеу (асыра тиеу) және кедендік бақылау нысанына қатысты шешім қабылдайды.

      Қағидалардың осы тармағында көрсетілген шешім мынадай түрде қабылданады:

      "Кіргізуге рұқсат (Қайта тиеу (асыра тиеу) рұқсат) Кедендік бақылау нысаны";

      "Қайта тиеуге (асыра тиеуге) рұқсат етілмейді".

      20. "Қайта тиеу (асыра тиеуге) рұқсат етілмейді" шешімі қабылданғанда, осы авиациялық жүкқұжаты бойынша кіргізуге рұқсат беру осы Қағидалардың 7-11-тармақтарына сәйкес беріледі.

      21. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы тасымалдаушыға ақпараттық жүйелердің көмегімен электрондық хабарлама жібереді, онда сұрауда көрсетілген әрбір авиациялық жүкқұжатына қатысты шешім қамтылады.

      22. Осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген "Кіргізуге рұқсат (Қайта тиеу (асыра тиеуге) рұқсат) Кедендік бақылау нысаны" электрондық хабарламасы жүк операцияларын бастауға негіз болып табылады.

      23. Тасымалдаушы сұрауды электрондық құжаттармен бірге жіберген жағдайда, мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы осы Қағидаларда көзделген әрекеттерді әуе кемесі өткізу орнының әуе пунктіне нақты қонғанға дейін орындайды.

      24. Келген тауарларды уақытша сақтау орнына қабылдау туралы шешім қабылданған жағдайда, тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органына тауарларды уақытша сақтау орнына орналастырғаны туралы, тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға қажетті ақпараты бар электрондық хабарлама жібереді.

      25. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы тауарларды уақытша сақтау үшін ұсынылған құжаттарды тіркеудің электрондық журналына ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы осы Қағидаларға сәйкес алынған электрондық құжаттарды тіркейді.

      Тауарларды уақытша сақтау үшін ұсынылған құжаттарды тіркеу журналына электрондық құжаттарды тіркегеннен кейін, осы құжаттардың тіркелгені туралы растау автоматты түрде жасалып, тасымалдаушыға және УСҚ иесіне жіберіледі.

      26. УСҚ иесі тауарларды УСҚ-ға орналастырады және мемлекеттік кірістер органына электрондық түрде УСҚ иесінің жауапты тұлғасы ЭЦҚ-мен куәландырылған есеп жібереді.

      27. УСҚ иесімен ұсынылған мәліметтердің толықтығына, тұтастығына, қайшы келмеуіне және форматқа сәйкестігіне бақылау сәтті аяқталғаннан кейін есептің қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі, оны мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ЭЦҚ-мен куәландырады.

      28. УСҚ-дан тауарларды беру Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      29. УСҚ иесі мемлекеттік кірістер органына электрондық түрде УСҚ-дан тауарлардың берілгені туралы есепті жібереді, оны УСҚ-ның жауапты тұлғасы ЭЦҚ-мен куәландырады.

      УСҚ иесімен ұсынылған мәліметтердің толықтығына, тұтастығына, қайшы келмеуіне және форматқа сәйкестігіне бақылау сәтті аяқталғаннан кейін, мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы УСҚ иесіне есептің қабылданғаны туралы хабарлама жібереді.

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарлар мен әуе кемелерін шығару үшін Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасында көзделген құжаттар мен мәліметтер электрондық түрде пайдаланылады.

      30. Тасымалдаушы әуе кемесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығатын жоспарлы уақыттан кемінде екі сағат бұрын мемлекеттік кірістер органына борт нөмірін, рейс нөмірі мен күнін, жүру бағытын, ұшып кетудің жоспарланған есептік уақытын көрсетіп, осы әуе кемесінің халықаралық рейсті орындағаны туралы электрондық хабарлама жібереді.

      31. Мемлекеттік кірістер органының халықаралық рейсті орындайтын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығатын әуе кемесінің бортына тауар тиеу туралы рұқсатты алу үшін тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органына электрондық түрде осы әуе кемесінің бортына тауарды тиеу туралы сұрау жібереді, онда тасымалдаушы тиеуге рұқсат сұраған авиациялық жүкқұжаттарының тізбесі берілген жүк ведомосі қамтылады.

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығып бара жатқан әуе кемесінің бортына жүк тиеуге электрондық сұрауға мемлекеттік кірістер органы "Кіргізуге рұқсат (Түсіруге рұқсат) немесе "Кіргізуге рұқсат (Қайта тиеуге (асыра тиеуге рұқсат)" деп бұрын шешім қабылдаған жүкқұжаттар ғана кіруі мүмкін.

      32. Тасымалдаушы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығып бара жатқан әуе кемесінің бортына тауарларды толық және ішінара тиеу бойынша сұрау салуды жібере алады.

      Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес тасымалдаушыға сұраудың жеткізілгені туралы электрондық хабарлама автоматты түрде жіберіледі.

      33. Толықтығына, тұтастығына, қайшы келмеуіне және форматқа сәйкестігіне бақылау сәтті аяқталғаннан кейін, сұрау мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасының автоматтандырылған жұмыс орнында жұмыс істеу үшін қолжетімді болуы тиіс.

      Осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес тасымалдаушыға сұраудың жеткізілгені туралы электрондық хабарлама автоматты түрде жіберіледі.

      34. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ұсынылған электрондық құжаттар мен мәліметтерді талдап, оның нәтижесі бойынша ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық сұрауда көрсетілген әрбір авиациялық жүкқұжат бойынша әуе кемесінің бортына тиелуі мәлімделген тауарларға қатысты мынадай түрде шешім қабылдайды: "Шығаруға тыйым салынады (Тиеуге рұқсат)".

      35. Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы мемлекеттік кірістер органына осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес әуе кемесінің бортына тауар тиеуге сұрауды алғаннан кейін он бес минут ішінде тасымалдаушыға сұрауда көрсетілген әрбір авиациялық жүкқұжаты бойынша Қағидалардың 33 және 34-тармақтарына сәйкес шешімді қамтитын электрондық хабарлама жібереді.

      36. Осы Қағидалардың 35-тармағында көрсетілген, мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасының "Шығаруға тыйым салынады (Тиеуге рұқсат)" шешімін қамтитын, хабарлама әуе кемесінің бортында жөнелтілген тауарларға қатысты жүк операцияларын бастауға негіз болып табылады.

      37. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарларды шығаруға мемлекеттік кірістер органының рұқсатын алу үшін тасымалдаушы әуе кемесінің бортына тауарларды тиеу рәсімін аяқтаған соң мемлекеттік кірістер органына бортқа нақты тиелген тауарлар туралы электрондық хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасында көзделген құжаттар мен мәліметтерді электронды түрде жібереді.

      38. Осы Қағидалардың 37-тармағында көрсетілген хабарламаны алған кезде мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ұсынылған электрондық құжаттарды талдайды, оның нәтижесі бойынша тасымалдаушыға мынадай түрде әуе кемесінің бортында жөнелтілген тауарларға қатысты электрондық хабарлама жібереді: "Шығаруға рұқсат".

      Мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды тұлғасы ақпараттық жүйелерді қолданып, әуе кемесінің шыққанын тіркейді және тасымалдаушыға әуе кемесінің ұшып шығуына рұқсат берілгені туралы электрондық хабарлама жібереді.

      Жасалған хабарлама кедендік бақылауды жүзеге асыратын және әуе кемесінің ұшып шығуын тіркейтін лауазымды тұлғаның ЭЦҚ-мен куәландырылады.