Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 371 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12497 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 19-бабының 14-10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгiленген тәртiпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін электрондық нұсқада елтаңбалы мөрмен расталған қағаз данасының көшірмесімен, Қазақстан Республикасының нормативті құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электронды сандық қолтаңбасымен куәландырылған көшірмесін электрондық нұсқада елтаңбалы мөрмен расталған қағаз данасының көшірмесімен бірге беруді;
      3) осы бұйрықты ресми жариялануынан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрықтың ресми жариялануынан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет беруді қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Министр                             А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы  
Мәдениет және спорт    
министрінің        
2015 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 371 бұйрығымен    
бекiтiлген    

Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидалары  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібін анықтайды.
      2. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады.
      3. Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) шешімі негізінде жүзеге асырылады.

2. Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібі

      4. Мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар тоқсанның соңғы айының 25-күніне дейін уәкілетті органға монументті өнердің жаңа құрылыстарын (бұдан әрі – жаңа құрылыс) орнату жөніндегі ұсыныстарын жолдайды.
      5. Мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың жаңа құрылыс орнату туралы ұсыныстарын қарау үшін уәкілетті орган монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
      6. Жаңа құрылыс орнату жөніндегі келіп түскен ұсыныстар Комиссиямен:
      1) аса көрнекті тұлғаның Қазақстан Республикасы алдындағы еңбек үлесінің және (немесе) Қазақстан Республикасы үшін тарихи маңыздылығының болуына;
      2) осы Қағидалардың 2-тармағының талаптарына сәйкестілігіне қаралады.
      7. Комиссия шешімі ұсынымдық сипатқа ие болады және хаттамамен ресімделеді.
      8. Комиссияның хаттамасын ескере отырып, оған қол қойылған күнінен үш жұмыс күні ішінде, уәкілетті орган келесі шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) келіп түскен ұсынысты қолдау және осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды, жаңа құрылыстың макетін ұсыну туралы ұсыным беру;
      2) аса көрнекті тұлғаның Қазақстан Республикасы алдындағы еңбек үлесінің және (немесе) Қазақстан Республикасы үшін тарихи маңыздылығының болмауына және осы Қағидалардың 2-тармағының талаптарына сәйкессіздігіне орай жаңа құрылысты орнатуға қарсылық көрсету.
      Уәкілетті орган қабылданған шешім жөнінде мемлекеттік органдарды, заңды және жеке тұлғаларды шешім қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
      9. Жаңа құрылысты орнату жөніндегі ұсыныстар қолдау тапқан жағдайда, мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар уәкілетті органға тоқсанның соңғы айының 25-күніне дейін келесі құжаттарды және жаңа құрылыстың макетін жолдайды:
      1) аса көрнекті тұлғаны және (немесе) маңызды тарихи оқиғаны мәңгі есте қалдыру туралы ерікті нұсқадағы хат;
      2) аса көрнекті тұлғаның еңбек үлесін және (немесе) маңызды тарихи оқиғаның маңыздылығын растайтын архивтік және өзге құжаттардың көшірмелері;
      3) жаңа құрылысты орнату үшін бөлінген жер телімін растайтын құжат (шешім, қаулы);
      4) жаңа құрылысты қаржыландыру көздерін растау;
      5) жаңа құрылыстың нобайлық жобасы:
      жаңа құрылыстың атауын және оның орналасатын орнын;
      жаңа құрылыстың авторларының (сәулетші, мүсінші) тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және олардың қолтаңбаларын;
      жаңа құрылыстың қысқа негіздемесін және сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдерін, конструкциялық сипаттамасын және аумақты абаттандыру элементтерін, болжамды жүзеге асыру мерзімін мазмұндайтын түсіндірме жазбаны;
      жаңа құрылыстың қалақұрылысы құрылымындағы жерде орналасуының дүниенің төрт бағыты көрсетілген ситуациялық схемасын;
      1:500 (1:200) масштабтағы жаңа құрылыстың абаттандыру элементтерімен бас жоспары.
      10. Комиссиямен ұсынылған құжаттардың толықтығы және анықтылығы, жаңа құрылыстың макеті көркемдік бейнелілігі тұрғысынан қаралады. Көркемдік бейнелілік тұлғаның шынайы бет бейнесімен ұқсастығын, жаңа құрылыс сұлбасының көлемі мен формасының, дененің жеке мүшелері, киім бөлшектерінің, заттарының үйлесімділігін қамтиды.
      11. Комиссияның хаттамасын ескере отырып, оған қол қойылған күнінен үш жұмыс күні ішінде, уәкілетті орган келесі шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) жаңа құрылысты орнату туралы;
      2) жаңа құрылыс макетінің көркемдік бейнелігінің жоқтығына, осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттардың толық және (немесе) анық болмауына орай қабылдамау туралы.
      Уәкілетті орган қабылданған шешім жөнінде мемлекеттік органдарды, заңды және жеке тұлғаларды шешім қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.