«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрінің міндетін атқарушы М. Құсайынов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
____________ Б. Сұлтанов
2015 жылғы 25 қараша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің м.а.
2015 жылғы 25 қарашадағы
№ 713 бұйрығымен
бекітілген
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік
меншікке қабылдау қағидалары
Осы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленген және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру нәтижесінде туындаған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындау нәтижесінде туындаған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында өзгеше көзделмесе оларды құрғаннан кейін мемлекеттік меншікке беріледі.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) – Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін, мемлекеттік әріптес пен жекешелік әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны;
2) МЖӘ шарты – МЖӘ жобасын іске асыру шеңберінде МЖӘ шарты тараптарының құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершiлiгiн, МЖӘ шартының өзге де талаптарын айқындайтын жазбаша келiсiм;
3) МЖӘ объектілері – жобалануы, салынуы, құрылуы, реконструкциялануы, жаңғыртылуы және пайдаланылуы МЖӘ жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мүлік, мүліктік кешендер. МЖӘ объектілеріне МЖӘ жобасын іске асыру барысында ендірілуге жататын жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) мен инновациялар да жатады;
4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы;
6) жекеше әріптес – Заңға сәйкес мемлекеттік әріптестер ретінде әрекет ететін тұлғаларды қоспағанда, МЖӘ шартын жасасқан дара кәсіпкер, қарапайым серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;
7) мемлекеттік қабылдау комиссиясы – құрылған (салынған) және (немесе) алынған объектіні пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган.
3. Объектілерді мемлекет меншігіне:
мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган – республикалық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты;
облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары – коммуналдық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты қабылдайды.
4. МЖӘ шарттары негізінде құрылған МЖӘ объектілерін республикалық меншікке беруді тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы ұйымдастырады.
5. Егер МЖӘ объектісі бойынша инвестициялық шығындарды өтеу жүзеге асырылған жағдайда МЖӘ объектісі мемлекет меншігіне беруге жатады.
Мемлекеттік бюджеттен төлемдер көзделген және объектіні құруын қаржыландыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған МЖӘ объектілері мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі негізінде пайдалануға берілген сәттен бастап мемлекет меншігіне беруге жатады.
6. МЖӘ шартына сәйкес МЖӘ объектісін пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін берілуге жататын МЖӘ объектілері мемлекеттік меншікке МЖӘ шартында көрсетілген мерзімде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес құжаттарды ұсына отырып беріледі.
7. Егер МЖӘ шартында жекеше әріптестің мемлекетке тиесілі және МЖӘ жобасын іске асыру мақсатында берілген зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарын қайтаруы көзделген жағдайда мұндай құқықтарды жекеше әріптес мемлекет меншігіне МЖӘ шартында белгіленген мерзімде және тәртіпте қайтарады.
8. МЖӘ объектісін мемлекет меншігіне беруге арналған құжаттарды ресімдеуге байланысты барлық шығыстар, оның ішінде МЖӘ объектісіне міндетті бағалау жүргізуге және оның техникалық жағдайын айқындауға байланысты шығыстар МЖӘ шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік
меншікке қабылдау тәртібі
9. Жекеше әріптес МЖӘ шартының талаптарына сәйкес объектіні мемлекет меншігіне беру мерзімі туындаған сәттен бастап отыз жұмыс күні ішінде республикалық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты – тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік органға немесе коммуналдық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты – облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына объектіні мемлекеттік меншікке беру туралы өтінішпен жүгінеді.
Жекеше әріптес МЖӘ объектілерін мемлекет меншігіне беру үшін тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына өтінішпен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес құжаттарды ұсынады.
Жекеше әріптес МЖӘ объектісін мемлекеттік әріптеске тиісті техникалық жағдайда беруді қамтамасыз етеді.
10. Тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік орган жекеше әріптестің өтінішін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға жеке әріптестің МЖӘ шартына сәйкес республикалық меншікке қабылдауға жататын МЖӘ объектісін беруге дайындығы және МЖӘ осы объектісін республикалық меншікке қабылдау мүмкіндігін қарау туралы өтініші жөнінде хабарлайды.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жекеше әріптестің өтінішін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеке әріптестің МЖӘ шартына сәйкес коммуналдық меншікке қабылдауға жататын МЖӘ объектісін беруге дайындығы және МЖӘ осы объектісін коммуналдық меншікке қабылдау мүмкіндігін қарау туралы өтінішін қарастырады.
11. Тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік органның хабарламасында балансына республика меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ көрсетілген объектісін беру болжанатын республикалық заңды тұлға көрсетіледі және МЖӘ көрсетілген объектісін қабылдау туралы республикалық заңды тұлғаның жазбаша келісімі қоса беріледі.
12. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган хабарлама алғаннан кейін он күндік мерзімде республикалық меншікке қабылдауға және оны республикалық заңды тұлғаға беруге жататын МЖӘ объектілерін республикалық меншікке қабылдау туралы шешім қабылдайды.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдар хабарлама алғаннан кейін он күндік мерзімде коммуналдық меншікке қабылдауға және оны коммуналдық заңды тұлғаға беруге жататын МЖӘ объектілерін коммуналдық меншікке қабылдау туралы шешім қабылдайды.
13. Осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін жекеше әріптес пен мемлекет меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ объектісі бекітіліп берілетін мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде мемлекет меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ объектісін қабылдау-тапсыру актісін ресімдейді.
14. Қабылдау-тапсыру актісі оған қол қоюға қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада бекітіледі.
15. Мемлекет меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қорытынды ережелер
16. МЖӘ объектілерін мемлекет меншігіне беру және қабылдау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік
объектілерін
мемлекеттік меншікке қабылдау
қағидаларына қосымша
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік
меншікке қабылдау кезінде жекеше әріптес ұсынатын құжаттар
тізбесі
р/с № |
Құжаттың атауы |
1. |
МЖӘ шарты |
2. |
Салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі |
3. |
Жекеше әріптестің құрылтай құжаттарының, жекеше әріптестің әділет, салық және статистика органдарында мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттардың көшірмелері |
4. |
МЖӘ объектісіне техникалық паспорт |
5. |
Жекеше әріптестің бірінші басшысы және бас бухгалтері қол қойған, мемлекет меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ объектісінің баланстық құнын растайтын құжат |
6. |
Мемлекет меншігіне түсетін мүліктің құнын айқындайтын тәуелсіз бағалау компаниясының бағалау туралы есебі (мемлекет мұқтажы үшін сатып алған жағдайда) |
7. |
МЖӘ объектісінің техникалық жай-күйі туралы есеп |