Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 704 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 желтоқсанда № 12413 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 35-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі                  Е. Досаев

Қазақстан Республикасы     
Ұлттық экономика министрінің  
2015 жылғы 19 қарашадағы  
№ 704 бұйрығымен бекітілген  

Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 35-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру тәртібін айқындайды.
      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) құрылыстағы жаңа технологиялар - құрылыс жұмыстарын жаңғыртуға, сапасын, өнімділігін және қауіпсіздігін жақсартуға ықпал ететін құрылыс-монтаждау жұмыстарының жаңа тиімді және прогрессивті түрлері мен әдістері;
      2) Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - Тізілім) - осы Қағидаларға сәйкес қалыптастырылатын, сметалық-нормативтік базада олар бойынша нормалар жоқ, Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері енгізген жаңа тиімді құрылыс өндірісі технологияларының тізбесі;
      3) құрылыс саласының субъектілері - құрылыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер, құрылыс мердігерлік және жобалау ұйымдары, құрылыс материалдарын дайындаушы кәсіпорындар, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыратын ұйымдар;
      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы;
      5) сараптама ұйымы - құрылыс саласының субъектілері ұсынатын деректер негізінде уәкілетті орган ведомствосының қарауындағы және құрылыстағы жаңа технологияларды талдауды жүзеге асыратын ұйым.
      3. Тізілім Қазақстанның сметалық-нормативтік базасын жетілдіру, құрылыстағы жаңа прогрессивтік технологиялар туралы құрылыс саласының субъектілерін хабардар ету және құрылыс саласында оларды енгізу мақсатында жүргізіледі.
      4. Тізілімді қалыптастыруды уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады.

2. Тізілімді қалыптастыру тәртібі

      5. Тізілімді қалыптастыру мыналарды қамтиды:
      1) құрылыстағы жаңа технологиялардың атаулары туралы деректер енгізу;
      2) Қазақстанда құрылыстың жаңа технологияларын енгізумен айналысатын құрылыс саласының субъектілері туралы мәліметтерді енгізу;
      3) қолданылатын құрылыс ресурстары бойынша өзгерістермен, нормативтік құжаттаманың өзгерістерімен байланысты Тізілімде бар мәліметтердегі өзгерістерді енгізу;
      4) құрылыс саласының субъектілері ұсынатын ақпараттың өзгеруі кезінде Тізілімді жүйелі түрде жаңарту;
      5) Тізілім мазмұнын өзектендіру (жаңарту) тұрғысынан мониторинг жүргізу.
      6. Тізілімге жаңа технологиялар туралы мәліметтерді енгізу үшін құрылыс саласының субъектілері уәкілетті органның ведомствосына мынадай құжаттарды ұсынылады:
      құрылыстағы жаңа технология атауын Тізілімге қосу туралы өтініш (еркін нысанда);
      осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құрылыстағы жаңа технологиялар туралы ақпарат.
      7. Уәкілетті органның ведомствосы құрылыс саласы субъектісінің құжаттарын үш жұмыс күнінің ішінде қаралып отырған технологияларды Тізілімге енгізудің қажеттілігі бойынша талдау жүргізу үшін сараптама ұйымына жібереді.
      8. Сараптама ұйымы құжаттарды алған сәттен бастап отыз жұмыс күнінің ішінде жүргізілген талдаудың нәтижелерін уәкілетті органның ведомствосына жібереді.
      9. Уәкілетті органның ведомствосы сараптама ұйымынан талдаудың нәтижелерін алған сәттен бастап бес жұмыс күнінің ішінде:
      ескертулер болмаған жағдайда құрылыстағы жаңа технология туралы мәліметтерді Тізілімге енгізеді;
      құрылыс саласының субъектілеріне Тізілімге құрылыстағы жаңа технологияларды енгізу туралы хабарлама жібереді;
      Тізілімге құрылыстағы жаңа технологияларды енгізуден бас тартқан жағдайда құрылыс саласының субъектілеріне бас тартудың себептерін көрсете отырып, Тізілімге енгізуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.
      10. Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі осы Қағидаларға 2-қосымшаға (бұдан әрі - 2-қосымша) сәйкес нысан бойынша ресімделеді.
      11. Тізілімді жаңарту жазбаша өтініш берілген күнінен бастап он жұмыс күнінің ішінде құрылыс саласының субъектілері ұсынған мәліметтер өзгерген кезде жүзеге асырылады.
      12. Қызмет қорытындысы бойынша сараптама ұйымы жыл сайын 10 желтоқсанға дейінгі мерзімде уәкілетті органның ведомствосына құрылыстағы жаңа технологиялар туралы жүргізілген талдау бойынша ақпарат жиынтығын ұсынады.
      13. Тізілімнен жаңа технологияларды алып тастауды уәкілетті органның ведомствосы:
      1) құрылыс саласы субъектілерінің бастамасы бойынша (себебін көрсету);
      2) құрылыстағы жаңа технологиялардың осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген мәліметтердің сәйкессіздігіне алып келетін құрылыс саласының субъектілері ұсынған мәліметтер өзгерген жағдайларда жүзеге асырады.
      14. Тізілім туралы ақпарат уәкілетті орган ведомствосының ресми сайтында орналастырылады.

Құрылыстағы жаңа      
технологиялардың бірыңғай  
мемлекеттік тізілімін    
қалыптастыру қағидаларына 
1-қосымша         

нысан

Құрылыстағы жаңа технологиялар туралы ақпарат

Р/с №

Технологияның атауы

Қысқаша сипаттамасы

Қолданылатын құрылыс материалдары, машиналар және тетіктер (дайындаушы ел)

Сәйкестік сертификаттары  МЕМСТ-тер, кәсіпорынның стандарттары, техникалық паспорттар

Пайдаланушы ұйымдардың пікірлері

1

2

3

4

5

6

























Құрылыстағы жаңа     
технологиялардың бірыңғай 
мемлекеттік тізілімін  
қалыптастыру қағидаларына 
2-қосымша        

нысан

20__ жылғы «___» _________________жағдай бойынша
құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі

Р/с №

Технологияның атауы

Өтініш беруші туралы ақпарат

Қолданылатын құрылыс материалдары, машиналар және тетіктер (дайындаушы ел)

Сәйкестік сертификаттар, МЕМСТ-тер, кәсіпорынның стандарттары, техникалық паспорттар

Нормативтердің болуы

1.






2.






3.






4.






5.