Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 4-5/576 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 қыркүйекте № 12034 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 16 ақпандағы № 44 бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 16.02.2021 № 44 (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________ Е. Досаев

      2015 жылғы " "



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 26 маусымдағы
№ 4-5/576 бұйрығымен бекітілген

Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының (бұдан әрі – қор) міндеттемелерін өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалары) "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бағалар кестесі – кепілді төлемдер мөлшерлерін айқындау үшін қажетті және сапасына сәйкес белгілі бір кезеңге қор белгілеген мақтаның құнын қамтитын құжат;

      2) еңсерілмес күш – форс-мажорлық жағдайлар: тараптардың болжауға және болдырмауға күші жетпейтін дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы авариялар;

      3) кепілді жағдай – қатысушы сақтауға қабылдаған шитті мақта және (немесе) мақта талшығы сапасының жойылу немесе нашарлау фактісінің басталғаны;

      4) қатысу шарты – қор мен қатысушы арасында жасалатын шарт, соның негізінде соңғысы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;

      5) қатысушы – онымен қор қатысу шартын жасасқан және ол шарт қолданыстағы мақта өңдеу ұйымы;

      6) мақта қолхатын ұстаушы – мақта өңдеу ұйымына шиттi мақтаны сақтауға және (немесе) бастапқы өңдеуге; мақта талшығын және мақта тұқымын сақтауға өткiзген мақта иесi; мақта қолхатында индоссамент жасалған жағдайларда – индоссат.

2. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының міндеттемелерін өтеу тәртібі

      3. Кепілді жағдай туындаған кезде өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілік көтеретін қор мақта қолхатын ұстаушыға осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарына сәйкес есептелген қорға қатысушы бермеген мақтаның құнын ақшалай төлейді.

      4. Қор кепілдігінің қолданылу мерзімі мақта қолхатында көрсетіледі. Егер мақта қолхатында кепілдік мерзімі көрсетілмесе, онда кепілдіктің қолданылу мерзімі қор мақта қолхатына жазба жасаған күннен бастап он екі айды құрайтын болады.

      5. Осы қорға қатысушылар болып табылмайтын мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерінің орындалуына қор кепілдік бермейді.

      6. Мақта қолхатын ұстаушылар болып табылатын, қордың кепілдігін алған адамдарға қатысушылардың мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін өтеуді қор осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      7. Осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мақта қолхатын ұстаушы кепілді жағдай туындаған кезде қорға кепілді төлемді алу үшін жүгінеді.

      Егер мақта қолхаты бойынша қордың кепілдік берген мерзім бітпеген жағдайда, мақтаны кепілдікке қойылған мақта саудасынан сатып алған мақта иелері немесе олардың уәкілетті өкілі (сенімхат негізінде) төлемді алу үшін қорға жүгіне алады.

      8. Кепілді төлемді алу үшін қорға:

      1) кепілді төлемді алу туралы талаппен еркін нысандағы өтініш;

      2) мақта қолхатының немесе сауда-саттық нәтижелері туралы құжаттың және кепіл куәлігінің көшірмелері.

      Қор талаптарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда жоғарыда көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады;

      3) мақта қолхатын ұстаушының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішінің (шағымының) көшірмесі және осы өтініш (шағым) бойынша қатысушыны тексеру нәтижелері бойынша мақта саласындағы мемлекеттік инспектор толтырған актінің көшірмесі. Осы тармақшада көрсетілген құжаттар қатысушыға уақытша басқаруды енгізген кезде берілмейді;

      4) егер мақта қолхатын ұстаушы жеке тұлға болып табылса – жеке куәлiгiнiң (паспортының) көшiрмесi, ал егер заңды тұлға болып табылса – мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң* немесе анықтаманың көшiрмесi ұсынылады.

      Ескертпе: * "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.

      9. Қор 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде мақта қолхатын ұстаушының талабын қарайды және оны қанағаттандыру не одан бас тарту туралы шешім шығарады. Қатысушыны уақытша басқаруды енгізген кезеңде мақта қолхатын ұстаушының талабын қарау кезінде қанағаттандыру не бас тарту туралы шешімді қор сақтаулы мақтаға уақытша әкімшілік түгендеу жүргізгеннен кейін шығарады. Талаптарды қарауға кепілді жағдайдың туындауына жол берген қатысушы тартылады.

      10. Қор кепілді төлемді жүзеге асыру туралы талапты қанағаттандырудан:

      1) кепілді жағдай туындамаған;

      2) кепілді жағдайдың болуы еңсерілмес күштен туындаған жағдайда;

      3) мақта қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру және қатысушыдан берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі болған;

      4) мақта қолхатын ұстаушы қордың мақта қолхаты бойынша міндеттемелерді орындауы жөніндегі кепілдігінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін жүгінген;

      5) егер талапты қарау мерзімі ішінде қатысушы мақта қолхаты (кепілдік немесе қоймалық куәліктер) бойынша өз міндеттемелерін орындаған;

      6) мақта қолхатында жазба жасалған күн, лауазымды адамның қолы және қордың мөртабаны көрсетіліп, қордың осы мақта қолхатына кепілдік беруі туралы мәліметтер қамтылған жазба болмаған;

      7) кепіл туралы мәліметі жоқ мақта қолхатының тек қоймалық куәлігін ғана көрсеткен жағдайларда бас тартады.

      11. Қатысушыдан берешекті өндіріп алу мақсатында мақта қолхаттарын ұстаушылардың сотқа жүгінуі сот шешімі шыққанға дейін кепілді төлемді жүзеге асыру туралы талаптарды қарауды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. Мақта қолхаттарын ұстаушылар мақта қолхатын ұстаушының талабынан бас тартқаны туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін кепілді төлемді алу үшін қорға жүгіне алады.

      12. Міндеттемелердің орындалмауына жол берген қатысушыны уақытша басқаруды енгізу, қатысушыны қайта ұйымдастыру, қатысушыны мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінен шығарып тастау қордың мақта қолхатын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандырудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.

      13. Қор мақта қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда қор шешім шығарылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде мақта қолхатын ұстаушыға кепілді төлемді жүргізеді.

      14. Кепілді төлем мөлшерімен келіспеген жағдайда мақта қолхатын ұстаушы қордың шешіміне шағым жасау үшін сотқа жүгінеді.

      15. Мақта қолхатын ұстаушыға қатысушы мақта қолхатын көрсеткенде бермеген мақта көлемінің ғана құны қайтарылады.

      16. Қор жыл сайын өз кепілдіктері қолданылуының бүкіл кезеңіне мақтаға арналған бағалар кестесін бекітеді, сол бойынша кепілді төлемдер жүргізіледі. Қор бағалар кестесіне өзгерістер енгізе алады, бірақ бұрын берілген кепілдіктерге қордың кепілдік беру сәтінде қолданыста болған бағалар кестесі бойынша есептік баға қолданылады. Бағалар кестесін қор мақта нарығында қалыптасқан бағаларды ескере отырып бекітеді және халықаралық мақта биржаларының ресми жарияланған баға белгілеулері назарға алынуы мүмкін.

      17. Кепілді төлем мақта қолхатын ұстаушыға берілмеген мақта көлемінің көрсеткіштері мен қор бекіткен бағалар кестесі бойынша бір тонна мақта құнының туындысы ретінде айқындалады.

      18. Мақта қолхатын ұстаушының қатысушы алдында мақтаны сақтау бойынша берешегі болған жағдайларда кепілді төлемнен мақтаны сақтау бойынша берешектің сомасы шегеріледі.

      19. Кепілді төлем теңгемен жүзеге асырылады. Кепілді төлем қор мен мақта қолхатын ұстаушының өзара келісімі бойынша мақтамен жүзеге асырылуы мүмкін.

      20. Қор мақта қолхатын ұстаушыға кепілдік төлемді жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерін орындағаннан кейін соңғысы оған тапсыру жазбасын жазу арқылы оны дереу қордың пайдасына қорға береді.

      21. Мақта иесі кепілдікке қойылған мақта саудасының нәтижелері туралы құжаттар бойынша сауда нәтижелері бойынша тұтынушының құқықтарын беру арқылы қорға мақтаға меншік құқығын береді және қор қатысушыға кредит беруші құқығына ие болады.