Астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 28 шілдедегі № 4-1/699 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 қыркүйекте № 12016 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Астық туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ауыл шаруашылығы министрінің
      міндетін атқарушы                          С. Омаров

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ___________ Е. Досаев
      2015 жылғы 5 тамыз

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушы     
2015 жылғы 28 шілдедегі 
№ 4-1/699 бұйрығымен   
бекітілген       

Астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімін
жүргізу қағидаларын бекiту туралы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Астық туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) астық қолхатын ұстаушы – астық иесi, астық қолхатымен индоссамент жасаған жағдайларда - индоссат;
      2) астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – белгілі бір уақытта астық қолхаттарын ұстаушыларды сәйкестендіруді, астық қолхаттарымен жасалған мәмілелерді тіркеуді, олар бойынша құқықтардың айналымына немесе жүзеге асырылуына шектеулердің сипатын тіркеуді қамтамасыз ететін, астық қолхаттары мен олардың иелері туралы мәліметтердің жиынтығы;
      3) астық қолхаттарының мемлекеттік электрондық тізілімінің әкімшісі (бұдан әрі – Тізілім әкімшісі) – Тізілімнің жұмыс істеуін, оған техникалық, технологиялық қызмет көрсетуді, ресми жазбалардың сақталуы мен құпиялылығын, Тізілімге рұқсатсыз қол жеткізуден және оны бұзудан қорғауды, тіркеушілерді техникалық оқытуды қамтамасыз ететін, Тізіліммен жұмыс істеу бойынша тиісті консультациялық қызметтер көрсететін және Тізілімнің бірыңғай базасының құрылымына толық, тікелей қолжетімділігі бар заңды тұлға;
      4) тіркеуші – электрондық астық қолхаттарының мемлекеттік тізілімінің әкімшісімен жасалған шартқа сәйкес электрондық астық қолхаттарының мемлекеттік тізілімінде жазбаларды тіркеуді жүргізетін, электрондық астық қолхаттарын ұстаушылардан (олар уәкілеттік берген адамдар) сұранымдарды қабылдайтын және оларға электрондық астық қолхаттарының мемлекеттік тізілімінен үзінді-көшірмелер беретін астық қабылдау кәсіпорыны.
      3. Астық өндіруге, сақтауға, қайта өңдеуге, өткізуге және тасымалдауға қатысатын барлық заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, микрокредиттік ұйымдар және сақтандыру ұйымдары Тізілімнің қолданушылары болып табылады.

2. Тізілімді жүргізу тәртібі

      4. Тізілімде жұмыс істеу үшін htps://www.e-grain.kz интернет-ресурсына кіру арқылы тіркелу және Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландыру орталығынан алынған электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған тіркеу нысанын толтыру қажет.
      5. Тізілімде тіркеу мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) www.pki.gоv.kz интернет-ресурсына кіру арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландыру орталығына ЭЦҚ алуға өтінім беру үшін қажетті бағдарламлық қамтамсыз етуді орнату;
      2) ЭЦҚ алу және Тізілімнің htps://www.e-grain.kz интернет ресурсына тіркелу.
      6. Тізілімге өзгерістер енгізуді Тізілім әкімшісі жүзеге асырады.
      7. Тізілімге өзгерістер енгізу үшін астық қолхатын ұстаушы Тізілімге өзгеріс енгізуге арналған өтінішпен тіркеушіге жүгінеді.
      8. Тіркеуші өтініштегі деректердің дұрыс толтырылғанын тексереді және үш жұмыс күні ішінде Тізілім әкімшісіне Тізілімге өзгерістер енгізуге арналған өтінішті жібереді. Тізілім әкімшісі осы сұранымның негізінде Тізілімге қажетті өзгерістер енгізеді. Бұл ретте Тізілімде автоматты түрде тіркеуші мен астық қолхатын ұстаушыға енгізілген өзгерістер туралы хабарлама қалыптастырылады, ол тіркелу кезінде көрсетілген электрондық мекенжайларға түседі.
      9. Тіркеушінің кінәсінен берілген қағаз түріндегі астық қолхаттарында қателер табылған жағдайда тіркеуші қате табылған сәттен бастап Тізілім әкімшісіне астық қабылдау кәсіпорынның бірінші басшысының ЭЦҚ-сымен қол қойылған сұраным жібереді. Тізілім әкімшісі осы сұранымның негізінде үш жұмыс күні ішінде Тізілімде қажетті өзгерістерді енгізеді. Бұл ретте, Тізілімде автоматты түрде тіркеуші мен астық қолхатын ұстаушыға енгізілген өзгерістер туралы хабарлама қалыптастырылады, ол тіркелу кезінде көрсетілген электрондық мекенжайларға түседі.
      10. Тізілім әкімшісі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Тізілімге техникалық және технологиялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді;
      2) Тізілімге рұқсатсыз қол жеткізуден және оны бұзудан қорғауды қамтамасыз етеді;
      3) тіркеушілерді техникалық оқытуды қамтамасыз етеді;
      4) Тізілімде жұмыс істеу бойынша консультациялық қызметті қамтамасыз етеді;
      5) тіркеушінің кінәсінен берілген астық және электрондық астық қолхаттарында қателіктер анықталған жағдайда Тізілімге өзгерістер енгізеді;
      6) ресми электрондық жазбаларды және олардың құпиялылығын сақталуды қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сұрату бойынша Тізілімде тіркелген астық қолхаттары туралы ақпаратты береді;
      8) жүргізілген операциялар туралы ресми жазбалар жасайды;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен көзделген өзге де операцияларды жасайды.
      11. Көп деңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз ету аппараттық-техникалық деңгейде де, пайдаланылатын қосымша деңгейінде де қабылданатын мынадай шаралардан тұрады:
      1) Тізілімді пайдаланушыларды сәйкестендіру жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі негізінде және ЭЦҚ көмегімен жүзеге асырылады;
      2) Тізілімдегі операцияларға қолжетімділік Тізілімде жазбаларды құру, көру, редакциялау, жою және есептер жасау операцияларына қол жеткізудің конфигурацияланған жүйелері негізінде жүргізіледі. Тізілім пайдаланушылар тобы үшін де, жеке пайдалану үшін де бапталады. Бұл ретте Тізілімнің барлық пайдаланушылары жеке ЭЦҚ-ны пайдаланғаны және сақтағаны үшін жауапкершілікте болады;
      3) жіберілетін деректерді қорғау оларды шифрлау және қауіпсіз байланыс каналдарымен жіберу арқылы ұйымдастырылады;
      4) деректерді қорғау көп деңгейлі қауіпсіздік жүйелерін құру арқылы қамтамасыз етіледі, ол мыналарды:
      деректерді ұдайы сақтаудың архитектурасын іске асыруды;
      негізгі және резервтік серверлік алаңдарды ұйымдастыру арқылы серверлер жұмысының істен шығуға қарсы тұруын;
      қажетті техникалық инфрақұрылымның болуын (ауа жылытқыш, желдеткіш, ауаны баптау, үздіксіз электр мен қоректендіруді) қамтиды.