«Астық туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
___________ Е. Досаев
2015 жылғы 3 шілде
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 24 шілдедегі
№ 4-1/564 бұйрығымен
бекітілген
Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Астық туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) астық қабылдау кәсіпорны - астық сақтау жүзеге асырылатын меншік құқығында астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пункті) бар заңды тұлға;
2) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару (бұдан әрі - уақытша басқару) - астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында оларға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;
3) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры - астық қабылдау кәсіпорындарының өздері берген астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
4) астық қолхаты - астық иесінен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсіпорны беретін қоймалық қосарлы куәлік;
5) астық қолхатын ұстаушы - астық иесі, астық қолхатымен индоссамент жасаған жағдайларда - индоссат;
6) уақытша басқару жөніндегі комиссия – уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, астық қабылдау кәсіпорнының, сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың, астық қабылдау кәсіпорны қатысуға шарт жасаған астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) өкілдерін қамтитын алқалы орган;
7) уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде астық нарығын реттеу саласындағы бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствосы.
3. Уақытша басқару жөніндегі комиссия және уақытша әкімшілік уақытша басқаруды жүргізу кезеңінде астық қабылдау кәсіпорнында технологиялық операциялардың толық циклын өткізуді және астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.
4. Уақытша басқаруды жүргізу кезінде облыстың жергілікті атқарушы органы осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерден аспайтын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қажетті шараларды қолдануды қамтамасыз етеді.
5. Астық қабылдау кәсіпорындарына уақытша басқару мынадай фактілердің бірі анықталған кезде сот шешімімен енгізіледі:
1) астық сақтау жөніндегі шартты міндеттемелердің үнемі тиісінше орындалмауы;
2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етілген астық мөлшерінің астық қабылдау кәсіпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерінен асып кетуі.
2. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі
6. Облыстың жергілікті атқарушы органы уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болатын фактілер анықталған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде:
1) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу туралы сотқа арыз береді;
2) астық қабылдау кәсіпорнына, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) және сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәріне үш жұмыс күні ішінде уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жолдайды.
7. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жеке және заңды тұлғалар кандидатура ұсынбаған не олар ұсынудан бас тартқан жағдайда облыстың жергілікті атқарушы органы уақытша басқару жөніндегі комиссияны дербес қалыптастырады.
8. Уақытша басқару жөніндегі комиссия соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі заңды күшіне енген* күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:
1) уақытша басқару жөніндегі комиссия төрағасының кандидатурасын айқындайды;
2) астық қабылдау кәсіпорнына қызмет етуші банктің мекенжайына астық қабылдау кәсіпорнының шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жібереді.
9. Облыстың жергілікті атқарушы органы соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі заңды күшіне енген* күннен бастап үш жұмыс күні ішінде астық қабылдау кәсіпорнының қаражаты есебінен республикалық, облыстық маңызы бар кемінде екі газетте мемлекеттік және орыс тілінде:
1) уақытша басқаруды енгізу туралы;
2) астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысында астық қолхаттарын ұстаушылардың қатысу құқығы туралы хабарламаны жариялайды.
10. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшіліктің құрамына өкілдерді сайлау үшін астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкімшіліктің құрамын бекітеді.
11. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
1) астық қабылдау кәсіпорнын басқару жөніндегі барлық өкілеттік уақытша әкімшілікке көшеді;
2) құрылтайшылардың (акционерлердің) астық қабылдау кәсіпорынын басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) астық қабылдау кәсіпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерінің өкілеттігі тоқтатыла тұрады;
4) уақытша әкімшілікке айтпай және оның жазбаша келісімінсіз астық қабылдау кәсіпорнының атынан және соның есебінен жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылады.
12. Уақытша әкiмшiлiк:
1) Заңмен айқындалған құзыреті шегінде астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша өз бетiмен шешiмдер қабылдайды;
2) астық қолхаттарында көрсетiлген астық көлемiнiң жиырма пайызына дейiнгi мөлшерiнде солардан туындайтын барлық талаптардың қанағаттандырылуын уақытша басқару кезеңiне тоқтата тұрады;
3) астық қабылдау кәсiпорнының ол берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттарды жасасады және құжаттарға қол қояды;
4) астық қабылдау кәсiпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, оның iшiнде сотта да жүзеге асырады;
5) астық қабылдау кәсiпорны астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қояды;
6) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартады;
7) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiне құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады.
13. Мөрлер, мөртабандар, бланктер, құнды заттар, үй-жайлардың, сейфтердің кілттері, астық қабылдау кәсіпорнының құжаттамасы, құрылтайшылық, құқық белгілеуші және тіркеу құжаттарының түпнұсқалары соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі заңды күшіне енген* күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде уақытша әкімшілікке еркін нысандағы қабылдап алу-беру актісіне сәйкес беріледі.
14. Балансқа енгізілген немесе енгізілмеген уақытша басқару режиміндегі астық қабылдау кәсіпорнының барлық мүлкі соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі заңды күшіне енген* күннен бастап күнтізбелік үш күн өткен соң түгендеуге жатады. Балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіледі және кейін балансқа енгізілуге жатады.
15. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның құзыретіне:
1) уақытша әкімшіліктің мүшелерін қызметке тағайындау (қызметтен босату);
2) уақытша әкімшіліктің қызмет нәтижелері туралы есебін бекіту;
3) уақытша әкімшіліктің қызметін бақылау кіреді.
Ескертпе: * егер соттың шешімі дереу орындауға жатса, онда көрсетілген мерзім соттың шешімі қабылдаған күннен бастап есептеледі.
3. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның және уақытша
әкімшіліктің жұмыс тәртібі
16. Уақытша басқару жөніндегі комиссия жалпы дауыс санының кемінде үштен екісіне ие өкілдер қатысқан кезде шешім қабылдайды.
17. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның отырысы қажет болғанда жүргізіледі.
18. Уақытша әкімшілік қызметінің негізгі бағыттары туралы уақытша басқару жөніндегі комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы мен мүшелері қол қояды.
19. Егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорлардың) қатысушысы болмаған жағдайда уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары шешім қабылдаған кезде Заңның 30-бабының 4-тармағына сәйкес бөлінеді.
Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) қатысқан жағдайда уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары шешім қабылдаған кезде Заңның 30-бабының 5-тармағына сәйкес бөлінеді.
4. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі
20. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:
1) соттың шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы;
2) уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы соттың шешім қабылдауы.
Уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау негіздерінің бірі мыналар:
1) астық қабылдау кәсіпорнының берілген астық қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілеттілігін қалпына келтіру;
2) уақытша басқару кезеңінде басқа астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын тиісінше орындауға әсер ететін мән-жайлар болмаған кезде астық қолхаттарын ұстаушылардың барлық мәлімделген талаптарын толық көлемде қанағаттандыру болып табылады.
21. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты аяқтау (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату) сот шешімінің негізінде қабылданған осы астық қабылдау кәсiпорнына қатысты барлық шектеулердiң күшiнің жойылуына әкеп соғады.
22. Егер астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындау қабілетін қалпына келтіруге әкелмеген жағдайда, уақытша әкімшілік:
1) астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына астық қабылдау кәсіпорнын лицензиядан айыру туралы облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына ұсыныс енгізеді;
2) уақытша басқару мерзімі аяқталғанға дейін астық қабылдау кәсіпорнын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз береді.
Астық қабылдау кәсіпорнын мәжбүрлеп тарату туралы талап-арызды қарау кезеңінде уақытша басқару тоқтатылған жағдайда талапкердің барлық құқықтары мен міндеттері уақытша әкімшілік функцияларын жүзеге асыратын адамдарға өтеді.