Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 544 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 шілдеде № 11795 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 80-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 544 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.06.2017 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 80) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелде емделуге жіберу тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалар пациенттер өз бетінше шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге барған жағдайларға қолданылмайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтердің сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Бюджет Кодексінің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселелері бойынша үйлестіруші орган (бұдан әрі – Жұмыс органы);

      3) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) – уәкілетті орган құратын, оның құрамына уәкілетті органның өкілдері, арнайы мамандандықтардың дәрігерлері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері кіретін бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге азматтарды жіберуге арналған комиссия;

      4) республикалық денсаулық сақтау ұйымы – уәкілетті орган қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдары, автономды білім беру ұйымдарының денсаулық сақтау ұйымдары, медициналық білім беру ұйымдары.

2-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселесін шешу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымы жұмыс органының қарауына мынадай құжаттарды енгізеді:

      1) пациенттің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) медициналық ұйым ұсынған, 30 жұмыс күнінен аспайтын жүргізілген барлық зерттеулердің және консультациялардың нәтижелерін қамтитын сырқатнамадан үзінді;

      3) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының республикалық денсаулық сақтау ұйымдарынан ұсыным.

      Шетелдік медициналық ұйымдардың ресми басылымдарында жарияланатын сапа көрсеткіштерімен есептердің негізінде Жұмыс органы шетелдік медициналық ұйымдардың тізбесін бекітеді.

      Жұмыс органы республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу туралы қолдаухаты түскеннен бастап бір жұмыс күні ішінде шетелде емделуге үміткер пациенттердің мәліметін тізбеге енгізеді.

      Жұмыс органы Комиссияға осы тармақта көрсетілген 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттар тізбесін ұсынады.

      Комиссия құрамы Комиссия мүшелерінің тақ санынан, комиссия төрағасынан, төрағаның орынбасарынан және оның мүшелерінен тұрады. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      Комиссияға уәкілетті органның мамандары, мамандандырылған дәрігерлер, мемлекеттік емес ұйымдар мүшелері кіреді. Комиссия мүшелері өздерінің қызметтеріне алмастыру құқығынсыз қатысады. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызметке және оның шығаратын шешімдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауапты болады.

      Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледі.

      Комиссияның төрағасы кезекті отырысты тағайындайды, қажет болған кезде, емдеуді жалғастыру және шұғыл жағдайларда кезектен тыс отырысты тағайындайды.

      4. Комиссия мынадай сұрақтар бойынша шешім қабылдайды:

      бағалық ұсынысты және емделу әдісін ескере отырып бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге шетелдік медициналық ұйымды таңдау туралы;

      шетелдік мамандарды тарта отырып, шетелде емделуге үміткер пациентке отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу туралы;

      шетелдік мамандарды тарта отырып, мастер-класс нысанында шетелде емделуге үміткер пациентке отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізуді ем алудан бас тарту туралы.

      5. Комиссияның пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу (жіберуден бас тарту), шетелдік медициналық ұйымды таңдау жөніндегі, шетелде емделуге үміткер пациентке емдеу жүргізу жөніндегі шешімі комиссия отырысының хаттамасымен еркін нысанда ресімделеді.

      Отырыстың хаттамасы жұмыс органына электрондық пошта (сканерленген түрі) және курьер арқылы комиссия отырысы хаттамасының түпнұсқасын, өткізген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      6. Жұмыс органы азаматтарды шетелге емделуге жіберудің орындылығы туралы қорытындыны шығару үшін:

      1) осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген республикалық денсаулық сақтау ұйымы ұсынған құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде, қарайды;

      2) ұсынымды алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жұмыс органының тізіміне енгізілген шетелдік медициналық ұйымдардан пациентті емдеу бағдарламасын және оны көрсетуге жұмсалатын шығыстардың калькуляциясын (бұдан әрі – бағалық ұсыныс) сұратады;

      3) елге оралғаннан кейін науқасты қадағалап қарауды қоса алғанда шетелдік клиникаларда науқастарды қадағалап қарау бағдарламаларын пысықтауға шетелге емделуді ұсынған медициналық ұйымдардың дәрігерлерін тартады;

      4) шетелдік медициналық ұйымдардың мамандары пациенттің жағдайы туралы қосымша ақпарат сұратқан жағдайда сұрату түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарында жүргізілген зерттеулердің қажетті қорытындыларын ұсынумен шетелдік медициналық ұйымдармен телемедициналық консультациялар өткізеді;

      5) жұмыс органы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша пациентті бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарда емдеуге жіберудің орындылығы туралы қолдаухатты, пациентті бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберудің орындылығы туралы қорытындыны республикалық медициналық ұйымнан алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде комиссияға ұсынады.

      7. Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу:

      1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберетін аурулардың тізбесіне;

      2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберетін жекелеген санаттарының тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Жұмыс органы пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу туралы комиссияның хаттамалық шешімінің негізінде комиссия отырысының хаттамасына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шетелдік медициналық ұйыммен Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық қызметті ұсынуға шарт жасайды.

      9. Жұмыс органы шетелдік медициналық ұйымның бағалық ұсынысына сәйкес емделуге, жүріп-тұруына арналған пациенттің және оны алып жүретін адамның (бөгде күтімді қажет ететін балалар және (немесе) адамдар) шығыстарын төлейді.

      Жұмыс органы шарт жасасқан күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде шетелдік медициналық ұйымға пациентті шетелде емдеу бойынша шарттың жалпы сомасынан 50%-ға дейінгі мөлшерде аванс төлейді.

      Түпкілікті ақы төлеу шетелдік медициналық ұйым атқарылған жұмыстардың қорытынды актісін (еркін нысанда) ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      Ұзақ мерзімді емделу кезінде жұмыс органы атқарылған жұмыстардың аралық актісі бойынша төлем жасайды.

      10. Пациентті шетелдік медициналық ұйымға ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) транспланттауға жіберу, сондай-ақ кезең-кезеңмен араласуды талап ететін операциялар кезінде кезең-кезеңмен емдеу көзделген.

      Кезең-кезеңмен емдеу кезінде пациенттің, сондай-ақ оны алып жүруші адамның жол жүруіне төлеуді жұмыс органы жүзеге асырады және комиссияның шешімі бойынша жүргізіледі.

      Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) транспланттау кезінде, сондай-ақ кезең-кезеңмен араласуды талап ететін операциялар кезінде емдеудің әрбір кезеңіне жұмыс органы шетелдік медициналық ұйыммен жеке келісім жасасады.

      11. Шетелдік медициналық ұйыммен жасасқан шарттың қолданылу мерзімі емдеу әдістері мен ұзақтығына қарай бір жылға белгіленеді.

      12. Шетелдік медициналық ұйым жұмыс органына пациенттің шетелде болған кезінде емдеуді жалғастыру қажеттігі туралы ұсынымын ұсынуы кезінде Жұмыс органы шетелдік медициналық ұйым ұсынған медициналық құжаттарды комиссияның қарауына ұсынады. Жұмыс органы шетелдік медициналық ұйымға комиссия қабылдаған шешім туралы оны қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      13. Жұмыс органы Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберуді ұйымдастыру бойынша тиімділікті бағалау үшін есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-не дейін, тоқсанына 1 рет нәтижелерін кейіннен уәкілетті органға ұсына отырып, шетелдік медициналық ұйымдарға жіберілген емделіп шыққан пациенттердің нәтижелеріне мониторинг жүргізеді.

  Қазақстан Республикасының
азаматтарын бюджет қаражаты
есебінен шетелге емделуге
жіберу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының пациентті шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу туралы ұсынысы

Пациенттің деректері

1.

Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)


2.

Туған жылы


3.

Мекен-жайы


4.

Толық клиникалық диагнозы


5.

Қосалқы диагнозы


6.

Ұсынылатын ем (нақты манипуляцияны көрсету)


7.

Пациентті шетелге емделуге жіберу қажеттілігі туралы шешім

1. Қажет етеді
2. Қажет етпейді
(керегінің асты сызылсын)

8.

Көрсетілген технология Қазақстан Республикасындағы бірде бір медициналық ұйымда жасалмайтыны туралы растау


9.

Емнен күтілетін нәтижесі


10.

Ағзаларды және тіндерді транспланттауға, донорлардың болуы/болмауы туралы мәлімет қоса беріледі

1. Типтеу деректері (қоса беріледі) – ия/жоқ
2. Туыстық донорлардың жоқтығын растайтын деректер (қоса беріледі) – ия/жоқ
3. Елде туыстық донорлардың жоқтығын растайтын деректер (қоса беріледі) – ия/жоқ
4. Халықаралық тіркелімдердегі алдын ала іздестіру деректері (қоса беріледі) – ия/жоқ

11.

Қорытындының толтырылған күні


      Осы қорытындыға қол қоя отырып, медициналық ұйымының басшысы ұсынылған деректердің нақтылығына жауапты болады.

      Республикалық денсаулық сақтау ұйымының басшысы

      /____________/__/_____________/

      (қолы) МО (Т.А.Ә.(болған жағдайда))

  Қазақстан Республикасының
азаматтарын бюджет қаражаты
есебінен шетелге емделуге
жіберу қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Пациентті бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберудің орындылығы туралы жұмыс органының ұсынысы


Пациент туралы деректер

Ескертпе

1

2

3

1

Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)


2

Туған жылы


3

Мекенжайы


4

Клиникалық диагнозы


5

Қосалқы диагнозы


6

Жасалған ем


7

Жүргізілген зертханалық-диагностикалық зерттеулер


8

Консилиум қорытындысы және шетелдік клиника ұсыныстарының негізінде пациентті шетелге емделуге жіберу қажеттілігі туралы шешім

1.Қажет етеді
2.Қажет етпейді
(керегінің асты сызылсын)

9

Шетелде ұсынылған медициналық орталықтар (ел)

1.
2.
3.

10

Шетелдік медициналық орталықтарда емделу құны

1.
2.
3.

11

Калькуляциясымен емделу бағдарламасы (қоса берілді)


12

Алып жүруді қажет етеді (себебін көрсету)


13

Бағыттың басымдылығы


14

Емдеуге жатқызуға жіберу мерзімдері


15

Ескертпе


      Жұмыс органының басшысы

      /____________/__/_____________/

      (қолы) МО (Т.А.Ә.(болған жағдайда))

  Қазақстан Республикасының
азаматтарын бюджет қаражаты
есебінен шетелге емделуге
жіберу қағидаларына
3-қосымша

Қазақстан Республикасының азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесі

      1. Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері.

      2. Эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артериялық-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер.

      3. Трансоралдық алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері.

      4. Радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері.

      5. Кератопротездеу.

      6. Ересектер мен балалардың сүйек кемігін аутологиялық және туысқандық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіндердің бөліктерін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар.

      7. Өңеш стеноздары.

      8. Трахея стеноздары.

  Қазақстан Республикасының
азаматтарын бюджет қаражаты
есебінен шетелге емделуге
жіберу қағидаларына
4-қосымша

Қазақстан Республикасы азаматтары бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін жекелеген санаттарының тізбесі

      1. Көрсетілімдері болған және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 18 жасқа дейінгі балалар.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерді атқару кезінде ауыр жарақат алған және мертіккен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері.