Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның тәуекелдерді басқару жүйесінің болуына қойылатын талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 24 тамыздағы № 276 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 55 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 шілдеде № 11749 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 318 қаулысымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.12.2018 № 318 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның тәуекелдерді басқару жүйесінің болуына қойылатын талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 24 тамыздағы № 276 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7993 тіркелген, 2012 жылғы 27 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 852-856 (27927) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      осы қаулымен бекітілген Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның тәуекелдерді басқару жүйесінің болуына қойылатын талаптарда:

      1-тармақта:

      3) және 8) тармақшалар алынып тасталсын;

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) нарықтық тәуекел - нарықтық пайыздық мөлшерлеменің, шетел валюталары бағамдарының, қаржы құралдарының, тауарлардың нарықтық құнының тиімсіз өзгеруіне байланысты қаржылық шығындар туындау ықтималдығы;";

      19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) тәуекелдерді басқару жүйесі - бірыңғай тіркеушінің үздіксіз қызметін және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оның тәуекелдерін уақтылы анықтау, бағалау, бақылау және мониторингілеу мақсатында бірыңғай тіркеуші қабылдаған процестердің, рәсімдердің және әдістердің жиынтығы;";

      22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "22) ішкі бақылау жүйесі - бірыңғай тіркеуші:

      бірыңғай тіркеушінің қысқамерзімді және ұзақмерзімді мақсаттарының іске асырылуын қамтамасыз ету;

      тәуекелдерді басқарудың тиімділігін, активтердің сақталуын қамтамасыз етуді қоса, бірыңғай тіркеуші қызметінің операциялық және қаржылық тиімділігін қамтамасыз ету;

      ішкі және сыртқы пайдаланушылар үшін, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік үшін қаржылық, реттеуші және басқа есептіліктің толықтығын, дәйектілігін және уақтылылығын қамтамасыз ету;

      бірыңғай тіркеуші және оның қызметкерлері өзінің міндеттерін орындау барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің және бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарының талаптары орындалуын қамтамасыз ету;

      бірыңғай тіркеуші және оның қызметкерлері қызметіндегі кемшіліктерді уақтылы анықтау және жою;

      бірыңғай тіркеуші және оның қызметкерлерінің заңға қарсы қызметті жүзеге асыруына, оның ішінде алаяқтыққа, теріс пайдалануға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға кірісуіне жол бермеу үшін қабылдаған процестердің, рәсімдердің және әдістердің жиынтығы;";

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Бірыңғай тіркеуші тоқсан сайын есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей уәкілетті органға Талаптардың қосымшасына сәйкес есепті тоқсанға бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару бойынша қызмет туралы ақпаратты ұсынады.

      Бірыңғай тіркеуші тұрақты түрде, бірақ жылына бір реттен кем емес, тәуекелдерді басқару жүйесінің Талаптарға сәйкестігін (сәйкессіздігін) дербес бағалауды жүргізеді.

      Бірыңғай тіркеуші тәуекелдерді басқару жүйесінде кемшіліктерді анықтаған жағдайда уәкілетті органға бірыңғай тіркеушінің директорлар кеңесі бекіткен анықталған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген іс-шаралар жоспарында анықталған кемшіліктер, жөндеуді қажет ететін, оларды жөндеу үшін қажетті іс-шаралар, іс-шаралардың орындалуына жауапты адамдар және нақты мерзімдері туралы ақпараттан тұрады.

      5. Талаптардың 39-1-тармағында көзделген стресс-тестинг жүргізу кезеңділігіне қойылатын талаптарды қоса, бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару саясатында көзделген тәртіпте бірыңғай тіркеуші тәуекелдердің негізгі түрлері бойынша (кредиттік, операциялық, нарықтық және өтімділікті жоғалту тәуекелі) стресс-тестинг жүргізеді.";

      6 және 7-тармақтар алынып тасталсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Бірыңғай тіркеушіде тәуекелдерді басқару жүйесінің болуы бірыңғай тіркеуші қызметінің корпоративтік басқару, бағалы қағаздар нарығында жүзеге асырылатын қызметтің кәсіби түрі шеңберінде операциялар жүргізу тәжірибесінің, активтерді және міндеттемелерді басқару тәжірибесінің болу, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесінің және бірыңғай тіркеуші пайдаланатын ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің жұмыс істеу талаптарына сәйкестігін көздейді.";

      9-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) бірыңғай тіркеуші және оның қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарында белгіленген талаптарын сақтау мониторингі;";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай ішкі құжаттардың:

      1) бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатының;

      2) бірыңғай тіркеушінің меншікті активтерін инвестициялау тәртібінің;

      3) ішкі бақылауды және ішкі аудитті жүзеге асыру рәсімдерінің;

      4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдарға бағытталған рәсімдердің;

      5) бірыңғай тіркеушіде орын алған және әлеуетті мүдделер қақтығысын басқару рәсімдерінің;

      6) бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпияны және инсайдерлік ақпаратты құрайтын және оларды бірыңғай тіркеушінің, оның қызметкерлерінің немесе үшінші тұлғалардың өз мүдделерінде пайдалануға жол бермейтін мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету қағидаларының;

      7) бағалы қағаздарды шығару, орналастыру және айналысқа жіберу бойынша олардың қызметінің тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының талаптарына және бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес келу мәніне эмитенттердің және бағалы қағаздарды ұстаушылардың мониторингі мен бақылаудың тәртібін және талаптардың;

      8) бірыңғай тіркеушінің ақпараттық саясатының;

      9) техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтың;

      10) ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықтың;

      11) эмитенттердің және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылар бұйрықтарының уақтылы орындалмауын және (немесе) орындалмауын, сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне деректердің қате енгізілуін алдын алуға бағытталған рәсімдердің;

      12) қолданыстағы бірыңғай тіркеуші қызметінің операциялық процестерін бақылаудың тиімділігін оңтайландыру бойынша рәсімнің;

      13) бірыңғай тіркеушінің қызметін жүзеге асыру барысында ақпаратты жасау, пайдалану және ашу рәсімдерінің;

      14) резервтік техникалық орталыққа қойылатын талаптардың;

      15) бірыңғай тіркеушінің мұрағат үй-жайына қойылатын талаптардың;

      16) ақпаратты уақытылы және толық көлемде дайындауға және бірыңғай тіркеушінің директорлар кеңесіне беруге жауапты бірыңғай тіркеушінің тұлғаларын, құрылымдық бөлімшелерін, органдарын көрсете отырып, бірыңғай тіркеушінің директорлар кеңесіне бірыңғай тіркеушінің қызметі туралы басқару ақпаратын қалыптастыру критерийінен, құрамынан, жиілігінен және беру нысанынан тұратын директорлар кеңесінің міндеттерін тиімді орындау мақсатында бірыңғай тіркеуші қызметінің барлық бағыттары бойынша толық, дәйекті және уақтылы ақпаратты директорлар кеңесіне тұрақты негізде беруін қамтамасыз ететін басқару ақпарат жүйесінің жұмыс істеу тәртібінің;

      17) бірыңғай тіркеушіге трансфер-агент қызметін көрсететін ұйымдармен өзара іс-әрекет ету талаптары мен тәртібінің;

      18) ақпараттық, ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, бірыңғай тіркеушінің бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуіне аудит жүргізу тәртібінің болуын көздейді.

      11. Бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару жөніндегі саясаты мыналарды:

      1) тәуекелдерді басқару жөніндегі бірыңғай тіркеушінің директорлар кеңесінің, басқармасының, бөлімшесінің және тәуекелдерді басқару саласы бойынша басқа бөлімшелердің және филиалдардың өкілеттіктері мен функционалдық міндеттерін, сондай-ақ осы органдардың, бөлімшелердің және филиалдардың арасында ақпарат алмасу тәртібін;

      2) бірыңғай тіркеушінің қызметіне және бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінің жұмыс істеуіне байланысты тәуекелдер көрсеткіштерінің сандық мәндерін анықтау тәртібін қоса алғанда, тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау жөніндегі рәсімдерді, сондай-ақ бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес тәуекелдер көрсеткіштерінің барынша жоғары шекті мәндерін анықтау жөніндегі рәсімдерді;

      3) стресс-тестинг әдіснамасын қоса алғанда, кредит тәуекелінің, операция тәуекелінің, нарық тәуекелінің және өтімділік залалы тәуекелінің стресс-тестингін жүзеге асыру тәртібін;

      4) бірыңғай тіркеушінің, оның филиалдарының қызметі және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесі жұмыс істеу барысында туындайтын тәуекелдерді басқару жөніндегі шараларды;

      5) осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген рәсімдердің тиімділігі, бірыңғай тіркеушінің тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндерін бағалау және тәуекелдерді басқару жөніндегі шаралардың барабарлығы мониторингінің тетігін;

      6) осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген рәсімдерге және осы тармақтың 4) тармақшасында белгіленген шараларға сәйкес келмеген жағдайда қабылданатын шаралар тиімділігі мониторингінің тетігін;

      7) сәйкестендiрiлген (анықталған) тәуекелдердiң мониторингi, бағалау және бақылау бойынша рәсiмдердi, оның iшiнде:

      бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшесі бірыңғай тіркеушінің және оның филиалдарының басқа бөлімшелерімен бірлесе отырып, тәуекелдер мониторингі және сәйкестендіру бойынша қабылдайтын шараларын;

      тәуекелдердің туындау жиілігін бағалау, осы тәуекелдер ықпал еткен кейіннен деңгейлеуді және тәуекелдер көрсеткіштерінің барынша жоғары шекті мәндерін белгілеуді қоса алғанда, бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшесі жүзеге асыратын тәуекелдерді бағалауды;

      тәуекелдер көрсеткіштері мәндерінің және тәуекелдер көрсеткіштерінің ең жоғары жол берілетін мәндерінің өзгеру, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштері мәндерінің тәуекелдер көрсеткіштерінің ең жоғары жол берілетін мәндеріне сәйкес келмеген жағдайда тәуекелдерді азайту мақсатында қабылданатын шаралар мониторингі қамтылатын бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшесі жүргізетін тәуекелдер мониторингін;

      зиян келтіретiн және (немесе) бірыңғай тіркеушінің бедел және құқықтық тәуекелдерiне ықпал ететін кез келген елеулі жағдайлар туралы есептiлікті директорлар кеңесiне дереу беру тетігін айқындайды.";

      19-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 27 тамыздағы № 167 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9803 тіркелген) бекітілген Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың 89-тармағында көрсетілген жағдайларда орындаудан бас тарту үшін негіздемелердің болуына эмитенттердің және (немесе) бағалы қағаздарды ұстаушылардың ұсынылатын бұйрықтарын тексеру тәртібін;";

      мынадай редакциядағы 26-1-тармақпен толықтырылсын:

      "26-1. Бірыңғай тіркеушінің мынадай талаптарға сәйкес келетін мұрағат құжаттарын сақтауды қамтамасыз етуге арналған үй-жайлары болады:

      1) бірыңғай тіркеушінің бас офисіндегі жеке үй-жай мұрағат құжаттарын сақтауға бейімделген;

      2) құжаттарды сақтауға арналған мұрағат сақтау орнында құжаттарды сақтаудың нормативтік талаптары мен параметрлерін: сақтаудың температуралық-ылғалдылық, жарық, санитарлық-гигиеналық, күзет режимдерінің жасалуы және сақталуы қамтамасыз етіледі;

      3) мұрағат қызметкерлерінің жұмыс бөлмелері және бірыңғай тіркеуші қызметкерлерінің үй-жайлары мұрағат сақтау орнынан оқшауланған;

      4) мұрағат сақтау орны химиялық заттарды, тағам өнімдерін сақтауға және қолдануға байланысты зертханалық, өндірістік және қойма үй-жайларынан алшақ орналасады және олармен ортақ желдеткіш арналары болмайды;

      5) мұрағат сақтау орны өрт шығу қауіпсіздігімен қамтамасыз етіледі, өрт сөндіру дабылымен жабдықталады және су баспауына кепілдік берiледi. Жалпы және әр қабаттағы ажыратқыштар мұрағат сақтау орнынан тыс орналастырылады. Мұрағат сақтау орнында газ, су жүргізетін, канализациялық және өзге де магистралды құбырлар орналастырылмайды;

      6) мұрағат сақтау орны күзет дабылымен жабдықталады;

      7) мұрағат сақтау орны стационарлық немесе жылжымалы металл стеллаждарымен жабдықталады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Бірыңғай тіркеушінің филиалдарында мұрағат құжаттарын қауіпсіз орналастыру үшін техникалық үй-жайлары бар.

      Негізінде бірыңғай тіркеушінің филиалдары бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне енгізетін құжаттар бірыңғай тіркеушінің деректер базасында кейіннен сақтау үшін бірыңғай тіркеушіге электрондық нысанда сканерленуге және жіберілуге тиіс.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Бірыңғай тіркеуші өз қызметiнде тәуекелдердiң мынадай түрлерiн:

      1) операция тәуекелдерін;

      2) құқықтық тәуекелдердi;

      3) бедел тәуекелдерін;

      4) нарық тәуекелдерін;

      5) кредит тәуекелдерін;

      6) өтiмдiлiкті жоғалту тәуекелдерiн;

      7) бірыңғай тіркеушінің тәуекелдердi басқару жөнiндегi саясатына сай айқындалатын тәуекелдерді басқаруды жүзеге асырады.";

      34-тармақтың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесiн, бірыңғай тіркеуші пайдаланатын ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен технологияны қоса алғанда, бірыңғай тіркеушінiң және оның филиалдарының бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етудiң жұмыс істеуінде қателер мен iркiлiстердiң туындау ықтималдығымен;";

      мынадай редакциядағы 34-1-тармақпен толықтырылсын:

      "34-1. Операциялық тәуекелді басқару кезінде бірыңғай тіркеуші операциялық тәуекелді басқарудың мынадай әдістерін қолданады:

      1) тәуекелдің негізгі индикаторларын қолдану;

      2) тәуекелдер картасын қалыптастыру;

      3) шығындар бойынша ішкі деректерді жинауды жүзеге асыру және талдау;

      4) бизнес-процестерді сипаттау (реттеу);

      5) аудиторлық тексерулердің нәтижелерін пайдалану.

      Тәуекелдің негізгі индикаторлары – бірыңғай тіркеушінің тәуекелге ұшырағыштығы дәрежесін сипаттайтын және олардың негізінде бірыңғай тіркеушінің тәуекелдің күрделі деңгейіне жақындау дәрежесі анықталатын және тәуекелді азайту бойынша шаралар қабылданатын сандық көрсеткіштер. Оның ішінде кадрлардың тұрақтамауы, жаңылыс операциялардың жиілігі және күрделілігі, ақпараттық-технологиялық жүйелер іркілісінің ұзақтығы тәуекелдің негізгі индикаторлары болып табылады.

      Тәуекел картасы – осал жақтарын анықтау және тәуекелдерді басқару бойынша кейінгі іс-әрекеттердің басымдығы бойынша жіктеу үшін түрлі бизнес-процестерге және (немесе) бірыңғай тіркеушінің құрылымдық бөлімшелеріне тән тәуекелдердің түрлерін және деңгейін сипаттау.

      Шығындар бойынша ішкі деректерді жинау және талдау (шығындар бойынша деректер базасын жүргізу) – операциялық шығындар туралы ақпарат негізінде операциялық тәуекелге ұшырағыштықты және ішкі бақылау тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін процесс. Шығындардың туындау жағдайларын талдау ірі шығындардың себептері туралы ұғымды және бақылау жүйесіндегі іркілістердің эпизодтық немесе жүйелі болып табылатыны туралы ақпаратты білдіреді.

      Бизнес-процестерді сипаттау (реттеу) – бірыңғай тіркеушінің құрылымдық бөлімшелері бизнес-процестердің негізгі кезеңдерін, қызмет түрлерін, ұйымдық функцияларды анықтайтын процесс. Бизнес-процестерді сипаттау (реттеу) жеке тәуекелдерді, тәуекелдер арасындағы өзара тәуелділікті, тәуекелдерді бақылау мен басқарудың кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік береді.

      Аудиторлық тексерулер нәтижелері операциялық тәуекелді басқарған кезде қосымша ақпарат көзі ретінде пайдаланылады.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Тәуекелдерді басқаруды жүзеге асыратын бөлімше бірыңғай тіркеушінің мүдделі бөлiмшелерiмен бірлесіп, мыналар:

      1) бірыңғай тіркеушінің қызметіне және (немесе) оның ағымдағы жағдайына қатысты мемлекеттік органдардың, бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң, нарық талдаушыларының қарама-қайшы және (немесе) келеңсіз өтiнiштерiнiң;

      2) ресми емес дереккөздерден алынған ақпараттың рөлін күшейту - бірыңғай тіркеуші қызметкерлерiнiң, сол сияқты үшiншi тұлғалардың шындыққа сәйкес келмейтін келеңсіз ақпаратты таратудың;

      3) бірыңғай тіркеуші туралы келеңсіз ақпаратқа бұқаралық ақпарат құралдарына қызығушылықтың өсуінің;

      4) бірыңғай тіркеушінің беделіне келеңсіз ықпал етуге қабілетті факторлардың салдарынан туындайтын бедел тәуекелдерін басқаруды және азайтуды қамтамасыз етеді.";

      мынадай редакциядағы 39-1-тармақпен толықтырылсын:

      "39-1. Тәуекелдерді басқару бойынша бөлімше мүдделі бөлімшелермен бірлесіп мерзімді негізде, бірақ тоқсанына кемінде бір рет стрестік жағдайларды іске асыру салдарынан кредиттік, операциялық, нарықтық тәуекелдердің, өтімділікті жоғалту тәуекелінің және ықтимал күтілетін шығындарды бағалау әлеуетті қауіпінің көздерін анықтау үшін стресс-тестинг жүргізеді.

      Кредиттік, операциялық, нарықтық тәуекелдер және өтiмдiлiктi жоғалту тәуекелі бойынша стресс-тестинг сценарийлерін директорлар кеңесі бекітеді.

      Стресс-тестинг сценарийлерін әзірлеген кезде пайдаланылатын қателерді бірыңғай тіркеуші дербес, оның ішінде тарихи оқиғаларды және деректерді талдау, жалпы экономикалық, нарықтық конъюнктура, бірыңғай тіркеушінің ағымдағы профиль-тәуекелі және болашақ даму жоспарлары негізінде анықтайды.

      Стресс-тестинг мынадай әдістерді пайдалану жолымен жүргізіледі:

      сценарийлік талдау;

      сезімталдықты талдау;

      бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарымен айқындалған өзге де әдістер.

      Сценарийлік талдау ерекше, бірақ ықтимал оқиғасы басталған жағдайда, бірыңғай тіркеушінің қызметіне бірқатар тәуекел факторының әлеуетті бір уақытта әсер етуін бағалауға мүмкіндік береді.

      Сезімталдықты талдау бірыңғай тіркеушінің қаржылық жай-күйіне және қызметінің жекелеген бағыттарына тікелей әсерін, берілген тәуекел факторының өзгеруін бағалайды.

      Сценарийлік талдау әдісін пайдаланған кезде стресс-тестингінің уақытша горизонты кемінде бір жылды құрайды және бір жылға дейін – сезімталдықты талдауды пайдалану кезінде.

      Стресс-тестингті жүзеге асырған кезде шығындардың барынша көп рұқсат етілген мөлшерін анықтау мақсатында бірыңғай тіркеушінің қызметінің барлық бағытына стресс-сценарийлеріне әсерін бағалауды қамтамасыз етіледі.

      Директорлар кеңесі жиі негізде, бір жылда кемінде бір рет стресс-тестинг сценарийлерін, оның ішінде жалпы экономикалық, нарықтық конъюнктура деректерін, бірыңғай тіркеушінің ағымдағы профиль-тәуекелінің өзгеруіне байланысты қайта қарауды жүзеге асырады.";

      44 және 45-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Бірыңғай тіркеушінің тәуекелдердi басқару жөнiндегi бөлiмшесi директорлар кеңесіне және басқармаға кредиттік, операциялық, нарықтық тәуекелдері бойынша және өтімділік залалы тәуекелі бойынша стресс-тестинг нәтижелерін, сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу процесiнiң бұзылуына әкеп соқтырған техникалық iркiлiстер және жағдайлар туралы мәліметтерді ұсынады.

      45. Бірыңғай тіркеушінің басқармасы бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізудің үздіксіз процесiнiң бұзылуына әкеп соққан техникалық iркiлiстер және жағдайлар туралы ақпаратты олар басталған күннен кейiнгi келесі күн iшiнде уәкiлеттi органға беруді қамтамасыз етеді.";

      58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "58. Директорлар кеңесі:

      1) бірыңғай тіркеуші қызметінің барлық аспектілері бойынша ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуін тексеру және объективті бағалау;

      2) ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесінің жағдайына объективті баға, сондай-ақ оларды жетілдіру бойынша ұсынымдар беру арқылы бірдей ішкі бақылау жүйесінің болуын және жұмыс істеуiн қамтамасыз ету бойынша қызметтерін жүзеге асырған кезде туындайтын міндеттерді шешу мақсатында ішкі аудит қызметі құрылады.";

      60, 61 және 62-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметке тартылған бөлімшенің қызметін тексеруді ішкі аудит қызметі кемінде алты айда бір рет кезеңділігімен жүзеге асырады.

      Бірыңғай тіркеуші филиалдарының, сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға тартылмаған бөлімшенің қызметін тексеруді ішкі аудит қызметі кемінде екі жылда бір рет кезеңділігімен және (немесе) негізгі бөлімшелердің жоспарлы тексерулер жүргізу процесінде жүзеге асырады.

      61. Iшкi аудит қызметі директорлар кеңесі бекiтетiн iшкi аудиттің жылдық жоспары мен iшкi аудит бағдарламасын жасайды.

      Ішкі аудиттің жылдық жоспары ішкі аудит қызметін реттейтін бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес тәуекелге бағытталған тәсіл негізінде әзірленеді және ішкі аудит бойынша кезеңге жоспарланатын жұмыс кестесін қамтиды.

      Ішкі аудиттің жылдық жоспары мынадай ақпаратты қамтиды:

      аудит ауқымы;

      ұйымдық және функционалдық бөлімшелерін, аудитке жататын бірыңғай тіркеушінің қызметкерлерінің, процесстерінің ұйымдық және функционалдық бөлімшелерінің анықтамасын қоса алғанда аудитке жататын бағыттары;

      аудитті жүргізу мерзімдері;

      қажетті кадрлық және өзге де ресурстары;

      бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарымен көзделген өзге де мәліметтерді қамтиды.

      Ішкі аудит бағдарламасы әрбір аудиторлық тапсырма үшін әзірленеді және мынадай ақпарат қамтылады:

      мақсаттар мен міндеттер;

      аудит объектілері;

      қажетті ақпарат көздері;

      аудиторлық тапсырманы орындау мерзімдері;

      қажетті ресурстар, оның ішінде аудиторлар құрамы;

      аудиторлық іс-шаралардың тізбесі және аудиторлық тапсырманы іске асыру шеңберінде қарауды талап ететін мәселелер;

      бірыңғай тіркеушінің ішкі құжаттарымен көзделген өзге де мәліметтер.

      62. Мыналар:

      1) iшкi бақылау жүйесiнiң тиiмдiлiгiн тексеру мен бағалау;

      2) бірыңғай тіркеушінің тәуекелдердi бағалау әдiстемесiнiң және тәуекелдерді басқару процессінің қолдану толықтығын және тиiмдiлiгiн тексеру;

      3) ішкі аудит қызметі туралы директорлар кеңесіне арналған есептілікті әзірлеу;

      4) деректер базасының тұтастығы мен оларды рұқсат берiлмеген кiруден қорғауды, күтпеген жағдайларда iс-қимыл жоспарының болуын қоса отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесінің және бірыңғай тіркеуші пайдаланатын ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық жүйелерiнiң жұмыс істеу тиiмдiлiгiн тексеру;

      5) бухгалтерлік есеп жүргізудің және есептілікті жасаудың дәйектілігін, толықтығын, объективтiлiгi мен уақтылығын, сондай-ақ ақпарат пен есептiлiктiң жинақтау мен берудiң сенiмдiлiгiн және уақтылығын тексеру;

      6) сыртқы немесе ішкі аудиторлар анықтаған бухгалтерлік есептегі немесе ішкі аудиттегі кез келген елеулі кемшіліктерге мониторинг жүргізу;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәлiметтер берудің дәйектілігін, толықтығын, объективтiлiгi мен уақтылығын тексеру;

      8) бірыңғай тіркеуші мүлiгiнiң сақталуын қамтамасыз етудiң қолданылатын тәсiлдерiн (әдiстерiн) тексеру;

      9) бірыңғай тіркеуші жасаған операцияларының экономикалық мақсатқа сай екенiн және тиiмдiлiгiн бағалау;

      10) iшкi бақылау процестерi мен рәсiмдерiн тексеру;

      11) деректер базасының тұтастығын және оларды санкция берiлмеген рұқсаттан қорғауды бақылау, штаттық емес жағдайда iс-қимыл жоспарының болуын қоса отырып, бірыңғай тіркеушінің ақпараттық-бағдарламалық кешенінің жұмыс iстеу тиiмдiлiгiн тексеру;

      12) бірыңғай тіркеушінің қызметкерлерiн басқару қызметiнiң жұмысын бағалау;

      13) бірыңғай тіркеуші бөлiмшелерiнiң тексеру нәтижелерi бойынша бірыңғай тіркеушінің бөлiмшелерi, филиалдары мен органдары қабылдаған тәуекелдер деңгейiн төмендетуді қамтамасыз ететін шараларының тиiмдiлiгiне бақылауды жүзеге асыру;

      14) бірыңғай тіркеушінің iшкi құжаттарымен iшкi аудит қызметiнiң құзыретіне жатқызылған мәселелерді қарау iшкi аудит қызметiнiң негiзгi функциялары болып табылады.";

      65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "65. Бірыңғай тіркеушінің басқармасы ішкі аудиттің нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды және кемшіліктерді уақтылы және сапалы жоюды, сондай-ақ ішкі аудит қызметінің ұсынымдарын орындауды қамтамасыз етеді және олардың нәтижелері бойынша директорлар кеңесінің алдында есеп береді.";

      Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның тәуекелдерді басқару жүйесінің болуына қойылатын талаптарына қосымша осы қаулының қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын;

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінде:

      2-тармақта:

      бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 238 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5531 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілген:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру ережесінде:";

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Орталық депозитарийдің ұйымдық құрылымына мыналарды жүзеге асыратын жекелеген бөлімшелер енгізіледі:";

      он бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақтың 4) тармақшасында белгіленген талап орталық депозитарий қаржы құралдарымен мәмілелер жөніндегі клиринг қызметін жүзеге асырған кезде қолданылады.";

      он төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-3. Орталық депозитарийдің атқарушы органы инвестициялық комитетінің мүшелерін сайлауды жүзеге асырады.";".

      2. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін қадағалау департаменті (Хаджиева М.Ж.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде (бұдан әрі – "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі) ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Қ. Келімбетов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігінің

      Статистика комитетінің Төрағасы

      Ә. Смайылов_________________

      2015 жылғы _____ ___________

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 24 сәуірдегі
№ 55 қаулысына қосымша
  Бағалы қағаздарды ұстаушылар
тізілімдерінің жүйесін жүргізу
жөніндегі қызметті жүзеге
асыратын ұйымның тәуекелдерді
басқару жүйесінің болуына
қойылатын талаптарына қосымша

Әкімшілік деректер жинақтауға арналған нысан

      Бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерін басқару қызметі туралы ақпарат

      Есепті кезең: 20__жылғы "___"________ - "___"________аралығы

      Индекс: RISK_TISR1

      Кезеңділігі: тоқсан сайын

      Ұсынады: бірыңғай тіркеуші

      Нысан қайда ұсынылады: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      Ұсыну мерзімі: есепті тоқсаннан кейін айдың он бесінен кешіктірмей

      Нысан

      ________________________________________________

      (бірыңғай тіркеушінің атауы)

      20__жылғы "___"________ - "___"________ аралығы

р/с

Тәуекелді оқиғаның сипаттамасы

Тәуекел түрі (түрлері)

Тәуекелді оқиғаның пайда болуы

Тәуекелдердің пайда болу себептерін сипаттау

Тәуекелдердің пайда болу нәтижесінде салдардың/ залалдардың нысаны мен мөлшері

Есепті кезеңде пайда болған тәуекелдерді төмендету мақсатында қабылданған шаралар туралы ақпарат

Еселік

жағдайлар саны

Шаралар

оларды іске асыру мерзімдері

1 ай

2 ай

3 ай

1

2

3

4

5

6

7

8

9

1.









2.









3.










      Бірыңғай тіркеушінің бірінші басшысы (ол болмаған кезеңде –

      оның орнындағы адам)

      ________________ ______________

      қолы күні

      Тәуекелдерді басқаруды жүзеге асырушы бөлімшенің басшысы

      ________________ ______________

      қолы күні

      Ішкі аудит қызметінің басшысы

      ________________ ______________

      қолы күні

Әкімшілік деректер жинауға арналған нысанды
толтыру бойынша түсіндірме
Бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерін басқару қызметі туралы ақпарат
1. Жалпы ережелер

      1. Осы түсіндірме (бұдан әрі - Түсіндірме) "Бірыңғай тіркеушінің тәуекелдерін басқару қызметі туралы ақпарат" нысанын (бұдан әрі – Нысан) толтыру бойынша бірыңғай талаптарды айқындайды.

      2. Нысан "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 52-бабына сәйкес әзірленді.

      3. Нысанды бірыңғай тіркеуші тоқсан сайын және есепті тоқсанға толтырады.

      4. Нысанға бірінші басшы (ол болмаған кезеңде – оның орнындағы адам), тәуекелдерді басқаруды жүзеге асырушы бөлімшенің басшысы, ішкі аудит қызметінің басшысы қол қояды.

2. Нысанды толтыру бойынша түсіндірме

      5. Нысанда тәуекелдерді басқару бойынша бірыңғай тіркеушінің қызметі туралы ақпарат көрсетіледі.

      6. 2-бағанда есепті кезеңде бірыңғай тіркеушінің қызметінде пайда болған тәуекелді оқиғалар сипатталады.

      7. 3-бағанда Нысанның 2-бағанында көрсетілген тәуекелді оқиғалар жататын тәуекелдің түрі (түрлері) көрсетіледі.

      8. 4-бағанда Нысанның 2-бағанында көрсетілген бірыңғай тіркеушінің қызметінен басталған кезеңге тәуекелді оқиғаның пайда болуы еселігі көрсетіледі (бірінші рет, қайталанған).

      9. 5-бағанда Нысанның 2-бағанында көрсетілген есепті кезең үшін басталған кезеңге тәуекелді оқиғаның пайда болуының саны ай сайын көрсетіледі.

      10. 6-бағанда Нысанның 2-бағанында көрсетілген есепті кезеңде бірығай тіркеушінің қызметіндегі тәуекелді оқиғаның пайда болу себептері көрсетіледі.

      11. 7-бағанда Нысанның 2-бағанында көрсетілген тәуекелді оқиғаның пайда болу нәтижесінде салдардың (залалдардың), оның ішінде шығындардың нысаны мен мөлшері көрсетіледі.

      12. 8-бағанда есепті кезеңде бірыңғай тіркеушінің қызметінде пайда болған тәуекелдерді төмендету бойынша бірыңғай тіркеуші қабылдаған шаралар туралы ақпарат көрсетіледі.

      13. 9-бағанда Нысанның 8-бағанында көрсетілген шараларды іске асыру мерзімдері туралы ақпарат көрсетіледі.