Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 7-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары бекiтілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Ауыл шаруашылығы министрі | А. Мамытбеков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
_______________ Б. Сұлтанов
" " 2015 жыл
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
_______________ Е. Досаев
" " 2015 жыл
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитетінің төрағасы
_______________Н. Әбіқаев
" " 2015 жыл "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі
_______________Қ. Қасымов
7 сәуір 2015 жыл
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
______________ В. Школьник
" " 2015 жыл
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 19-4/286 бұйрығымен бекітілген |
Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін
қамтамасыз ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 7-3) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленді және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын салу, пайдалану, жөндеу және қайта жаңарту кезінде су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иелері немесе пайдаланушы тұлғалар орындаулары міндетті талаптарды ескере отырып, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі – су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары элементтерінің, адамдардың өмірін, денсаулығын және заңды мүдделерін, қоршаған орта мен шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін өзіндік ерекшеліктері;
2) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдері – су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары апаттарының туындау қатерінің жол берілетін деңгейіне сәйкес келетін су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары жай-күйінің техникалық көрсеткіштерінің және оларды пайдалану шарттарының шекті денгейі.
2. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін
қамтамасыз ету тәртібі
3. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын жобалау, салу, пайдалану, жөндеу және қайта жаңарту кезінде қойылатын талаптар негізінде жүзеге асырылады.
4. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, олардың жұмысы мен жай-күйіне құрылысын салу үдерісінде де, пайдалану, жөндеу және қайта жаңарту кезінде де заттай қадағалау (мониторинг) жүргізіледі.
5. Жобалау сатысында су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының беріктігін, тұрақтылығын және ұзақ мерзімділігін есептеу әдістерімен қамтамасыз етіледі.
6. Есептеу кезінде инженерлік ізденістердің нәтижелері, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары орналасқан жердің функционалдық мақсаты мен сипаты, тіреуші құрылыс конструкциялары бұзылуының болжалды салдары, сондай-ақ жүктемелер мен әсерлердің қолайсыз бірлесе келуі ескеріледі.
7. Жер сілкінісі қаупі бар аудандарда су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын салу кезінде болуы мүмкін қауіпті бүлінулер мен апаттық жағдайларды болдырмау үшін арнайы жобалық-конструкторлық шешімдер қолданылады.
8. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын салу объектілерінде құрылыс үдерісінде бөгде араласуды болдырмау бойынша, сондай-ақ болуы мүмкін диверсиялық және террористік актілерге қарсы әрекет ету бойынша қорғау шаралары көзделуі қажет.
9. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын функционалдық мақсаты бойынша қауіпсіз пайдалануды, олардың техникалық жай-күйінің қауіпсіз деңгейін, сондай-ақ техникалық қызмет көрсетуді, ағымдағы жөндеуді және жетілдіруді қамтамасыз етеді.
10. Болжанатын немесе болған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты апаттың туындау қаупі кезінде су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдайды, сондай-ақ су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының бақыланатын параметрлері белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын пайдаланудан шығару жөнінде шаралар қабылдайды.
11. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын қалпына келтіру жөніндегі жобалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
12. "Гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстарының паспорттарын жүргізу ережесін және паспорт нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2009 жылғы 4 маусымдағы № 326 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5714 болып тіркелген) нысандар бойынша су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарында өрттен, жарылыстан және басқа да қауіпті жағдайлардан қорғау құралдары болған жағдайда су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілер бойынша су шаруашылығы құрылыстарының паспорттарына сәйкес оларды жұмысқа қабілетті күйде ұстайды.
13. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын пайдалану кезінде қауіпсіз күйінде ұстауды меншік иесі немесе пайдаланушы тұлға кезеңдік тексеру жүргізу, техникалық қызмет көрсету және ағымдағы жөндеу жолымен қамтамасыз етеді.
14. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын жөндеу жұмыстарының және қайта жаңарту жөніндегі жұмыстардың бағдарламаларын әзірлеу жүйелер мен құрылыстардың жай-күйін және пайдаланылатын су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарында апаттың туындау қатерінің деңгейін (қауіпсіздік деңгейін) бағалау негізінде жүргізіледі.
15. Кодекстің 37-бабы 1-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын қайта жаңарту кезінде қауіпсіздік деңгейі су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы уәкілетті орган бекіткен су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдерін сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.
16. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға іргелес жатқан аумақтағы адамдар үшін қауіп тудыратын жұмыстарды жүргізген кезде қауіпті аймаққа кездейсоқ кіруді болдырмау жөнінде шаралар қабылдайды.
17. Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының иесі немесе пайдаланушы тұлға 25 жылдан артық пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын, олардың жай-күйіне қарамастан, олардың беріктігін, тұрақтылығын және пайдалану сенімділігін бағалай отырып, жыл сайын көп факторлы тексеруден өткізеді. 25 жылға дейін пайдалануда болған су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары олардың жай-күйіне қарамастан, олардың беріктігін, тұрақтылығын және пайдалану сенімділігін бағалай отырып, 5 жылда бір рет көп факторлы тексеруден өтеді.