"Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 11 қарашадағы № 691 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 433 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 маусымда № 11448 тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Бұйрықтың күшін жою көзделген – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.12.2020 № ҚР ДСМ-303/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 175-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 11 қарашадағы № 691 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5904 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және басқа да орталық мемлекеттік органдардың актілер жинағында 2010 жылы № 2 болып жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау қағидаларын және қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакция жазылсын:

      "1. Мыналар:

      1) осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау қағидалары;

      2) осы бұйрықтың 1-1-қосымшасына сәйкес қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.";

      Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау қағидалары жаңа редакцияда жазылсын;

      осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес 1-1-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" нормативтік құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурстарында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З. Қайырбековаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және әлеуметтік


даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 433 бұйрығына 1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2009 жылғы 11 қарашадағы
№ 691 бұйрығына 1-қосымша

Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін
арттыру және қайта даярлау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 175-бабының 6-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленді және медицина және фармацевтика кадрларының (бұдан әрі – кадрлар) біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғылыми-ақпараттық алмасу жөніндегі іс-шаралар – конгресстер, съездер, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, пленумдар нысандарында және басқа да нысандарда жүргізілетін ғылыми, ғылыми-практикалық және практикалық сипаттағы ақпараттармен алмасуға бағытталған іс-шаралар;

      2) жұмыс оқу бағдарламасы – үлгілік оқу бағдарламасының міндетті компоненті негізінде қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым әзірлейтін және бекітетін, міндетті компонент пен таңдамалы компонент пәндері бағдарламаларының мазмұнын ашатын бағдарлама;

      3) жұмыс оқу жоспары – мамандық бойынша үлгілік оқу жоспары негізінде қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым әзірлейтін және бекітетін құжат;

      4) кадрларды қайта даярлау – тиісінше басқа медицина немесе фармацевтика мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны;

      5) кадрлардың біліктілігін арттыру – бұрын алынған кәсіби білімін, іскерлігін және дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша қосымша білім беру нысаны;

      6) медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша қосымша білім беру (бұдан әрі – қосымша білім беру) – біліктілікті арттыру және қайта даярлау нысанында іске асырылатын, кадрлардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатымен жүзеге асырылатын оқыту процесі;

      7) өзіндік білім алу – кадрлардың барлық кәсіби қызмет ету бойына өз бетінше жаңа теориялық білім алуына және бұрын алынған білімдерін жетілдіруіне бағытталған оқыту процесі;

      8) пәннің бағдарламасы (силлабус) – қосымша білім беруді іске асыратын ұйым бекіткен оқытылатын пәннің сипаттамасы, мақсаты, міндеттері, қысқаша мазмұны, әрбір сабақтың (аудиториялық және аудиториядан тыс) тақырыбы мен ұзақтығы, оқытушының талаптары, бағалау өлшемдері мен қағидалары және әдебиеттер тізімі қамтылған тыңдаушыларға арналған оқу бағдарламасы;

      9) практика арқылы оқыту (жұмыс орнындағы тағылымдама) – денсаулық сақтау ұйымдарында жаңа практикалық дағдыларды үйрену және бұрын үйренген дағдыларды жетілдіру;

      10) тыңдаушы – қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымда оқуға тіркелген маман;

      11) үздіксіз кәсіби дамыту – пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кадрлар біліктілігінің кәсіби деңгейін қолдауға және дамытуға бағытталған оқыту процесі;

      12) үлгілік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының міндетті компонентінің әрбір пәні бойынша меңгерілетін білімнің, іскерліктің және дағдының мазмұны мен көлемін анықтайтын бағдарлама;

      13) үлгілік оқу жоспары – оқытылатын пәндердің тізімі мен көлемін, оларды оқыту тәртібі мен бақылау нысанын регламенттейтін үлгілік оқу бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын құжат;

      14) сертификатты цикл – жоғары және орта (техникалық және кәсіптік) медициналық білімі бар тыңдаушыларға, біліктілік санатын алуға үміттенген мамандарға арналған біліктілікті арттыру циклі;

      15) семинар, тренинг/мастер-класс – кадрлардың біліктілігін арттырудың теориялық және практикалық түрі;

      16) симуляциялық технологиялар – нақты, соның ішінде шұғыл жағдайларға барынша жақындатылған, клиникалық және басқа жағдайларды модельдеуде негізделген, нақты шешімдерді жедел түрде қабылдауды, қайталанатын жағдайларды өңдеуді қамтитын кадрлардың дағдысын бағалау және оқытудың заманауи технологиялары;

      17) маманның үздіксіз кәсіби даму жүйесіндегі сынақ бірлігі – кәсіби қызметінің белгілі кезеңі үшін үздіксіз кәсіби дамуына себепші іс-шараларға маманның қатысу көлемін өлшейтін біріздендірілген шартты бірлік;

      18) сынақ бірлігін жинау жүйесі – соңғы бес жыл ішінде үміткердің үздіксіз кәсіби дамуындағы іс-шараларға қатысуын сомалық есепке алу жүйесі.

      3. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысаны болып табылады.

      4. Пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кадрлар біліктілігінің кәсіби деңгейін қолдау және дамыту қосымша білім берудің негізгі мақсаты болып табылады.

      5. Кадрларға қосымша білім берудің міндеттері:

      1) медицина және фармация саласының жаңа теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын алудағы және бар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жаңартудағы кадрлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      2) алынған теориялық білімдер мен практикалық дағдыларды практикада қалыптастыру, бекіту және жинау;

      3) практикалық денсаулық сақтау саласына ғылыми дәлелдерге негізделген диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін енгізу болып табылады.

2. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау тәртібі

      6. Біліктілікті арттырудың мақсаты медицина немесе фармацевтика мамандығының жалпы және жеке бөлімдері, олардың ұқсас пәндері бойынша, біліктілік талаптарына сәйкес теориялық білімдерді жаңарту мен тереңдету және практикалық дағдыларды жетілдіру болып табылады.

      Біліктілікті арттыру жоғары медициналық мамандығы бар кадрлар үшін интернатурадан және (немесе) клиникалық ординатурадан (резидентурадан) және (немесе) мамандығы бойынша қайта даярлаудан, сонымен қатар жоғары фармацевтикалық мамандығы бар кадрлар үшін мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен жағдайда көзделеді.

      Орта кәсіптік (техникалық және кәсіптік) білімі бар кадарлардың біліктілігін арттыру үшін орта кәсіптік (техникалық және кәсіптік) медициналық немесе фармацевтикалық білім және (немесе) мамандық бойынша қайта даярлау қажетті алғашқы білім деңгейі болып табылады.

      7. Кадрларды қайта даярлаудың мақсаты жаңа мамандық бойынша кәсіби іс-қимылды орындауға қажетті жаңа білімдерді, іскерліктерді және дағдыларды меңгеру болып табылады.

      Қайта даярлау мамандықтар бойынша "Медицина және фармацевтика мамандықтарының номенклатурасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 24 қарашадағы № 744 бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 26 қарашада № 5885 болып тіркелген, Медицина және фармацевтика мамандықтарының номенклатурасының шеңберінде жүзеге асырылады.

      8. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының шеңберінде ғылыми-ақпараттық алмасу жөніндегі іс-шаралар, семинарлар, тренингтер (мастер-кластар), өздігінен білім алу, практика арқылы оқыту (жұмыс орнындағы тағылымдама) жүргізіледі.

      9. Қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқыту бюджет қаражаты, жұмыс берушінің және/немесе басқа да заңмен көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.

      10. Қосымша білім беру қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық және (немесе) фармацевтикалық білім беру және ғылыми ұйымдарында (бұдан әрі – оқытатын ұйымдар) жүзеге асырылады.

      11. Қосымша білім беру оқу бағдарламаларын игеру жұмыстан қол үзіп немесе жартылай қол үзіп оқу арқылы жүргізіледі. Соңғы жағдайда кадрлар жұмысын толық емес жұмыс уақыты жағдайында орындай алады және сонымен қатар қосымша білім беру нысандарының бірі бойынша, соның ішінде Қазақстан Республикасы Білім беру және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10768 болып тіркелген қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларымен белгіленген тәртіпте қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, оқуын оқи алады.

      12. Ұзақтығы 54 сағат және одан да көп біліктілікті арттыру циклдерінің, сондай-ақ қайта даярлау циклдерінің тыңдаушыларының алғашқы (бастапқы) білім деңгейін анықтау үшін базистік, оқу кезінде – ағымдық, оқу соңында – қорытынды бақылау жүргізіледі.

      Бақылау тестілеу, әңгімелесу, симуляциялық технологияларды пайдалану нысанында, сондай-ақ біліктілікті арттыру, қайта даярлау циклі оқытушысының жетекшілігімен пациентпен жұмыс түрінде жүргізіледі. Біліктілікті арттыру циклдерінде қорытынды аттестаудың нысанын оқытқан ұйым өзі анықтайды.

      Қайта даярлау циклдеріндегі қорытынды бақылау екі кезеңнен тұрады:

      тестілеу (100 сұрақтан кем емес)

      симмуляциялық технологияларды қолданумен мамандық бейініне қарай практикалық дағдыларды бағалау.

      Қорытынды бақылау тыңдаушының аудиториялық және аудиториядан тыс (өз бетінше) меңгеруін бақылаудан тұрады.

3. Біліктілікті арттырудың және қайта даярлаудың
мазмұны мен мерзімдері

      13. Біліктілікті арттырудың және қайта даярлаудың бағдарламаларын іске асыру Үлгілік оқу бағдарламасына, жұмыс оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Оқу бағдарламалары оқу мерзімінің 2/3 бөлігін аудиторлық жұмысқа (оның ішінде практикалық пәнге кемінде 50%) және оқу уақытының 1/3 бөлігін тыңдаушының пәндік бағдарламада (силлабуста) көрсетілген тапсырмалар шеңберінде өз бетімен білім алуы үшін көздеді.

      15. Бір оқу аптасының ұзақтығы 54 сағаттан 60 сағатқа дейін болады, оның ішінде 36 сағаттан 40 сағатқа дейінгі – аудиторлық жұмыстың академиялық сағаты және 18 сағаттан 20 сағатқа дейінгі – өз бетімен білім алуы.

      1 академиялық сағаттың ұзақтығы 50 минутты құрайды.

      16. Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар тұлғалар үшін оқу мерзімі қайта даярлау циклдерінде – 864 сағаттан 1080-ге дейін сағатты, біліктілікті арттыру циклдерінде – 54 сағаттан 216-ға дейін сағатты құрайды.

      Жоғары медициналық білімі бар, 2009 жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша интернатурада, және (немесе) резидентурада, клиникалық ординатурада оқыған және қайта даярлаудан өткен, "ересектерге арналған" немесе "балаларға арналған" бейіні бойынша қолданыстағы мамандықтың шеңберінде қайта даярлаудан өткісі келетін тұлғалар үшін оқыту мерзімі 432 сағатты құрайды.

      Жоғары медициналық білімі бар, 2009 жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша қайта даярлаудан өткен, "ересектерге арналған" немесе "балаларға арналған" бейін бойынша қолданыстағы мамандықтың шеңберінде қайта даярлаудан өткісі келетін тұлғалар үшін оқыту мерзімі 432 сағатты құрайды.

      Жоғары медициналық білімі бар, бұрын интернатурада, резидентурада (клиникалық ординатурада) оқыған, мына мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарында:

      "Терапия (жасөспірімдер терапиясы, жедел және шұғыл медициналық көмек, диетология)" және "Педиатрия (жедел және шұғыл медициналық көмек)" "Жалпы дәрігерлік практика" мамандығы бойынша қайта даярлау 432 сағатты құрайды;

      "Онкология (ересектерге арналған, балаларға арналған)" және "Гематология (ересектерге арналған, балаларға арналған)" "онкология және балалар гематологиясы" мамандығы бойынша қайта даярлау 432 сағатты құрайды.

      Орта медициналық және фармацевтикалық білімі (техникалық және кәсіби) бар тұлғалар үшін оқу мерзімі қайта даярлау циклдерінде – 432 сағаттан 648-ге дейін сағатты, біліктілікті арттыру циклдерінде – 54 сағаттан 108-ге дейін сағатты құрайды.

      Шетелдерде біліктілікті арттыру мерзімі 216-дан 864-ке дейінгі академиялық сағатты құруы мүмкін.

      Жоғары және орта (техникалық және кәсіби) медициналық және фармацевтикалық білімі бар тұлғалар үшін біліктілікті арттыру мерзімдері мастер-класстарда кемінде 54 сағатты, семинарлар мен тренингтерде кемінде 8 сағатты құрайды.

      17. Тыңдаушыларды қорытынды бақылау нәтижесі бойынша мына бағдарламаларды меңгергендерге:

      қайта даярлау – осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта даярлау туралы куәлік;

      біліктілікті арттыру – осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілікті арттыру туралы куәлік;

      сертификациялық циклдерде біліктілікті арттыру – осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілікті арттыру туралы куәлік беріледі.

      Қорытынды бақылау нәтижелері бойынша біліктілікті арттыру немесе қайта даярлау бағдарламаларын меңгермеген тұлғаларға өткерілген бағдарлама көлімен көрсетумен оқытудан өткені туралы анықтама беріледі және қайта қорытынды бақылау тағайындалады.

      Кемінде 54 сағат ұзақтығы бар семинарларда, тренингтерде (мастер-кластарда) оқытудан өткен тұлғаларға оқытушы ұйым анықтайтын нысан бойынша сертификат беріледі.

4. Шетелде кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта
даярлау, шетелдік мамандарды тарту

      18. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау шетелдік жетекші мамандарды тарта отырып, Қазақстан Республикасында және сонымен бірге шетелдерде жүзеге асырылады.

      Шетелде оқыту медицина, фармация саласындағы білім беру, медициналық, фармацевтикалық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын шетелдік ұйымдарда (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) жүргізіледі.

      Шетелдік жетекші мамандарды тарту шақырушы қазақстандық оқытатын ұйым немесе денсаулық сақтау ұйымы немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган), немесе облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы денсаулық сақтау саласының жергілікті мемлекеттік басқару органы (бұдан әрі – жергілікті орган) мен шақырылатын шетелдік маман және (немесе) шетелдік ұйым арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Жұмыс оқу бағдарламасы және тартылатын шетел мамандарының тізімі уәкілетті (немесе жергілікті) органмен келісіледі.

      19. Республикалық және жергілікті (республикалық маңызы қаланың, астананың) бюджет қаражаты есебінен шетелдік ұйымдарда біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін мамандар жіберіледі.

      20. Клиникалық медициналық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыруға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін кадрларды жіберу жасасқан шарттарда біліктілікті арттыру бағдарламасына сәйкес қазақстандық мамандардың шетелдік пациенттерге диагностикалық және емдеу шараларын жүргізуіне рұқсат беру көзделген шетелдік ұйымдарға жүзеге асырылады.

      21. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біліктілікті арттыруға және (немесе) қайта даярлауға жіберетін уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым республика кадрларын медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға шетелге жіберу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрайды.

      22. Комиссия ұсынысының негізінде уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым мен білім беруді жүзеге асыратын шетелдік ұйым арасында, сондай-ақ уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым мен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға шетелге жіберілетін кадрлардың арасында білім беру қызметтер көрсету туралы шарттар (бұдан әрі – шарт) жасалынады.

      Уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым мен кадрлар арасында жасалған шартта дәлелсіз себептермен оқу бағдарламасынан шығып кеткен және (немесе) шартта көзделген өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда оның біліктілігін арттыруға жұмсалған қаражатты қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі белгіленеді.

      Уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым мен шетелдік ұйым арасындағы шарт оларға кадрлардың біліктілігін арттырғаны үшін шартта көзделген ақшаны аударуға негіз болып табылады.

      23. Мемлекеттік бюджеттен кадрлардың біліктілігін арттыру үшін бөлінетін қаражат тәуліктік шығыстарды, тұру ақысын, Қазақстандағы тұрғылықты жерінен оқитын жерге дейінгі жолақысын және оқуды аяқтаған соң қайту жолақысын, сондай-ақ уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе ұйым мен шетелдік ұйым арасындағы шарттарда көзделген оқу шығыстарының барлық түрлерін төлеуді қамтиды.

      24. Шетелдік ұйымдарда біліктіліктерін арттырған кадрлар келгеннен кейін уәкілетті (немесе жергілікті) органға немесе ұйымға мынадай құжаттаманы:

      1) шетелде біліктілікті арттыру циклінен өткені туралы шетелдік ұйым берген құжаттың көшірмесін;

      2) шетелде біліктілікті арттыру циклінен өткені туралы есепті;

      3) іссапар туралы аванстық есепті тапсырады.

  Медицина және фармацевтика
кадрларының біліктілігін арттыру
және қайта даярлау қағидаларына
және қосымша медициналық және

      фармацевтикалық білім беру

      бағдарламаларын іске асыратын

      ұйымдарға қойылатын біліктілік

      талаптарына 1-қосымша

      нысан

Қайта даярлықтан өткені туралы куәлік
№ _____

      Осы куәлік __________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))

      _______________________________________________________ жанында

      (оқытқан ұйымның атауы)

      20__ жылғы "___"______________ бастап "___" _____________ дейін

      ______________________________________________мамандығы бойынша

      __________________________________________________циклі бойынша

      ______________сағат көлемінде қайта даярлықтан өткенін растайды

      _______________________________________________________________

      (басшының Т.А.Ә. (болған кезде), қолы)

      Мөрдің орны

      Берілген күні 20___ жылғы "____" ______________

  Медицина және фармацевтика
кадрларының біліктілігін арттыру
және қайта даярлау қағидаларына
және қосымша медициналық және

      фармацевтикалық білім беру

      бағдарламаларын іске асыратын

      ұйымдарға қойылатын біліктілік

      талаптарына 2-қосымша

      нысан

Біліктілігін арттырғаны туралы куәлік
№ _____

      Осы куәлік __________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))

      ________________________________________________________жанында

      (оқытқан ұйымның атауы)

      20__ жылғы "___"____________ бастап "___" _______________ дейін

      ______________________________________________мамандығы бойынша

      __________________________________________________циклі бойынша

      _______сағат көлемінде біліктілігін арттырудан өткенін растайды

      _______________________________________________________________

      (басшының Т.А.Ә. (болған кезде), қолы)

      Мөрдің орны

      Берілген күні 20___ жылғы "____" ______________

  Медицина және фармацевтика
кадрларының біліктілігін арттыру
және қайта даярлау қағидаларына
және қосымша медициналық және

      фармацевтикалық білім беру

      бағдарламаларын іске асыратын

      ұйымдарға қойылатын біліктілік

      талаптарына 3-қосымша

      нысан

Біліктілігін арттырғаны туралы куәлік
(сертификациялық цикл)
№_____

      _______________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде))

      ол 20___ жылғы "___"__________________ бастап "____"___________ дейін

      _____________________________________________________________ жанында

      (оқытқан ұйымның атауы)

      ____________________________________________________мамандығы бойынша

      ____________________________________________сертификациялық циклінде

      _________сағат көлемінде (жоғары, бірінші немесе екінші санат)

      біліктілігін арттырудан өткені үшін берілді

      ______________________________________

      (басшының Т.А.Ә. (болған кезде), қолы)

      Мөр орны

      Берілген күні 20___ жылғы "____" ______________

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 433 бұйрығына 2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2009 жылғы 11 қарашадағы
№ 691 бұйрығына 1-1-қосымша

Қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру
бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктіліктік
талаптар

      1. Қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми ұйымдарға (одан әрі – оқытушы ұйымдар) мынадай біліктілік талаптары қойылады:

      Кадрлармен қамтамасыз етуге:

      1) біліктілікті арттыру мен қайта даярлау циклдерінде, қысқа мерзімді семинарлар мен мастер-класстарда (оның ішінде қашықтықтан оқыту және шығу циклдерінде) оқу сабақтарын ғылыми дәрежесі бар доктор немесе ғылым кандидаттығы бар тұлға, магистр немесе академиялық дәрежесі бар философия докторы жүргізуі керек. Сабақтарды өткізу үшін мамандық бейіні бойынша бірінші және жоғары біліктілік санатының, ғылыми дәрежесі жоқ, оқытушылардың жалпы санының 50%-дан аспайтын мамандар тартылуы мүмкін;

      2) ұйым қосымша медициналық және фармацевтикалық білімді жүргізу үшін ұйымның кемінде 50% штаттық қызметкерлерін тартады;

      3) қосымша медициналық және фармацевтикалық білім бағдарламаларын іске асыратын оқытушылардың мамандық бейіні бойынша кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі және кемінде 1 жыл педагогикалық тәжірибесі, болуы тиіс, медициналық білім беру мен ғылым әдіснамасының саласында соңғы 5 жылда кемінде 108 сағат біліктілікті арттыруы тиіс;

      оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге:

      1) медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру және қайта даярлаудың үлгілік кәсіби оқу бағдарламаларының (бұдан әрі - ҮОБ), ҮОБ сәйкес дайындалған қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларының болуы тиіс;

      2) бейінді халықаралық ақпараттық желілерге, электронды мәліметтер базаларына, кітапханалар қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерге еркін қол жеткізу мүмкіндігі болуы қажет;

      3) біліктілік арттыру және қайта даярлау циклдеріндегі оқу сабақтары инновациялық технологиялар мен оқытудың интерактивті әдістерін пайдалану арқылы жүргізілуі керек;

      4) клиникалық пәндер бойынша практикалық сабақтар көлемі кемінде 80% көлемінде өткізілуі тиіс, соның ішінде симуляциялық технологияларды пайдалана отырып - академиялық сағаттың 10% кем болмауы тиіс;

      5) тыңдаушылардың білімінің, ағымдық және қорытынды бақылауының бастапқы деңгейін анықтау үшін тесттік сұрақтар, билеттер, жағдайлық тапсырмалар, бағалау парақтары және оқыту міндеттеріне сәйкес өзге бағалау әдістері болуы тиіс;

      материалдық-техникалық қамтамасыз етуге:

      1) санитарлық-техникалық нормаларға және қағидаларға сәйкес, тыңдаушылар контингентінің көлеміне сәйкес жалға алу, жедел (сенімді) басқару туралы шарт бойынша немесе меншік құқығында дәрісханалық қорлар, сыныптар, зертханалар болуы тиіс;

      2) жұмыс оқу бағдарламаларымен көзделген теориялық және клиникалық дайындықты өткізуді қамтамасыз ететін Интернетке, кітапхана қорына, симуляциялық жабдықтарға (манекендер, муляждар, тренажерлер) қолжетімділікпен баспа, аудио, бейне-материалдарды ұсыну үшін санитарлық-техникалық нормалар мен компьютерлік жабдықтардың ережелеріне сәйкес келетін қосымша білім беру бағдарламаларының тыңдаушылар контингентіне тиісті меншік құқығы болуы тиіс;

      3) клиникалық бағыттар бойынша қосымша білім беру бағдарламалары оқытушы ұйымдардың меншік құқығында пайдаланылатын клиникалық базаларында немесе жалға алу, жедел (сенімді) басқару туралы шарт бойынша іске асырылады;

      қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын басқаруға:

      қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламасын іске асыратын ұйымда қосымша білім беру бағдарламаларының тыңдаушылар контингентіне сәйкес қосымша білім беру процесін басқаруды қамтамасыз ететін қажетті әкімшілік құрылымы және әкімшілік-басқару персоналының штаты болуы тиіс.