Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 399 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 маусымда № 11443 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 15.12.2015 № 971 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 16-бабы 32) тармақшасына және 339-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Д.Р. Арғындықовқа жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі                   Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы 
Денсаулық сақтау және  
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 27 мамырдағы
№ 399 бұйрығымен    
бекітілген        

Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы
үлгілік ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 16-бабының 32) тармақшасына және 339-бабының 2-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және қызметкерлерінің саны елуден асатын өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардағы (бұдан әрі – Ұйым) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бұдан әрі – Қызмет) жұмысын регламенттейді.
      2. Қызмет өз жұмысында мемлекеттік еңбек инспекциясымен, басқа да мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен, Ұйымның құрылымдық бөлімшелерімен және мамандарымен, қызметкерлердің өкілдерімен, сондай-ақ Ұйымның еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларымен өзара іс-қимыл жасайды.

2. Қызметтің негізгі міндеттері

      3. Қызметтің негізгі міндеттері:
      1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар жүргізу;
      2) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауда, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындауын ішкі бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

3. Қызметтің құқықтары мен міндеттері

      4. Кодекстің 339-бабы 4-тармағына сәйкес Қызмет:
      1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіреді және тексеріп қарайды;
      2) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жарақаттану және кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      3) осы Үлгілік ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы орындалуы міндетті нұсқаулар береді.
      5. Кодекстің 339-бабы 5-тармағына сәйкес Қызмет:
      1) ай сайын Ұйымда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізеді және олардың алдын алу жөнінде іс-шараларды әзірлейді;
      2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша Ұйымның қызметкерлерін оқытуды, олардың білімін тексеруді ұйымдастырады;
      3) Ұйымда өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

4. Қызметті ұйымдастыру

      6. Кодекстің 339-бабына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі Ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе олар уәкілеттік берген адамға бағынады.
      Қызметті Ұйымның бірінші басшысы тағайындайтын оның басшысы басқарады.
      7. Өндірістің ерекшелігін, қызметкерлер санын, еңбек жағдайын, өндіріс зияндылығын және басқа да факторларды ескере отырып, осы Үлгілік ереже негізінде жұмыс беруші тиісті ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережесін әзірлейді және бекітеді, Кодекске сәйкес оның құрылымын, санын, негізгі міндеттерін, мамандардың функцияларын және құқығын айқындайды.

5. Қызметтің функциялары

      8. Қызметтің басшысы Ұйымның басқа да бөлімшелерімен бірге өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшесі болады және жазатайым оқиға туралы актіге қол қояды.
      9. Қызметтің негізгі міндеттеріне сәйкес мынадай функцияларды орындайды:
      1) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінен қызметтің құзырына жататын мәселелер жөніндегі ақпаратты және материалдарды белгіленген тәртіппен сұратады және алады;
      2) Ұйымда еңбек қауіпсіздігі жағдайының жай-күйін бақылайды, еңбекті қорғауды басқару жүйесін әзірлеуді, енгізуді және оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
      3) Ұйым басшылығына салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыстың ұйымдастырылуын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
      4) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту бағдарламаларын және қызметкерлердiң оқытуға қатысуын келіседі;
      5) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін талқылау кезінде ұйымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысады;
      6) қабылдау комиссиясының өндірістік мақсаттағы салынған объектіні пайдалануға қабылдап алу жөніндегі жұмысына қатысады;
      7) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттарымен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кабинеттерін қажетті оқу құралдарымен, макеттермен, анықтамалық әдебиетпен, плакаттармен, техникалық құралдармен жабдықтау жөнінде шаралар қабылдайды;
      8) кәсіпорын басшысының тапсырмасы бойынша қызметтің құзырына жататын мәселелер жөніндегі қызметкерлердің хаттарын, өтініштерін және шағымдарын қарайды;
      9) өндірісте кәсіптік аурулар мен жазатайым оқиғалардың алдын-алу жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ мүгедектерге арналған оңалту іс-шараларын әзірлеуге қатысады;
      10) құрылымдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі жұмысына әдістемелік көмек көрсетеді;
      11) мыналардың:
      мемлекеттік еңбек инспекциясының және өзге де мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бөлігіндегі шешімдерінің орындалуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қағидалардың, нормалардың, стандарттардың енгізілуін;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі Ұйымның бұйрықтары мен өкімдерінің орындалуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кабинеттері жұмысының ұйымдастырылуын және жұмыстың озық тәжірибесінің енгізілуін;
      арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа да жеке қорғану құралдарын сатып алудың, сақтаудың, жуудың, химиялық тазалаудың, кептірудің, шаңнан арылтудың, зиянсыздандыру мен жөндеудің ұйымдастырылуын және қызметкерлердің ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуін;
      тиісті қызметтердің құрал-жабдықтарды, машиналар мен механизмдерді қажетті сынақтардан және техникалық куәландырулардан уақтылы өткізілуін, қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың параметрлерін өлшеу кестелерінің сақталуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қолданыстағы нормалардың, қағидалар мен нұсқаулықтардың, өндіріс процесінде, сондай-ақ жаңа реконструкцияланған өндірістік объектілердің жобаларында еңбек қауіпсіздігінің сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асырады;
      12) жұмыс берушінің келісімі бойынша (не оның рұқсаты бойынша) мемлекеттік еңбек инспекциясына ақпаратты, мәліметтерді, бекітілген есептер немесе өзге де құжаттарды қағаз және электронды жеткізгіштерде не олардың міндеттеріне сәйкес көшірмелерін ұсынады;
      13) Ұйымның бөлімшелеріне еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істейтін қызметкерлерді кезекті медициналық тексеріп-қарауды және тексеруге жататын адамдардың аты-жөні бойынша тізімін құрастыруда әдістемелік көмек көрсетеді;
      14) Кодекстің 320-1-бабына сәйкес басқа қызметтермен бірлесіп, еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестаттаудан өткізуді ұйымдастырады.

Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі
мен еңбекті қорғау қызметі
туралы үлгілік ережеге  
қосымша          

Нысан

Кімге _______________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы) ______________________________________
(бөлімшенің атауы)

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша анықталған
бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы
НҰСҚАУЛАР
20 ____жылғы «___» ________ № _____

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 339-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының мынадай бұзушылықтарын жоюды талап етемін:

Р/с

Анықталған бұзушылықтар мен оларды жою жөніндегі талаптар

Орындау мерзімі

Ескертпелер

1

2

3

4













      Нұсқауларды орындау туралы жазбаша хабарды онда көрсетілген мерзімдерде Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметіне ұсынсын.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
қызметінің басшысы (инженер): ____________ __________________________
                                (қолы)        (тегі, аты, әкесінің
                                                 аты (бар болса)
Нұсқауды алдым: ____________ ________________________________________
                   (қолы)      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)