РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрықтың күшін жою көзделген – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.12.2018 № 937 (11.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңының 7-бабы 15-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуіштерiнiң депозитарийiн құру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (Б.Б. Қанешев):
1) заңнамамен белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсы мен мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Инвестициялар және даму министрі | Ә. Исекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________Е. Досаев
2015 жылғы 8 мамыр
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 374 бұйрығымен бекiтiлген |
Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуіштерiнiң
депозитарийiн құру және жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийiн құру және жүргiзу қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы № 603 Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 15) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийiн құру және жүргiзу тәртiбiн анықтайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийi (бұдан әрі - Депозитарий) - техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң жиынтығын бiлдiретiн, ведомствоаралық сипаты бар, олардың қалыптасуын, есепке алынуын, сақталуын, көкейкесті етiлген (бұдан әрi - көкейкесті ету) жағдайда ұсталуын қамтамасыз ететiн, Депозитарийдi пайдаланушылар мүддесiне ақпараттық және нормативтік қамтамасыз ететiн арнайы қор;
2) депозитарлық қызмет - техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуіштерiн әзiрлеу және қолдану саласында қалыптастыру, есепке алу, сақтау, көкейкесті ету, ақпараттық және нормативтік қамтамасыз ету жөнiндегi Депозитарий субъектілерінің қызметi;
3) Депозитарийдiң жеткiзушілерi - техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiн әзiрлеуге, бекiтуге және жүргізуге жауапты мемлекеттiк органдар;
4) Депозитарийдiң пайдаланушылары - депозитарийдегі ақпаратты және жiктеуiштердi пайдалануға мүдделi мемлекеттік органдар;
5) уәкiлетті орган - техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган.
2. Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң
депозитарийiн құру және жүргiзу тәртiбi
3. Техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi депозитарийi нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қоры негiзiнде құрылады және оның құрамдас бөлiгi болып табылады.
4. Өзінің жұмысында Депозитарий осы Қағидаларды, Заңның 7-бабы 20) тармақшасына сәйкес бекітілетін нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2012 жылғы 14 қыркүйектегі № 318 бұйрығымен бекітілген Нормативтік техникалық құжаттардың ресми басылымдарын тарату және пайдаланушыларды олармен қамтамасыз ету қағидаларын (бұдан әрі – Тарату қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7952 тіркелген) басшылыққа алады.
5. Депозитарий қызметi мүдделi тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрамайтын бөлігінде қолжетiмдi, ашық және айқын болып табылады.
6. Қазақстан Республикасының экономикасы салаларында есепке алуға жататын статистикалық есептілік жүйесiнде, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың түрлi ақпараттық жүйелерiнде пайдаланылатын техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi депозитарлық қызмет объектілерi болып табылады.
7. Уәкiлеттi орган, Депозитарийдiң жеткiзушiлерi мен пайдаланушылары депозитарийдiң субъектілерi болып табылады.
8. Депозитарийдi жүргiзудi уәкiлетті орган жүзеге асырады.
9. Депозитарийдiң жиынтықтау көздерi:
1) мемлекеттiк органдар;
2) стандарттау жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдар болып табылады.
10. Жұмыстар жүргiзу және сақтау үшiн Депозитарийге техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпаратты жiктеу мен кодтаудың бiрыңғай жүйесiнің стандарттарына сәйкес әзiрленген және бекiтiлген, нормативтiк құқықтық кесiмдерде белгiленген талаптарға сәйкес iстерге ресiмделген техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi мен оларға өзгерiстер қабылданады.
11. Депозитарийдiң жеткiзушілерi құжаттарды көкейкесті түрде ұстау үшiн техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiн, сондай-ақ оларға өзгерiстер мен толықтыруларды Депозитарийге олар бекiтілгеннен кейiнгi екi апталық мерзiмiнен кешіктiрмей берудi қамтамасыз етеді.
12. Депозитарийге келiп түсетiн және ондағы бар барлық техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi, сондай-ақ олар туралы анықтамалық ақпарат есепке алынуға тиiс. Техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiн есепке алу олардың сақталуын қамтамасыз ету және олардың қозғалысын, көкейкесті етілуi мен әрекет ету мерзiмдерiн бақылау мақсатында жүзеге асырылады.
13. Депозитарийде техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiн есепке алуға, қалыптастыруға және сақтауға жауапты тұлғалар айқындалады.
14. Депозитарийге осы Ереженiң 9-тармағында көзделген ұйымдар берген техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi бақылау даналарына жатады және олар жұмыс iстеу үшiн берiлмейдi.
Техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiнiң бақылау даналары мүдделi тұлғаларға берілетiн құжаттардан бөлек сақталады.
Берiлуге жататын техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерінің даналары "Жұмыс даналары" мәртебесiне ие болады және жұмыс iстеу үшiн мемлекеттік және орыс тілдерiнде қағаз, ал ол болмаған жағдайда электронды жеткiзушілерде мемлекеттік органдарға тегін негізде берiледi.
15. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу, келісу, есепке алу, бекіту, сараптама жүргізу, өзгерту, жою және қолданысқа енгізу Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 495 бұйрығымен бекітілген Әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу, келісу, есепке алу, бекіту, сараптау, өзгерту, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8314 тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
16. Жiктеуішті жүргiзу:
1) техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерінің эталондары мен бақылау даналарын құруды;
2) ақпараттың дұрыстығы мен толықтығын, жаңа объектілердi жiктеу мен кодтауды қамтамасыз ету, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерiн жетiлдiру мақсатында оларға өзгерiстер енгiзудi көздейдi.
17. Техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жіктеуіштерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган арнайы үй-жай бөледi.
18. Депозитарийдегi техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi толық мәтiндiк электронды дерекқорларда қалыптастырылады.
Техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi бойынша электронды дерекқорлар мемлекеттік және орыс тiлдерiнде қалыптастырылады.
19. Мүдделi тараптарға қызмет көрсету Тарату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
20. Депозитарийдегi техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жiктеуiштерi туралы ақпарат мемлекеттiк стандарттардың жылдық және ай сайынғы ақпараттық сiлтеуiштерiнде жарияланады.