Денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 274 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 мамырда № 11207 тіркелді

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың тақырыбы және кіріспе жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 02.08.2016 № 683 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 14-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 02.08.2016 № 683 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық–құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице министрі А.В. Цойға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Т. Дүйсенова


Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау және әлеуметтік даму
министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 274 бұйрығымен бекітілген

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қағида жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 02.08.2016 № 683 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және денсаулық сақтау саласында тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыру кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібін айқындайды.
      2. Тәуелсіз сарапшыларды тартудың мақсаты:
      1) денсаулық сақтау субъектілерінің кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарын оңтайлы пайдалану және заманауи медициналық технологияларды қолдану негізінде пациенттердің қажетті көлемдегі және тиісті сападағы медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз ету;
      2) денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін, медицина қызметкерлерінің құзыретін, мамандардың біліктілік деңгейін қамтамасыз ету;
      3) белгілі бір ауру немесе клиникалық жағдай кезінде медициналық көрсетілетін көмекке қойылатын жалпы талаптарды қалыптастыру кезінде ұсынымдардың өзектілігі мен негізділігін қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:
      1) денсаулық сақтау субъектісі – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;
      2) заңды тұлға – жеке меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым;
      3) медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының сараптамасы – медициналық көрсетілетін қызметтер тиімділігінің, толықтығының және стандарттарға сәйкестігінің көрсеткішін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін жүзеге асырылатын ұйымдастыру, талдау және практикалық іс-шаралар жиынтығы;
      4) сараптамалық қорытынды – денсаулық сақтау саласындағы заңнамада белгіленген талаптардың сақталуы үшін тәуелсіз сарапшының алдына қойылған мәселелер бойынша негіздемесі бар қорытынды;
      5) тәуелсіз сараптама – медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділігінің, толықтығының және стандарттарға сәйкестігінің көрсеткішін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі туралы қорытынды шығару мақсатында, сондай-ақ мамандардың біліктілік деңгейін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім;
      6) тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға.
      4. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10735 болып тіркелген "Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 10 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларына сәйкес тәуелсіз сарапшыларды аккредиттейді және олардың дерекқорын қалыптастырады.
 

2. Тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібі

      5. Тәуелсіз сарапшылар:
      1) уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері;
      2) денсаулық сақтау субъектілері;
      3) жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тартылады.
      6. Тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз сараптама жүргізу үшін:
      1) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10880 болып тіркелген "Медициналық қызметтер көрсету сапасының ішкі және сыртқы сараптамаларын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 173 бұйрығына сәйкес медициналық қызметтердің сапасына сыртқы сараптама жүргізу;
      2) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10735 болып тіркелген "Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 10 наурыздағы № 127 бұйрығына сәйкес медициналық ұйымдарды аккредиттеуді жүргізу кезінде;
      3) жеке тұлғалар мемлекеттік медициналық сараптама қорытындысымен келіспеген кезде тартылады.
      7. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар жыл сайын медициналық қызметтердің сапасына сыртқы сараптама жүргізу және денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу кезінде тартылатын тәуелсіз сарапшылардың қызметтеріне мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.
      8. Жеке тұлғалар мемлкеттік медициналық сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілері тәуелсіз сарапшыларды шарт негізінде тартады.
      Тәуелсіз сарапшылар туралы мәліметтерді жеке тұлғалар мен денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау саласындағы аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар дерекқорынан алады.
      9. Тәуелсіз сарапшы сараптамаға оның негізгі медициналық, фармацевтикалық мамандығы ескеріле отырып тартылады.
      10. Тәуелсіз сараптама жүргізу қызметтеріне ақы төлеу орындалған жұмыстар актісі негізінде жүзеге асырылады.
 

3. Қорытынды ережелер

      11. Егер:
      1) тексерілетін денсаулық сақтау субъектісімен еңбек немесе шарттық қарым-қатынаста болса;
      2) сараптама жүргізу кезінде олармен туыстық немесе өзге де қарым-қатынастағы тұлғалардың мүдделері қозғалса;
      3) өтініш иесі өзінің алғашқы өтініші бойынша тексеруге бұрын қатыспаған тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, қайтадан сараптама жүргізу туралы өтініш білдірсе, сараптамаға тәуелсіз сарапшылар тартылмайды.