Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 231 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 мамырдағы № 11185 тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаменті (Р.С. Кәрібжанова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 23 сәуірдегі  
№ 231 бұйрығымен      
бекітілген        

Әкімдіктердің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес туралы
ҮЛГІЛІК ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылатын, әкімдіктердің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестер (бұдан әрі – Кеңес) әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші ұйым болып табылады.
      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының заңын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерін, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
      3. Кеңестер облыстық әкімдіктер, республикалык деңгейдегі калалар мен астана, аудан (облыстық деңгейдегі калалар) жанында құрылып, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру және ведомствоаралық қарым-қатынасты тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдарды әзірлеу мақсатында өз қызметін жүзеге асырады

2. Кеңестің негізгі міндеттері

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:
      1) мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) мемлекеттік жастар саясатының мақсаттарын орындау нәтижелерін талдау;
      3) мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысты басқа да мәселелерді талқылау.

3. Кеңестің функциясы

      5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін мынадай функцияларды іске асырады:
      1) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша нормативті құқықтық актілер жобаларын қарастырады және талқылайды;
      2) мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, әлеуметтік, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жұмылдырады;
      3) мемлекеттік жастар саясаты саласында халықаралық қатынасты дамытуға жәрдем етеді;
      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың барысы туралы жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдайды.

4. Кеңес құрылымы

      6. Кеңес құрамы Кеңес төрағасынан, орынбасарынан, хатшысы мен мүшелерінен тұрады.
      7. Кеңес төрағасы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі болып табылады, олар:
      1) Осы Үлгілік ереже негізінде Кеңестің ережесін бекітеді, сондай-ақ кажеттілігіне қарай мүшелерінің жалпы санының кем дегенде 30% жастар мекемелерінің өкілдерін қоса құрамын қалыптастырады;
      2) Кеңестің мәжілістерін уақыты мен мерзімін белгілеп, кезекті және кезектен тыс отырыстарын шақырады және оған төрағалық етеді;
      3) Кеңес мүшелерінің жалпы санынан кем дегенде үштен екі бөлігінің талабымен Кеңестің кезектен тыс отырыстарын шақырып, оған төрағалық етеді;
      4) Кеңес жұмысын жоспарлайды және жалпы басқаруды жүзеге асырады;
      5) Кеңес мүшелерінің арасындағы міндеттер мен жұмыс бағыттарын үйлестіреді;
      6) Кеңестің жұмыс жоспары мен Кеңес отырысының күн тәртібін бекітеді.
      8. Төраға болмаған жағдайда оның қызметін орынбасары орындайды.
      9. Кеңес хатшысы:
      1) Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      2) Кеңес отырыстарындағы күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;
      3) Кеңес отырысына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларын дайындауды ұйымдастырады;
      4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының орны, өткізілетін уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды уақытында қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;
      5) Кеңес мүшелерінен отырыстың күн тәртібіне қатысты ұсыныстарын қабылдайды және оларды төрағаның қарауына шығарады;
      6) хаттамалық тапсырмалар шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады, әрбір кейінгі отырыстарда Кеңес мүшелеріне өткендегі қабылданған шешімдердің орындалу барысы жөнінде хабарлайды.
      10. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.
      11. Кеңес құрамы:
      1) Кеңес мүшелері жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жастар ұйымдары, сондай-ақ, кеңестің ұсынуымен басқа да;
      2) Кеңестің сандық құрамы тақ болуы тиіс.
      12. Кеңестің жұмыс органы _____________________ болып табылады.
                               мемлекеттік орган атауы
      13. Жұмыс органы:
      1) Кеңес жұмысының жалпы ұйымдастырылуын жүзеге асырады;
      2) Кеңес жұмысын ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;
      3) Кеңестің өткізген мәжілістерін талдауды, көтерілген мәселелерді, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша қабылданған шешімдерді, ақпаратты өңдеуді, жинауды іске асырады, бұл саладағы жұмысты дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлейді;
      4) сараптамалық топтардың жұмысын қамтамасыз етеді;
      5) Кеңестің құзырына жататын мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат алысып тұрады;
      6) Кеңестің жұмысын көрсету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты байланысты жүзеге асырады;
      14. Жарты жылда бір рет облыстық деңгейдегі, Астана және Алматы қалалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қабылданған шешімдердің орындалуы бойынша жинақталған талдамалық ақпаратты жібереді.

5. Кеңес жұмысын ұйымдастыру

      15. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігінің бастамасымен, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі және Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігі қатысқан кезде өкілетті болып есептеледі;
      16. Отырыс мерзімін, өткізу уақытын, күн тәртібін Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын есепке ала отырып Кеңес төрағасы анықтайды;
      17. Кезекті отырыстың күн тәртібі Кеңес мүшелеріне отырыс жұмысының басталуына дейін 5 күн бұрын жіберіледі;
      18. Кеңес отырысына қатысушылар Кеңес мүшелерінің басым дауыстарымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайында төрағаның дауысы шешуші болып табылады;
      19. Кеңес шешімдері отырысқа қатысушы барлық Кеңес мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді;
      20. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.

6. Кеңес қызметін тоқтатудың тәртібі

      21. Кеңес қызметі облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан (облыстық маңызды қаланың) әкімінің шешімі бойынша тоқтатылады.

7. Кеңес қызметін қамтамасыз ету

      22. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық, ақпараттық қамтамасыз ету, ооның ішінде интернет-ресурсында жариялау Кеңестің жұмысшы органына жүктеледі.