«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру, білімді насихаттау, оқыту қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр полиция
генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 20 сәуірдегі
№ 381 бұйрығымен
бекітілген
Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар
беру, білімді насихаттау, оқыту қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру, білімді насихаттау, оқыту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заңы) 12-бабы 1-тармағының 70-13) тармақшасына сәйкес әзірленді және халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру, білімді насихаттау, оқыту тәртібін айқындайды.
2. Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар
беру, білімді насихаттау, оқыту тәртібі
2. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – уәкілетті органның ведомствосы) төтенше жағдайдың туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын халыққа хабар беруді қамтамасыз етеді және азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды ұйымдастырады.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жүктелген өкілеттіктерге сәйкес мемлекеттік органдар, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер азаматтық қорғау саласында хабар беруді және білімді насихаттауды жүзеге асырады.
3. Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар туралы ақпарат жария және ашық болып табылады және азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралы арқылы халыққа беріледi.
4. Жағдайды қадағалау, бақылау мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау қызметі (сейсмологиялық қызмет, сел жүретінін хабарлау, радиациялық қауіпсіздікті бақылау жүйелері және басқалар) алдын aлy мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында және (немесе) іргелес мемлекеттердің шекара маңындағы аумағында төтенше жағдайлардың туындау қатері кезінде уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшесіне оның сипаттамаларын көрсете отырып, қажетті ақпаратты дереу ұсынады.
5. Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі төтенше жағдайдың туындау қатері туралы ақпарат алған кезде бұл туралы төтенше жағдайлар болжанатын аймақтағы халыққа, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде олардың іс-әрекеті тәртібі туралы дереу хабар береді.
6. Орталық және жергілікті атқарушы органдар халыққа азаматтық қорғау саласында өздері қабылдаған шаралар туралы хабар береді.
7. Азаматтық қорғау саласында хабар беру және білімді насихаттау:
1) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның ішінде республикалық және облыстық (қалалық) телеарналарда арнайы бағдарламалар құру арқылы, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы хабар беруді ұйымдастыруды;
2) азаматтық қорғау саласындағы білімді, тұрмыстағы және өндірістегі қауіпсіздік қағидаларын насихаттайтын тұрақты жарияланымдарды, басылымдарда, интернет-ресурстарда, телерадио хабарларын тарату желілері бойынша хабарларды беруді ұйымдастыруды қамтиды.
Азаматтық қорғау саласында білімді насихаттау халықты осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес азаматтық қорғау саласында оқыту кезінде де жүзеге асырылады.
8. Азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау жоспарын уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
9. Азаматтық қорғау саласында халықты және мамандарды оқыту осы бірыңғай жүйе шеңберінде ұйымдастырылады және мыналарды:
1) азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандары, білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары үшін уәкілетті орган ведомствосының және ынтымақтастық туралы уәкілетті орган келісім жасасқан шет мемлекеттердің ұйымдары мен оқу орындарында даярлықтан және қайта даярлықтан өтуді;
2) қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ ұйымдардың, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарының басшылары, азаматтық қорғау құралымдарының командирлері, ұйымдардағы азаматтық қорғау жөніндегі сабақ топтарының жетекшілері, барлық түрдегі жалпы білім беретін мектептер мен орта кәсіптік оқу орындарының оқытушылары, қауіпті өндірістік объектілердің басшылары үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде даярлықтан және қайта даярлықтан өтуді;
3) Заңның 16-бабы 5-тармағының 4) тармақшасына сәйкес азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың жұмыскерлері үшін жұмыс орны бойынша даярлықтан өтуді;
4) азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылмаған ұйымдардың жұмыскерлері үшін, сондай-ақ жұмыс істемейтін халық үшін – радиохабарларды тыңдау, интернет-ресурсты, телебағдарламаларды, жадынамаларды, парақшалар мен буклеттерді қарау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою тақырыбы бойынша өткізілетін іс-шараларға бару арқылы төтенше жағдайлардан қорғану мәселелерін дербес зерделеуді;
5) оқу орындарының студенттері және оқушылары үшін – «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» пәнінің оқу бағдарламалары бойынша сабақтар өткізуді, төтенше жағдайлардың алдын алу тақырыбы бойынша әртүрлі конкурстарға қатысуды;
6) мектепке дейінгі мекемелердегі балалар үшін – ойындар өткізуді, қоршаған ортадағы қауіпсіз жүріс-тұрыс жөніндегі ертегілер мен балаларға арналған кітаптарды тыңдауды, ата-аналарымен әңгімелесуді;
7) азаматтық қорғау саласындағы мамандар үшін ынтымақтастық туралы уәкілетті органмен келісім жасасқан Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің оқу орындарында даярлықтан өтуді көздейді.
10. Іс-қимыл дағдыларын пысықтау және алған білімдерін бекіту үшін халық және азаматтық қорғау саласындағы мамандар тұрғылықты жері, оқу және жұмыс орны бойынша оқу-жаттығулар мен машықтануларға тартылады.
11. Төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлаудың, халықты оқытудың оқу бағдарламасын Заңның 12-бабы 1-тармағының 42) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.
12. Әрбір оқу тобын оқыту практикалық жаттығулар өткізумен және тестілік тапсырмалар тапсырумен аяқталады.