Ішкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелер үшін кеме құжаттарын беру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 357 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 мамырда № 11093 тіркелді.

Жаңартылған

      "Ішкі су көлігі туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 23-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ішкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелер үшін кеме құжаттарын беру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 10 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      _________________ В. Школьник

      2015 жылғы 17 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 357 бұйрығымен
бекітілген

Ішкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелер
үшін кеме құжаттарын беру және жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ішкі су көлігіндегі кеме құжаттарын беру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ішкі су көлігі туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген және ішкі су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелерге кеме құжаттарын беру және жүргізу тәртібін айқындайды.

2. Ішкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемелер
үшін кеме құжаттарын беру және жүргізу тәртібі
1-параграф. Кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
туын көтеріп жүзу құқығын және кемеге (Мемлекеттiк кеме
тiзiлiмiнде тіркелуге жататын кемелер үшін) меншік құқығын
растайтын кеме куәлігін беру

      2. Кеме куәлігі кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын және кемеге меншік құқығын растайды.

      Кеме куәлігін кеме иесіне көлік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 51 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10400 болып тіркелген) бекітілген Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында көзделген тәртіпте береді.

2-параграф. Шетелдiк кемеге (жалға алынған шетел кемелерiнiң
тiзiлiмiнде тiркелген кемелер үшiн) Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге уақытша құқық беру туралы
куәлiкті беру

      3. Шетелдік кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге уақытша құқық беру туралы куәлік кеменің Жалға алынған шетел кемелері тіркеліміне енгізілгендігін растайды.

      Шетелдік кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге уақытша құқық беру туралы куәлікті кеме иесіне көлік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 51 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10400 болып тіркелген) бекітілген Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында көзделген тәртіпте береді.

3-параграф Кеменiң жүзуге жарамдылығы туралы куәлікті
сыныптау куәлiгiн және кеменiң мұнаймен, қалдық сулармен және
қоқыспен ластануын болғызбау туралы куәлiкті беру

      4. Кеменiң жүзуге жарамдылығы туралы куәлікті сыныптау куәлiгiн және кеменің мұнаймен, қалдық сулармен және қоқыспен ластануын болғызбау туралы куәлікті Қазақстан |Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің "Қазақстан Кеме қатынасының тiркелiмі" РМҚК ішкі суларда және аралас "өзен-теңіз" суларында жүзетін кемелерге куәландыру кезінде береді.

      5. Кеменiң жүзуге жарамдылығы туралы куәлік және сыныптау куәлiгi өзіне мыналарды:

      1) кеменің негізгі техникалық деректерінің және оның элементтері туралы мәліметтерді;

      2) куәлік берілгеннен кейін кеменің негізгі техникалық деректерінің және оның элементтерінің өзгерістері туралы мәліметтерді;

      3) кемені есепке қою туралы және есептен шығару туралы мәліметтерді қамтиды.

      6. Кеменің мұнаймен, қалдық сулармен және қоқыспен ластануын болғызбау туралы куәлікте кемеде бар экологиялық қауіпсіздік жабдықтары туралы мәліметтер көрсетіледі.

      7. Барлық куәліктер жыл сайын расталып, 5 жыл мерзімге беріледі.

4-параграф. Өздiгiнен жүзетiн кемелер үшiн кеме журналын
(вахталық журналды) жүргізу

      8. Кеме журналы (вахталық журнал) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде немесе Жалға алынған шетелдік кемелер тізілімінде тіркелген өздігінен жүретін әрбір кемеде жүргізіледі.

      9. Кеме журналы (вахталық журнал) кеменің тоқтаусыз пайдалану кезеңі көрсетілген кеме құжаты болып табылады.

      10. Кеме журналы (вахталық журнал) кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге құқық алған сәтінен бастап оны көтеріп жүзу құқығы сақталған барлық кезеңі ішінде жүргізіледі.

      11. Кемені тұраққа жауапты сақтауға немесе жөндеуге тапсырған кезде, кеме журналы (вахталық журнал) кемеде қалады, бірақ оны толтыру кемеде экипаж болмайтын уақытқа тоқтатылады.

      12. Кеме журналындағы (вахталық журналдағы) барлық беттер нөмірленуі, тігілуі және кеме иесінің мөрімен бекітілуі тиіс.

      13. Кеме журналын (вахталық журналын) вахта бастығы (капитанның вахтадағы көмекшісі) жүргізеді.

      14. Мәтінді енгізген вахта бастығы оны өзгертеді және толықтырады, ал капитан тек толықтырады.

      15. Кеме журналындағы (вахталық журналындағы) жазбалар мемлекеттік немесе орыс тілінде анық және ұқыпты түрде көк немесе қара түсті пастамен (немесе сиямен) жазылады.

      16. Кеме журналы (вахталық журнал) оқиға болған сәтте немесе одан кейін вахта процесінде толтырылады. Жүрдек кемелердің ішкі су жолдарында жүзуі кезінде кеме журналы (вахталық журналы) аялдамада толтырылады.

      17. Кеме журналының (вахталық журналының) уақыты кеме сағаты бойынша 0-ден 24 сағатқа дейін 1 минут аралықпен төрт мәнді санмен жазылады. Сағаттар минуттардан нүктемен бөлінеді.

      18. Әр тәуліктің жазбасы кеме журналының (вахталық журналының) жаңа бетіне жазылады. Тәулік соңына дейін толтырылмаған кестелер, бағандар және жолдар "Z" белгісімен сызылады.

      19. Навигациялық сипаттағы жазбалардың көлемін, навигациялық картадағы төсеммен және тіркеудің техникалық құралдары ақпаратымен бірге кеме бағытын қалпына келтіруге болатынын ескере отырып капитан белгілейді. Бұл ретте, картадағы төсем картаны қайталап пайдаланғанға дейін сақталады, ал өздігінен жазу таспалары – курсограмма, реверсограмма, эхограмма – екі жыл бойы сақталады.

      20. Кеме орны вахталық жүру кезегі соңында, сондай-ақ капитанның немесе вахта бастығының пікірі бойынша қажетті барлық жағдайларда кеме журналында тіркеледі.

      21. Жүзудің ерекше шарттары бар ауданға жақындаған кезде қалыпты іс-шаралардың орындалуы тіркелмейді.

      22. Вахта бастығы өз жазбаларына лауазымын көрсете отырып қол қояды. Қол қойғаннан кейін вахта бастығы өзінің тегін көрсетеді.

      23. Капитан кеме журналындағы жазбаларды бақылайды және әр беттің соңына қолын қойып куәландырады. Кемеге қатер төнген жағдайда кеме капитаны кеме журналын сақтап қалуға барлық қажетті шараларды қолданады.

      24. Толтырылған кеме журналдары қызметтік құжаттамамен бірге кеме иесі мұрағатқа өткізген соң екі жыл сақталады.

      25. Кеме капитаны және (немесе) вахта бастығы кеме журналына (вахталық журналға) кемеге қатысты және кеменің, кеме иесінің, жолаушылардың мүдделерін және жүкті қорғау үшін маңызы бар кез келген қосымша жазбаны енгізе алады. Өзге тұлғалардың тарапынан кеме журналындағы (вахталық журналындағы) осы туралы кез келген жазбалары мен талаптары жоққа шығарылады.

      26. Күні (күні, айы, жылы) кеме журналы (вахталық журналы) айналымының әрбір сол жақ бетінде жазылады. Күнінен оңға қарай апта күні, сондай-ақ кеме уақытын санау жүйесі көрсетіледі (журналға ең алғаш жазба және өзгерту жазылғанда).

      27. Екінші жолда кеме тұрағының орны (рейд, порт, жағалау атауы), ал жүзіп жүрген кемеде – жүзу ауданы (өзен, канал, су қоймасының, көл, теңіз, олардың шығанағының немесе бөлігінің атауы) көрсетіледі. Бұдан әрі жолда сол бойынша жүзу жүргізілетін немесе кеме тұрағының орны көрсетілген карта нөмірі көрсетілуі мүмкін.

      28. Кеме журналында (вахталық журналында):

      1) кеменің тәулік бойы жұмысы;

      2) гидрометеорологиялық деректер;

      3) жүзіп өткен қашықтық;

      4) навигациялық ахуалдың жай-күйі,

      5) оқиғалар мен іс-қимылдар;

      6) бас қозғалтқыштардың жұмысы;

      7) бас қозғалтқыштардың жұмыс тәртібі;

      8) көмекші қозғалтқыштардың жұмысы туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      29. Кеменің тәулік бойы жұмысы туралы мәліметтерді толтыру кезінде:

      1) рейс нөмірі (ол өзгерген кезде жазылып отырады);

      2) іс жүзіндегі дәйектілікпен кеме аялдамаларының пункттері;

      3) кеменің осы аялдама пунктіне жүзіп келген уақыты;

      4) осы пункттен жүзіп кеткен уақыты;

      5) жолаушылар саны (экипажды есепке алу немесе жағалау деректері бойынша), осы аялдама пунктінен жөнелтiлген сәттегi кемедегi жүктiң саны мен атауы;

      6) осы жөнелту пунктінен жөнелтілген сәттегi кеменiң (құрамның) ең үлкен шөгуі көрсетіледі.

      30. Гидрометеорологиялық деректер туралы мәліметтерді толтыру кезінде мыналар көрсетіледі:

      1) ауа райы мен теңіз (су тоғаны) жай-күйі туралы деректер;

      2) желдің нақты бағыты (100 аралықпен градуспен) және оның секундына метр жылдамдығы;

      3) толқындану бағыты (толқындану келетiн бағыт) 100 аралықпен және балмен көрсетiлген теңiз бетiнiң (көл, су қоймасы) жай-күйі. Өзенде және порт суларында тиiсiнше "өзен", "порт" деп жазылады;

      4) егер су бетiнде мұз болса, онда "М" белгiсi және мұздың тығыздығы балмен жазылады;

      5) ауа райының жағдайы шартты белгiмен А-ашық, Б-бұлтты, Тү-түтiн, Тк-түнек, Т-тұман, Ж-жаңбыр, Қ-қар, Бұ-бұршақ, Н-найзағай және көрiну ұзақтығы километрлермен жазылады;

      6) миллиметрмен атмосфералық қысым және сыртқы ауаның температурасы.

      31. Өткен қашықтықтар туралы мәліметтерді толтыру кезінде кеменің тұтастай тәулік iшiнде өткен арақашықтығы (километрмен) көрсетіледі.

      32. Навигациялық ахуалдың жай-күйі, оқиғалар мен іс-қимылдар туралы мәліметтерді толтыру кезінде навигациялық ахуалдың жалпы тәулік ішіндегі жай-күйі туралы деректер жазылады.

      33. Мұздарда жүзген кезде мұзға кіруі және одан шығуы, мұздың сипаты мен тығыздығы, алынған өкімдер мен метеожағдай жазылады.

      34. Кемеде көлік оқиғасы болған жағдайда:

      1) көлік оқиғасының орны;

      2) көлік оқиғасының мән-жайы және сипаты;

      3) оның салдары;

      4) кеме мен механизмдердің көлік оқиғасынан кейінгі жағдайы;

      5) экипаждың көлік оқиғасын болдырмау және оның салдарын жою жөніндегі іс-әрекеті толық жазылады.

      35. Басқа кемемен соқтығысқан кезде:

      1) жақындасу жағдайы, бұрылып кету үшін алдын ала жасаған маневрлері;

      2) соқтығысқан кеменің атауы және тіркелген пункті;

      3) шыққан және баратын пункті;

      4) зақымдану сипаты жазылады.

      Кеме мұздан зақымданған кезде – мұз жағдайының сипаты қосымша жазылады.

      Дабыл (жаттығу) кезінде оның түрі, жариялану уақыты мен аяқталуы жазылады.

      36. Бас қозғалтқыштардың жұмысы туралы мәліметтерді толтыру кезінде бас қозғалтқыштар іске қосылған және тоқтатылған сәттер, сондай-ақ олардың жұмысының ұзақтығы тіркеледі. Қозғалтқыштардың қысқа уақытқа тоқтатылуы тіркелмейді.

      37. Бас қозғалтқыштардың жұмыс тәртібі туралы мәліметтерді толтыру кезінде:

      1) кеменің бас қозғалтқыштарының бақылау аспаптарының көрсетулері, бүтін сағатқа еселенген жазбалар төрт сағаттан сиретпей орындалады;

      2) қозғалтқыштардың айналу жиiлiгi (айн./мин);

      3) майдың сүзгіге дейiнгi қысымы (аспаптарды бөлiктеу бiрлiктерінде);

      4) майдың сүзгіден кейiнгi қысымы (аспаптарды бөлiктеу бiрлiктерінде);

      5) майдың қозғалтқыштан кейінгі температурасы (0С-та);

      6) судың шығудағы температурасы (0С-та);

      7) шығатын газдардың температурасы (жалпы) (0С-та) жазылады.

      38. Көмекші қозғалтқыштардың жұмысы туралы мәліметтерді толтыру кезінде көмекші қозғалтқыштар іске қосылған және тоқтатылған жағдайлар, сондай-ақ олардың жұмысының ұзақтығы тіркеледі.

5-параграф. Кеме ролін (өздiгiнен жүзетiн кемелер үшiн)
жүргізу

      39. Кеме ролі (өздiгiнен жүзетiн кемелер үшiн) – кеме капитаны жасайтын кеме экипажы мүшелерiнiң тiзiмi.

      40. Кеме ролі мынадай деректерден тұратын мәліметтерді қамтиды:

      1) кеме туралы (атауы, тіркелу орны және тіркелу нөмірі, түрі және мақсаты, кеме иесі, кеменің шақыру сигналы);

      2) экипаж мүшелері туралы (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, азаматтығы, кемедегі лауазымы, атағы және диплом нөмірі немесе тұлғаның азаматтығын куәландыратын өзге де құжаттың сериясы және нөмірі).

      41. Кеме роліне кеме экипажының құрамына кіретін тұлғалар, сондай-ақ:

      1) жүзу практикасынан өту үшін осы кемеге жіберілген оқу орындарының курсанттары (оқушылар);

      2) кемеде жұмыс істеу үшін іссапарға жіберілген кеме иесінің өкілдері енгізіледі.

      Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін ролінде көрсетілген, халықаралық тасымалды жүзеге асырушы кемеге іссапарға жіберілген оқу орындарының курсанттары оқитындар мен тұлғалардың кемедегі лауазымдарын кеме экипажын жинақтауға құқығы бар кеме иесі айқындайды.

      42. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін ролін кеме капитаны кеме портқа кіргенде немесе кеме порттан шыққанда шекаралық бақылау органдарына ұсынады.

      43. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін экипажында өзгерістер болмаған жағдайда, кесте бойынша жұмыс істеп тұрған кеме бір портқа бір ай ішінде кемінде бір-ақ рет кірсе, портқа әрбір кірген сайын кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін ролін ұсыну талап етілмейді.

      44. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін портқа келгенде ұсынылған кеме ролін, оған өзгерістер енгізілген немесе өзгерістердің жоқтығы көрсетілген жағдайда, кеменің порттан шығуы кезінде ұсынуға рұқсат етіледі.

      45. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін ролі кемеде:

      1) кеме Қазақстан портына келгенде немесе Қазақстан портынан кеткенде – мемлекеттік және орыс тілдерінде;

      2) кеме шетел портына келгенде немесе шетел портынан кеткенде – мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылады.

      46. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін роліндегі жазбалар мемлекеттік және орыс тілдерінде көк немесе қара пастамен (сиямен) анық және ұқыпты жазылады. Қарындашпен жазуға рұқсат етілмейді.

      47. Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін ролі мынадай түрде толтырылатын мәліметтерді қамтиды:

      1) "тегі, аты және әкесінің аты", "туған күні мен жері", "азаматтығы" – теңізшінің жеке куәлігінде немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжатта келтірілген деректер бойынша;

      2) "лауазымы" – халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын кемелерде – кемедегі қызметтік жағдайы туралы теңізшінің жеке куәлігіндегі жазбаға сәйкес.

      Басқа кемелерде – кеме иесінің тұлғаны кеме экипажының мүшесі етіп тағайындау туралы бұйрығына (өкіміне) сәйкес;

      3) "атағы және диплом нөмірі" – біліктілігін растайтын дипломда көрсетілген деректер бойынша;

      4) "теңізшінің жеке куәлігінің немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың сериясы мен нөмірі" – теңізшінің жеке куәлігінде немесе жеке басын куәландыратын тиісті құжатта көрсетілген деректер бойынша.

      48. Кеме экипажының құрамында өзгеріс болмағанда, "Өзгерістер жоқ" деген жазу жазылады, ол күні көрсетіле отырып, кеме капитанының қолымен және кеме мөрімен куәландырылады.

      Кеме экипажының құрамы өзгерген жағдайда кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін роліне өзгерістер мынадай тәртіпте енгізіледі:

      1) кеме экипажының шығып кеткен мүшесінің тегі жазылған жол сызылады;

      2) кеме экипажы жаңа мүшесінің тегі жазылған жол кеме экипажы шығып қалған мүшесінің нөмірімен белгіленеді.

      Экипаж мүшесі ауыстырусыз шыққан жағдайда, экипаж мүшесі (Т.А.Ә.А) кемеден ауыстырусыз шығарылғаны жайлы жазылып, шығып қалған экипаж мүшесінің тегі жазылған жол сызылып тасталады.

      Кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін роліне енгізілген өзгерістерге кеме капитаны күнін көрсетіп қол қояды және кеме мөрімен куәландырады.

      Қазақстан портынан шетелге жүзу кемесі шығар алдында кеме өздігінен жүзетін кемелер үшін роліне өзгерістер енгізілген жағдайда, осы өзгерістерді кеме иесі немесе порт капитаны куәландырады.

6-параграф. Радиожурналды жүргізу тәртібі (егер кемеде кеме
радиостанциясы бар болса)

      49. Радиожурнал ҚТ диапазонындағы радиобайланысқа қатысты мәліметтер тіркелетін құжат болып табылады.

      50. Радиожурналдың барлық парақтары нөмірленеді, тігіледі және кеме иесінің қолы мен мөрі қойылады.

      51. Кемеде радиожурналдың тек бір данасы ғана жүргізіледі.

      52. Радиожурналды жаңасына ауыстыру оны толық пайдаланған кезде ғана жүргізіледі. Радиожурнал кеме бортында оған соңғы жазба енгізілгеннен кейін бір жыл ішінде сақталады және кеме иесінің мұрағатына кейіннен өткізіледі.

      53. Радиожурнал вахта бастығының рубкасында сақталады.

      54. Радиожурналды жүргізу кеменің радиооператоры, ал штат кестесі бойынша кеменің радиооператоры жоқ болса, вахта бастығы жүзеге асырады. Радиожурналдағы жазбалар мемлекеттік және орыс тілдерінде көк немесе қара пастамен (немесе сиямен) анық және ұқыпты жазылады.

      55. Кеме капитаны өткен тәуліктерде радиожурналдың жүргізілуін тексереді және радиожурналдың мазмұнын келіп түскен және берілген хабарлардың соңында қол қою арқылы куәландырады.

7-параграф. Кеме станциясының рұқсатын беру (егер кемеде кеме
радиостанциясы бар болса)

      56. Кеме станциясының рұқсаты (егер кемеде кеме радиостанциясы бар болса) радиожиілікті спектрді қолдануды растайды.

      Кеме станциясының рұқсаты кеме иесіне байланыс саласындағы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 21 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10730 тіркелген) Жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарды) иелікке беру, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттiк үйлесiмдiлiгiн есептеу қағидаларында көзделген тәртіпте беріледі.

8-параграф. Машина журналын жүргізу (механикалық қозғағышы
бар кемелер үшiн)

      57. Машина журналы көмекші және күш беретін қондырғылардың жұмысын, жүру жылдамдығын, жанармай шығысын және бар екендігін көрсетеді.

      58. Машина журналы, машиналық үй-жайда вахтасыз пайдаланылатын кемелерді қоспағанда, механикалық қозғалтқышы бар кемелерде жүргізіледі.

      59. Машина журналының барлық парақтары нөмірленеді, тігіледі және кеме иесінің қолы мен мөрі қойылады. Машина журналын кеме иесі кеме капитанына қолхатпен береді.

      60. Механиктің вахтадағы көмекшісі барлық вахтаның бастығы болып табылады және машина журналында жазба жүргізеді.

      Механиктен және оның көмекшілерінен басқа, кеме экипажының мүшелері мен кемеге отырған адамдарға, олардың лауазымдық дәрежесіне және кемеге келу мақсатына қарамастан, машина журналына қандай да бір жазбалар немесе түзетулер енгізуге рұқсат етілмейді.

      61. Вахта уақытында вахта механигі механизмдерді пайдалану мен жұмысы туралы барлық мәліметтерді жазады, ал жұмыс арасындағы үзілістерде және вахта аяқталғаннан кейін журналға вахта туралы қажетті мәліметтерді енгізеді және онда лауазымын және тегін көрсете отырып, өз қолын қояды.

      62. Машина журналындағы жазбалар мемлекеттік немесе орыс тілінде көк немесе қара пастамен (немесе сиямен) анық және ұқыпты жазылады.

      63. Жазғанды өшіруге, жолдардың арасына және одан тыс қыстырып жазуға, сондай-ақ кейіннен жазу үшін орын қалдыруға рұқсат етілмейді.

      64. Машина журналындағы мәтінді тек негізгі мәтінді жазған адам және кеменің капитаны-механигі түзете және (немесе) толықтыра алады. Қате жазылған мәтін жеңіл оқылатындай етіп жіңішке сызықпен сызылады және жақшаға алынады. Соңғы жақшадан кейін капитан-механик түзетулерді және (немесе) толықтыруларды қолымен және (немесе) "түзетілгені рас" деген мәтінмен куәландырады.

      65. Машина журналындағы жазбаларды кеме механигі тексереді, әрбір оң беті оның қолымен куәландырылады. Журналды жүргізу бойынша барлық ескертулерді механик өзінің көмекшілеріне ауызша хабарлайды. Вахта механигі жазбаларды парақтың соңында өз қолымен куәландырады.

      66. Толтырылған машина журналы кемеде 2 жыл сақталады, одан кейін кеме иесінің мұрағатына өткізіледі.

      67. Машина журналында қалыпты параметрлерден ауытқу кезіндегі мәліметтер тіркеледі.

      68. Мәліметтер екіұдай түсінік бермейтін мағынада қысқа әрі түсінікті етіп жазылады.

      69. Әрбір вахтаның жазбасы жаңа жолдан басталады және оларды бекітетін қол қоюды қоса алғанда, қандай да бір жол қалдырусыз жүргізіледі.

      70. Кеме уақыты түн ортасынан – 0 сағаттан 24 сағатқа дейін саналады. Уақыт мезеті төрт таңбалы санмен жазылады және сағаттар минуттан нүктемен ажыратылады. Оң жақ бетіндегі кез келген жазба 1 минутқа дейінгі дәлдікпен кеме сағаты бойынша уақыт мезетінен басталады.

      71. Беттің тақырыбында бірінші жолға апта күнінің атауы, күні, айы және жылы, екінші жолға – рейдтің, айлақтың немесе жүзу ауданының атауы жазылады.

      72. Тәуліктің басында 00.00 мезетке кеменің орны, жай-күйі және іс-әрекеті туралы мәліметтер жазылады.

      73. Вахтаның басында вахтаға шыққан және кемеде жұмыс істейтін адамның аты-жөні, ал қажет кезде – кеменің тоқтауы және іс-әрекеті туралы қосымша мәліметтер жазылады.

      74. Вахтаның соңында кеменің орны, жағдайы, жай-күйі және іс-әрекеті туралы мәліметтер толық жазылады. Барлық жағдайларда да жазба "Ерекше белгілер" деген тақырыпшамен аяқталады, одан кейін бас қозғалтқыштар мен механизмдердің ерекше назар аудару қажет жұмысы жөнінде ескертулер немесе ерекше ескертулер жоқ болса "Ескертусіз" сөзі жазылады.

      75. Барлық экипаждың немесе оның едәуір бөлігінің қатысуымен қауырт жұмыс кезінде оның тағайындалуы мен аяқталуы туралы мәліметтер жазылады.

9-параграф. Кемені қарап шығудың бірыңғай кітабын жүргізу

      76. Кемені қарап шығудың Бірыңғай кітапты аумақтық бөлімшелері кемені тексерулерінің барлығын тіркейтін құжат болып табылады.

      77. Кемені қарап шығудың бірыңғай кітабын кеме иесі кеме капитанына қол қойғызып береді.

      78. Кемені қарап шығудың бірыңғай кітабының барлық парақтары нөмірленеді, тігіледі және кеме иесінің қолы мен мөрі қойылады.

      79. Кемені қарап шығудың бірыңғай кітабын жаңасына ауыстыруға тек аумақтық бөлімше оны толық пайдаланғаннан соң ғана рұқсат етіледі, бұл ретте пайдаланылған кемені қарап шығудың бірыңғай кітабы кеме иесінде қалады. Егер аумақтық бөлімшенің пайдаланылған кітаптағы талаптары орындалмаған болса, онда олар жаңа кітапқа ауыстырылып жазылады.

      80. Кемені қарап шығудың бірыңғай кітабы вахта бастығының рубкасында сақталады және аумақтық бөлімшенің өкілдерінің алғашқы талабы бойынша беріледі.

      81. Кеменің капитаны кемені қарап шығудың бірыңғай кітабын жүйелі түрде тексереді және ескертулерді белгіленген мерзімде жою жөніндегі шараларды қабылдайды, ол жайында әрбір жазбаның қарсысында кемшіліктерді жою күнін көрсете отырып белгілеу жүргізеді.

      82. Кеме иесі кемені қарап шығудың бірыңғай кітабын тексереді және ондағы белгіленген кемшіліктерді жоюға шаралар қабылдайды.

10-параграф. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны беру

      83. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды ішкі су көлігі саласындағы объектілердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, гигиеналық нормативтерге және (немесе) техникалық регламенттерге сәйкестігін (сәйкес еместігін) куәландыратын құжат.

      84. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны кеме иесіне мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қызмет органдары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 62-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу қағидаларында көзделген тәртіпте береді.

11–параграф. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті
беру (өздiгiнен жүзетiн кемелер үшін)

      85. Кеме экипажы құрамының Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 18 ақпандағы № 134 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10788 болып тіркелген) Кеме экипажының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сәйкестігі кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікпен куәландырылады.

      86. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті аумақтық бөлімшелер үш жыл мерзімге береді.

      87. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру мерзімі кеме иесі бекіткен штаттық кесте мен кемені пайдалану режимі және экипаждың жұмысы туралы бұйрықты (немесе басқа құжат) қоса бере отырып, кеме иесі өтінішті ұсынғаннан кейін екі жұмыс күнін құрайды.

      Ескерту. 87-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 01.11.2018 № 760 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      88. Аумақтық бөлімше кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беруден мынадай негіздермелер бойынша бас тартады:

      1) кеме иесі ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) кеме иесінің және (немесе) кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті алу үшін қажетті, ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 18 ақпандағы № 134 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10788 болып тіркелген) Кемелер экипаждарының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі.

      Ескерту. 88-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 12.07.2017 № 465 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.