Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 12.04.2019 № 214 және ҚР Энергетика министрінің 16.04.2019 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық компанияның үлестік қатысуы көзделетін келісімшарттарда ұлттық компанияның мемлекеттік мүдделерді білдіру туралы қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті:
1) осы бұйрықтың заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму, Энергетика вице-министрлеріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастан күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 397 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 257 бірлескен бұйрығымен бекітілген |
Ұлттық компанияның үлестік қатысуы көзделетін келісімшарттарда
ұлттық компанияның мемлекеттік мүдделерді білдіру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық компанияның үлестік қатысуы көзделетін келісімшарттарда ұлттық компанияның мемлекеттік мүдделерді білдіру қағидалары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес әзірленген және ұлттық компанияның үлестік қатысуы көзделетін келісімшарттарда ұлттық компанияның мемлекеттік мүдделерді білдіру тәртібін айқындайды.
Келісімшарттарда ұлттық компанияның мемлекеттік мүдделерді білдіруі жер қойнауын пайдалану саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты үлестік қатысу арқылы іске асыру тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) келісімшартта міндетті қатысу үлесі - пайызбен көрсетілген келісімшартқа ұлттық компанияның қатысу;
2) оператор - келісімшартты орындауға байланысты қызметті жедел басқаруды және есепке алу-есеп беру операцияларын жүзеге асыратын, оның іс-әрекеті үшін жер қойнауын пайдаланушылар мүліктік жауапкершілікте болатын, құзыретті органның жазбаша хабарламасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар құратын немесе белгілейтін заңды тұлға;
3) келісімшарт - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт;
4) құзыретті орган – егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше белгіленбесе, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан іске асыруды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган.
2. Келісімшарттарда мемлекеттік мүдделерді білдіру тәртібі
3. Мемлекеттік мүдделерді білдіру оларға бекітілген өкілеттіктер шегінде, келісімшарттарда үлестік қатысу құқығын жүзеге асыру арқылы іске асырылады.
4. Ұлттық компания келісімшарттардағы қатысу үлестерін басқаруды келісімшарттарда көзделген органдар, бірлескен қызмет туралы шарттар және операторлардың құрылтай құжаттары (консорциумдар құрылған жағдайда) және немесе жарғылық капиталына бірлескен қатысатын ұйымдардың құрылтай құжаттары арқылы жүзеге асырады.
5. Келісімшартты орындау кезінде ұлттық компания өзге жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілермен келісімшартта көзделген жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды іске асыру үшін талап етілуі мүмкін келісімдердің кез келген түрлерін жасай алады және мұндай келісімдердің ережелері Келісімшарттың ережелеріне қайшы келмеуі тиіс.
6. Келісімшарттарда мемлекеттік мүдделерді білдіру заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына және/немесе тапсырмаларына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, құзыретті органның және олардың құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдардың шешімдеріне және/немесе тапсырмаларына, сондай-ақ мұнай-газ, энергетика және тау-кен саласын дамыту бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Құзыретті орган ұлттық компаниямен жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын өзгерту мүмкіндігін ескере отырып, міндетті үлестік қатысумен келісімшарттарда бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары туралы меморандум жасасады.
7. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және келісімшартта белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде мемлекеттік мүдделерді сақтауға, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасында өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасының талаптарын сақтау бойынша;
2) жоғары технологияларды және кен орындарын барлау мен пайдаланудың оң практикасы пайдалану негізінде жер қойнауы ресурстарын экономикалық тиімді игеруге, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) жоғары технологияларды, жаңа және өңдеуші өндірістерді дамыту мен пайдалануға, инфрақұрылымдық және өзге де объектілерді құруға және бірлесіп пайдалануға ықпал етеді.
8. Ұлттық компанияның үлесін төмендету нәтижесінде үлестік қатысу мөлшері осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген органдар қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.
9. Ұлттық компания өзге жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалануға бұрын жасаған келісімшарттарда сатып алынған қатысу үлесін басқаруды осы келісімшарттардың ережелерін ескере отырып жүзеге асырады.
3. Конкурс қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттарда
ұлттық компанияның міндетті қатысу үлесін айқындау
10. Ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда ұлттық компанияның оператордың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі кемінде елу пайызды құрауға тиіс.