Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10871 тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабының 1-тармағының 16-5)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелеріне құқықтар беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министрдің міндетін атқарушы

М. Құсайынов


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 255 бұйрығымен бекiтiлген

Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабы 1-тармағының 16-5) тармақшасына cәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру тәртібін айқындайды.

      2. Жеке тұрғын үй құрылысына бөлуге арналған алаңдардағы елді мекендер шекараларының шегінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі олардың бас жоспарларына, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес, ал тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде – аталған елді мекенді дамыту және оған құрылыс салу схемасына (бас жоспардың жеңілдетілген нұсқасы) сәйкес беріледі.

      3. Сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату үшін ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына 0,10 гектар мөлшерінде жеке меншікке тегін беріледі.

      Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, көрсетілген мақсат үшін жер учаскелерін екінші мәрте тегін беруге жол берілмейді.

      4. Жер учаскесін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке беру жер учаскелерін игергеннен кейін (объектіні (жеке тұрғын үйді) пайдалануға беру туралы актіге қол қойылғаннан кейін) жүргізіледі. Игеру кезеңінде жер учаскесі Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға Кодекстің 92-бабына сәйкес игеру шарттары мен мерзімдері белгіленіп уақытша өтеулi пайдалануға (жалға) беріледі.

2. Жер учаскесін беру

      5. Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар уақытша өтеулi пайдалану (жалдау) құқығында жер учаскесiн жеке тұрғын үй құрылысы үшін беру туралы ерікті нысандағы өтінішті (бұдан әрі – өтініш) сұралып отырған жер учаскесінің орналасқан жері бойынша береді:

      1) республикалық маңызы бар қала мен астананың шекарасы шегiнде – республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкiмдiгi;

      2) облыстық маңызы бар қаланың шекарасы шегiнде – облыстық маңызы бар қаланың әкiмдiгi;

      3) аудандық маңызы бар қаланың шекарасы шегiнде – аудандық маңызы бар қаланың әкiмi;

      4) кент шекарасы шегiнде – кент әкiмi;

      5) село шекарасы шегiнде – село, селолық округтiң әкiмi.

      6. Өтiнiште:

      1) жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты;

      2) оның болжамды мөлшерi;

      3) орналасқан жерi;

      4) сұралатын пайдалану құқығы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін бұрын мемлекет өтеусіз негізде берген басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiледi.

      Қазақстан Республикасының азаматтары өтiнiшке жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн, оралмандар – оралман куәлігінің көшірмесін қоса береді.

      7. Өтiнiшті қабылдау кезiнде осы Қағидаларда көзделмеген басқа құжаттар мен мәлiметтердi талап етуге тыйым салынады.

      8. Берілген өтініш осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген құжаттарды бермеген жағдайда жер учаскесі орналасқан жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы (бұдан әрі – жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган) өтініш жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге оның өтінішін қараудан жазбаша дәлелдi бас тарту береді.

      9. Өтiнiшті қараудың жалпы мерзімі өтініш түскен күннен бастап екi айды құрайды.

      Көрсетілген мерзімге:

      1) Кодекстің 44-бабының 3-тармағына сәйкес дайындалатын жерге орналастыру жобасын жасау;

      2) Кодекстің 44-бабының 6-тармағында белгіленген келісу;

      3) жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу кезеңдері кірмейді.

      10. Өтініш үш жұмыс күні ішінде бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негізінде сәулет және қала құрылысы органдарымен бірлесіп, сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға түседі.

      11. Аумақты аймақтарға бөлуге сәйкес сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстар дайындау мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күніне дейінгі мерзімді құрайды.

      12. Сұралып отырған жер учаскесін пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі материалдарды жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) көрсетілген ұсынысты дайындағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде береді.

      13. Комиссияның қорытындысы сұралып отырған жер учаскесін пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс комиссияға түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады.

      Қорытынды дайындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарында және оралмандарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет тарапынан құқық берілген жер учаскелерінің болуы немесе болмауы ескеріледі, олар туралы мәліметтерді жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган комиссияға береді.

      14. Егер комиссия бөліп берілетін алаңдардың болмауына байланысты сұралып отырған жер учаскесін пайдалану мүмкіндігінің болмауы туралы қорытынды шығарған жағдайда, өтініш осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес арнайы есепке алынады.

      15. Комиссияның оң шешімінің бір данасын түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге жерге орналастыру жобасын дайындау үшін береді (жолдайды).

      16. Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн бөлiп беруге арналған алаңға жер учаскелерiн орналастырудың жерге орналастыру жобасы болған кезде әрбiр жер учаскесiне жерге орналастыру жобасын жасау талап етiлмейдi.

      17. Кодекстің 44-бабының 3 және 6-тармақтарына сәйкес дайындалған және келісілген жер учаскесінің шекарасын қалыптастыру туралы жерге орналастыру жобасын тиісті жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар өтініш беруші тапсырған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бекітеді.

      18. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, селоның, селолық округтiң жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы шешімі комиссияның оң қорытындысы негізінде тиісті жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жерге орналастыру жобасы келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.

      19. Тиісті жергілікті атқарушы органның уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын беру туралы шешімінің көшірмесін жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге береді (жолдайды).

      20. Жер учаскесінің орналасқан жері бойынша тиісті жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушімен жер учаскесін пайдалануға құқық беру туралы шешімнің негізінде шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) шартын жасасады.

      Жер учаскесін игеру мерзімі мен шарттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды және жер пайдалану (жалдау) шартында көрсетеді.

      Егер жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі дайын емес алаңдарда жер пайдалану құқығында берілген жағдайларда, мұндай жер учаскесін игеру мерзімі оны тиісті инженерлік (коммуналдық) инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен кезден бастап есептеледі.

      21. Жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу өтініш берушінің жүгінуі негізінде жүзеге асырылады.

      22. Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартында белгіленген тәртіппен алты жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      23. Жер учаскесiнiң шекараларын белгiлеу жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстары және жер учаскесiне сәйкестендіру құжатын дайындау жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi берiлетін тұлғаның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      24. Қазақстан Республикасының азаматына бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшін уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығында берілген жер учаскесіндегі салынып біткен жеке тұрғын үйді пайдалануға қабылдап алу актісі, осы жер учаскесін жеке меншікке беруге негіз болып табылады.

      Оралманға бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшін уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығында берілген жер учаскесіндегі салынып біткен жеке тұрғын үйді пайдалануға қабылдап алу актісі, Қазақстан Республикасы азаматтығын алу және жеке басын куәландыратын құжатты алу осы жер учаскесін жеке меншікке беруге негіз болып табылады.

      25. Бұрын уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген жер учаскесін жеке меншікке алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған оралмандар жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін жеке меншік құқығында беру туралы өтінішті сұралып отырған жер учаскесі орналасқан жері бойынша осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген тиісті жергілікті атқарушы органға тапсырады. Осы тармақта көрсетілген өтінішке Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар жеке куәліктің көшірмесін, жер учаскесіндегі салынып біткен жеке тұрғын үйді пайдалануға қабылдап алу актісін және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса береді.

      26. Жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімі сәйкестендіру құжатын дайындауға және беруге негіз болып табылатын, cалынып біткен жеке тұрғын үйді пайдалануға қабылдап алу актісі келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.

3. Арнайы есепке қою

      27. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сұрау кезінде жер учаскесін бөліп беру үшін алаңдар болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтініштерін жергілікті атқарушы органдар осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген комиссия қорытындысының негізінде бес жұмыс күні ішінде арнайы есепке алады.

      28. Комиссияның қорытындысы шыққаннан кейін Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтініштері арнайы есепке қойылады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда қанағаттандырылады.

      29. Жалпы тізімдегі кезектің нөмірін көрсете отырып, өтінішті арнайы есепке алғаны туралы хабарламаны өтініш берушіге жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар комиссия қорытындысы келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде береді (жолдайды).

      30. Бөліп беруге арналған алаңдар болған кезде жалпы тізімдегі кезектілік сақтала отырып, өтініш берушіге алаңдар дайын болған күннен бастап бір ай ішінде өтініш беру қажеттілігі туралы хабарлама беріледі (жолданады).

      31. Жерді бөліп беруге арналған алаңдарды дайындау туралы ақпарат және жер учаскесін алуға арналған кезектілік тізімдері ашық болып табылады, оларға қолжетімділікті жергілікті атқарушы органдар тоқсанына кемінде бір рет оларды арнайы ақпараттық стенділерде орналастыру және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялау арқылы қамтамасыз етеді.

4. Жер учаскесін беруден бас тарту

      32. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне құқық беруде дәлелді бас тартуды қамтитын шешім комиссияның теріс қорытындысы негізінде, комиссияның тиісті қорытындысы түскен күннен бастап жеті күндік мерзімде қабылданады.

      33. Жер учаскесiне тиісті құқық беруден бас тарту туралы тиісті жергілікті атқарушы орган шешімінің көшірмесін жер учаскесі орналасқан жердегі жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге береді (жолдайды).