Порттың міндетті көрсететін қызметерінің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 75 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10868 тіркелді

Қолданыстағы

      «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Порттың міндетті көрсететін қызметтерінің тізбесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі                  Ә. Исекешев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _____________Е.А. Досаев
      2015 жыл 18 наурыз

Қазақстан Республикасы  
Инвестициялар және даму 
министрінің      
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 75 бұйрығымен бекітілген

Порттың міндетті көрсететін қызметтерінің тізбесі

      Кеменің кейіннен порттан шыға отырып, жүк операцияларын жүргізуге және (немесе) өзге де мақсаттарда портқа кіруі үшін көрсетілетін қызметтер (кеменің кіруі):
      1) корабельдік - кеменің портқа кіруін және одан шығуын ұсыну;
      2) айлақтық - кемелерге айлақтарда жүк және көмекші операциялар үшін тұрақтар ұсыну;
      3) зәкірлік - ішкі рейдте немесе рейдтік айлақта кеме тұрағын ұсыну;
      4) арқандап байлау - кеменің арқандап байлау ұштарын тарату, айлақтан жылжу, кемелерді көшіру және қайта арқандап байлау, тіркеп сүйрегіштер жұмысы;
      5) табиғат қорғау іс-шаралары саласында - портта тұрған уақытта болған ластанудың (балластық сулардан басқа) барлық түрлерін кемеден қандай да бір шектеусіз қабылдау;
      6) карантиндік - порттың мыналарды:
      карантиндік жұқпалы аурумен ауыратындарды және жұқпалы ауру таратушы болуы мүмкін адамдарды уақытша оқшаулау үшін үй-жай ұсынуды;
      порт аумағы мен объектілерін тиісті санитарлық жай-күйде ұстауды;
      көлік кемелерінде, порт объектілерінде кеміргіштер мен жәндіктерді алдын ала жоюды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтері.