Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 380 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 сәуірде № 10758 тіркелді

Қолданыстағы

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы
24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының
11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Индустриялық-инновациялық қызмет субьектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдалану мен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті:
      1) осы бұйрықты заңнамамен белігенген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі                    Ә. Исекешев

      «КЕЛІСІЛДІ»:
      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрлігі
      ______________ В. Школьник
      2015 жылғы 31 наурыз

Қазақстан Республикасы    
Инвестициялар және даму    
министрінің         
2015 жылғы 31 наурыздағы    
      № 380 бұйрығымен бекітілген  

Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану қағидалары

      1. Осы Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Жер қойнауы туралы Заң) сәйкес әзірленді және пайдалы қазбаларды барлауға, оларды өндіруге және бірлесіп барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздерге қатысу үшін индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану тәртібін айқындайды.
      2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметі (технологиялық процесс) өндіру бойынша операциялар нәтижесінде өздері алған пайдалы қазбаларды осы субъектілер экономиканың басым секторларындағы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру шеңберінде шикізат және (немесе) отын ретінде ғана тікелей пайдаланған жағдайда жер қойнауын пайдаланумен байланысты деп танылады.
      3. Қызметін пайдалы қазбаларды барлауға, оларды өндіруге және бірлесіп барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздерге қатысу үшін жер қойнауын пайдаланумен байланысты (технологиялық процесс) деп тануға мүдделі адам (бұдан әрі – Өтінім беруші) жер қойнауы туралы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын құзыретті органға еркін нысанда өтінім береді.
      Өтінімде мыналар:
      1) өтінім берушінің тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы, мекенжайы;
      2) «Жобаларды республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 675 қаулысымен (бұдан әрі – Жобаларды енгізу қағидалары) бекітілген Жобаларды республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізу қағидаларына сәйкес нысан бойынша Өтінім беруші бекіткен жоба паспорты;
      3) Жобаларды енгізу қағидаларына сәйкес нысан бойынша Өтінім беруші бекіткен индустриялық-инновациялық жобаның жоспар-кестесі;
      4) индустриялық-инновациялық жобаны қаржыландыруды пысықтауды растайтын құжаттардың көшірмесі (ниеттер туралы меморандумдар және/немесе келісімдер және/немесе жобаны қаржыландыру туралы шешімдер);
      5) мына мәліметтерді қамтитын 1 парақтағы слайд-тұсаукесер: жобаның атауы мен мақсаты, оны іске асыру орны мен кезеңі, жобаның жалпы құны, күтілген нәтижелер;
      6) барлауға, өндіруге және бірлесіп барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін жеткілікті және негізді көлемдерде шикізатпен және (немесе) отынмен өндірістік қызметті (технологиялық процесті) қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу қажеттігіне жазбаша негіздеме қамтылуға тиіс. Өндірістік қызметті (технологиялық процесті) шикізатпен және (немесе) отынмен қамтамасыз ету үшін қажетті көлемдер жер қойнауы туралы Заңға сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамамен, техникалық-экономикалық негіздемемен расталуға тиіс.
      4. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану мәселелерін қарау үшін құзыретті орган Ведомствоаралық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының елу пайызынан кем емесі қатысса, заңды деп есептеледі.
      Комиссия төрағасы оның қызметіне жетекшілік етеді, отырыстар өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы жоқ болған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
      Тиісті мәселелерге жетекшілік ететін құзыретті орган басшысының орынбасары Комиссия төрағасы болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органын және жеке құрамын құзыретті орган айқындайды. Бұл ретте комиссияның сандық құрамы тақ болуға тиіс.
      Комиссия шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелердің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелері шешімдер қабылдаған кезде тең дауысқа ие. Дауыс тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      5. Жұмыс органы өтінімді алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде ол осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда, оны қорытынды беру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 мамырдағы № 605 қаулысымен бекітілген Ұлттық даму институттарының және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалардың тізбесінің 1-5-тармақтарында көзделген тиісті ұлттық даму институттарына жібереді.
      Ұлттық даму институттары қорытындыны дайындаған кезде мамандандырылған ғылыми ұйымдарды тартады.
      Индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану туралы қорытынды еркін нысанда жасалады және мынадай:
      1) өтінім беруші экономиканың басым секторында индустриялық-инновациялық жобаны іске асыратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі болып табылатын;
      2) мәлімделген жоба экономиканың басым секторларында жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық қызметке (технологиялық процесс) жататын;
      3) экономиканың басым секторларында жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің өндірістік қызметі (технологиялық процесс) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) болып табылатын негізгі бағыттар бойынша қорытындыларды қамтуға тиіс.
      Қорытындыны дайындау мерзімі өтінімді алған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Өтінім осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда жұмыс органы бес жұмыс күні ішінде өтінімді қабылдаудан дәлелді бас тартуды дайындайды және Өтінім берушіге жібереді. Өтінімді қабылдаудан бас тарту өтінімді қабылдаудан бас тартуда көрсетілген бұзушылықтар жойылған жағдайда, өтінім берушіні қайталап жүгіну құқығынан айырмайды.
      6. Ұлттық даму институтының қорытындысын алғаннан кейін жұмыс органы аталған қорытындыларды қоса бере отырып, Комиссияның қарауына өтінімді шығарады.
      7. Комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыстағы заңнамалық актілерді, ұлттық институттар қорытындыларын және мынадай:
      1) Өтінім берушінің өндірістік қызметі (технологиялық процесс) шикізат және (немесе) отын ретінде пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және бірлесіп барлау және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін жеткілікті және негізді көлемдерде пайдалануды көздейді;
      2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі қызметінің (технологиялық процестің) әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы;
      3) индустриялық-инновациялық дамуға үлесі деген критерийлерді басшылыққа алады.
      Комиссияның шешімі Комиссияның барлық қатысушы мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
      Комиссия шешімі Өтінім берушінің өндірістік қызметі (технологиялық процесс) барлауға, өндіруге және бірлесіп барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін жеткілікті және негізді көлемдерде пайдалы қазбаларды шикізат және (немесе) отын ретінде пайдалануды көздейді деген мәліметті қамтуға тиіс.
      Комиссияның шешімін Өтінім берушіге жұмыс органы жібереді.
      8. Қызметі (технологиялық процесс) жер қойнауын пайдаланумен байланысты деп танылған адам жер қойнауы туралы Заңның 35-бабына сәйкес пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және бірлесіп барлау және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздерге қатысады.