Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 23 ақпандағы № 147 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 сәуірде № 10709 тіркелді.

Қолданыстағы

      "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):

      1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Инвестициялар және даму министрінің


міндетін атқарушы

Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрінің

      міндетін атқарушы

      ________________ А. Волков

      2015 жылғы 2 наурыз

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Iшкi iстер министрі

      ______________ Қ. Қасымов

      2015 жылғы 4 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
міндетін атқарушысының
2015 жылғы 23 ақпандағы
№ 147 бұйрығымен
бекітілген

Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-12) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Қағидалар жүзу кезінде немесе тұрақта кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеу тәртібін белгілейді.

      Кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеудің мақсаты авариялық жағдайлардың себептерін айқындау және оларды болашақта болдырмау бойынша шаралар қабылдау болып табылады.

      3. Осы Қағидалардың қолданысы:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын;

      2) олардың жүзуі немесе Қазақстан Республикасының аумақтық және ішкі су жолдары тұрағы кезінде шетел туын көтеріп жүзетін пайдаланудағы теңіз кемелеріне таралады.

      4. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз Күштерінің және шекара қызметінің теңіз бөлімдерінің туын көтеріп жүзетін кемелерге қолданылмайды.

      5. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) авариялық жағдай - апатқа ұшырауға және теңізде жүзу сапасын ішінара немесе толық жоғалтуға әкеп соқтырған кемемен болған оқиға, кемемен басқа кемені (кемелерді), навигациялық жабдық құралдарының, жағалау құрылыстарын, су асты кабелін, су асты құбыр жолдарын зақымдау, кеменің тіркеп сүйреткен объектісін жоғалтуы немесе зақымдауы;

      2) навигациялық қауіпсіздік - навигациялық картаның және жүзуге арналған оқу құралының жеткіліктік пен дәлдігі дәрежесі, навигациялық жабдық құралдарының штаттық орнынан ауысуы және олардың сипаттамаларының өзгеруі туралы навигациялық жедел ақпараттың уақтылығы, жүзу ауданын гидрографиялық қамтамасыз етудің толықтығы мен сенімділігі, радионавигациялық құралдар сипаттамасының тұрақтылығы, ауа райы жағдайын болжау сапасы, жүзудің қауіпсіз жолдары туралы ұсынымдар және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да факторлар;

      3) пайдаланылу шектеулері - авариялық жағдайдың нәтижесінде пайда болған техникалық жай-күйі деңгейінің төмендеуін және/немесе теңізде жүзу сапасының нашарлауын, жабдықтауда кемшіліктердің пайда болуын, жабдықтаудың толық болмауын ескере отырып, кемені пайдалану кезеңінде уәкілетті орган белгілеген талаптарды белгілі бір қолданудан шығару;

      4) порттың теңіз әкімшілігі (будан әрі – ТПӘ) – уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлiмшесi;

      5) сюрвейер – кемелер мен жүктерді тексерумен айналысатын және олардың жай-күйі, авариялық жағдай кезінде бұзушылықтардың мөлшері туралы, кеменің теңізде жүзуі туралы қорытындыны беретін сарапшы;

      6) теңізде жүзу сапасы - кеменің беріктілігіне, орнықтылығына, жүзушілігіне және батпаушылығына қойылатын талаптар жиынтығы;

      7) уәкілетті орган - сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) уәкілетті органның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті.

2. Авариялық жағдайларды тергеу тәртібі

      6. Авариялық жағдайды тергейтін орган уәкілетті орган болып табылады.

      7. Кеме капитаны болған авариялық жағдай туралы кеме иесіне дереу хабарлайды. Егер авариялық жағдай Қазақстан Республикасының аумақтық суларында немесе қазақстандық порт акваториясында болса, хабарлама ТПӘ-ге де жіберіледі, ол болған авариялық жағдай туралы Комитеттің аумақтық бөлімшесіне, ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесіне және көлік прокуратурасына дереу хабарлайды.

      8. Авариялық жағдайлар туралы хабарлама мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:

      1) кеменің атауы, шақыру белгілері, үлгісі (сериясы), жасалған жылы мен орны. Мұздан болған авариялық жағдай кезінде корпустың мұзға қарсы күшейтілуінің нақты санатын көрсету;

      2) күні, кемедегі уақыт;

      3) аудан (порт, айлақ, бұғаз, шығанақ, рейд, ішкі және аумақтық сулар, ашық теңіз), координаттар;

      4) кеменің соңғы шыққан пункті және оның баратын бағыты;

      5) жүкпен немесе балласт, жүктің түрі (егер сұйық жүк тасымалдайтын кеме болса, онда газдан тазарту, инертті газдардың жүйесі туралы мәліметтер);

      6) гидрометеорологиялық жағдайлар (желдің бағыты және күші, теңіздің толқындауы, кішкене толқындар, ағыс, көру мүмкіндігі, мұз жамылғысының сипаты, ауа-райы болжамы);

      7) бортта лоцманның болуы, сүйреткішті пайдалану;

      8) авариялық жағдайдың мән-жайы:

      соқтығысу кезінде: бағыт, жылдамдық, вахтаның құрамы, кемені кімнің басқарғаны, жағдай (басып озу, қарсы жүзу, қиылысатын бағытпен жүзу);

      қайраңда тұрған кезде: топырақтың сипаттамасы, авариялық жағдайға дейін және кейін шөгуі (алдыңғы, артқы жағымен), шөгуді жоғалту, қисаю, бағыт, тасу мөлшері, бір сантиметр шөгуге келетін тоннаның саны, трюмдар, танктер бойынша жүктерді орналастыру, кеме бетіндегі палубадағы жүк, сүйрету арқанының және брагаға арналған арқанның болуы және өлшемі;

      9) авариялық жағдайға тап болған кемелердің атауы, олардың туы, тіркелген порты, иелері туралы мәліметтер;

      10) кемелердің теңізде жүзу қабілеттерін жоғалтуы, айлақтың (объектінің) пайдаланудан шығарылуы;

      11) тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы көрсетілген зардап шеккен адамдардың саны;

      12) су ортасын ластау, кемеден тасталған мұнай өнімдерінің және басқа зиянды заттардың көлемі, орны, болжамды себебі, түрі және мөлшері;

      13) адамдарға көмек көрсету және құтқару, зақымдануларды және теңізді ластау салдарын жою жөнінде қабылданатын шаралар. Суға түсірілген құтқару құралдарының саны мен түрі;

      14) өміршеңдік үшін күрес жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру, кемелермен және жағалау станцияларымен байланыс;

      15) капитанның тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, білімі, капитан лауазымындағы жұмыс өтілі, осы кемеде жұмыс істеген уақыты;

      16) авариялық жағдайдың мән-жайын және оның зардаптарын сипаттайтын қосымша мәліметтер.

      9. Авариялық жағдайға ұшыраған кеме капитаны кеме немесе оның экипажы бірінші қазақстандық портқа келгеннен кейін жиырма төрт сағаттың ішінде ТПӘ-не теңіз порты капитанының атына авариялық жағдай туралы жазбаша өтінішті және авариялық жағдайды тіркеу үшін өзі бекіткен техникалық актіні ұсынады.

      10. Авариялық жағдай туралы жазбаша өтініш еркін нысанда жазылады, онда авариялық жағдайға кім ұшырады, күні, уақыты, болған жері көрсетіледі.

      11. Техникалық актіде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) күні, орны, кеменің борты;

      2) актіні жасағандардың лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты;

      3) авариялық жағдайдың түрі, орны және күні;

      4) зақымданулардың толық сипаттамасы және залалды атап көрсету;

      5) зардап шеккен адамдардың тізімі, жоғалған жүктің (мүліктің, керек-жарақтың, жабдықтардың, жабдықтаудың, радиограммалар көшірмелерінің) тізбесі;

      6) актінің соңында актіні жасағандардың қолы қойылады.

      12. Авариялық жағдайды тіркеу авариялық жағдай туралы өтінішті және техникалық актіні алған кезде Авариялық жағдайларды тіркеу журналына (бұдан әрі - Журнал) ТПӘ лауазымды адамы жүзеге асырады.

      Қажетті ақпараттар және дәлелдер жиналғаннан соң, ТПӘ авариялық оқиға бойынша барлық материалдарды авариялық жағдайды тергеу және жіктеу үшін уәкілетті органға жолдайды.

      Авариялық оқиғаны тергеу қорытындысы бойынша ТПӘ Журналға осы авариялық жағдайды сыныптау туралы мәліметтерді енгізеді.

      13. ТПӘ кеме капитанынан тергеп-тексеруге қажетті құжаттарды уақтылы беруін талап етеді.

      14. Кеме капитаны авариялық жағдай туралы құжаттарды ТПӘ-не береді және Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу заңнамасына сәйкес теңіз наразылығын ресімдейді.

      15. Кеме капитаны кеме немесе оның экипажы бірінші қазақстандық портқа келгеннен соң үш тәулік ішінде ТПӘ-ге мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) еркін түрде жазылатын авариялық жағдайдың жай-күйін, себептерін, салдарын, оған қатысты адамдарды көрсетумен авариялық жағдай туралы толық жеткізу;

      2) кеме құжаттарынан көшірмелер;

      3) авариялық оқиғаға қатысы бар адамдар мен куәгерлердің түсініктемелері;

      4) қажет болған кезде - өзі жазатын ленталар, олардың мағынасын ашу, төсеммен бірге жол картасы;

      5) маневрлеу сызбасы;

      6) зақымданудың сызбалары мен кескіндері;

      7) ТПӘ-нің талабы бойынша авариялық жағдайға қатысты құжаттар.

      16. Қажетті ақпарат пен дәлелдерді жинау процесінде авариялық жағдайды тергеп-тексеру үшін кеме капитаны ТПӘ талап етуімен авариялық оқиға нәтижесінде болған кеменің зақымдануын бағалауға мүмкіндік беретін мынадай қосымша құжаттарды ұсынады:

      1) сүңгуірді қарап тексеру байқау және/немесе доктық қарап тексеру;

      2) сыныптамалық қоғам немесе Кеме қатынасы тіркелімі қызметкерлерінің техникалық қарап тексеру актісі;

      3) зақымданулардың фотосуреттері;

      4) жөндеудің алдын ала калькуляциясы;

      5) авариялық зақымдарды жоюды жүргізген мамандандырылған ұйымдардың шоттары;

      6) кеменің зақымдануын бағалауға мүмкіндік беретін құжаттар.

      7) авариялық жағдай кезінде кеме иесі қол қоятын шығындар мөлшері туралы анықтама, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:

      кеменің атауы, кеме иесінің атауы; авариялық жағдай болған күні және орны;

      авариялық жағдай бойынша шығындардың жалпы сомасы (мыңның оннан біріне дейінгі дәлдікпен, теңгемен);

      кеменің теңізде жүзу сапасын қалпына келтіру үшін авариялық зақымдануларды жоюдың құны;

      құтқару операцияларының және/немесе авариялық кемені тіркеп сүйреудің және/немесе онымен ілесіп жүрудің құны;

      жоғалған жүктің құны және/немесе авариялық жағдайдың нәтижесінде оның зақымдануынан, қайта қалаудан, артық тиеуден келген шығындар.

      ТПӘ осы Қағидалардың 16-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген құжатты беру мүмкін болмаған жағдайда, кеме капитаны өзі немесе тәуелсіз сюрвейердің көмегімен авариялық жағдай бойынша шамамен алынған шығын есебін жасайды және ұсынады.

      17. Авариялық жағдай туралы дәлелдерді іздеу қажет болған кезде авариялық жағдайға тартылған кемелер келіп тоқтаған теңіз порттарының капитандары қажетті ақпаратты жинауға қатысады.

      18. Авариялық жағдайды тергеу үшін қажетті ақпараттар мен дәлелдерді жинаудың мерзімі ол Журналда тіркелген кезден бастап есептеледі және отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі, бұл жөнінде уәкілетті органға және уәкілетті органның ведомствосына хабарланады.

      Авариялық жағдайды тергеуді авариялық оқиға туралы материалдарды алған күннен бастап уәкілетті орган отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      19. Авариялық оқиғалар:

      1) кеменің апатқа ұшырауы;

      2) авария;

      3) авариялық оқиға;

      4) пайдаланылу зақымдары болып жіктеледі.

      20. Кеменің апатқа ұшырауына мынадай:

      1) кеменің қирауы немесе оның толық конструктивтік бұзылуы нәтижесінде қалпына келтіріп жөндеу мақсатқа сай болмаса;

      2) кеме сүйретіп келе жатқан объектінің жоғалуы нәтижесінде болған авариялық жағдайлар жатады.

      21. Аварияға мынадай авариялық жағдайлар жатады:

      1) адам (адамдар) өліміне әкелген жағдай. Оқиға егер адам (адамдар) өлімі авариялық жағдай салдарынан болса, авария болып жіктеледі.

      2) жолаушылар кемесіндегі авариялық жағдай, кеменің зақымдануы нәтижесінде болған ең болмағанда бір теңізде жүзу сапасын жоғалтатын немесе белгілі бір пайдаланымдық шектеулердің пайда болуына байланысты өндірістік қызметте кедергінің пайда болуына әкелетін жағдай.

      22. Авариялық оқиғаға мынадай авариялық жағдайлар жатады:

      1) нәтижесінде кеменің зақымдануына әкелген, теңізде жүзудің кем дегенде бір сапасын және/немесе белгілі бір пайдаланылу шектеулерінің пайда болуына байланысты өндірістік қызметте кедергінің пайда болуына әкелетін;

      2) нәтижесінде кеменің су асты кабеліне, су асты құбыр өткізгіштеріне, навигациялық жабдық құралдарына, жағалау құрылыстарына және өзге объктілерге зақым келіп, олардың пайдаланудан шығуына әкелген;

      3) нәтижесінде кеме алынған және/немесе келтірілген зақымданудың өлшемі мен сипатына қарамастан жиырма төрт сағаттан артық қайраңда тұрған;

      4) нәтижесінде кемедегі тасымалданатын жүк жылжып кетсе және/немесе ең болмағанда бір кеменің теңізде жүру сапасын жоғалтуға әкеп соғатын кеменің физикалық-химиялық қасиеттері өзгерсе;

      5) нәтижесінде кемеге басқа кеменің зақым келтіруі, қандай да бір пайдаланылу шектеулеріне байланысты кеменің (кемелердің) өндірістік қызметіне кедергі жасайтын жағдайлар;

      6) арқандардың және/немесе торлардың еспелі винттерге және/немесе рульге оралуы орын алса, қандай да бір пайдаланылу шектеулеріне байланысты кеменің (кемелердің) өндірістік қызметіне қырық сегіз сағатқа және оданда артық уақытқа кедергі жасайтын жағдайлар.

      23. Пайдаланылу зақымдануына мынадай авариялық жағдайлар жатады:

      1) нәтижесінде осы Қағидалардың 22-тармағының 1), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген белгілерге сай келмейтін кеменің физикалық-химиялық қасиеттерінің өзгеруі немесе басқа кеменің зақымдануы немесе тасымалданатын жүктің орын ауыстыруы;

      2) жүзу сапасын жоғалтқанына қарамастан нәтижесінде мұзды жерлермен жүзу кезінде экипаждың дұрыс әрекет етуі кезіндегі кеме зақымдары;

      3) нәтижесінде теңізде жүзу сапасын жоғалтқанына қарамастан, навигациялық қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген жағдайда аудандарда немесе жүзу кезінде экипаждың заңды әрекеті кезінде кеменің зақымдануы болған;

      4) нәтижесінде теңізде жүзу сапасын жоғалтқанына қарамастан авариялық-құтқару операциялары жүргізу уақытында экипаждың заңды әрекеті кезінде кеменің зақымдануы болған;

      5) нәтижесінде кемені пайдаланудан шығаруға әкелмеген навигациялық жабдық құралдарына зақымын тигізген;

      6) осы Қағидалардың 22-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген белгілерге жатпайтын, нәтижесінде экипаждың теңізде арқанмен байлау және/немесе жүк арту және/немесе бункерлік операцияларды жүргізу уақытында заңды әрекеті кезінде кеменің зақымдануы;

      7) нәтижесінде кеме жиырма төрт сағаттан кем қайраңда тұрған болса, және бұл ретте кемінде бір теңізде жүзу сапасын жоғалтуға әкелетін және/немесе қандай да бір пайдаланымдық зақымданулардың пайда болуына байланысты өндірістік қызметіне кедергі келтіретін зақымдану болмаса;

      8) кеменің су асты кабельдерін, су асты құбыр өткізгіштіктерін, жағалау құрылыстарын оларды пайдаланудан шығаруға әкелмеген басқа объектілерді елеусіз зақымдаумен байланысты авариялық жағдай.

      24. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган қорытынды жасайды және тергеу материалдарының көшірмелерін кеме иесіне, уәкілетті органның ведомствосына, ТПӘ және көлік прокуратурасына бес жұмыс күні ішінде жібереді. Қылмыстық құқық бұзушылықтар табылған жағдайда көрсетілген материалдардың көшірмелері құқық қорғау органдарына жіберіледі.

      25. ТПӘ-нің әрбір негізделген ұсынымы бойынша уәкілетті орган авариялық оқиғаларды тергеу үшін қажетті ақпараттар мен дәлелдерді жинау мерзімін он бес жұмыс күніне ұзартады.

      26. Авариялық жағдайды тергеу нәтижесінде уәкілетті орган мыналарды белгілеуі тиіс:

      1) кеменің, экипаждың, жарақтардың, жабдықтың сауда мақсатында теңізде жүзу саласында белгіленген талаптарға сәйкес келуі;

      2) навигациялық жағдайды талдау;

      3) авариялық жағдайға әкелген жағдайлар мен мән-жайлар;

      4) авариялық жағдайға себептер, оның салдары мен сыныпталуы;

      5) авариялық жағдайға қатысты адамдардың әрекетін оларға сыртқы факторлардың әсерін есепке алып бағалау, олардың психологиялық жай-күйі, шаршау деңгейі;

      6) авариялық жағдайға әкелген немесе болуына әсерін тигізген, кімнің нұсқауымен және қандай нормативтік талаптардың бұзылғандығын, орындалмағандығын, сақталмағандығын көрсетуімен лауазымды адамдардың тізбесі;

      7) ақталған тәуекелді есепке алып, жасалған әрекеттердің теңізде жүзу қауіпсіздігі бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келуі.

      Тәуекел бір уақытта мынадай жағдайларда ақталған болып танылады:

      1) тәуекел өзі арналған мақсатқа сәйкес болуы тиіс;

      2) мақсатқа қарапайым, тәуекелмен байланысты емес әрекеттермен қол жеткізілуі мүмкін емес;

      3) тәуекел жалған залал келтіруге шамадан өтпеуі керек;

      4) материалдық объектілер, тәуекел нысаны болып табылады.

      27. Уәкілетті органның лауазымды адамы авариялық жағдайды тергеу барысында авариялық жағдайға қатысы бар адамдарға және куәгерлерге сұрау жүргізеді.

      Авариялық жағдайға қатысы бар адамдарға мен куәгерлерге сұрау жүргізген кезде сұрау хаттамасы жүргізіледі.

      Авариялық жағдайға қатысты адамдар мен куәгерлерді сұрау үшін шақыру кеме иесін немесе кеме капитанын ресми түрде ескерту жолымен жүргізіледі. Егер сұралуға тиісті адам тергеу органы орналасқан жерде болмаса, тергеу органының жеке тапсырмасы бойынша сұрау осы адамның немесе куәгердің тұрған жері бойынша сәйкес келетін тергеу органында жүргізіледі. Егер сұралатын адам сұрау жүргізілетін тілді білмесе, аудармашы шақырылады, оның қатысуы хаттамада көрсетіледі.

      28. Уәкілетті орган ТПӘ-нің жинаған авариялық жағдай бойынша материалдарын ол берілген күнінен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды, осыдан кейін ол бойынша қортынды шығарады.

      29. Кеме иесі уәкілетті органның қорытындысымен келіспеген жағдайда, кеме иесі тергеу материалдарын алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде өзінің наразылығын уәкілетті органға жібереді.

      Кеме иесінен наразылық түскен жағдайда уәкілетті орган авариялық оқиға бойынша материалдарды кеме иесінің наразылығын ескере отырып, наразылық түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайта қарайды, осыдан кейін ол бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) күнтізбелік отыз күн ішінде кеме иесінің наразылығын ескере отырып, қосымша тергеуге жібереді;

      2) кеме иесінің наразылығын қабылдамайды және қолданыстағы қорытындыны күшінде қалдырады.

      Қабылданған шешім туралы уәкілетті орган кеме иесіне хабарлайды.

      30. Кеме иесі қорытындыны алғаннан кейін алдағы уақытта осындай жағдайлардың қайталануын болдырмайтын профилактикалық шаралар жүргізеді, әрекеттері авариялық жағдайға әкелген және/немесе ықпал еткен қызметкерлерді тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тартады, сондай-ақ кеменің техникалық жай-күйін, одан әрі пайдалану және/немесе жөндеу шарттарын анықтау мақсатында шетел сыныптау қоғамына куәландыруға немесе Қазақстан кеме қатынасының тіркеліміне жібереді.

      Егер авариялық жағдай кемені уәкілеттік органға куәландыруға ұсынуға мүмкіндігі жоқ шетел портында болса немесе бірінші кіру порты осындай болып табылса, онда бұл кеме Қазақстан Республикасы таныған шетелдік сыныптау қоғамына ұсынылады.

      31. Авариялық жағдайды тергеу аяқталғаннан кейін тергеудің барлық материалдары жеке папкаға тігіледі, беттері нөмірленіп, құжаттар тізбес жасалады. Папка "Авариялық іс" деп аталады.

      32. Тергеу органы авариялық жағдайды тергеуді тоқтатыла тұрылуына негіз болған жағдайлардың мән-жайлар толық немесе ішінара жоққа шығарылғанға дейін тоқтата тұрады. Жоққа шығарылғанда ол уәкілетті органның шешімімен қайта басталады.

      Тергеу тоқтатыла тұрған жағдайда уәкілетті орган тергеудің тоқтатыла тұрғаны және оның тоқтата тұру негіздері туралы мүдделі адамдар мен көлік прокуратурасына үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      Авариялық жағдайды тергеу мынадай жағдайларда толық немесе ішінара тоқтатыла тұрады:

      1) заңда көзделген тәртіппен куәландырылған, авариялық жағдайға қатысты адамның уақытша психикалық бұзылуы немесе өзге де ауыр науқастануы;

      2) авариялық жағдайға қатысы бар адамның Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болуы;

      3) авариялық тергеудің одан әрі жүргізілуіне кедергі болатын еңсерілмейтін күштің әрекеті;

      4) тиісті сараптама жүргізу.

      Көрсетілген мән-жайлар жойылғаннан кейін, осы Қағидаларда белгіленген тәртіпке сәйкес авариялық жағдайды тергеу жүзеге асырылады.

3. Қорытынды ережелер

      33. Әртүрлі кеме иелеріне тиесілі кемелердің соқтығысумен байланысты авариялық жағдай, сондай-ақ Қазақстан Республикасы теңіз портының акваториясында болған авариялық оқиғаларды уәкілетті орган аварияға ұшыраған кеме иесі өкілдерінің қатысуымен тексереді.

      34. Навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етудің кемшіліктерінен болған авариялық оқиғаны уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз күштері өкілдерінің қатысуымен тергейді.

      35. Шет мемлекеттердің мүддесін қозғайтын авариялық жағдайларға, мұзды жерлерде жүзу кезінде, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде, навигациялық қауіпсіздік қамтамасыз етілмейтін аудандарда немесе жағдайларда жүзу кезінде болған кеменің зақымдануын, уәкілетті орган тергейді.

      36. Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кемемен болған авариялық жағдайды уәкілетті орган тергейді.

      37. Шетелдің аумақтық суларында орын алған авариялық жағдай туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеме капитаны кеме иесіне, уәкілетті органға, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесіне хабарлайды.

      38. Кеме иесі навигациялық жабдық құралдарының барлық зақымдану жағдайлары туралы ТПӘ-ге, Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз Күштерінің тиісті қызметіне немесе зақымдалған жабдық кімнің қарауында болғанына байланысты су қатынасы мемлекеттік кәсіпорнына дереу хабарлайды.