Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Сумен жабдықтау және су бұру қызметінің көрсетілген көлемін анықтау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 26 қыркүйектегі № 354 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7257 тіркелген, 2011 жылғы 16 қарашадағы № 543-547 (26939) «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«Сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілген қызметтің көлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы»;
көрсетілген бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса берілген Сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілген қызметтің көлемін есептеу әдістемесі бекітілсін»;
«Сумен жабдықтау және су бұру қызметінің көрсетілген көлемін анықтау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 26 қыркүйектегі № 354 бұйрығымен бекітілген Сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілген қызметтің көлемін есептеу әдістемесінде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сумен жабдықтау жөнінде көрсетілген қызметтің көлемі қызмет көрсетуші пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасында орнатылған және коммерциялық есепке алуға қабылданған есептеу құралының көрсеткіштері бойынша анықталады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Елді мекеннің су бұру жүйесіне (қызмет көрсетуші) қосылған, сондай-ақ, әртүрлі сумен жабдықтау көздері бар тұтынушыларға көрсетілген су бұру қызметінің көлемі көрсетілген сумен жабдықтау (ауыз су, ыстық, техникалық) қызметінің көлеміне тең қабылданады.
Елді мекеннің су бұру жүйесіне тікелей қосылмаған, суды тұрмыстық тұтыну үшін қолданатын, сұйық тұрмыстық қалдықтарды шығару және оларды елді мекеннің су бұру жүйесіне төгу үшін арнайы автокөлігінің қызметін пайдаланатын тұтынушыларға көрсетілген су бұру қызметінің көлемі елді мекеннің ағызу пунктінде (станциясында) су бұру жүйесіне қабылданған сарқынды сулардың нақты көлеміне тең қабылданады.
Елді мекеннің (қызмет көрсетушінің) су бұру жүйесінің ағызу пунктінде қабылданған сарқынды сулардың көлемі көлік құралының сыйымдылық көлемі бойынша анықталады.»;
16-тармақтың 7) тармақшасы алынып тасталсын;
мынадай редакциядағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:
«20-1. Ағындысы шұңқырға (септикке) немесе оқшау тазарту құрылыстарына бұрылған және кейін ол тасылып шығарылып, елді мекеннің су бұру жүйесіне ағызылатын тұтынушылардың сарқынды су көлемі, сумен жабдықтау көзінің кімге тиесілі екеніне қарамастан, тұтынылған су (ыстық, техникалық, ауыз су) көлемімен есептеледі және сарқынды суды бұру қызметін көрсетуге арналған шартпен анықталады.».
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті Қазақстан Республикасның заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі Е. Досаев