Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 110 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 наурызда № 10496 тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты           Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 13 ақпандағы
№ 110 бұйрығымен  
бекітілген     

Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары

      1. Осы Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары (бұдан әрі - Біліктілік талаптары) сараптама ұйымының өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды орындауға сәйкестігін анықтау мақсатында әзірленген.
      2. Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін сараптама ұйымына мынадай біліктілік талаптары қойылады:
      1) штатта мынадай талаптардың біреуіне сәйкес келетін кемінде үш маманның болуы:
      өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша жоғары білімнің болуы;
      басқа да жоғары білімінің және мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерде кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы;
      2) меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негізде сараптама ұйымына тиесілі үй-жайдың болуы.