Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 29 қаңтардағы № 67 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 наурызда № 10445 тіркелді.

Жаңартылған

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (С.С. Сарсенов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада бекітілген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың

      2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі А.Қ. Жұмағалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 12 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 29 қаңтардағы
№ 67 бұйрығымен
бекітілген

Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Нөмірлеу ресурсын бөлу және нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды алып қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурстарын бөлу және пайдалану тәртібін анықтайды.

      2. Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурстарын реттеу нөмірлеу ресурстарын бөлуді және олардың пайдалануын бақылауды қамтитын ерекше функциясы болып табылады.

      Мемлекеттік реттеу байланыс операторларының, қызметтер провайдерлерінің және арнаулы, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілері иелерінің, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың оларға нөмірлеу ресурсын тағайындау бойынша қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында:

      1) байланыс қызметтерін ұсыну немесе басқарушылық мақсаттардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      2) шұғыл және анықтамалық-ақпараттық, тапсырыс беру қызметтеріне қол жеткізуді ұйымдастыру;

      3) телефондық нөмірлеу ресурстарын пайдаланатын телекоммуникациялар желілерін ұтымды дамыту мен өзара іс-қимыл жасауы;

      4) байланыстың жаңа қызметтерін енгізу үшін жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ABC коды – географиялық нөмірлеу аймағының телекоммуникациялық желісін не оның бір бөлігін сәйкестендіретін код;

      2) DEF коды – географиялық емес нөмірлеу аймағының интеллектуалды байланыс желісінің қызметін немесе телекоммуникациялық желіні сәйкестендіретін код;

      3) "Х1" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің миллиондық нөмірлер тобының коды;

      4) "Х1Х2" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің жүз мыңдық нөмірлер тобының коды;

      5) "Х1Х2Х3" индексі – географиялық тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймағы абонентінің аймақтық телефон нөмірінің он мыңдық нөмірлер тобының коды;

      6) Абоненттік нөмірді көшіру – абоненттің басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасу кезінде оған ұсынылатын, ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді сақтап қалу және пайдалану бойынша көрсетілетін қызмет;

      7) бағыттау нөмірі (routing number, RN) – ұялы байланыс желілерінде және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде ұялы байланыстың көшірілген абоненттік нөміріне шақырулар жасау үшін қолданылатын адресті ақпарат. Бағыттау нөмірі (routing number, RN) префикстен (бір оналтылық санау жүйесіндегі "D" цифры) және ондық санау жүйесіндегі екі таңбалы ұялы оператор желісінің кодынан тұрады;

      8) желінің нөмірлеу сыйымдылығы – телекоммуникациялар желісінің ақырғы пайдаланушылық жабдығын сәйкестендіретін нөмірлер саны;

      9) желіні нөмірлеудің жоспарланатын сыйымдылығы – белгілі бір кезеңге желіні дамыту кезінде байланыс операторы қол жеткізуді жоспарлайтын телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу сыйымдылығы;

      10) желіні нөмірлеудің қолданыстағы сыйымдылығы – желіде жалғанған барлық ақырғы (пайдаланушылық) жабдықтарды сәйкестендіретін нөмірлерді, сонымен қоса бақылауда және қызметтік мақсаттарда қолданылатын нөмірлерді, сондай-ақ оларға қызмет көрсеткені үшін абоненттік төлем алынатын, пайдаланушы броньдаған нөмірлерді есепке алатын желіні нөмірлеудің сыйымдылығы;

      11) желіні нөмірлеудің ең жоғарғы ықтимал сыйымдылығы – желіде қабылданған нөмірлеудің мәнділігі шеңберінде желіні нөмірлеудің ең жоғарғы сыйымдылығы;

      12) зияткерлік желі – деректерді беруді және өңдеуді бірлестіретін коммуникациялық желі;

      13) қолжетімді нөмірлеу ресурсы – қолдануға техникалық мүмкіндік бар нөмірлеудің бос ресурсы;

      14) қызмет провайдері – меншікті байланыс инфрақұрылымы жоқ және пайдаланушыларға байланыс операторларының желілері арқылы телекоммуникация қызметтерін көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      15) қызмет абонентінің логикалық нөмірі – Х1...Хn интеллектуалды байланыс желісі қызметтері абоненті нөмірінің тікелей қызмет абонентін сәйкестендіретін бөлігі;

      16) нөмірдің "көшуі" (nomadicity) – тіркелген телефон байланысы желісіндегі пайдаланушының өзінің желілік қолжетімділік нүктесін ауыстыру қабілеті;

      17) нөмірлеу ресурсын алушы – байланыс операторы, қызмет провайдері, ведомстволық телекоммуникациялар желісінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желісінің, корпоративті желінің иесі, сонымен қатар қызмет көрсету кезінде Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес бөлінген нөмірлеу ресурсын қолданатын жеке және заңды тұлғалар;

      18) белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында нөмірлеу ресурсының шектелу – белгіленген аумақта немесе DEF кодымен нөмірлеу аймағында жұмыс істейтін телекоммуникациялар желісінің жағдайы, бұл ретте барлық байланыс операторларына бөлінген және байланыс операторларының өтініші бойынша сұралатын нөмірлеу ресурсы қолжетімді мөлшерден 90 пайыз жоғары;

      19) өтiнiш берушi – нөмірлеу ресурсын бөлу немесе алып қою туралы өтiнiш жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      20) префикс – нөмірдің, желілердің, қызметтердің, байланыс операторларының түрлі тұрпаттарын таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бір саннан немесе одан көп белгілерден тұратын индикатор;

      21) уәкілетті орган – байланыс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, байланыс саласында қызметтер көрсететін немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1666 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Телекоммуникациялар желілері үшін нөмірлеу ресурсын бөлуді байланыс операторларының, қызмет провайдерлерінің, ведомстволық, корпоративті желілердің және арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желілері иелерінің, сондай-ақ өз қызметінде нөмірлеу ресурстарын пайдалануды жоспарлайтын жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Телефондық байланыс қызметтерін және телефондық нөмірлеуді пайдалану арқылы қамтамасыз етілетін қызметтерді көрсетуге арналған Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын (бұдан әрі – нөмірлеу ресурсы) уәкілетті орган бөледі және ол мыналарды қамтиды:

      1) жалпы пайдаланылатын телекоммуникациялар желісінің географиялық анықталатын нөмірлеу аймақтарының "АВС" кодтарын;

      2) нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағында жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "Х1", "Х1Х2" және "Х1Х2Х3" индекстерін;

      3) ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілерінің, соның ішінде ұялы байланыс желілерінің, жылжымалы радиотелефон байланысы желілерінің, транкингтік байланыс желілерінің, спутниктік жылжымалы байланыс желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтарын;

      4) ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіруді қамтамасыз ететін бағыттау нөмірінің (routing number, RN) құрамында кіретін ұялы оператор желісінің кодын;";

      5) ведомстволық телекоммуникациялар желілерінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желілерінің, корпоративті желілердің географиялық емес тұрғыда белгіленетін анықталатын нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтарын;

      6) байланыс операторлары өзінің абоненттеріне – желі учаскелерінің әр түрлі әкімшілік аумақтарына бөлінген біріктіруді талап ететін қосымша қызметтерді заңды тұлғаларға ұсыну үшін тіркелген телефон байланысы желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "DEF" кодтары мен "DEF" кодындағы "Х1", "Х1Х2" индекстерін;

      7) абоненттерді нөмірдің "көшу" (nomadicity) функциясымен қамтамасыз ететін, тіркелген телефонды байланыс желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының "DEF" кодтары мен "DEF" кодындағы "Х1", "Х1Х2" индекстерін;

      8) ведомстволық, корпоративті және нөмірлеудің сыйымдылығы 100 мың нөмірден аспайтын, басқа географиялық бөлінген телекоммуникациялар желілерінің географиялық емес анықталатын нөмірлеу аймағының "DEF" кодындағы "Х1", "Х1Х2" индекстерін;

      9) қызметтерге қолжетімділік кодтарын:

      қалааралық және (немесе) халықаралық телефондық қосылуларды ұсыну үшін IP-телефония (Интернет-телефония);

      Интернет желісіне қолжетімділік;

      байланыстың зияткерлік желілері;

      қалааралық және (немесе) халықаралық желінің коммутациялық станциясы техникалық қызметкерлерінің бақылау-сынақ жабдықтарына қолжетімділікті;

      10) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен байланыс қызметтерін ұсынатын (Х1Х2Х3)/(Х1Х2Х3Х4) операторлар кодтарын;

      11) "1UV (Х1(Х2))" шұғыл жедел, ақпараттық-анықтамалық және тапсырыс беру қызметтеріне қолжетімділік нөмірлерін;

      12) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларын таңдау префикстерін;

      13) "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын;

      14) қызметтерге қолжетімділік кодтарын пайдаланумен (Х4Х5Х6Х7)/(Х5Х6Х7) қызметтер абоненттерінің логикалық нөмірлерін қамтиды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1666 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      6. Нөмірлеу ресурсы Қазақстан Республикасының ұлттық ресурсының бір бөлігі ретінде иелікке алынбайтын болып табылады (сатуға, жалға беруге болмайды, кәсіпорынды қайта ұйымдастырудың немесе таратудың нәтижесінде құқықтық мирасқорға берілмейді).

      Байланыс операторына нөмірлеу ресурсы телекоммуникациялар қызметін көрсету үшін желі абоненттеріне нөмірлерді бөлу немесе қызметке қолжетімділікті ұйымдастыру арқылы пайдалануға бөлінеді.

      Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қызметін алмағанда, бір байланыс операторының нөмірлеу ресурсын қызметтерді көрсету мақсатында пайдалану үшін басқаға беруіне жол берілмейді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1666 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Уәкілетті орган нөмірлеу ресурсын есепке алу бойынша жұмысты ұйымдастырады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізілімін жүргізеді.

      8. Нөмірлеу ресурсын алған байланыс операторлары, қызметтер провайдерлері және желілердің иелері, олар анықтайтын нөмірлеу жоспарына сәйкес алынған нөмірлеу ресурсын қызмет көрсетілетін аумақ бойынша немесе байланыс қызметтері бойынша бөледі.

      Белгіленген нөмірлеу жоспарының көшірмесі және пайдаланылатын (қолданыстағы) нөмірлеу туралы мәліметтерді байланыс операторлары, желілердің иелері, қызметтер провайдерлері жыл сайын 30 қаңтардан кешіктірмей уәкілетті органға Қазақстан Республикасының нөмірлеу жоспарына қосу үшін ұсынады.

      9. Нөмірлеу ресурсын бөлу, сондай-ақ оларды алып қою туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен расталады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Нөмірлеу ресурсын бөлу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Абоненттерді нөмірдің "көшу" (nomadicity) функциясымен қамтамасыз ететін тіркелген телефондық байланыс желілерінің географиялық емес тұрғыда белгіленетін нөмірлеу аймақтарының "АВС" кодтары, "DEF" кодтары, қызметтерге қолжетімділік кодтарының нақты алушысы жоқ және олар Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес уәкілетті органмен белгілі бір аумаққа немесе телекоммуникациялар қызметінің түріне бекітіледі.

      Нөмірлеудің бір географиялық белгіленетін аймағының нөмірлеу ресурстарын басқа географиялық анықталатын аймақта пайдалануға рұқсат етілмейді.

      Нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін анықталатын аймағының нөмірлеу ресурсы осы аймақта жұмыс істейтін тіркелген байланыс желілерінің операторлары үшін ортақ болып табылады.

      11. Уәкілетті орган "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағында жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "Х1Х2", "Х1Х2Х3" индекстерін жоспарлау мен бөлуді, олардың ауыстырылуын немесе резервке қоюды нөмірлеудің әр географиялық белгіленетін аймақтың қолданыстағы нөмірлеу жоспарларына сәйкес іске асырады.

      12. Байланыс операторына нөмірлеудің географиялық анықталатын аймақтың аумағында (үстеме желі) орналасқан бірнеше жергілікті желілерді сәйкестендіру үшін осы аймақтың "АВС" коды ресурсынан бос "Х1Х2" индексі бөлінуі мүмкін.

      "Х1Х2" индексі байланыс операторына нөмірлеудің географиялық белгіленетін аймағының аумағында байланыс операторы жергілікті желілерінің қосынды жоспарланған сыйымдылығы 15 мыңнан кем емес нөмір құрағанда, ал нөмірлеу ресурсын алу өтінішін берген уақыттағы байланыс операторының қолданыстағы жергілікті желілерінің сыйымдылығы – жоспарланғаннан 50 пайыздан кем емес құрайтын жағдайда ғана бөлінеді.

      Нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін аймағында байланыс операторының жергілікті желілерінің қосынды сыйымдылығы ең жоғары мүмкін болатын нөмірлеудің 90 пайызына дейін (72 мың нөмір) жоғарылаған жағдайда байланыс операторына бір индекстен көп "Х1Х2" бөлінеді.

      13. "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық тұрғыда белгіленетін аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу ресурсы телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу ресурстарын бөлуге арналған өтініште көрсетілген көлемнің 50 пайыздай мөлшерінде бөлінеді. Нөмірлеу ресурсының 50 пайыз мөлшеріндегі қалған бөлігі нөмірлеу ресурсын алушыға резервке беріледі және бөлінген ресурстың қолданыста болу шегі бойынша ресурс алушы пайдаланады.

      14. Егер нақты аумақта барлық нөмірлеу ресурсын алушыларға бөлінген жергілікті желінің нөмірлеу ресурсы қолжетерлік ресурстан 90 пайызға жоғары болса, онда уәкілетті орган ресурсқа шектеудің болғандығын тіркейді.

      Ресурстың шектеулілігі туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.

      Уәкілетті орган жергілікті желінің нөмірлеу ресурсын ұлғайту бойынша мынадай шаралар қабылдайды:

      1) нөмірлеу ресурсын қайта бөлу арқылы (талдау жүргізу және нөмірлеу ресурсын алушымен бөлінген мерзімнен бастап екі жыл ішінде 50 пайыздан астам бөлінген жергілікті телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсынан пайдаланбағанын анықтау);

      2) Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес жергілікті желіде абоненттің 5 таңбалы нөмірінен 6 таңбалыға, жергілікті желіде абоненттің 6 таңбалы нөмірінен 7 таңбалыға ауыстыру жолы арқылы.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Нөмірлеудің географиялық емес анықталатын аймағының "DEF" кодтары:

      ұялы телекоммуникациялық байланыс (оның ішінде жылжымалы радио/радиотелефон байланысы және транкингтік байланыс) желілеріне;

      ұялы байланыс, спутниктік жылжымалы байланыс желілеріне Қазақстан Республикасының барлық аумағында қызметтер ұсынған жағдайда берілген лицензияның негізінде бөлінеді.

      Желі сыйымдылығының ең жоғарғы мүмкіндігінен 90 пайызға дейін жоғарылаған жағдайда, осы желіге жаңа DEF коды бөлінеді;

      Өңірлік ұялы байланыс желілеріне, жекелеген елді мекендер аумағында жұмыс істейтін ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желілеріне (оның ішінде жылжымалы радио/радиотелефон және транкингтік байланыс желілеріне) нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағының шегінде осы географиялық анықталатын аймағының нөмірлеу ресурсы бөлінеді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Егер өтініш беруші желі учаскелерін (фрагменттерін) бір нөмірлеу кодымен біріктірген жағдайда басқарушылық және өндірістік қызметтің тиімділігін едәуір жоғарылайтындығын дәлелдейтін негіздеулер келтіретін болса, ведомстволық, корпоративтік желілерге және арнайы тағайындалған байланыс желілеріне "DEF" кодтары бөлінеді.

      Ведомстволық және корпоративтік желілерге "DEF=767" кодындағы "Х1Х2" индексі, желінің қосынды сыйымдылығы кем дегенде 100 мың нөмір болған жағдайда ғана бөлінеді.

      Заңды тұлғаларға нақты нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағына байланбаған, ведомстволық және корпоративтік желілерді ұйымдастыру қызметтерін ұсынатын тіркелген байланыс операторына "DEF" коды немесе "DEF=767" ("DEFХ1Х2") кодындағы индекс бөлінеді.

      Ведомстволық және корпоративтік желілерге "DEF"/"DEFХ1Х2" кодтарын бөлумен қатар, желілерді пайдаланушыларға қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында "АВС" кодымен нөмірлеу аймағында жергілікті желілердің нөмірлеу ресурсын тағайындауға рұқсат етіледі.

      17. "DEF" кодтарын немесе "DEF" кодтарындағы "Х1Х2" индекстерін, жергілікті телекоммуникациялар желілерінің "АВС" кодтарындағы "Х1Х2", "Х1Х2Х3" индекстерін алған байланыс операторлары және желілер иелері бұдан әрі нөмірлеу ресурсын бөлуді өздері әзірлейтін нақты желілердің нөмірлеу жоспарларына сәйкес дербес іске асырады.

      18. Бөлінген телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу жоспарын осы желілер операторлары дербес (желілерді, коммутациялық станцияларды идентификациялау, абонент нөмірлерінің мәнділігі) анықтайды.

      Ортақ пайдаланудағы телекоммуникациялар желісі мен бөлінген желінің түйіскен жағдайда ол Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісінің басқа желілер санаттарына ауысады, желінің нөмірленуі осы Қағидаларға сәйкес өзгертіледі.

      19. Байланыс операторларына ABC кодтарында қысқа нөмірлерді өз бетінше бөлуге жол берілмейді.

      Ұялы байланыс операторларына DEF кодтарында "0", "1" және "8" сандарынан басталатын нөмірлерден басқа қысқа нөмірлер бөлуге рұқсат беріледі.

      "0" санын – ұлттық желіге шығуға префикс ретінде қолданылатын болады;

      "1" саны – шұғыл, анықтамалық-ақпараттық және тапсырыс беру қызметтеріне қатынау үшін бірінші санын белгілеуге қолданылады.

      "8" саны – қалааралық және халықаралық байланысқа шығуға қолданылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Операторды таңдау префикстері "12ХХ" тек қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларына бөлінеді, бұл ретте байланыс операторына қалааралық, сондай-ақ халықаралық байланыс үшін пайдаланылатын қалааралық және (немесе) тек бір префиксі бөлінеді.

      21. Байланыс операторы Заңының 20-бабы 4 тармағына сәйкес бекітілген байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын тiзбесiне сәйкес абоненттерге тегін қосылуды ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. IP-телефония (Интернет-телефония) қызметін көрсету үшін уәкілетті орган тағайындаған қызметтердің қол жеткізу кодындағы нөмірін пайдаланумен қатар қалааралық және халықаралық байланыс операторларының анықтамалық-ақпараттық және тапсырыстық қызметтеріне қатынауға арналған диапазонынан "1UV (Х12))" жергілікті телефон нөмірі пайдаланылуы мүмкін, бұл ретте бұл нөмір уәкілетті органның бұйрығымен қызметке қолжеткізілген нөмір ретінде бекітіледі.

3-тарау. Нөмірлер бөлу, сондай-ақ оларды алып қою тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Нөмірлеу ресурсын алу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын бөлуге арналған өтініш;

      2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазба.

      24. Нөмірлеу ресурсын алып қою үшін өтініш беруші осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш беруші ресімдеген, бірыңғай телекоммуникациялар желісінің нөмірлеу ресурсын алып қоюға арналған өтінішті тапсыруы қажет.

      25. Көрсетілген құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:

      1) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторына қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын таңдау префиксін алу үшін уәкілетті органға әр аймақта оператордың болуын қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын таңдау мақсатында желілердің қосылуының стандартты нүктесі болып табылатын оператор желісінің транзитті коммутациялық станциялар тізбесін ұсынуы қажет;

      2) байланыс операторына (қызмет провайдеріне) қайта енгізілетін немесе бұрын қолданыстағы қызметтерге қол жеткізу кодын пайдаланып, байланыс қызметтерін көрсететін оператордың "Х1Х2Х34)" кодын алу үшін уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсыну қажет:

      қызметтің толық сипаттамасы;

      осы қызметті ұйымдастырудың мақсаттылығын негіздеу;

      ұсынылатын қызметті көрсету әдісінің нақты сипаттамасы;

      шақыруларды тарифтеу және бағыттау жөніндегі ұсыныстар.

      Қызметті абоненттеу кезінде байланыс операторымен (қызмет провайдерімен) "(Х45Х6Х7" қызметтер абоненттерінің логикалық нөмірлері бөлінеді.

      26. Нөмірлеу ресурсын бөлу немесе алып қою үшін өтiнiштерді қабылдау, сондай-ақ нөмірлеу ресурсын бөлу, сондай-ақ нөмірлеу ресурсын алып қою туралы бұйрықты немесе бас тарту себебін көрсете отырып, сұралып отырған нөмірлеу ресурсын бөлуден дәлелді бас тартуды беру:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы";

      2) "электрондық үкімет" www.egov.kz веб-порталы немесе

      "Е-лицензиялау" www.elicense.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 19.01.2016 № 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз) бұйрығымен.

      27. Өтініш беруші құжаттар берілген күнінен бастап нөмірлеу ресурсын бөлу, сондай-ақ оларды алып қою туралы бұйрықты кемінде 5 жұмыс күнінде немесе сұралып отырған нөмірлеу ресурсын бөлуден бас тарту себебі көрсетілген дәлелді жауапты 2 жұмыс күнінде алады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 23-25-тармақтарында көрсетілген құжаттарды толық ұсынбау фактісін анықтаған жағдайда, құжаттар берілген күнінен бастап кемінде 2 жұмыс күнінде өтініш берушіге өтінішті одан әрі қараудан бас тарту жөніндегі дәлелдi жауапты береді.

      Кейіннен осы Қағидалардың 23-25–тармақтарында көрсетілген құжаттарды ұсынбау немесе толық пакетін ұсынбау, нөмірлеу ресурсын бөлуден бас тартуға негіз бола алмайды.

      29. Уәкілетті орган сұратылатын нөмірлеу ресурсын бөлуден мынадай негіздердің бірі болған кезде бас тартады:

      1) бұл аумақтағы нөмірлеу ресурсының шектеулілігі;

      2) Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сұратылған нөмірлеу ресурсының сәйкес келмеуі;

      3) өтініш беруші қарауға ұсынған құжаттарда қате немесе бұрмаланған ақпараттың болуы;

      4) байланыс желісін құру сызбасы мен байланыс қызметін сипаттау өтінішімен бірге ұсынылған сұратылған нөмірлеу ресурсына нөмірлеу ресурсын пайдалануы болжанатынын көрсету үшін сәйкес келмеуі.

      Түсіндірме жазбада көрсетілген мәліметтерді тексеру үшін өтініш берушінің құжаттары байланыс саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне жолданады. Осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында келтірілген нөмірлеуді бөлуден бас тарту себептерінің тізбесі толық болып табылады.

      30. Заңның 8-бабының 1-тармағы 19-14) тармақшасына сәйкес бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына сәйкес телекоммуникациялар қызметін көрсетуге абонент және байланыс операторы (қызмет провайдері) арасында шарт жасалғанда байланыс операторы (қызмет провайдері) абоненттерге оператор желісінің нөмірлеу жоспарынан абоненттік нөмірлер береді.

      31. Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспары өзгерген жағдайда, уәкілетті орган 30 жұмыс күні ішінде байланыс операторларына және телекоммуникациялар желілерінің иелеріне бөлінген нөмірлеу ресурсының, сондай-ақ нақты алушысы жоқ нөмірлеу ресурсының өзгеруі туралы шешім қабылдайды. Уәкілетті орган байланыс операторларына, қызметтер провайдерлеріне, телекоммуникациялар желілерінің иелеріне бөлінген нөмірлеу ресурсын өзгерту туралы шешімінің қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күнінің ішінде байланыс операторларын, қызметтер провайдерлерін, телекоммуникациялар желілерінің иелерін хабардар етеді.

      Бұл ретте байланыс операторлары мен желі иелеріне қолданыстағыға баламалы нөмірлеу ресурсы ұсынылады.

      Қазақстан Республикасының желілерін цифрлық станцияларға көшіру шамасына қарай уәкілетті орган шұғыл және анықтамалық-ақпараттық, тапсырыс беру қызметтеріне қатынау үшін бөлінген "1UV" нөмірлерін Қазақстан Республикасының нөмірлеу жүйесі мен жоспарына сәйкес "1UV (Х12))" нөмірлеріне ауыстырады.

      32. Уәкілетті орган нөмірлеу ресурсын алып қоюды мынадай жағдайларда жүзеге асырады:

      1) нөмірлеу ресурсын алушының өтініші бойынша;

      2) байланыс операторы (қызмет провайдерінің) лицензиясының қолданысы тоқтатылады;

      3) байланыс операторы (қызмет провайдері) нөмірлеу ресурсын пайдалануды реттейтін нормативтік құжаттарды бұзғанда;

      4) байланыс операторы, қызмет провайдері, ведомстволық телекоммуникациялар желісінің, арнайы тағайындалған телекоммуникациялар желісінің, корпоративтік желінің иесі бөлінген "АВС" кодымен нөмірлеудің географиялық анықталатын аймағындағы жергілікті телекоммуникациялар желілерінің нөмірлеу ресурсының 50 пайыздан астамын тағайындалған сәттен бастап екі жылдың ішінде пайдаланбағанда (уәкілетті орган жүзеге асыратын тексеру нәтижелері бойынша);

      5) нөмірлеу ресурсын алушымен нөмірлеу ресурсын пайдаланбағанда ("DEF" кодтары мен "DEF" кодындағы "Х1", "Х1Х2" индекстері; қызметтердің қол жеткізу кодтарын пайдалануымен байланыс қызметтерін ұсынатын (Х1Х2Х3)/(Х1Х2Х3Х4) операторлар кодтары; "1UV (Х12))" шұғыл жедел, ақпараттық-анықтамалық және тапсырыс беру қызметтеріне қол жеткізу нөмірлері, қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларының таңдау префикстері) тағайындалған сәттен бастап екі жылдың ішінде 6 айдан астам таңдау префикстері (уәкілетті орган жүзеге асыратын тексеру нәтижелері бойынша).

  Нөмірлеу ресурсын бөлу және
нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды
алып қою қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының тізілімі

№ р/с

Нөмірлеу ресурсы

Бөлінген және резервтік нөмірлеу ресурстарының саны

Пайдалану аумағы

Нөмірлеу ресурсын алушының атауы мен ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны

Нөмірлеу ресурсын бөлу, өзгерту, қайтарып алу туралы бұйрықтың нөмірі мен қол қойылған күні

Қызмет атауы

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

  Нөмірлеу ресурсын бөлу және
нөмірлерді беру, сондай-ақ
оларды алып қою қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Бірыңғай телекоммуникация желісінің нөмірлеу ресурсын бөлуге өтініш

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 15.11.2018 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Өтініш беруші (заңды тұлғалар үшін – толық және қысқаша атауы, жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)).

      2. Жеке сәйкестендіру нөмiрі/бизнес-сәйкестендiру нөмiрi.

      3. Пошталық мекенжайы.

      4. Байланыс деректемелері (телефон, факс, телекс).

      5. Банктік деректемелер.

      6. Уәкілетті орган берген лицензиясының және оның қосымшасының деректемелері (лицензияланатын байланыс қызметтерін көрсеткен жағдайда).

      7. Желінің толық және қысқартылған атауы (егер болса).

      8. Желіні құруға және пайдалануға жауапты тұлғаның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда).

      9. Сұратылатын нөмірлеу ресурсының көлемі.

      10. Сұратылатын нөмірлеу ресурсын пайдалану болжанып отырған аумақ.

      Қоса берілетін құжаттар:

      1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес ресімделген түсіндірме жазба;

      ____________________________                   ______________________________

      (өтінішке қол қоюға уәкілетті                   (лауазымды тұлғаның тегі, аты,

                  тұлғаның лауазымы)                   әкесінің аты (бар болған жағдайда)

                                                      Мөр орны

                                                      (болған жағдайда)

  Нөмірлеу ресурсын бөлу және
нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды
алып қою қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Түсіндірме жазба

      1. Желінің атауы мен түрі.

      2. Желінің қызмет етуін қамтамасыз ететін әкімшілік-ұйымдастыру қағидаттары (меншік нысаны, иесі, пайдаланылатын кәсіпорындар, кәсіпорын – халықаралық оператор, олардың құқықтық және функционалдық қатынастары).

      3. Өтінім беру кезіндегі желінің пайдалануға дайындығы (немесе пайдалануды бастау мерзімі).

      4. Желі құрудың қысқаша техникалық қағидаттары:

      1) құрылымы, оның ішінде қалааралық (халықаралық, аймақішілік) желілермен өзара іс-қимылын жүзеге асыратын элементтер;

      2) қалааралық (халықаралық) желілермен түйісуді техникалық қамтамасыз ету (желіаралық түйісу хаттамалары, тікелей түйісу, байланыс арналарының түрлері және оларды ұйымдастыру тәсілдері).

      5. Қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін, Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін, IP-телефония қызметтеріне (Интернет-телефония) және байланыстың интеллектуалдық желілер қызметтеріне ұсыну үшін ұйымдастыру-техникалық дайындығы (шет елдердің түйіндесу желілерінің операторларымен, отандық желілермен немесе транзит беру туралы халықаралық транзиттік тораптармен, халықаралық арналар жабдықтаушыларымен келісімдердің болуы, техникалық құралдардың болуы және функционалдық дайындығы).

      6. Желінің жұмыс істеу ауқымы:

      1) желі топологиясы (Қазақстан Республикасының, ТМД елдерінің, басқа да шет елдердің желі қамтитын қалалары мен аймақтарының тізбесі);

      2) пайдаланушылардың, оның ішінде қалааралық (халықаралық) байланыс қызметтерімен пайдаланылатындардың саны;

      3) тікелей түйіндесу жүргізілетін шетел желілері мен транзиттік тораптарының тізбесі;

      4) пайдаланушыларға, тапсырыс берілген желімен тікелей түйіндесуі жоқ шетел желілерінің абоненттеріне шығуды ұсыну мүмкіндігі;

      5) қалааралық (халықаралық) трафик (кіріс, шығыс);

      6) қызметтердің құрамы.

      7. Желінің нөмірлеу жоспарын құру қағидаттары.

      8. Қызметтердің сипаты.

      Ескертпе:

      1) 4, 5-тармақтар бойынша мәліметтер өтініш беру кезіндегі жағдай бойынша жазылады және желіні дамыту жоспары бойынша деректер келтіріледі;

      2) 5-тармақ нөмірлеу аймағының "DEF" кодтарын, "DEFХ1" және "DEF Х1Х2" кодтарын, қызметтерге қолжетімділік кодтарындағы "Х1Х2Х34)" байланыс операторларының (қызметтер провайдерлерінің) кодтарын сұрататын операторлар үшін ғана; оператордың таңдау префиксін сұрататын қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторлары үшін ғана қолданылады;

      3) 6-тармақтың 3)-5) тармақшалары нөмірлеу аймағының "DEF" кодтарын, "DEF Х1" және "DEF Х1Х2" кодтарын сұрататын операторлар үшін ғана жарамды;

      4) егер бұрын лицензия алуға ұсынылған түсіндірме жазба өзгертілсе, 7-тармақ бойынша жаңа нөмірлеу жоспары қосымша беріледі.

  Нөмірлеу ресурсын бөлу және
нөмірлерді беру, сондай-ақ оларды
алып қою қағидаларына
4-қосымша

      Нысан

Бірыңғай телекоммуникация желісінің нөмірлеу ресурсын алып қоюға өтініш

      1. Өтініш беруші (заңды тұлғалар үшін – толық және қысқаша атауы, жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты).

      2. ЖСН/БСН.

      3. Пошталық мекенжайы.

      4. Байланыс деректемелері (телефон, факс, телефон).

      5. Алып қоюға ұсынылатын нөмірлеу ресурсының көлемі.

      6. Нөмірлеу ресурсын алып қоюға өтініш берген аумақ.

      7. Нөмірлеу ресурсын алып қоюға өтініш беру себебі.

      8. Өтінімге қоса нөмірлеу ресурсын бөлу туралы бұйрықтың көшірмесі ұсынылады.

      ____________________________ _____________________________

      (өтінішке қол қоюға уәкілетті (лауазымды тұлғаның Т.А.Ә.А)

      тұлғаның лауазымы)

      Мөр орны