РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 51-3-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын және акциздерді төлеу мерзімін өзгерту мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 123 бұйрығымен бекітілген |
Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын және акциздерді төлеу мерзімін өзгерту мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын және акциздерді төлеу мерзімін өзгерту мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі (бұдан әрі - Жүйе) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 51-3-бабына сәйкес әзірленді.
2. Жүйе ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімімен орналастырылған импортталатын тауарларды декларациялау кезінде ғана қолданылады.
2. Жүйені қолдану тәртібі
3. Импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығын және акциздерді төлеу мерзімінің өзгерістерін қолдануға құқықты анықтау кезінде декларант қызметінің көрсеткіштері бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келуі тиіс:
1) барлық активтердің теңгерімдік құндарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесі бекітілген тиісті қаржы жылына белгіленген кемінде 325000 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды;
2) қызметкерлердің саны кемінде 250 адамды құрайды;
3) импорттаушы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексі (Салық кодексі) 623-бабының 3-тармағына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілер тізбесіне енгізілген.
4. Көрсетілген шарттарға сәйкес келмейтін импорттаушы кедендік төлемдер төлеу үшін Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында анықталатын күні импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын және акциздерді төлейді.