«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі Заңының 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті;
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мөрлік мерзімдік басылымда және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр В. Школьник
Қазақстан Республикасы
Энергетика Министрінің
2015 жылғы 02 ақпандағы
№ 51 бұйрығымен бекітілген
Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын
өңдеуге қол жеткізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі Заңының мұнай 7-бабының 18-тармағына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
1) мұнай беруші - осы Заңмен белгіленген шарттармен өздері өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, импортталған немесе жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге беретін жеке немесе заңды тұлға;
2) мұнай өнімдерін өндіруші - мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын және өндіріс паспорты бар жеке немесе заңды тұлға;
3) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші - жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші.
4) Осы Қағидада пайдаланылатын өзге ұғымдар Заңға және «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Заңына сәйкес қолданылады.
3. Мұнай өнімдерін өндірушілер өздерінің интернет-ресурстарында мұнай берушілер үшін шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтер тізбесі, бағалар, алым ставкалары, өндірілетін мұнай өнімдерінің номенклатурасы туралы, сондай-ақ мұнай өңдеу үшін бос қуатының болуы, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметіне жүргізуге берілген өтініштерді қабылдаудың басталуы туралы ақпаратты орналастырады.
Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын
өңдеуге қол жеткізу тәртібі
4. Мұнай өнімдерін өндірушінің қызметтеріне қол жеткізу үшін мұнай беруші мұнай өнімдерін өндірушіге тапсырыс хатпен немесе қолма-қол шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде қызмет көрсетуге өтініш (бұдан әрі - өтініш) береді. Өтінішке осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген талаптардың сақталғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
5. Мұнай өнімдерін өндіруші өтініш келіп түскен кезде оны өтініштерді тіркеу журналында тіркейді, ол нөмірленуі, тігілуі және мұнай өнімдерін өндірушінің мөрімен бекітілуі тиіс. Өтініштерді тіркеу журналында өтініштің келіп түскен күні мен уақыты, сондай-ақ оның тіркеу нөмірі жазылады.
6. Мұнай беруші мұнай өнімдерін өндіруші өтініш көшірмесіне тіркеу нөмірі, күні және өтініштің келіп түскен уақыты көрсетілген тиісті бұрыштама қояды.
7. Мұнай беруші мұнай өндірушінің мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерінен бас тартқан жағдайда, мұнай өнімдерін өндіруші тиісті қызметтерді кезек бойынша келесі тұрған және өтініші тіркеу журналында тіркелген мұнай берушіге көрсетеді.
8. Мұнай беруші өтініш ұсынған кезде мұнай өнімдерін өндіруші оған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде көрсетілетін қызметтер туралы, олардың құны, олардың өндірілетін мұнай өнімдерінің номенклатурасы туралы, олардың шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерге қол жеткізу, олардың мұнай өнімдерін өндірушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі өндірістік қуатының шектелуі туралы хабарлайды.
9. Заңның 4-бабының 1-тармақшасына сәйкес өтінішті қараған кезде мұнай өнімдерін өндіруші мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу кестесін ескереді. Мұнай өнімдерін өндірушінің бос қуаты болған жағдайда шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтер мұнай берушіге өтінішті тіркеу журналында көрсетілген кезекке сәйкес ұсынылады.
10. Мұнай берушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерді алуға арналған өтінішін мұнай өнімдерін өндіруші мәлімделген көлемге қарамастан тең жағдайда қабылдайды.
11. Заңның 18-бабының 5-тармағына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруші мұнай берушіге мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеуге бірдей қол жеткізу мүмкіндігін, соның ішінде мынадай талаптар сақталған жағдайда:
1) мұнай берушіде сатып алынатын (қабылданатын) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының шыққан жерін растайтын құжат болған;
2) мұнай берушіде жеткізілетін шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының сапасын растайтын құжат болған;
3) өзіне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі жанармай құю станциялары немесе резервуарлар арқылы өңдеу нәтижесінде алынған мұнай өнімдерін бөлшектеп сатуды жүзеге асыратын мұнай берушіні қоспағанда, мұнай өнімдерін көтерме берушімен және (немесе) бөлшектеп сатушымен жасалған, өндірілген мұнай өнімдерін мұнай өнімдерін жеткізу жоспарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағына жеткізуді көздейтін мұнай өнімдерін жеткізу шарты болған жағдайда қамтамасыз етеді.
12. Мұнай берушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерді алуға арналған өтінішін мұнай өнімдерін өндіруші өтініштерді тіркеу журналында тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Мұнай берушінің өтінішін қарау нәтижесі туралы мұнай өнімдерін өндіруші оған жазбаша нысанда хабарлайды.
13. Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге алған кезде күнтізбелік он күннің ішінде мұнай өнімдерін өндіруші аккредиттелген тәуелсіз зертханада тексеруді жүзеге асыруға және сапа көрсеткіштері бұрын мәлімдегендерге сәйкес келген кезде күнтізбелік он күннің ішінде шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуден бас тартуға болады.
14. Мұнай өнімдерін өндіруші тарапынан күнтізбелік он күннің ішінде шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде қызметтер көрсетуден бас тарту мұндай бае тарту себептерін негіздей отырып, жазбаша нысанда беріледі.