Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидасын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 21 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 25 ақпанда № 10331 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Экономика және қаржы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялануға жіберілуін;
      3) ресми жарияланғаннан кейін осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
      4) осы тармақпен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді іс-шараларды орындағаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы     
Мәдениет және спорт министрінің
2015 жылғы 26 қаңтардағы    
№ 21 бұйрығымен бекітілген  

Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен
мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді)
өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және
олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден
түскен ақшаны жұмсау қағидасы

      1. Осы Мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) мемлекеттік кітапханалармен, мемлекеттік мұражайлар және мұражай-қорықтармен ақылы қызметтерді көрсетудің және олармен тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсаудың тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағиданың қолданылуы мемлекеттік кітапханаларға, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтарға, осы Қағиданың 3,  4-тармақтарында көрсетілген, өздерінің негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) ақылы негізде сатуды жүзеге асыру үшін таралады.
      3. Мемлекеттік кітапханалар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді:
      1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрлерінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу;
      2) мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін материалдар дайындау;
      3) құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеуді орындау және қосымша библиография жасау;
      4) қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды қалпына келтіру;
      5) көшпелі ақпараттық-көрме іс-шараларын ұйымдастыру;
      6) білім беру және аударма қызметтерін көрсету;
      7) қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасау;
      8) байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну;
      9) құжаттарды электронды жеткізу, тақырыптық ақпарат іздестіру және құрастыру;
      10) экскурсиялық қызмет көрсетуді, фото және бейне түсірілімдерді жүргізу;
      11) кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу.
      4. Мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақылы қызметтердің мынадай түрлерін көрсетеді:
      1) жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрлерінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу;
      2) байланыс оператормен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну;
      3) фото және бейне түсірілімдер жүргізу;
      4) кәдесый және полиграфия өнімдерін өткізу;
      5) мұражайлар мен мұражай-қорықтар шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу.
      5. Ақылы негізде ұсынылатын тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) бағалар мемлекеттік кітапханаларға, мемлекеттік мұражайларға және мұражай-қорықтарға бағалар прейскурантымен (бұдан әрі – прейскурант) белгіленеді.
      6. Мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақылы қызметтерді көрсету орындарында көрнекі қойылған мынадай ақпарат болуы қажет:
      1) осы Қағида, толық көлемде (қысқартусыз) баяндалған;
      2) көрсетілетiн ақылы қызметтердің тiзбесi;
      3) прейскуранты.
      7. Осы Қағиданың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақша мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлардың және мұражай-қорықтардың иелігінде қалады.
      8. Мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар ақылы негізде қызметтерді ұсынуды сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) құны мен көлемі көрсетілген растаушы құжаттар (шарттар, түбіртектер, шот-фактуралар, жүкқұжаттар, көрсетілген қызметтердің/орындалған жұмыстардың актілері, фискальдық чектер) бойынша жүзеге асырылады.
      9. Қолма-қол ақша арқылы жүзеге асырылатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатқан кезде есептесулер міндетті түрде фискальды жадысы бар бақылау-кассалық машиналарды пайдаланумен және клиентке бақылау чегін берумен мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың кассалары арқылы, қолма-қол ақшасыз есептесу бойынша – ағымдағы шотқа аудару жолымен жасалынады.
      10. Қызметтің ақылы түрлерін көрсеткен кезде тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сатылған күні, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлері, саны және қоса берілген құжаттардың (оларды ұсынған жағдайда) атаулары, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатуға жауапты лауазымды тұлғаның тегі, аты-жөні тіркелетін журнал жүргізіледі.
      11. Ақылы қызметтер көрсетуден түсетін қаражатқа салық салу тәртібі және салықтар мен алымдар бойынша жеңілдіктер беру «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексімен реттеледі.
      12. Осы Қағиданың 34-тармақтарында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мемлекеттік кітапханалардың, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін, өздерінің иелігінде қалатын қолма-қол ақша бақылау шоттарына есепке алынады және Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет Кодексімен белгіленген тәртіппен жұмсалады.
      13. Мемлекеттік кітапханалардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша:
      1) материалдық-техникалық базаны нығайтуға;
      2) қызметтер көрсету үшін тартылатын мамандарға еңбекақы төлеуге;
      3) шаруашылық шығыстарға (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көліктік қызметтерге ақы төлеу, электр энергиясына, жылуға, сумен жабдықтауға ақы төлеу және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы мақсаттар үшін заттар мен материалдар сатып aлy);
      4) кітапхана қорларын толықтыру үшін әдебиет, электрондық коллекциялар мен дерекқор сатып алуға;
      5) кітап қорын, оку әлеуметтанымын сақтау мәселелері бойынша ғылыми және әдістемелік әдебиет шығаруға;
      6) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін оқу құралдарын, көрнекі материалдар сатып алуға;
      7) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту тренингтерін, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      8) бұқаралық іс-шараларды өткізуге (әдеби кештер, көрмелер, тұсаукесерлер, конкурстар, кітап күндері, фестивальдар);
      9) бланк өнімдерін, брошюраларды, авторефераттарды, оқырман билеттерін, талап парақшаларын жасауға және тираждауға, мұқабаны басып шығаруға, тарақты түптеуге;
      10) кітапханалар басылымдарын, дыбыс жазбаларының, бейнефильмдердің, фонограммалардың көшірмелерін өткізуге;
      11) кітаптарды, журналдарды жөндеуге, қалпына келтіруге және түптеуге;
      12) фото, кино, бейне түсірімдерге, жекелеген мақалалардың және кітаптар мен мерзімді баспа басылымдарынан алынған материалдардың микрокөшірмесін алуға;
      13) мәдени құндылықтар мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруге жұмсалады.
      14. Мемлекеттік мұражайлардың және мұражай-қорықтардың негізгі қызметіне қатысы жоқ тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша:
      1) материалдық-техникалық базаны нығайтуға;
      2) ақылы қызметтер көрсету үшін тартылатын мамандарға еңбекақы төлеуге;
      3) шаруашылық шығыстарға (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көліктік қызметтерге ақы төлеу, электр энергиясына, жылуға, сумен жабдықтауға ақы төлеу және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы мақсаттар үшін заттар мен материалдар сатып aлу);
      4) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін үй-жайды жалға алуға және оқу құралдарын, көрнекі материалдар сатып алуға жұмсалады.
      15. Мемлекеттік кітапханалардағы, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтардағы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 6443 тіркелді) және 2010 жылғы 8 шілдедегі № 325 «Қаржы есептілігін жасаудың және ұсынудың нысаны мен ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 6352 тіркелді) бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.