Ақтоғай ауданының әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін анықтау ережелерін бекіту туралы

Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 20 ақпандағы N 106/27 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 18 наурызда N 3732 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" N 504 қаулысына сәйкес, Ақтоғай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Ақтоғай ауданының әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін анықтау ережелері бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ақтоғай аудандық мәслихаттың бюджеттік саясат және аумақтың экономикалық дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы:                           Ғ. Жантемиров

      Мәслихат хатшысы:                          Т. Мұқанов

Ақтоғай          
аудандық мәслихатының   
2014 жылғы 20 ақпандағы  
N 106/27 шешімімен бекітілді

Ақтоғай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін
белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының
тізбесін айқындаудың ережелері

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Ережесі (әрі қарай - Ереже) 2001 жылдың 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3 тармағына, 2013 жылғы 21 мамырдағы N 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (әрі қарай – ҮҚ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленген.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – Қазақстан Республикасы тарихының барысына әсерін тигізген жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – қиын тұрмыстық жағдайдың туындауа байланысты әлеуметтік көмек алуға үміткер, өтініш беруші тұлғаның (отбасының) өтінішін қарау жөніндегі аудан әкімінің шешімімен құрылған комиссия;
      3) күнкөріс шегі – Павлодар облысының статистика органдарымен есептелетін, құнының шамасы бойынша тұтынушылық себетінің ең аз мөлшеріне тең, бір адамға қажет ең аз ақшалай табыс;
      4) мерекелік күндер – Қазақстан Республикасындағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы табысы – ай сайынғы отбасы мүшелерінің әрқайсына бөлгендегі бірлескен табысының үлесі;
      6) қиын тұрмыстық жағдай - өз күшімен жеңе алмайтын азаматтың өмірлік қызметін бұзатын жағдай;
      7) уәкілетті орган – "Ақтоғай ауданының жұмспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      8) уәкілетті мекеме – "Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" Павлодар облыстық филиалының мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Ақтоғай аудандық бөлімшесі;
      9) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтінген тұлғалардың (отбасының) материалдық тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін Ақтоғай ауданы әкімінің шешімімен құрылған қомиссия;
      10) шектеулі мөлшер - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғарғы мөлшері.
      3. Осы Ережедегі әлеуметтік көмек ретінде, мұқтаж азаматтардың (әрі қарай – алушылардың) жекелеген санатына қиын тұрмыстық жағдайға тап болғанда, сондай-ақ атаулы және мереке күндерге орай жергілікті атқарушы органдарымен (әрі қарай - ЖАО) ұсынатын ақшалай түрдегі көмек.
      4. Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 28 сәуіріндегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 20 бабында және Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 13 сәуіріндегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 16 бабында көрсетілген тұлғаларға осы Ережеде қарастырылған тәртіп бойынша әлеуметтік көмек көрсетіледі.
      5. Ақшалай түрдегі әлеуметтік көмек банк операцияларының тиісті түріне лицензиясы бар ұйымдармен немесе екінші деңгейдегі банктермен көмек алушының есеп шотына аударылу арқылы ұсынылады.
      6. Әлеуметтік көмек бір рет немесе мерзім бойынша (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет) ұсынылады.
      7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өзінің қызметін Павлодар облысы ЖАО бекіткен қағидаға сәйкес жүзеге асырады.
      8. Әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы және мерекелік күндер тізбесі:
      1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
      2) 9 мамыр – Жеңіс күні;
      3) 1 қазан – Халықаралық қарттар күні;
      4) қазанның 2-жексенбісі – Халықаралық мүгедектер күні.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санатының жиынтығын және
әлеуметтік көмек мөлшерін айқындау тәртібі

      9. Әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға ұсынылады:
      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары (әрі қарай - ҰОС);
      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, атап айтқанда:
      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған гетто, концлагерлердiң, және басқа да ерiксiз ұстау орындарының бұрынғы жасы кәмелетке толмаған тұтқындары;
      Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушы тұлғалар;
      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясы апатының зардабын жоюға қатысушы тұлғалар (әрі қарай - АЭС);
      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, атап айтқанда:
      қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдері (күйеулері), сондай-ақ қайтыс болған ҰОС қатысушыларының, жалпы сырқат салдары, еңбек жарақаты немесе басқа да себеп (заңға қарсысын есептемегенде) нәтижесінде мүгедек деп танылған екінші рет некелеспеген әйелдері (күйеулері);
      Ұлы Отан соғысы жылдары тылда атқарған қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Социалистік Республикалар Одағының (әрі қарай - КСРО) ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар;
      4) 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемінде 6 ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен қалтқысыз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған тұлғалар;
      5) зейнет жасына жеткен тұлғалар, атап айтқанда:
      ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын азаматтар;
      ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын 80 және одан асқан жастағы азаматтар;
      6) мүгедектер, атап айтқанда:
      18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
      1, 2, 3 топ мүгедектері;
      кәмелетке толмаған балалары бар мүгедектер;
      балалық сал ауруымен ауыратын мүгедек балалары бар отбасылары;
      мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын отбасылары;
      7) кірісі азық-түлік себеті мөлшерінен аспайтын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар аз камтамасыз етілген көп балалы отбасы;
      8) бір адамға шаққандағы табысы облыс бойынша белгіленген күн көріс шегі мөлшерінен аспайтын, облыстың жоғары оқу орындарында оқитын аз қамтамасыз етілген отбасыларының студенттері және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мен жетім балалар;
      9) аз қамтылған азаматтар, атап айтқанда:
      бас бостандығынан айыру орнынан босатылған тұлғалар;
      табысы күнкөріс шегі мөлшерінен аспайтын, уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелген және кәсіби оқу мен қайта дайындықты өтуге жіберілгендер;
      өрт, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан қаражатсыз қалғандар;
      кірісі азық-түлік себеті мөлшерінен аспайтын 12 аптаға дейін аудандық ауруханаға жүктілігі бойынша тіркеуге тұру үшін жүгінген жүкті әйелдер;
      мемлекеттік атаулы әлеуметтік және 18 жасқа дейінгі балалары бар мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
      10) әлеуметтік маңызды науқасы бар тұлғалар, атап айтқанда:
      онкологиялық аурулармен зардап шегуші тұлғалар;
      туберкулез ауруынан зардап шегуші тұлғалар;
      қант диабетінен зардап шегуші тұлғалар.
      10. Уәкілетті орган кірісін есептемеусіз әлеуметтік көмек көрсетеді:
      1) атаулы және мерекелік күндерге біржолғы әлеуметтік көмек:
      Халықаралық қарттар күніне:
      осы ереженің 9-тармағы 5) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санаттар үшін, ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде;
      Халықаралық мүгедектер күніне:
      осы Ереженің 9-тармағы 6) тармақшасының бірінші, екінші (1, 2 топ мүгедектері ғана), үшінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін, ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде;
      Жеңіс күніне:
      осы Ереженің 9-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін, уәкілетті мекемемен келісілген тізім негізінде;
      осы Ереженің 9-тармағы 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін, ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде;
      Халықаралық әйелдер күніне:
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санаттар үшін, ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде;
      2) біржолғы әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін, осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге ауылдық округ әкімінің дайындалған сметасына сәйкес тұрғын үйді жөндеу жұмысына 70 айлық есептік көрсеткішке дейін (әрі қарай – АЕК) әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 6) тармақшасының екінші абзацында (1, 2 топ мүгедектері ғана) көрсетілген санаттар үшін, осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде – 17619 теңге мөлшерінде;
      осы Ереженің 9-тармағы 6) тармақшасының екінші абзацында (3 топ мүгедектері ғана) көрсетілген санаттар үшін, осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізім негізінде – 3000 теңге мөлшерінде;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының бірінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге "Ақтоғай ауданының ішкі істер бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынған тізім және жеке өтінішінің негізінде - 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 5) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге Ақтоғай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің анықтамасы, тұрғын-үй тұрмыстық акті, жеке өтінішінің негізінде – 20 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 10) тармақшасының бірінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге науқастың Павлодар облысы онкологиялық диспансерінде есепте тұрғаны туралы анықтамасы, жеке өтінішінің негізінде - 7 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 10) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге науқастың "Ақтоғай аудандық туберкулезге қарсы ауруханасы" мемлекеттік мекемесінде есепте тұрғаны туралы анықтамасы және жеке өтінішінің негізінде - 30 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 10) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге науқастың "Ақтоғай аудандық орталық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында тіркеуде тұрғаны туралы анықтамасы және жеке өтінішінің негізінде - 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      3) тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін облыс орталығына бару және кейін қайтудың жол ақысын төлеуге ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізімінің негізінде – 2 АЕК мөлшерінде;
      осы Ереженің 9-тармағы 5) тармақшасының бірінші абзацында көрсетілген санаттар үшін зейнеткер куәлігінің көшірмесі, осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін төлеуге ауылдық округ әкімдерімен келісілген тізімінің негізінде – 2 АЕК мөлшерінде;
      осы Ереженің 9-тармағы 6) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге медико-әлеуметтік сараптаманың баланың мүгедектігі туралы анықтамасының көшірмесі, Павлодар облысы мамандандырылған мекемесінің қорытындысы көрсетілген ата-анасының бірінің өтінішінің негізінде – 6 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      4) ай сайынғы әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 1) тармақшасында, 2) тармақшасының бірінші, екінші, үшінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін ауылдық округ әкімдерінің тізімінің негізінде дәрі-дәрмек сатып алуға 1 АЕК және коммуналдық қызметті төлеуге 3,6 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 6) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге медико-әлеуметтік сараптаманың баланың мүгедектігі туралы анықтамасының көшірмесі көрсетілген ата-анасының бірінің өтінішінің негізінде 2 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек.
      11. Уәкілетті орган кірісін ескере отырып әлеуметтік көмек көрсетеді:
      1) ай сайынғы әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге өтініші негізінде жоғарғы оқу орындарында оқуы кезеңінде тұруға, тамақтануға және тұрғылықты жеріне жол жүруге 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге оқушының сабаққа қатысу табелінің көшірмесі көрсетілген өтініштің негізінде – 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      2) біржолғы әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 7) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге өтініші негізінде "Мектепке жол" акциясы бойынша бір оқушыға – 3 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасында көрсетілген, кірісі азық-түлік себеті мөлшерінен аспайтын санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге өтініші негізінде – көмір сатып алуға 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1),2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге "Ақтоғай аудандық орталық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында есепке тұрғаны жөнінде медициналық анықтамасы көрсетілген өтініштің негізінде – 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге малдың бары (жоғы) туралы ауылдық округ ветеринарының анықтамасы, сатып алынатын малдың төлқұжатының көшірмесі, малды сатып алу туралы ниет-шарты, малды сатып алу туралы баламалы ниет-шарт және өтініші негізінде – ірі және ұсақ қара мал сатып алуға 80 АЕК мөлшеріне дейін әлеуметтік көмек;
      осы Ереженің 9-тармағы 9) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге уәкілетті органның тізімі негізінде – 17619 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек;
      3) жартыжылда бір рет төленетін әлеуметтік көмек:
      осы Ереженің 9-тармағы 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін осы Ереженің 15-тармағы 1), 2), 3), 4) тармақшасында көрсетілген құжаттармен бірге Ақтоғай ауданының әкімінің, жоғарғы оқу орынның басшысының және студенттің қолы қойылған үш жақты келісімшарт және өтініші негізінде білім беру қызметтерін өтеуге оқудың нақты бағасы бойынша әлеуметтік көмек.
      12. Атаулы және мерекелік күндерге алушылардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік көмек мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірдей мөшерде белгіленеді.
      Арнайы комиссия әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызуға негіз болатын жергілікті өкілетті органдар бекіткен жиынтықты басшылыққа алады.
      13. Әрбір жеке жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін аудандық арнайы комиссия анықтайды және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі жөнінде оны қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      14. Атаулы және мерекелік күндерде әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей, уәкілетті ұйымның немесе басқа ұйымдардың ұсынысы бойынша көрсетіледі.
      15. Қиын тұрмыстық жағдай кезінде өтініш беруші өзінің немесе отбасы атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне әлеуметтік көмек алу үшін төмендегі құжаттар мен банк операцияларының тиісті түріне лицензиясы бар ұйымдардағы немесе екінші деңгейдегі банктердегі жеке шотының нөмірі көрсетілген өтінішті ұсынады:
      1) жеке басын растайтын құжат;
      2) тұрақты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;
      3) тұлғаның (отбасы) ҮҚ 1-қосымшасына сәйкес құрамы туралы мәлімет;
      4) 10-тармақ 1) тармақшаның бірінші, екінші, 2) тармақшаның бірінші, екінші, үшінші, төртінші абзацтарында, 3) тармақшада көрсетілген әлеуметтік көмек алуға үміткер тұлғалар үшін, тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәлімет;
      5) қиын тұрмыстық жағдайды растайтын құжат.
      16. Құжаттар салыстыру үшін түпнұсқада және көшірмеде ұсынылады, құжаттардың түпнұсқасы өтініш иесіне қайтарылады.
      17. Қиын тұрмыстық жағдайға байланысты әлеуметтік көмек көрсету үшін өтініш түскен кезде уәкілетті орган немесе уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш иесінің құжаттарын тұлғаның (отбасы) тұрмыстық жағдайына талдау жасау үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      18. Учаскелік комиссия құжаттарды қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде өтініш иесінің тұрмыстық жағдайын тексеріп, нәтижесі бойынша тұлғаның (отбасы) жағдайы туралы акт жасап, тұлғаның (отбасы) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы Үлгілік қағидада бекітілген нысанға сәйкес қорытынды дайындап, уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісін және қорытындысын алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде оны құжаттар қосымшасымен бірге уәкілетті органға жібереді.
      19. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар толық болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті органдардан әлеуметтік көмек көрсетуді қарастыру үшін ұсынылған қажетті құжаттарды сұратады.
      20. Өтініш берушінің қажетті құжаттарының жоғалуына, бұзылуына байланысты ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтер негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.
      21. Уәкілетті орган поселок, ауыл, ауылдық округтің учаскелік комиссиясынан құжаттар түскеннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасы) орташа жанға шаққандағы табысын есептеп, толық құжатты арнайы комиссия қарауына шығарады.
      22. Арнайы комиссия құжат түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қорытынды шығарып, әлеуметтік көмек мөлшерін көрсетеді.
      23. Уәкілетті орган өтініштің тіркелген күнінен бастап сегіз күн ішінде қабылданған құжаттар және арнайы комиссияның қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы ереженің 18 және 19 тармақтарында көрсетілген жағдайда уәкілетті орган өтініш иесінен құжаттар қабылдаған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде тағайындау немесе бас тарту туралы шешім шығарады.
      24. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде өтініш иесін шешім қабылданғаны туралы (бас тартылған жағдайда негіздеме көрсетіліп) жазбаша хабарландырады.
      25. Белгіленген негіздеме бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік жыл ішінде екінші рет көрсетілмейді.
      26. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту жүзеге асырылады:
      1) өтініш иесі нақты емес мәліметтер ұсынғаны анықталғанда;
      2) өтініш беруші тұлғаның (отбасы) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқанда;
      3) тұлғаның (отбасы) орташа жанға шаққандағы табыс мөлшері жергілікті атқарушы органдар белгілеген шамадан артық болғанда.
      27. Әлеуметтік көмек ұсыну шығыстары ағымдағы қаржылық жылға арналған республикалық маңызды қала, астана, аудан (облыстық маңыздағы қала) бюджетімен қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4.Ұсынылған әлеуметтік көмекті тоқтату немесе қайтаруға негіз

      28. Әлеуметтік көмек мына жағдайларда тоқтатылады:
      1) көмек алушының қайтыс болуы;
      2) көмек алушының тиісті әкімшілшік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге тұрақты орынға көшкенде;
      3) көмек алушыны мемлекеттік медико-әлеуметтік мекемеген тұруға жіберілгенде;
      4) өтініш беруші ұсынған анық емес мәліметтер бергені анықталғанда.
      Әлеуметтік көмекті төлеу жоғарыда көрсетілген айдан бастап тоқтатылады.
      29. Артық төленген сома Қазақстан Республикасында белгіленген заңнама тәртібінде немесе өз еркімен қайтарылуы тиіс.