Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Меңдіқара ауданы мәслихатының 2014 жылғы 28 қарашадағы № 272 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 23 желтоқсанда № 5241 болып тіркелді

Жаңартылған

       Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына сәйкес Меңдіқара аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы, аудандық
      мәслихаттың хатшысы В. Леонов
 

Мәслихаттың         
2014 жылғы 28 қарашадағы  
№ 272 шешімімен бекітілді 

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Меңдіқара ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғын жайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлiгiнде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге беріледі.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Меңдіқара ауданы мәслихатының 20.03.2015 № 298 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Тұрғын үй көмегін "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) тоқсан сайын тағайындайды.
      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) "Халыққа қызмет көрсету орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалының Меңдіқара бөліміне (бұдан әрі - ХҚО) немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталына (бұдан әрі - портал) балама негізде өтініш береді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысымен бекітілген, "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін ХҚО-ға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға өтініш берген кезде ұсынады-қүнтізбелік 10 (он) күн.
      Құжаттар топтамасын ХҚО-ға тапсыру күні тұрғын үй көмегін көрсету мерзіміне кірмейді, бұл ретте уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын ұсынады.
      4. Ағымдағы жылда бірінші рет өтініш білдірген көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап, бірақ тұрғын үй көмегін тағайындауға негіз болатын жағдайлар пайда болғаннан бұрын емес тағайындалады.
      Қайтадан өтініш білдіргенде тұрғын үй көмегі ағымдағы бүкіл тоқсанға тағайындалады.
      5. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары туралы, сондай-ақ оның дұрыс есептелмегені туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      6. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      7. Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылады, ал көрсетілетін қызметті алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте төлетеді.
      8. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.
      9. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
      Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда,қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      10. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін анықтау

      11. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алуға ниет білдіруші отбасының жиынтық табысы немесе азаматтың табысын негізге ала отырып анықталады.
      12. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысы тұрғын үй көмегіне өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсан бойынша отбасы (азамат) табысының жалпы сомасынан есептеледі.
      13. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі жиынтық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      14. Тұрғын үй көмегін тағайындау барысында есепке алаң нормасы алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі және отбасына 9 шаршы метрі қосымша;
      бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғын жайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      15. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      Егер шығыстарға тарифтер мен нормативтер заңнамамен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.
      16. Есепке қабылданатын шығындар өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсан үшін беріледі. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.
      17. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электр плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығындардан асырмай жүргізіледі.
      18. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы Ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
      19. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу тәртібі

      20. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      21. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушының өтініші бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушының не қызмет көрсетушілердің жеке шоттарына тағайындалған сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.